• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2015

Жұптық айқаста Италия басым болды

239 рет
көрсетілді

АСТАНА. 7 наурыз. Бүгін теннистен Дэвис кубогы аясында Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Италия арасындағы тартыс өз жалғасын тапты. Екінші жарыс күнінде қарсыластар жұптық сайыста бақ сынап, италиялықтар 3:1 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде, қос команда арасындағы айқаста Италия 2:1 есебімен алға шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Жоспар бойынша ұлттық құрамамыздың капитаны Диас Досқараев кортқа Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұбын шығарды. Ал Италия сапынан Фабио Фоньини мен Паоло Лоренцци жұбы шығуы тиіс еді. Алайда, команда капитаны Коррадо Барацутти тактикалық әдіс қолданып, П.Лоренццидің орнына Симоне Болеллиді шығарды. Алғашқы сетте теннисшілер айтарлықтай қателікке бой алдырмады. Бір-бірден брейк жасаған қарсыластар жеңімпазды анықтау үшін тай-брейкке жүгінді. Бұл сында екі мәрте біздің теннисшілердің добын өз пайдаларына жазған италиялықтар 7:6 (7:4) есебімен басым түсті. Келесі кезеңде Апенин түбегінен келген теннисшілер оңай жеңіске жетті. Бар-жоғы 36 минуттың ішінде сетті аяқтаған олар өз пайдаларына 6:3 есебін тіркеді. Жанкүйерлер нағыз тартысқа үшінші сетте куә болды. Әр соққы үшін айқасқан қарсыластар өз доптарынан ұпай жоғалтқан жоқ. Нәтижесінде, сет жеңімпазы тағы да тай-брейк арқылы анықталды. Осы кезде италиялықтардың алты мәрте тек сетті емес, тұтас ойынды жеңіспен аяқтауға мүмкіндігі болған. Дегенмен, Голубев пен Недовесов қайсарлық танытып, бұл кезеңді жеңіспен аяқтады. 1 сағат 9 минутқа созылған сетте қазақстандықтар 7:6 (15:13) есебімен басым түсті. Ал төртінші сетте Болелли мен Фоньини жұбы өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Бір мәрте брейк жасаған олар кезеңде 6:4 есебімен жеңіске жетті. Енді ертең командалар екі жекелей сында күш сынасады. Алдымен Михайл Кукушкин мен Адреас Сеппи кортқа шықса, екінші ойында Андрей Голубев пен Симоне Болелли арасындағы айқасқа куә боламыз. Бізге Дэвис кубогының келесі айналымына шығу үшін екі ойында да жеңіс қажет. Ал екі күннің қорытындысы бойынша 2:1 есебімен алда келе жатырған Италияға ертеңгі ойынның біреуін ғана өз пайдасына аяқтаса жеткілікті. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: daviscup.com.