ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ-2010: ОҚИҒАЛАР МЕН ОЙЛАР
Тарихта тұңғыш рет “қара құрлықта” өткен дүниежүзілік доп додасының аяқталғанына екі жұмадан артық уақыт өтті. Алайда, чемпионаттың дүбірі тынғанымен, дүрмегі әлі тарқай қойған жоқ. Көзден көшсе де, көңілден кете қоймаған футбол спектакльдері төңірегіндегі ойлар мен оқиғалар, деректер мен дәйектер алда талай әңгімеге тамызық болатын түрі бар. Біз солардың арасынан жадымызда қалғандарды сөз етіп көрмекпіз.
“Сегізаяқ-Нострадамус”
Сірә, адамзат өзінің тарихында тап даңқы осыншалықты жер жарып, аспан асырған сегізаяқты бұрын-соңды көрмеген шығар. Германиядағы Оберхаузен қаласының Sea Lіf атты океанариумында тіршілік ететін Пауль ныспылы бұл су жәндігінің ерекше көріпкелдік қасиеттері туралы біздің Бақтияр газет бетінде бұған дейін көсілтіп жазды. Аталмыш мақұлықтың биологиялық жасы 3 жылдан аса қоймайтынын, сондықтан Бразилияда өтетін келесі біріншілікте оның қызметіне жүгіне алмайтынымызды да әріптесіміз өкінішпен еске алған екен. Дегенмен, атақты драматург Ф.Шиллердің кейіпкері аузынан шыққандай, “мавр өз тірлігін істеді, мавр енді кете алады”. Ендеше, бұл доп додасында болжағандары түп-түгел айна-қатесіз тура келіп, тарихта осы чемпионаттың ойындарынан бетер қалғалы тұрған Пауль жолдастың осы абыроймен көптің назарынан кеткені де жөн шығар.
Бір таң қалатынымыз, неміс ағайындар бұл сегізаяқтың Нострадамус сынды ғажайып сәуегей болатынын қалай дөп басып тапқан? Бұл – бір. Екіншіден, саналы жан иесінің өзінің шамасы келмейтін шым-шытырық жұмбақтарды аталмыш мақұлық қалай оп-оңай шешіп береді? Осы қызметке жегілгелі Еуропа чемпионатының финалы жөнінен ғана бір мәрте қателесіп кеткен осьминогтың мына көрсеткіші шынында керемет! Жалпы, мұндай үлкен серияларда болжамның 50 пайыздай бөлігі тура келуінің өзі барынша жоғары сәттілік болып саналады екен. Осының бәрі қисынымызға қияс келгесін, бұл шіркіннің қандай жануар екенін зерттеп көріп, оның үш жүрегі болатынына, бас миының жоғары дамығандығына көз жеткіздік. Ал мамандар Пауль ойлау қабілеті болмағандықтан, таңдауды өзі түйсінбейтін алгоритм бойынша жасайтынын айтып отыр. Бәзбір қалжыңбастар қай жалаудың түсі тартымды көрінсе, болмаса қай тудың түбіндегі жем қорап жақын болса, оның соған жүзіп баратынын айтып көрген. Алайда, мидия жейтін сегізаяқтың жұрт әбігерінде тіпті шаруасы жоқ, өзін жақсылап тамақтандырса болды. Бір өкініштісі, мансабы аяқталып келе жатқан Паульдің атын естімейміз. Бәлкім, оның орнын басатын тағы бір осындай сегізаяқ табылып қалар?..
“Әлемнің сыбызғысы”
Африканың арғы белдеуіндегі елде өткен чемпионатта жұрттың көзіне бірден түскені матч басталған бойда ондағы стадиондарды даңғаза еткен вувузела атты сыбызғы болды. Басында таңсық көрінген бұл қурай бара-бара миллиондаған көрерменнің нағыз бас ауруына айналды. Африкалықтардың негізінен жануарларды үркітуге арналған мыңдаған үрлеме құралынан құралған оркестрдің дамылсыз шығатын даусы қалқасында стадиондағы жанкүйерлердің ойындар ахуалына орай көңіл-күй толқынын білдіретін шуылы мүлдем естілмей қалды. Осыған қатты қапа болған телетрансляция жүргізуші компаниялар оны “басудың” түрлі әрекеттерін жасағанымен ештеңе шығара алмады. Ендігі бір шенеуніктер стадионға вувузела әкелдірмеуге күш салыпты. Сол күндері, мәселен, Жаңа Зеландияда осы “зиянкес” сыбызғыны спорт алаңдарына болдырмауға қатаң тыйым салатын заң қабылданған.
