• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2015

Дос

365 рет
көрсетілді

Өткен жүзжылдықтың жетпісінші жылы. Бағымыз жанып, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен елудей қыз-жігітті қасиетті қарашаңырақ – оқу орнымыз Алматы облысы Шелек ауданының Байсейіт аталатын ауылына темекі теруге жіберді. Болашақ журналист атанған студенттердің бәрі дерлік шетінен сен тұр, мен атайын дейтіндей арынымен де, шабытымен де айға атылғалы тұрған сойқандар секілді. Әңгімелесе қалсаң, бәрі жазушы, бәрі ақын, оңай-оспақ бірі жоқ, әдебиет, поэзия, проза, баспасөз, радио мен телевизия жайында бірдеңе айтылса, бірінің аузындағы сөзін бірі қағып әкетіп, кез келген тақырыпты жіліктей шағатындар кілең. Кешкілік жұмыстан кейін үсті-басы, бет-ауыздарына қонған шаң-тозаңды суық сумен шая салып, жерге етпеттеп жата кетіп, қалам-қағаздарына жармасып өлең жазуға кірісетіндері қаншама!.. Солардың арасында жүріп, ішіндегі ең осалы мен емес пе екем деп қарадай қуыстанады екенсің. Шынында да, кейіннен курсымыздан күллі елімізге белгілі танымал талай тұлғалар шықты. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Жастар жүрген жер қашанда – әзіл, күлкі, сан алуан қызықтар. Біріміздің туған күнімізді сылтау­ратып, дереу басымыз қосылып, міндетті түрде тойлатамыз, думандатамыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған уыздай жас жігіттер мен қыздардың мінез-құлық, жүріс-тұрысын әлі нақты бағамдай алмай жүр­ген кезіміз. Бірде осындай кезекті туған күнде отыр едік. Жас шамасы жиналғандардың біразынан үлкендеу Гүлфайза есімді курстас қыздың қасына жайғасқан қараторы өңді, қалыңдау қара мұртты орта бойлы жігіт бөлме толы студенттерге бұйыра сөйлеп: «Әй, былай ығылысып-тығылысып сыйысып отырыңдар!» деп өктемдеу тіл қатты. Өзінің кісіге өткір көзімен шаншыла қарайтын әдеті бар екен. Біреудің бұйыра, әмір ете сөйлегенін онша жақтыра қоймайтын «алаңсыз, ойсыз жас күніміз» (Абай) ғой, несін жасырайық, сол кештің барысында әлгі жігітпен бірер мәрте шәлкем-шалыс кеп те қалғанбыз. Әйтеуір, абырой болғанда, Гүлфайза бәріміз жақсы көретін орыстың тамаша ақыны Михаил Светловтың «Гренада» өлеңін нәшіне келтіре оқып, поэзия құдіретіне ден қойған жұрттың болмашы өкпе-реніші заматта тарап кеткендей болды. Сонымен, қоңыр күзде оқуы­мыз да басталды. Деканымыз Тауман Амандосов жарықтық кеңес әскері қата­рынан жуырда ғана оралған мені сақа жігіт санады ма, кім білсін, әйтеуір, «а» тобының старостасы етіп тағайындап, қолыма сол топтың журналын ұстатты. Біздің топтағылардың бәрі дерлік оқуға түспес бұрын бірер жыл өндіріс орындарында еңбек етіп, әскер қатарындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан, қыс­қасы, не керек, кейін айтып жүре­тініміздей «өмір көріп» келген жастар екен. Осы күнгі белгілі жазушы, жасы бәрі­мізден үлкеніміз Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген