Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде мұнай-газ және сервистік технологиялар орталығы ашылды.
Шетелдік компанияларда қазақстандық үлесті арттыру, ұлттық мүддені нығайту үшін өз кадрларымызды көбейту мәселесі шілденің 22-сінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің БҚО-ға жасаған сапары барысында талқыланған болатын. Батысқазақстандық университеттегі жаңа орталық та Үкімет қойып отырған талаптар аясында екендігі анық еді.
Орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, шетелдік мамандарды ұлттық кадрлармен алмастыру оңай мәселе емес. Бұл үшін, ең алдымен сол жастардың өзі жан-жақты білім алып, оны іс жүзінде пайдалана білуі, былайша айтқанда, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұған осындай орталықтар арқылы қол жеткізуге болады. Аталмыш орталық басшысы Ерлан Мұратовтың айтуынша, мұнда мұнай-газ мамандықтары бойынша жоо түлектері жаңа технологияларды меңгеріп, шет тілдерді оқиды. Қазірдің өзінде 150 жас іріктеліп алынды.
Болашақта құрылыс мамандықтарын игерушілер де осындай мүмкіндікке қол жеткізбек.
Темір ҚҰСАЙЫН.
ОРАЛ.