• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2015

Олимпиада ойындарының чемпионы әуе апатынан қаза тапты

297 рет
көрсетілді

АСТАНА. 10 наурыз. Аргентинаның Ла-Риоха ауданында әуеде тікұшақтар соқтығысып, соның салдарынан екі ұшқыш пен сегіз Франция азаматы мерт болды. Бұл туралы eurosport.ru хабарлады. Бүгін Елисей сарайы Аргентинадағы қайғылы оқиғадан 8 азаматының ажал құшқанын растады. Олардың арасында белгілі спортшылар да бар. Нақты айтар болсақ, апаттан жүзуден Франция олимпиадалық құрамасының мүшесі Камиль Мюффа, боксшы Алексис Вастен және белгілі теңізде жүзуші Флоранс Арто қаза тапты. Камиль Мюффа 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын (400 м., еркін стиль), күміс (200 м., еркін стиль) және қола медаль (4х200 м., еркін стиль) иемденген өте шебер спортшы. Одан бөлек, 2010 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында (200., еркін стиль) жеңімпаз атанған болатын. Алексис Вастеннің де спорттағы атақ-даңқы бір басына жетеді. Соның арасынан Бейжің Олимпиадасында алған қола жүлдесі (64 кг, 2008 ж.) мен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (69 кг, Мәскеу, 2010 ж.) деген атағын айтсақ жеткілікті. Ал Флоранс Артоны спортсүйер қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Ол осыдан 25 жыл бұрын Жерорта теңізін желкенді қайықпен жалғыз өзі 22 сағатта жүзіп өтіп, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Қайғылы оқиға кез келген қиын-қыстау жағдайдан аман шығудың жолдарын үйрететін реалити-шоудың түсірілімі кезінде болған. Өзгелерді аман алып қалуды көздеген бағдарлама түбінде өз қатысушыларының өмірін жалмады. Тікұшақтар жерден небәрі 100 метр биіктікте түйіскен. Әрқайсысында бір ұшқыш пен төрт француз болған. Апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: eurosport.ru.