Марат Мәжитов, бүгінгі қазақ прозасының іргелі өкілі Тұрысбек Сәукетай, танымал спорт жур­налисі Несіп Жүнісбаев, Атыраудағы Ба­лықшы ауы­лының жігіті, кейін Семей облысының Мақаншы ауда­нынан келіп, оқуға түскен Майра атты қызы­мызға үйленіп, университетті тәмамдаған соң, келіншегін ертіп еліне аттанған, талай жылдар бойы Қазақ радио­сының сондағы меншікті тілшісі болған Кәрім Бахреддинов, Ал­маты облысының Панфилов ауда­нынан келген, кейін Президент Әкім­шілігінде көп жыл қызмет атқарған Қадыр Әлімқұлов, ұзақ жылдар бойы «Алматы ақша­мы» газетінің, «Парасат» жур­налының бас редакторы болған Ерғали Сағатов, «Егемен Қазақ­стан» газеті акционерлік қоға­мы­ның президенті Сауыт­бек Абдрахманов, қазір «Қаз­Мұнай­Газ» мекемесінде жау­ап­ты қызмет атқарып жүрген Ағай­дар Ысымов, баспасөз және басқа да салаларда абыройлы қыз­меттер істеп, аттары мұқым елге та­нылған, бүгінде марқұм болған сайыпқыран журналис­тер – Болат Шубаев, Шәкизада Құттаяқов, Жолдығали Бақытов... және бас­қа да курстастар, қашанда мақтан тұтуға әбден тұрарлық әріптестеріміз... Сөйтіп, сабаққа кірісіп кеттік. Қазақ тілі деген пән оқы­тылады екен. Оқы­тушымыз Дәулетова Ақанай апай кесек пішімді, зор денелі адам еді, жарықтық. Шыны керек, осы қазақ тілінің грамматикасы, ере­желеріне келгенде мектептегі кезімнен кібіртіктеп қалатыным бар. Курстастарымыздың біразы сондай екен. Содан ғой, апай бір ереже­нің мәнін сұрағанда тап басып жауап бере алмаған Ерғали аузына түскенін айта салып, оқытушы: «Оны қайдан білдің?» дегенде, «Жүрегім сезіп тұр», деп жұртты ду күл­діретіні. Осы айтқаны кейін қанатты сөзге айналған, нақты білмей тұрған нәрсемізді «жүрегім сезіп тұр» дей салатынымыз бар. Ал курстасымыз Құттыбай Сыдықов (баяғы «ығылысып-тығылысып отырыңдар» дейтін мұртты жігіттің дәп өзі) қазақ тілі сабағында алдына жан салмайтын. Сөз таптарын, грамматиканы жеріне жеткізе талдап, қазақ тіліне қатысты біз біле бермейтін дүниелерді шемішкеше шағып, алғашқы саба­ғында жазған диктантымызға жаппай «екілік» қойған ұстазымызды дән риза қылатын. Құдды, кеше ғана мектеп табалдырығынан шыққан оқушы бала тәрізді, әйтеуір, қазақ тілі пәнінен қамшы салдырмайтын. Тегінде, өзінің мінезі шатақтау ма десем, олай емес, өзім дегенге өзегін жұлып беруге даяр, нағыз жаны жайсаң жігіттің төресі болып шықты. Университетте қатар оқыған жігіттер өзін көтермелеп «Құт­таш» дейтінбіз. Сөйтіп, бірінші курстан жан аяспас достар болып кеттік. Бұрын да бірнеше рет айтылғандай, біздің осы дос­тар өз арамызда да, сыртқы ортада да «жеті дәруіш» аталатын. Жас шамасы жағынан үлкеніміз Қызылорданың Жалағаш ауданынан келген осы Құттыбай, одан кейін кеңес әскері қатарындағы екі жылдық мерзімді қызметтен оралған қармақшылық Шәкизада, зайсандық мен, Шымкенттің Келес ауданынан келген Сауыт­бек, Қызылорданың Шиелі ауда­нының тумалары Ағайдар мен Жолдас және