АСТАНА. 3 сәуір. АҚШ-тың Алабама штатында адам өлтірді деген айыппен соңғы 30 жылын түрмеде өткізген азаматтың кінәсіз екені дәлелденіп, бостандыққа шықты. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Энтони Рэй Хинтон есімді америкалық 1985 жылы қамауға алынған. Оған Алабамадағы ресторандардың бірін тонау кезінде екі адамды өлтірді деген айып тағылған. Тіпті, сот оны өлім жазасына кескен екен. Бүгінге дейін ол жазаның орындалуын күтіп отырған.
Таяуда сот-медициналық сараптамасы Хинтоннан табылған тапаншаның оған тағылған айыпқа ешқандай қатысы жоғын анықтады.
Адвокат Брайан Стивенсонның айтуынша, Хинтонның кінәсі сол кезде-ақ дәлелденбеген. «Оның бар айыбы - афроамерикалық болуы. Сол себепті ол кезде бұл істің байыбына бармастан, ең ауыр жаза тағайындалды», – дейді Стивенсон.
Сараптама нәтижесіне байланысты іс қайта қаралып, сот Лаура Петро жаңа үкім шығарды. Соған сәйкес, Хинтонға тағылған барлық айып негізсіз деп танылып, ол бостандыққа шықты.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: РИА «Новости».