АСТАНА. 10 наурыз. Қазақстанның май құю стансаларындағы бензиннің бағасы тағы да арзандайды. Бұл туралы «Мир 24» арнасының тілшісі хабарлады.
«Қазақстанның жүргізушілері бұдан келетін пайданы есептеп жатыр. Май құю стансаларында бензиннің бағасы арзандайды. Қазір ең танымал марка – 92-ші бензинге автоәуесқойлар 50 центтен беретін болады», - деді арна тілшісі Алена Хан.
Осыған байланысты экономистер бензиннің 15 центке арзандауы мұнай бағамының түсіп кетуінен туындап отырғанын айтады. Бұл Ресей рублінің түсіп кетуіне де байланысты болып отыр. Онда ең танымал 92 маркалы бензиннің құны бар-жоғы жарты доллар тұрады.
«Рубльдің құнсыздана бастауы бензинді тұтынушыларға қуанышты жаңалықтар әкеліп жатыр. Бензин көп жылдардан бері бірінші рет арзандап отыр. Ал өткен жылғы желтоқсаннан бері бұл бағаның үшінші мәрте арзандауы болмақ», - деді экономист Сергей Смирнов.
Статистика көрсетіп отырғандай, тек оңтүстік астананың өзінде қазір тіркеуге алынған 600 мыңнан астам көлік бар екен. Соңғы жиырма жылда бұл цифр үш есеге жуық көбейді. Сондықтан қала тұрғындары үшін бензин қашаннан өтімді тауар болып келді. Тек биылғы жылдың басынан бері қарай ғана мұнда Ресейден үш жүз мың тоннаның үстінде бензин әкелініпті. Осыдан кейін шенеуніктер жиналған қорды жеткілікті санап, көрші елден жаған май әкелуге уақытша тыйым салған. Қазіргі таңда Қазақстанның бензин қоймалары аузы-мұрнынан шығып тұр. Осы кезде жаз шыққанға дейін елдегі бензиннің бағасы бұдан да арзандай түсетінін сеніммен айта беруге болады.
Бүгінде республикада мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл процесс келесі жылы аяқталады. Бірқатар сарапшылардың айтуларынша, сол кезде Қазақстан өзін өзі бензинмен толық қамтамасыз ете алатын болады.
Мұрат Айтқожа.