түркістандық Тілеуқабыл. Қайда барсақ та жұ­бымыз жазылмай бірге жүреміз. Тіпті, жазғы демалыс кезінде де, ауылшаруашылық жұ­мыстарына барғанда да, бір бөлмеге орна­ласуға тырысатын едік. Үшінші курстың қысқы каникулында оңтүстік өңірде тұратын жігіттердің үйлеріне қонақ боп қайтуға ұйғардық. Осы сапары­мызды бұрын да жазғанбыз. Әйт­­кенмен, қазіргі әңгіме  Жала­ғ­а­ш ауданының Таң ауылында тұ­ратын Құттыбайдың отбасына барғанымыз жайында. Құтекеңнің ауылына барар алдында Қы­зылорда қаласында болғанбыз. Сондағы педагогикалық институтта оқитын Шәкизаданың таныс қыздары шақырып, жатақ­ханаларына қонаққа барған едік. Қысқасы, түннің бір уағына дейін сонда отырып, одан шыққан бойда Құтекеңнің енесінің үйіне жетіп, сәл тыныққан ырымын жасағанбыз. Таң атысымен орнымыздан тұрып, шай ішкен болдық. Бірақ дастарқандағы ештеңеге көңіл шіркін шаппады. Енді Жалағашқа аттануымыз керек. Бәріміз сол түнгі сайраннан кейін сең соққан балықтай өзімізге өзіміз келе алмай отырмыз. Сөйткенше болған жоқ есік қағылып, артынша үйге екі қыз кіріп келді. Екеуі де үріп ауызға салғандай әдемі қыздар көрінді. Әсіресе, біреуі тіптен аққудың көгілдіріндей, бет жүзі жұмыртқадай аппақ, аса сұлу екен. Өзі біздің Тілеу­қабылдың Түркістан қа­ла­сында бірге оқыған сыныптасы екен, келгенімізді естіген соң өз бөлмелеріне қонаққа шақыра ке­ліпті. Құттыбайдан басқамыз кіл бойдақ, екі көзіміз әлгі қыздарда, жылан арбаған торғайдай тәңірімізден жаздық та қалдық. Құттыбайдың сөзі уақытымыздың тым тығыздығын, бүгін Жалағашта болуымыз керектігін, онда өзінің отбасы күтіп отырғанын айтып, рах­мет, бара алмаймыз дегенге саяды. Сонсын сендер де мені қолдап, бірдеңе десеңдерші деген сыңаймен біздерге қарап қояды. Ал бізде тырс еткен үн жоқ. Жорта шай сораптаған болып, тіл қатпаймыз. Қыздар бір күннің арысы не, берісі не, ертеңге дейін қала тұрсаңыздаршы дейді. Тіпті, сөз арасында декандарының қатал екеніне қарамастан, бізді қо­наққа шақыру үшін сабақтан қашып кеткендерін де тілге тиек еткен. «Ой, сіздердің декандарыңыз біздікіне қарағанда не? Нағыз ұрып жіберетін біздің декан ғой», деп күледі Құтекең мұрты едірейіп. Деканымыздың шынында сондай екені рас-ты. Ақыры қыздар тіпті, жалынуға шақ қалған. «Онда мынадан алып қойыңдар, сонсын көрерміз», деді Құттыбай үстел үстінде ешкімнің құлқы соқпай мөлдіреп тұрған стакандарды нұсқап. Қыздар болмашы ғана еріндерін тигізді, ал біз манадан бері қолымыз бармай отырған стақандарды қалай төңкеріп қойғанымызды өзіміз де сезбей қалыппыз. Бірақ, Құттыбай бәрібір жібімеді. Кетеміз-кетемізбен тас боп қатты да қалды. Амалы құрып, есіктен үнсіз шығып бара жатқан әлгі қыздардың соңынан біз де нәумез күйде қала бердік. Естіртіп айтпағанмен: «Соншалықты мұнысы несі? Бір күн аялдасақ, не бүлінер еді?» дейміз ғой іштей. Бірақ, енді баратын Жалағаштың Таң ауылында екі көзі төрт болып, Құтекеңнің жан