Қыздар университетінің магистрлері де ғылым көкжиегіне жолдама алып отыр. Жақында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру негізінде магистранттарға салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті.
Магистрлер мерейін асырған мерекелік шарада университет ректоры Динар Нөкетаева Қыздар университеті ұлттық аккредиттеу агенттігі бойынша Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасындағы рейтинг топтамасында 7-орынға ие болғанын қуана жеткізді.
Биылғы шараның ерекшелігі, тұңғыш рет магистратура бойынша қос дипломды бағдарлама аясында шетелдік және қазақстандық дипломға ие болды. Мұндай бақыт – педагогика және психология мамандығы бойынша Әйгерім Жақыпбаеваның маңдайына бұйырды. Ол АҚШ-тың Миссиссипи алқабы мемлекеттік университетінен қос дипломдық бағдарламасы бойынша диплом алып, «Балаларды дамыту орталығына қосқан үлесі және қызметі үшін» деген сертификатпен марапатталған.
2014-2015 оқу жылында білім ордасында 23 мамандық бойынша ғылыми-педагогикалық бағытта 171 магистрант диплом алды. Ал, оқуда оқ бойы озық шығып, үздік оқыған 30 магистрант университет ректоры қолынан диплом алды. 70 жылдық тарихы бар киелі қара шаңырақта мәдени-қоғамдық ұйымдастыру шаралары мен ғылым саласына қосқан үлестері үшін белсенді магистранттарға ректордың алғыс хатын бірінші проректор Баходир Алиев табыстады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.