Олардың саны Түркістан өңірінде 89 басқа жетті
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аймағы 120 мың гектарға созылып жатыр. Осының 64 мың гектардан астамы орманды алқап. Мемлекет қорғауындағы бұл паркте өсімдіктердің 936 түрі өссе, сүтқоректілердің – 46, құстардың 309 түрі мекендейді.
– Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы киелі Түркістанның 1500 жылдығына 10 бұхар бұғысын тарту еткен болатын. Бүгінде филиалдағы тұқымбақта өсіріліп жатқан олардың басы 89-ға жетіп отыр, – дейді «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ директоры Б.Мошқалов.
Сонымен қатар, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» аумағында ішкі туризмді дамыту мақсатында туристік бағыттарды тамашалау алаңдарына кіру, көлік тұрақтары, қонақ және киіз үйлер, жолсерік, экскурсия жасатушы, аудармашы, қайық, мініс аттары, жылытылған жылжымалы вагон-үйлер, монша сияқты туристерге қызмет көрсету түрлері жүзеге асырылып отыр.
Облыс әкімі жақында өткен жиында аң-құсты атпауға үш жылға мораторий жариялаған болатын. Алайда, мемлекет тарапынан осындай игі істер жасалып жатқанымен, даланың ерке жан-жануарларына аяусыздықпен мылтық кезейтін екі аяқты жыртқыштар азаймай тұр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.