жары, үш қызы, әкесі, інілері мен қарындастары күтіп отырғаны, шыны керек, ол кезде біздің қаперімізге пәлендей кіре қоймапты... Университеттегі бес жылға созыл­ған оқу кезінде қаншама қызықтарды бірге өткізген жан қимас достар едік. Сол жылдарда кітапханадан шықпай, тек кітап кемірумен болдық десек, онымыз Құдай алдында да, адам алдында да өтірік болады. Жастық дәурен, жалынды шақтарымызда заманымызға тән қызықтарды бір кісідей көрдік десек шындыққа бір­табан жақындар едік. Кейін оқуды тәмамдап, қолы­мызға диплом алып, өмір соқпағы әрқай­сымызды әр жаққа таратып әкет­кен кезде де қарым-қатынасымыз үзілген емес. Жан жары Қуанышгүл елінде бала-шағасының қасында қалып, мектепте ұстаздық ете жүріп Құтекеңді бес жыл бойы сарыла күтті. Қолына мамандығы «жур­налист» деген қатырма қағазын ал­ған Құттыбай еліне қайтты. Біздер Алматыда қалдық. Құтекеңнің туған еліндегі атқарған қызметтері, қалам қайраткерлігі жайында бірге жүрген әріптестері республикалық, облыстық мер­зімді баспасөзде, радио-телевизияда жеткізіп-ақ айтыпты. Сол газет беттерін парақтағанда бұған әбден көзіміз жетті. Кейіннен бұрын бойдақ жүрген достар бәріміз үйлі-баранды болдық. Алған келіншектеріміздің бәрі бір-бірлерімен тату-тәтті тіл табысып, жақсы жарасып кетті. Сөйтіп, бәріміз отбасыларымызбен араласып тұратын болдық. Құттыбай мен Жолдастың қыз­меттері де, үйелмендері де Қы­зылорда қаласында еді. Күндердің күнінде Құтекең ер­дің жасы елуге жетті. Ол кезде өзі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің органы «Халық кеңесі» газетінің Қызылорда облысы бойын­ша меншікті тілшісі. Тұс-тұстан артынып-тартынып тойға келдік. Қатарымыз кемімеген, аман-сау күйде едік. Бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев бастаған бір топ газет қызметкерлері және облыстардағы меншікті тіл­шілері де осы мерейтойда бас қос­ты. Той тамаша өтті. Облыстың түрлі дәрежедегі басшыларының да қатыс­қаны есімде. Қызылордалық ақын-жазушылар, журналистер де төбе көрсетті. Ортамыздағы үлкеніміз Құте­­кеңнің ердің жасы елуге келген мерейлі мерекесін осылайша ән-жыр­мен, жарасты әзіл-оспақ, әуелеген ән, күм­бірлеген күй сазымен қарсы алғанбыз... Менің Ақтөбе қаласында бір әпкем тұрады. Сол кісі­нің шаңырағындағы түрлі қуа­ныштарға отбасым және осы Алматыда тұратын туыстармен бірге анда-санда барып тұрамыз. Ақ­төбе жаққа бет алғанымызды Қы­зылордадағы достарға алдын ала білдіріп қоятынбыз. Пойыз бір тәулік дегенде Қызылорда вокзалына келіп жетеді. Перронда Құттыбай мен Қуанышгүл, Жолдас пен Ұлымгүл қолдарына бір табақ етін ұстап, күтіп алатын. Вагоннан түскен Кәбира екеумізді құшақтарына қысып, бәрі­міз мәре-сәре болушы едік. Тағы бірде барғанымызда қайтпас сапарға аттанған Құтекеңнің орнына туған інісі шығыпты. Түр-келбеті ағасынан айнымай қалған. Жүрегіміз шым ете түсті. Енді бірде Жолдастан да айырылған соң перроннан