Алайда, ФИФА басшылығы бұл мәселеде барынша сабырлылық білдіріп, вувузеланы африкалықтар мәдениетінің бір бөлшегі деп таныды. Сондықтан қара континент тұрғындары осылайша жанкүйерлік жасауға ерікті болды. Олай болмаған күнде, ол ағылшындарға стадионда ән салуға рұқсат етпегенмен бірдей болып шығар еді. Не дегенде де, бұл құрал чемпионат кезінде бірте-бірте жұрт жек көретін заттан назар аударуға тұратын бұйымға айнала бастады. Мәселен, орыстардың матрешкасы сияқты. Сондықтан әлемнің әр түкпірінен жиналған жанкүйерлердің көпшілігі мундиальдан қайтарларында ескерткіш зат ретінде басқаға емес, тап осы вувузелаға жармасты. Айтқандай, сарапшылар стадиондарда сол сыбызғыны аңыратып тартып отырғандардың негізінен жергіліктілер емес, сырттан келгендердің болғанын да айтады.
“Африка колориті”
Осы жолы әлем чемпионаты Оңтүстік Африка Республикасында өтетіні белгілі болғаннан бұл таңдау жан-жақтан сынға ұшырады. Прогресшіл адамзат баласы осындай үлкен жарыстың жер бетіндегі қылмыскерлері көп елдердің бірінде өткелі тұрғанынан қатты шошыды. Бірақ нәтижеде бәрі жұрттың бояуын қалың етіп салып берген суретіндей болмай шықты. Дегенмен, доп додасы өтіп жатқан күндерде әртүрлі ұсақ-түйек қылмыстар да орын алды. Мұны жұрт “африкалық колорит”, яғни осы “қара континенттің өзіне тән бояу-болмысы” деп таныды.
Жергілікті жұрт осыншама шетелдік меймандардың қаптап келе қалғанына бірден бой үйрете алмаса керек, әсіресе, біріншілік енді басталған кезде инцидент көбірек кездесті. Бұлар бұзақылар тобының журналистерді соққыға жығуларымен, футболшылар тұрып жатқан нөмірлерді үптеп кеткенімен өрнектелді. Жалпы, мұнда майда ұрлықпен айналысушы ұрылардың торына түсіп қалмаған қонақтар аз еді. Әдеттегідей қолдан жасалған жалған билеттерді сатушылар да кездесті. Ал тұтастай алғанда, орасан ауқымдағы қылмыстар бола қойған жоқ. Соның ішіндегі ең ірісі ұрылардың ФИФА штаб-пәтеріне ұялмай басып кіріп, Әлем кубогының жеті көшірмесін ұрлап әкеткені болды. ОАР-дағы мундиаль осы оқиғасымен де ерекше есте қалады.
Төрешілер “төрелігі”
Ақыр соңында бұл чемпионат оған қызмет жасаған арбитр қауымының өте көп қателік жіберуімен бірден санаға сызат түсіреді. Бір өкініштісі, осы қателіктердің көпшілігі ойын тағдырын өзгертіп жіберетіндей деңгейде болды. Бүйректен сирақ шығарудан танбаған сол реферилердің қасында өзбек төрешісі Равшан Ирматовтың біршама әділ де адал қазылығы бірден менмұндалап көзге ұрып тұрды. Сондықтан мамандар оны осы чемпионаттың жағымды жаңалықтарының бірі ретінде қабылдады.
Расында бұл біріншілікте “қара киімділер” кемшілігінен көз тұнды. Солардың ішінде Лэмпардтың таза голын санамай қоюдың өзі сұмдық қой! Екі метр офсайдқа шығып кеткен Тевес пен Вильяның тап осылай ойыннан тыс жағдайда соққан голдарын есепке алу ше?! Сол сияқты Фабианның анық қолмен ойнағанын көрмей қоя салуды қайтеміз? Ал чемпионаттың бас жағында Аргентина ойыншысы Хайнценің Нигерия қақпасына түсірген күмәнді голын санау арқылы оларға жеңіс тізгінін ұстата салуды қалай ұмытамыз?
Тізе берсе, мұндай деректер жетерлік. Соның ішінде Гватемала, Сауд Арабиясы және Мали секілді елдерден келген төрешілердің алаң үстіндегі ешбір қисынға сыймайтын шешімдері оларды футбол атты өнердің ережесімен енді ғана танысып жүргендей етіп көрсетті. Бұлардың алдыңғысы тіпті Испания мен Парагвай кездесуінде “пенальти экспозициясын” жасап, соғылып тұрған голды болдырмай тастаудың да амалын оңай ойлап тапса, екіншісі Чили – Швейцария матчында жөнді-жөнсіз, оңды-солды ысқыра берумен елді естен тандырды. Үшіншісі өз еркінің қалауымен АҚШ құрамасының словендер қақпасына соққан таза голын санамай тастады. Осының бәрін көріп отырған ФИФА бір қорытынды шығаруға уәде беруін берді. Бірақ батыл қадамдарға баруға әлі асығар емес.
