Дүйсенбі, 9 наурызда Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттарды ұсыну барысы және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының жұмысы туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен брифинг өткізді.
Оның атап өткеніндей, 26 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының бекітілген күнтізбелік кестесіне сай 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды ұсыну басталды. 2-9 наурыз аралығындағы кезеңде ОСК-ға ұсыну туралы 14 өтініш келіп түсті. Өзін-өзі ұсыну арқылы өз кандидатураларын ұсынғандар: Асқар Сырғабаев, Сафиолла Алдажанов, Лимана Қойшиева, Бақыт Әбдікәрімов, Сухраб Мырзашов, Есенбек Үктешбаев, Якобжан Жүнісбеков, Қайрат Жұман, Ержан Серғазин, Қайрат Маишев, Уәлихан Қайсаров, Бахтияр Естемесов және Қанат Турагелдиев. Ал Тұрғын Сыздықов «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылды.
«Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидаттардың Конституция мен қолданыстағы сайлау туралы заңнамада қойылған талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша қажетті іс-шаралар өткізді, – деді Л.Сүлеймен. – Бас прокуратура мен ІІМ-ге тиісті сұраулар жіберілді. Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның отырыстары өтуде. Қазіргі уақытта кейбір үміткерлерге қатысты жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша төмендегі анықталды».
ОСК мүшесінің хабардар етуінше, Бақыт Әбдікәрімов пен Сухраб Мырзашов 40 жасқа толмаған, осыған байланысты оларды 6 наурызда ОСК қаулыларымен тіркеуден бас тартылған. Сонымен қатар, Лингвистикалық комиссия қорытындысының негізінде Комиссия президенттікке кандидаттар ретінде екі үміткерді – Асқар Сырғабаев пен Сафиолла Алдажановты тіркеуден бас тартты. Ал 6 наурызда Лимана Қойшиеваға қатысты, оның Конституция мен сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкестігі жөнінде тиісті қаулы қабылданды. Оған өзінің кандидатурасын қолдап, сайлаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.
«Үміткерлердің өз қолдарымен жазған мәліметтерінің өзін Ортсайлауком мұқият тексеруде. Мысалы, өз кандидатурасын ұсынған У.Қайсаров президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге ниет білдіру туралы өтінішінде басқа мемлекеттің азаматтығында тұрғанын өз қолымен көрсеткен. Осы мәселе бойынша біз Ішкі істер министрлігіне аталған деректерді тексеру үшін сұрау жібердік. Сондай-ақ, осы үміткердің мемлекеттік тілде толтырған өмірбаяндық деректерінде бірнеше қате кеткен», – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен.
* * *
Сол күні кешкісін Орталық сайлау комиссиясының тағы бір отырысы болды. Онда өз кандидатураларын ұсынған үміткерлер Қанат Жұманға, Есенбек Үктешбаевқа және Уәлихан Қайсаровқа олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттар ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешімдер қабылданды.
Аталған үміткерлерге қатысты жүргізілген тексерудің нәтижелері бойынша Орталық сайлау комиссиясы мынаны анықтады. Қанат Жұман, Лингвистикалық комиссияның 7 наурыздағы, Есенбек Үктешбаев пен Уәлихан Қайсаров Лингвистикалық комиссияның 9 наурыздағы қорытындысының негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгермеген.
Сондай-ақ, осы күні Орталық сайлау комиссиясы «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қол қою парақтарын тексеру барысында сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негіздері туралы» қаулы қабылдап, президенттікке кандидаттарды қолдап жиналған сайлаушылардың қолдарын тексеру барысында: бірнеше адам үшін бір қолмен орындалған; нақты кандидат үшін қол қою парақтарында бір адам бір реттен артық орындаған; қол қою парағына сай деректер толық болмаған кезде; өз қолын кері қайтарып алушы сайлаушының жазбаша өтініші болған кезде; белсенді сайлау құқығы жоқ адам орындаған және қайтыс болған адамдар үшін орындалған сайлаушылардың қолдары жалған болып танылатынын айқындады. Аумақтық сайлау комиссиясы қол заңдардың талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да, қолды жалған деп тануы мүмкін.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».