бізді қарсы алуға Қуанышгүл пен Ұлымгүл екеуі ғана шыққан екен. «Достарымыз кеткен соң, келіншектері қарсы алуға да жарамады», деп айтатын шығар деп, ұялғанымыздан келіп тұрмыз деп әзілдеген боп қояды. Кезінде аудандық газетте, одан кейін Қызылорданың «Сыр бойы» облыстық мерзімді баспасөзінде қалам қайратын шыңдаған, бұдан соң «Алтын орда», «Заң» сияқты басылымдардың меншікті тілшісі қызметін атқарған, талай сүйекті, елді елең еткізер мақалаларды дүниеге келтірген, әділдік жолында кімдермен болса да аянбай күрескен ақмылтық журналист Құттыбайдың сондай-ақ, көркем әдебиет саласында да өнімді еңбек еткені баршаға мәлім. Оның «Белгі», «Дария жыры», «Табиғат трагедиясы», «Босқындар» іспетті прозалық шығармалары тұнық сезім, ойлы байлам, қызықты шешімдерімен де оқырманын тәнті еткен туындылар. Бұлар кезінде облыстық, республикалық мерзімді басылымдар­да жария­ланған. Астанадағы «Фо­лиант», Қызылорданың «Сыр­дария кітапханасы» сериясымен шыққан әңгіме, повестері аталған кітап­тар­дың ішіндегі сүбелі шығар­ма­лар­дың бірінен саналады. Әрине, Құтекеңнің жазғанынан жазары көп еді. Көкейінде пісіп-жетілген, тек ақ қағазға түсіруге үлгермеген дүниелері өзімен бірге кетті. Амал қанша? Осыған да қанағат дейміз. Әйткенмен, өз басым Құттыбайдың атын әрдайым ұмыттырмайтын, ендігі өмірінің жалғасы артында қалған шынайы шығармалары деп бес қызы мен жалғыз ұлы Мұратты айтар едім. Балаларын аса тәрбиелі ғып өсірді, оқытты, тоқытты, қата­рынан кем қалдырған жоқ. Қыздарының әрқайсысы бір-бір шаңырақтың отанасы, бұл күнде өздері де бала-шағалы. Сүт кенжесі Мұраты да үйленген, ол үйдегі келін қыз да, ұл да туып, Қуа­нышгүл шешелеріне немерелер сүйгізіп отыр. Уақыт шіркін жүйрік қой. Егер тірі жүрсе, Құтташ бүгінде жетпіс деген жастың желкесіне шығатын еді. Жетпіске келген мерейтойын ел-жұрты, бала-шаға, туыстары, достары­мен бірге тойлатар едік. «Әй,  келіп қалдыңдар ма?!» деп қияқ мұртынан күліп тұрар еді қайран Құтекең. Бірақ, тағдырға не шара, жетпісі түгілі алпысын да тойлай алмай кетті. Әйткенмен, артында қыздары мен өзі талай жыл арман еткен ізбасары Мұраты қалды. Өмір бойғы шырақшысы, артында қалған қағаздарын жинап-теріп, болашақта кәдеге асар деген үміттен бір сәт те көз жазбаған жан жары, асыл жеңгеміз Қуанышгүл қалды. Өзі жоғын жоқтап, әділдік жолында талай мәрте отқа түсіп жүретін қалың қазағы – туған елі қалды. О дүниеге аттан­ған жанға ештеңенің қажеті жоқ. Ештеңе сұрамайды да. Әйткенмен, артында өлмейтұғын сөзі қалған абзал жанның есімін ардақтау өзінің кіндік кесіп, кірін жуған еліне сын. Қайтпас сапарға кеткеніне он жылдан асқан Құттыбай Сыдықовтың атына қалада, оның реті келмесе ауданда бір көше беру Қызылорда секілді қазақ халқының қаймағы бұзылмаған қасиетті мекеннің елі үшін мойнындағы борышы дер едім. Заманбек ӘБДЕШЕВ, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. АЛМАТЫ.