АСТАНА. 3 сәуір. Орта салмақта кәсіпқой бокстан WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің 16 мамырда Вилли Монроға қарсы жекпе-жек өткізетіні белгілі. Аталған бокс кешіне билеттер осыдан екі апта бұрын сатылымға шығарылды. Бүгінге дейін 5 000 билет сатылған. Бұл туралы radiotochka.kz хабарлады.
Ұйымдастырушылар қалған бір жарым айдың ішінде тағы 8 000 билет сатуға ниетті. Сөйтіп, жанкүйерлер санын 13 000-ға жеткізбекші.
Айта кетейік, алғашқы тәулікте 2 500 билет сатылған. Ең арзан билетті 30 долларға алуға болады. Ал ең қымбаты 300 доллардан сатылуда.
Головкин мен Монро арасындағы жекпе-жек 16 мамырда АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы The Forum аренасында өтеді. Бұл – отандасымыздың осы жылдағы екінші айқасы болмақ. Ақпан айында ол ұлыбританиялық Мартин Мюррейді жеңген болатын. Жалпы, бүгінге дейін 32 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен чемпионымыз соның 29-ын нокаутпен аяқтады. Ал қарсыласы Вилли Монро барлығы 19 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде жеңілген. Ол 6 кездесуде қарсыластарын нокаутқа жіберген.
Еламан Қоңыр.
Дерек: radiotochka.kz.
Сурет: thesweetscience.com.