Бірінші рет
Иә, бұл чемпионатта статистикалық тұрғыдан қарағанда, бірінші рет орын алған деректер де аз болған жоқ. Айталық, Словения мен Грекия өздерінің әлем чемпионаттарындағы бірінші жеңістеріне осында қол жеткізді. Мұнда словендер бірінші матчында Алжир құрамасынан басым түссе (1:0), гректер нигериялықтарды тізе бүктірді (2:1). Ал жапон құрама командасы өз елінен тыс жерде өткен біріншілікте бірінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы Камерун командасы топтағы бірінші матчта “самурайлардың” құрбанына айналды (0:1). Жалпы, жапондар жеңістің алғашқы дәмін 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен жаһандық жарыста татып үлгерген еді.
Осы жолы Жаңа Зеландия құрамасы әлем біріншіліктері ойындарындағы алғашқы ұпайын қанжығасына байлап қайтты. Бұл Словакия командасымен болған тең (1:1) ойынның нәтижесінде мүмкін болды. Алайда, жаңазеландиялықтар мұнымен шектеліп қалған жоқ, бұдан кейін топтағы екі ойынын да бейбіт бітіріп, тағы екі ұпайға аяқ артты. Сол сияқты Димитриос Салпингидистің Нигерия қақпасына соққан добы гректердің 404 минутқа созылған голға деген “құрғақшылығы” тамырына балта шапты. Дания командасының қорғаушысы Дани Аггер де өзінің бірінші голын торға түсірді. Бірақ ол “минустық” белгіге ие, себебі, бұл доп оның арқасына тиіп барып, ту сыртында тұрған өз қақпасына қойып кетті. Осы оқиға даниялықтардың чемпионаттардағы бірінші автоголы болып саналады. Бұл елдің құрамасы біріншілікте өзі үшін антирекорд болатын тағы бір деректі тіркеді. Мундиальда бірінші рет өз қақпасына бірден үш гол жіберіп алды.
Кот-д Ивуар құрамасының шабуылшысы Дидье Дрогба Бразилия командасының қақпасына гол салған бірінші африкалық ойыншы атанды. Рас, оның бұл добы командасын жеңілістен құтқара алмады. Ал америкалық жартылай қорғаушы Майкл Брэдли әлем чемпионатында жаттықтырушы әкесінің қол астында ойнап, қарсыластар қақпасын нысанаға дәл алған бірінші футболшы болды. Бапкер Боб Брэдлидің ұлы Словениямен кездесуде (2:2) есепті теңестірді. Сол сияқты серб қақпашысы Владимир Стойкович әлем чемпионатының финалдық бөлігінде пенальти қайтарған өз елінің бірінші голкипері болды. Ол бұл ерлігін Германиямен ойында Лукас Подольскидің соққысы кезінде жасады. Ал Давид Вилья әлем чемпионатында он бір метрлік соққыдан гол сала алмаған бірінші испан болды. Ол Гондураспен кездесуде мүлт кетті. Сонымен бір мезгілде испан Икер Касильяс екі әлем біріншілігінде пенальти қайтарған бірінші дарбазабон атанды. Ол өзінің мұндай бірінші сэйвін бұдан сегіз жыл бұрын ирландтарға қарсы ойында орындаған еді. Бұл чемпионатта ол Парагвай форварды Оскар Кардосаны қапыда қалдырды.
Мексикалық Каутемок Бланко өз елінің үш чемпионатта гол соққан бірінші футболшысы болып отыр. Бұған ол осы жолы Франция қақпасына гол соғу арқылы қол жеткізді. Сол сияқты камерундық Ригобер Сонг керемет көрсеткіш – әлемнің төрт чемпионатына қатысқан бірінші африкалық футболшы атағын алуымен тарихта қалмақшы. Ал Швейцария және Нигерия құрамаларының жартылай қорғаушылары Валлон Бехрами мен Сани Кайта өз елдерінің әлем чемпионатында алаңнан қуылған алғашқы ойыншылары болуымен ерекшеленіп отыр. Бұлардың алдыңғысы Чилимен ойында, келесісі Грекиямен кездесуде “қызыл қағаз” алып қалды.
