• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2015

17 Алғыс хат

957 рет
көрсетілді

Ұлы Отан соғысына үш жыл қатысып, ең алдыңғы лектегі қанды қырғынның қақ ортасында жүрсе де аман келген ағаларымыздың бірі – Шәпен Ауғанов екен. «Егемен» тек ерен ерлікті немесе бастан кешкен елең етерлік оқиғасы бар қызық тағдырлы жандар болмаса көлемінің шектеулі себепті соғыстан аман келген адамдардың бәрі туралы жаза бермейді. Ал Шәпен ағамыз туралы жазуға тура келіп тұр. Өйткені... Өйткені, ол Сталиннен 17 рет Алғыс хат алған екен. Бір алғыс, екі алғыс, тіпті, бес, алты да емес, 17! Бізге Шәпен Ауғанов туралы дерек әкелген үлкен баласы Мұхамедияр ақсақал мен оның күйеу баласы, Астанадағы Сәдуақас Ғылмани мешітінің  наиб-имамы Мамлюк Мұсаевтың ауызша айтқан сөзіне алдымен сенбедік. Қалай сенесің, Мемлекет басшысының өзі Алғысты 17 рет беруі мүмкін бе? Бір адамға 17 рет берілсе, оның қандай қадірі бар деген ойлармен сенбеген едік. Сөйтсе, анық жазылған анықтама бар екен. Оған 163-ші Ленин, Қызыл Ту орденді Ромно-Киев атқыштар дивизиясының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Карлов қол қойып, мөр басқан. Анықтаманың нақты датасы анық көрінбейді, бірақ 1946 жылы жазылғанын ажыратуға болады. «Қызыләскер Шәпен Ауғановқа берілген бұл анықтама оған Кеңес Одағының Маршалы Сталин жолдастың мына Алғыстарды бергенін растайды», делінген онда. Сонымен, Алғыстар не үшін берілгенін айта кетейік: Осынша соғысқа қатысқанның өзі үлкен ерлік. Ал олардың бәрінен «Командованиенің әскери тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін» деген Алғыс алу ерліктің ерлігі екендігі анық. Сталиннің атынан шетсіз, шексіз беріле беретін бұл Алғыстың құқылық мәртебесі қандай екен деген оймен Интернетті көп ақтардық. Атын да, затын да көп жерге аралас­тырмайтын, ал араластыра қалса, жерде қалмайтындай ететін «көсем» өзінің атынан берілетін Алғыстарға да сақ болып, арнаулы мәртебе берсе керек еді. Бірақ... қанша сүзсек те, оған арнаулы мәртебе берілмегенін білдік. Демек, мәртебесі болмаған соң оның берілуіне де ешкім шек қоймаған тәрізді. Алайда, ең алғашқы Алғысты Сталин 1941 жылдың 22 шілдесінде арнаулы бұйрықпен Әскери-әуе қорғанысының мәскеулік аймағына жариялапты. Одан кейін Алғысты осы жылдың аяғына дейін азат етілген Ростов, Керчь және Феодосия қалаларының қорғаушылары алады. Осыдан кейін Алғыстар 1942 жыл бойы берілмей, тек бір жылдан соң, 1943 жылдың басынан бастап жариялана бастайды. Осы жылдың 25 қаңтарында Сталинград, Дон, Солтүстік Кавказ, Воронеж және т.б. соғыстарына қатысқан бөлімдер мен жауынгерлерге, командованияларға Алғыс жарияланады. Ал 1943 жылдың жаз айынан бас­тап Алғыстар әрбір жауынгерлер мен офицерлерге грамота түрінде беріле бастаған. Оның үстіне мұндай Алғыстар нөмірленбеген. Тіпті, барлық әскери бөлімдерде де ол біртекті аталмайды. Мысалы, бір бөлімдерде ол «құттықтау алғысы» десе кейбірінде «жеңіс алғысы», т.т. атала берген. Форматы мен қағазы да бірыңғай емес, қолға түскен қағазға әскери бөлімнің аты жазылып, қол қойылып, мөр басып ұстатады. Алайда, бәрінде де Сталиннің атынан берілетін болған. Осы жерде айта кететін бір қызғылықты жайт бар. Соғысқа дейін және соғыстан кейін барлық орден-медальдар КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының жарлығымен берілді. Ал соғыс кезінде ерлікті қолма-қол ынталандырып, мадақтап отыру қажет болған. Сондықтан полк командирінен бастап, жоғарғы қарайғы құрамалардың командирлері КСРО Жоғарғы Кеңесінің атынан жауынгерлер мен офицерлерге қолма-қол орден-медальдар тапсыруға құқылы болған. Соның ішінде майданның бас қолбасшысы дивизия командиріне дейінгі, армия қолбасшысы полк командиріне дейінгі, корпус, дивизия және бригада командирлері батальон командиріне дейінгі барлық жауынгерлер мен офицерлерге, ал полк командирі тек қатардағы жауынгерлер мен сержанттарға орден-медальдар беруге құқылы болған (Сталиннің атынан берілетін Алғыс та соның ішінде болғаны хақ). Бірақ мәртебесі «Қызыл ту» орденінен жоғары ордендерді тапсыру әлі де Жоғарғы Кеңестің құзырында қалдырылыпты. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының комдив болып жүргенде 16 рет жараланса да бір медаль ала алмаған Әділгерейге бірден екі медаль мен екі орденді қатарынан тапсырып жүргені осындай құқы болғандықтан екен. Сөйтіп, басты әңгімемізге оралайық. Демек, Алғыс Сталиннің атынан деп айтылғанымен оны­мен марапаттауға полк коман­дирінен бас­тап одан жоғарғы командирлердің бәрінің де құқы болған. Сондықтан Мемлекет басшысының атынан деп берілсе де оны осы командирлердің өзі тапсырған. Алайда, соның өзін 17 рет алған Шәпен ағамызды нағыз батыр демеске лажың жоқ. Осынша Алғыс жариялағанша орден-медаль неге бермеді екен деген сауал да туады. Шәпен ондайдың да бұйырғанын алыпты. Шәпен Ауғанов бұрынғы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданының (қазіргі Ақжар ауданы) Ұялы ауылынан 1942 жылы әскерге алынған. Бұл ауыл – «Егеменнің» алғашқы редакторларының бірі, халқымыздың аса көрнекті қайраткерлерінің бірі Смағұл Сәдуақасовтың туған жері. Әскерге 36 жасында алынған Шәпен өмірдің біршама ащы-тұщысын татқан адам. Көзі ашық болған әкесі Хамзені, әкесінің ағасы Зейнелғабиденді «халық жауы» деп атып тастаған. Өзін де қудалап, Омбы облысының Шарбақтыкөл ауылында отырған жерінен ол Ұялы ауылына қуғынмен келген екен. Омбы облысында тұрғанда медреседе оқыған ол дінді де қатты ұстаған. Құран Кәрімді оқып қана қоймай, оны қазақша тәпсірлеуге де білімі жеткен. Сөйтіп, әрі сауатты, әрі салиқалы жігітті 163-ші дивизияға келгенде оны байланысшылар ротасына жібереді. Бірақ жігіттің епті, батыл екенін көрген соң оны 177-ші барлаушылар ротасына жібереді. Сөйтіп, соғыстың аяғына дейін Шәпен Ауғанов барлаушы болған. Осы ротада взвод командирі болған Е.Кузьминнің жазуына қарағанда: «задачи перед взводом ставились самые разные: выяснение расположения и движения частей противника, обнаружение военных объектов врага, разведывательные бои, захват «языка». Взвод провел смелые и дерзкие налеты на вражеские колонны, посеял страх и панику в лагере противника и при этом каждый раз благополучно возвращался в свою часть». Әрине, мұндай операциялар жасайтын бөлімдерге ептілігімен қатар дене қуаты зор, ержүрек, тапқыр жауынгерлер басқа бөлімдерден таңдап алынатын болған. Ш.Ауғанов та сол таңдаулылардың арасынан табылып, жаумен қоян-қолтық шайқастың ең қауіпті деген жерлерінде жүрген. Оның соншама Алғыс алып жүргендігінің сыры да сол. Шәпен Ауғановтың соғыстағы ерлігі орден-медальдармен де аталып өткен. 1943 жылдың 10 сәуіріндегі дивизия командирінің бұйрығымен ол «Ерлігі үшін» медалін алған. Одан кейін рота командирі Колбах оны «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынады. Осы орденді Шәпен Ауғанов 1945 жылдың 22 мамырындағы бұйрықпен алады. Осы екі ортада, қызыләскер Ш.Ауғановты рота командирі, аға лейтенант Казаринх 1945 жылдың 15 мамырында «Даңқ» орденінің ІІІ дәрежесіне ұсынған. Алайда, бұл орден оған берілмепті. Шәпен Ауғановтың командованиеден алған Алғыстары Сталиннің атынан берілген 17-мен ғана шектелмеген, ол «Днепрден өткені үшін» Воронеж майданының қолбасшысы армия генералы Н.Ватутиннен 1943 жылы, «Дунай өзенінің жағасындағы плацдармды қорғағаны үшін» 3-ші Украин майданының қолбасшысы, маршал Ф.Толбухиннен 1945 жылы Алғыс алған. Бұлар туралы мәліметтер де дивизия командирі жазған анықтамада көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, қатардағы жауынгер Шәпен Ауғановтың соғыстағы ерліктері батыр атағына татырлық-ақ сияқты. Әйтпесе, осыншама Алғыс жайдан-жай беріле ме? Бірақ, бағы жанбаған көп қазақтың бірі болып, ол да бір орденмен ғана қалыпты. Жан сауға дегендей қызыл қырғыннан 1946 жылы аман келгенін өзі де барлық туған-туыстары да шүкіршілік еткен. Алайда, арқасындағы жау снаряды салған жарақат өле-өлгенше жазылмаған екен. Бірақ соған қарамай, ол өкіметтің қара жұмысын дәл өзінікіндей көріп, жан аямай адал атқарған. Есіл ер 1965 жылғы 13 қаңтарда ұзаққа созылған науқастан 59 жасында көз жұмады. Соғыстан алған жарақат, жау тылында жүргенде жүйкеге түскен ауыр қысымдар бәр-бәрі оның өмірден ерте кетуіне себеп болған сияқты. «Орнында бар оңалар демекші», артында қалған ұл-қызы Мұхамедияр, Қайырбек, Қайыргелді, Ләззат, Алтын – бәрі үйлі-баранды болып, әкелерінің есімі мен ерлігін ұмытпай, еске алып отырады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.