• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2015

Келешектің күретамыры

226 рет
көрсетілді

Академик Тілектес Еспо­ловтың «Егемен Қазақстан» газе­тінде жарық көрген «Ауыл – алтын тамыр» деген мақаласын оқып, терең ойға баттым. Ғалымды толғандырған мәселелер – ауылда өскен талай азаматтың көкейінде жүрген жайттар. «Ауыл зиялыларының бүгінгі жағдайы қалай?» деген сауал да әрбір санасы сергек жанды ойландыратыны рас. Шынында да қалаға келіп білімін жетілдіріп, мамандық алған жастар кіндік қаны тамған өз ауылының болашағына алаң­дай ма? Туған жердің рухы бойларына сіңген бе? Сіңбесе, оны қалай сіңіруіміз керек? Бұл әрбір азаматтың, саналы жанның көкейінде жүрген сұрақ. Сондықтан ойлансын, әрине. Меніңше, ауылдан қол үз­беген аға буын өкілдерінің бойында, сана сезімінде бұл рух басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары екеніне ешкім дауласа қоймас. Біз де бала болдық. Топырақты бұрқыратып табанымызды қыздырдық. Ең бастысы, қолқанат болған шағымызда бізді әке-шешелеріміз еңбекке баулыды. Ауылдағы көзіқарақты, зиялы жандарды бізге үлгі етті. Соларға ұқсағымыз келетін, солардай болсақ дейтінбіз. Тәрбие солай басталушы еді. Біз солай ержеттік те арман қуып, қалаға кеттік. Мамандық алған соң ауылдың ауасы мен шөбінің исі, топырағы бізді өзіне тартты. Алғашқы қызметімізді ауылдан бастадық. Облыс орталығында қызмет ете жүріп, бәрібір ауылдан көз жазбадық. Сол ауыл­ымызға қайта оралып, ауданды басқардық. Қолымыздан келгенше қызмет еттік. Мұның бәрін мен неге айтып отырмын, әрбір қазақ өзінің өсіп-өнген, кіндік қаны тамған ауылына, атамекеніне деген сүйіспеншілікті сақтағандығын, ауылды қашанда ұлттың уызындай ұғынатынын, мақтаныш ететінін көпшіліктің есіне салып, сезіндіре түссем деймін. Көп адамның Отанды сүюі бойындағы патриоттық сезі­мінің шынайылығы ауылда қалыптасатындығын еске ал­ғандықтан тебіреніп отырмын. Демек, ауыл біздің қай жағынан алсақ та келешегіміздің тұғыры екенін терең түсінсек, барлық мүмкіншілікті ауылға жасау керек. Рас, жастарды ауылға тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қолға алынды. Игілікті іс. Дегенмен, ол барлық жерде ойдағыдай жүзеге асып жатыр дей алмаймыз. «Мәңгілік Ел» идеясының негізі де көбіне-көп академик айтып отырған «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасына байланысты. Өйткені, ауыл мәдениеті мен әлеуметтік жағдайы қаламен теңеспей, үлкен жетістікке же­те алмаймыз. Ауыл – демо­графиялық өсуіміздің де темір­қазығы. Халқымыздың саны өспей, біз ұлан-ғайыр жерімізді көркейте алмаймыз. Мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі де демографиялық өсуімізге көбірек тәуелді. Академиктің «Қазақ хал­қының алтын тамыры – атамекен ауыл екенін әрбір қазақстандық жас жете түсінетін уақыт келді» дегенін мен толық қолдаймын. Шындығында солай. Ауылдағы жастарға кәсіп­керлікпен айналысуға, қаладан баратындарға әлеуметтік жағ­дай жасауға көңіл бөлуі қажет-ақ. Оларға заман талабына­ сай­ экономикалық жағдай туғы­зудың жаңа бағдарламасын жасау жөніндегі ұсыныс көңілге қонымды. Құптарлық іс екені айтпай-ақ айқын. Біздің елде басқа мемле­кет­термен салыстырғанда ауыл тұрғындары көп. Жалпы халықтың 43 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Олардың арасынан қаншама танымал тұлғалар, ғалымдар, жазушы-ақындар, мемлекет қайраткерлері, өнер саңлақтары шықты, шыға да береді. Қай жағынан алсақ та ауыл мемлекеттің тірегіне айналған. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газетінде көтеріліп отырған өзекжарды әңгіме келе­шегіміз үшін аса маңызды. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселеге ауылды, ауылшаруашылығын заманға сәйкестендіріп дамытуға әрқашан баса назар аударып, аса мән беретіндігін бәріміз білеміз. Елбасының болашақты болжай білетін көрегендігінің арқасында ауыл проблемасын шешу жөнінде көп тірліктер жасалып, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Ол бағдарламаларды Мемлекет басшысы үнемі назарында ұстап та келді. Елбасы Қазақстанның стратегиялық дамуын ауылмен тығыз байланыстыратыны – көрегендіктің белгісі. Мақалада айтылған «Ауылым – алтын бесігім» деп аталатын жаңа бағдарлама қажет деген пікірді толық қолдауға болады. Бұл бағдарлама Президентіміздің бастамаларын, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда, ауылдардың өркендеуінде жаңа серпін беретіні анық. Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, экономика ғылымда­рының кандидаты.