• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Наурыз, 2015

«Болашақтың» жобасы

261 рет
көрсетілді

Жақында «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында «Болашақ» қауымдастығы, «Нұр Отан» партиясы, «Бәйтерек» холдингі және «Меломан» компаниясының ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні құрметіне диснейлік «Күлше қыз» (Золушка) ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімі тұсауын кесті. Бұл осымен қазақ тіліне аударылған 10-шы голливудтық блокбас­тер болып саналады. Бес жылда атқарылған осынау іс-шара көрермен үшін, қазақ тілін дамыту жо­лын­дағы мақсат-мүдде үшін көрер­мендерге үлкен олжа болып табылады. Айта кету керек, «Мәдениет туралы» Заңға сәйкес 2012 жылдың 1 қаң­тарынан бастап прокат үшін Қа­зақстанға әкелінген барлық фильмдер мемлекеттік тілде дуб­ляждалуы тиіс. Соның ішін­де Голливуд фильмдерін дуб­ляждауды «Болашақ» қауым­дастығы «Нұр Отан» партия­сының қолдауымен «Жастар – Отанға!» атты жастар жобасы шеңберінде жүзеге асыруда. Туған тілімізде жарық көр­ген алғашқы блокбастерлердің бірі – «Көліктер-2» (Тачки-2) мультфильмін 2011 жылы бал­дырған көрермендер тамашалау мүмкіндігіне ие болса, аталмыш жоба Елбасы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Өзінің болашақтықтарға арнаған тілек сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі – тамырын тереңге тартқан ерекше бай, көркем тіл. Ол бүгінде жан-жақты дамып, халықаралық тілге айналу үстінде. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақ игілігіне жарай береді деп сенемін», – деген болатын. Ал қазіргі таңда танымал блокбастерлерді қазақ тіліне аударып, ұсыну елімізді әлемге танытудағы тағы бір маңызды жобаға айналып, тілдерді дамыту бағдарламасы мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының жүзеге асуына едәуір ықпалын тигізуде. Әлемдік киноиндустрия көшбасшылары – Marvel,Walt Disney, Sony Pictures, Metro-Goldwyn-Mayer фильмдері жо­ғары технологиялық дуб­ляж­дың нәтижесінде сөзсіз ұлт­тық құндылықтарға айналды. Қазақ тілі барша әлемге DVD, Blu-Ray стандарттарын­да қолжетімді Голливуд фильмдерінің негізгі тілінің қатарына қосылды. Жоба шеңберінде дубляж актерлері Берік Айтжанов (Джонни Депп), Гүлнәз Әуес­баева (Анджелина Джоли), Аза­мат Қанапия (Уилл Смитт) әйгілі Голливуд жұлдыз­дарын дыбыстаудың айрық­ша құқығына ие болды, дублер­лердің дауысын актерлер жеке өздері бекітті. Түсіріліміне BAFTA сыйлығының иегері, әй­гілі режиссер Кеннет Брандт («Тор» және «Гамлет») арнайы шақырылған бұл киноертегіні әлемге танымал Pinewood Studios павильондарында әзірлеу шамамен 250 миллион долларға түскен көрінеді. Бұл қазақстандық көрермендерге төлтума нұсқаның бар ғажабын жеткізе алған дарынды режиссер Айжан Жәмшитованың дубляж жасаудағы 7-ші голли­вуд­тық жұмысы еді. Фильмдегі бас­ты рөлді «Оскар» сыйлығының екі мәрте иегері Кейт Бланшетт («Авиатор», «Бенджамин Баттонның жұмбақ өмірі») сомдады. Күлше қызды қазақ тілінде Шехназа Қызыханова дыбыстады, ол – Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының 3-ші курс студенті. Шехназа жобаға алғаш рет қатысуда. Көрсетілімді мектеп оқу­шы­лары, балалар үйлерінің тәр­биеленушілері, қоғам қайрат­керлері, сондай-ақ БАҚ-тың, «Болашақ» қауымдастығы мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері тамашалады. Фильмде бойын іштарлық жайлаған және арам пайданы көксеген зұлым өгей шеше қызын үнемі тұқырта береді. Бірақ Күлше қыз үмітін үзбейді, оған ауыр сәттерде анасының: «Берік бол және жақсылыққа сен!» деген аманаты күш береді. Перизат-Кіндік шеше бірде Күлше қызға өмірін жақсартуға көмектеседі, алайда барлығы да басты кейіпкердің өзіне байланыс­ты. Өгей шеше Күлше қызды келісімге шақырғанда, ол бұл ұсыныстан түбегейлі бас тартады. Өзінің туған патшалығын зұлымдықтан сақтап қалу үшін оның жүрегін ғаламат күш кернейді. Кішкентай жүрекпен патша болу мүмкін емес. Нағыз патша болу үшін мейірімділік және адамдарға қамқорлық жасай білу керек. Фильм желісі осы ойды санаға сіңдіреді. Айнұр ИМАНҒАЛИ. АСТАНА.
Соңғы жаңалықтар