Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен бірлесе отырып, кезектен тыс президенттік сайлау барысында Этикалық нормаларды сақтау туралы хартия қабылдады.
Бүгінде «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі 250-ге жуық республикалық БАҚ-тың басшыларын біріктіретін ірі медиа қауымдастыққа айналып үлгерді. Ұйым өз алдына ел егемендігін нығайту, демократиялық қоғам құру, кәсіби ақпараттық кеңістікті дамыту, сондай-ақ, қоғамда тұрақтылық пен ұлтаралық ынтымақтастықты баянды ету сынды міндеттерді қойып отыр. Оған бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған сан түрлі іс-шаралар дәлел бола алады.
Ал кешегі жиында Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлау науқанының демократиялық тұрғыда, халықаралық талаптарға сай, әділ де ашық болуына БАҚ та бір кісідей жұмыла атсалысуы керек екеніне тоқтала келе, Хартия мазмұнымен таныстырды. Оның айтуынша, аталған құжат Қазақстан Конституциясы, Сайлау туралы, БАҚ туралы заңдарға сәйкес әзірленіп, барлық үміткердің ақпарат құралдарында бірдей мүмкіндікке ие болуына жағдай жасауға бағытталған. «Негізгі мақсат – сайлау науқаны барысында әріптестеріміздің қара пиар мен теріс ақпарат таратуына тосқауыл қою, үміткерлердің БАҚ-та бірдей ақпарат таратуына жағдай жасау. Қазірдің өзінде еліміздің әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде республикалық БАҚ-тың ұжымдарында талқылау өтіп, 300-ден аса әріптесіміз осы Хартияға қолдау көрсетті. Хартияның негізгі баптары мынадай: Қазақстан Республикасының заңнамаларын, журналистердің кәсіби этикалық нормалары мен мінез-құлық ережелерін бұлжытпай сақтау, сайлау науқанына арналған барлық материалдың объективті, алалаусыз, ақпараттық, сондай-ақ, Қазақстан президентінен үміткерлерге қатысты әділ болуына ықпал ету, үміткерлердің абыройы мен іскерлік беделіне, жеке басына нұқсан келтіруі ықтимал ақпараттарды таратпау, ақпарат көздерін, әсіресе, олар күдік тудыратын болса, тексеруге алу, үгіттік жарияланымдар мен ақпараттық хабарламалар арасындағы айырмашылықты нақты ажырату, белгіленген тәртіппен әлеуметтік сауалдамалар жүргізу шарттарын ұстану, сауалдама нәтижелерін жариялау кезінде аудиторияға берілген сауалдама жауаптары тек қана болжам екенін ескерту және сауалдама нәтижелері туралы немесе сайлауға бес күн бұрын және дауыс беру күнгі алдын ала нәтижелер туралы материалдарды таратпау», деді Б. Жексенбай.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов бұл Хартияның мәтіні редакцияға, алдын ала жіберілгенін, ақылдасуға мүмкіндік болғанын жеткізді. «Бұл Хартияның рухын да, мәтінін де толық қолдаймыз. Өйткені, кезектен тыс президенттік сайлау – бүкіл елдіктің сынағы деген кезде, бұл алғашқы кезекте бұқаралық ақпарат құралдарына да сынақ. Біздің кәсібилігімізге сынақ, біздің әділдігімізге сынақ. Осы сынақтан абыроймен өту үшін алдын-ала осындай Хартияға қол қоюымыз қай жағынан да орынды деп ойлаймын. Белгілі бір дәрежеде Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес, барлық кандидаттың тиісті тәртіп бойынша дәл орнын беру, бірдей орын қарастыру, сайлауалды тұғырнамаларын белгілі бір бетте, бірдей көлемде жариялау сияқты ережелердің сақталуына мүдделіміз, соны қамтамасыз етеміз. Кандидаттардың сайлауалды штабтары да осы Хартияның талаптарын ескерсе дейміз», деген пікірін білдірді басылым басшысы.
«Қазақстан телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова да Хартияның мәтінімен алдын ала танысқанын айтты. «Өздеріңіз білесіздер, «Қазақстан телерадио корпорациясы» АҚ құрамына 3 телеарна, 4 радио және 14 аймақтық телеарна кіреді. Оларда 2,5 мыңнан астам қызметкер бар. Бұл қызметкерлердің тікелей жаңалықтар қызметіне қатыстылары 800-ге жуық. Олар журналистер, операторлар, монтажерлер, телевизиялық жаңалықтарды дайындауға қатысы бар азаматтар. Қалғандары радиожурналистер. Міне, осы әріптестеріміздің барлығы да бір кісідей бұл Хартияны қолдайды деген сенімдемін. Біз еліміздегі кезектен тыс президенттік сайлаудың дұрыс әрі әділ өтуіне және осы сайлауға қатысамын деп тілек білдірген әрбір үміткерге бірдей, тең құқықтық мүмкіндіктер беруді қамтамасыз етуді жауапкершілік деп санаймыз. Сайлаудың қаншалықты әділ өтуіне бүкіл әлем көз тігіп отырған кезде бұл бәріміз үшін де сынақ», деді ол өз сөзінде.
Бұл күнгі жиынға қатысқан «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы А. Тараков, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Д.Дияров, «Түгелмедиа» бірлестігінің басшысы С. Түгел, «Қазақстан теміржолшысы» газетінің бас редакторы Лилия Ержанова, «Деловой мир» және «Отбасы» журналдарының бас редакторы Шолпан Сыздықова қабылданған құжаттың маңыздылығына жан-жақты тоқталып, Хартияны өздері басқарып отырған ұжым мүшелері де бірауыздан қолдау білдіретінін айтты.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.