Парагвай құрамасы өзінің тарихында алғаш рет 1/4 финалға дейін жетті. Мұнда ол бір доп айырымымен болашақ чемпион – Испания құрамасына жол беріп алды. Турнирде бірінші рет бірде-бір рет жеңіске жетпей, бірінші мәрте топта соңғы орында қалып қойған Италия өздері үшін антирекорд жасады. Сол секілді ОАР құрамасы плей-оффқа дейін жете алмаған чемпионатты өткізуші бірінші ел болды. Ал Чили құрамасының Швейцария мен Гондурасты бірдей жеңуі “қызылдардың” Оңтүстік Америкадан тыс жерде қол жеткізген бірінші үлкен жетістігі еді. Алжир құрамасы өзінің тарихында алғаш рет чемпионатта өз қақпасын “құрғақ” сақтап қалды. Ол ағылшындармен ойынды 0:0 есебімен тең аяқтады. Парагвай бірінші рет өз тобында бірінші болса, Голландия үш ойынның үшеуінде де жеңіске жетті. Бірінші рет ширек финалдан Еуропаның ең аз мөлшердегі командасы (3) шықты. Есесіне, осы үштіктің кейінгі жұлдызы оңынан туып, екеуі финалға дейін барды, үшіншісі үшінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Испания құрамасы өзінің топтағы бірінші ойынында ұтылып, соңынан әлем чемпионы дәрежесіне дейін жеткен бірінші футбол жасағы атанды.
Чемпионат цифрлар тілінде
ОАР-да өткен әлем чемпионатына 18499 ерікті көмекке келді. Олардың ең жасы үлкені 80-де болды.
Испан жартылай қорғаушысы Хави өзінің жақын қарсыластарының алдына түсіп кетіп, әріптестеріне 669 пас берді. Неміс Бастиан Швайнштайгердікі бұдан 104-ке кем. Каталондық футболшы сондай-ақ алаң жиегінен доп лақтыруда да алда тұр. Барлығы 42 рет осылай доп берген ол сондай 50 доп тастаған аргентиналық Диего Форланнан ғана қалып қойды.
Біріншілік барысында 261 мәрте тәртіп бұзушылық орын алды. Бұл осының алдындағы чемпионаттағыдан едәуір аз. Онда 346 фол тіркелген екен. Сол сияқты “қызыл қағаздың” да саны азайыпты. Бұрын ол 26 рет көрсетілсе, бұл жолы 17-мен шектелген.
Оңтүстік Африка Республикасының алаңдарында 145 гол соғылды. Бұл 32 командадан қатыстырыла бастаған чемпионаттар ішіндегі көрсеткіші ең төмені болып отыр. Дегенмен, осы салада төмендеу үрдісі ұдайы байқалып келеді. Мәселен, 1998 жылы Францияда – 171, 2002 жылы Корея мен Жапонияда – 161, ал 2006 жылы Германияда 147 гол соғылыпты.
39 жыл және 330 күн. Чемпионаттағы ең кәрі футболшының жасы осындай. Ол – ағылшын қақпашысы Дэвид Джеймс. Алаңдағы ойыншылар ішіндегі ең жасы үлкені мексикалық форвард Куатемок Бланко екен. Оның жасы біріншілік басталғанда 37 жыл және 156 күнге толған. Ал ең жас футболшы сол сәтте туғанына 18 жыл, 120 күн болған дат жартылай қорғаушысы Кристиан Эриксен көрінеді.
Испанияның оң қапталдағы қорғаушысы Серхио Рамос 31 рет жеке дара қарсыластар қорғаныс шебін жарып өтіп, осы көрсеткіш бойынша ең өнімді футболшы атанды. Одан кейінгі орындарға Подольски (27), Иньеста (26), Месси, Вилья (25) жайғасты.
Кейптаундағы “Грин Пойт” стадионында 22 гол соғылды. Бұл осы аренаның ең нәтижелі болғанын көрсетеді. Екінші орында “20 голы бар” Йоханнесбургтегі “Сток Сити” тұр.
Чемпионаттағы ойындарда Германия құрамасы тізімдегі 23 ойыншысының 22-сін алаңға шығарды. Бұл – турнирдегі ең үлкен ротация. Бұған қарама-қарсы көрсеткіш – ойыншыларды барынша шақтап пайдаланған құрамалар қатарына 15 футболшысы алаңға шыққан Словения, Жаңа Зеландия және КХДР жатады.
Жапон жартылай қорғаушысы Кейсуке Хонда 19 рет фол жасап, чемпионаттағы “ең дөрекі ойыншы” атанды. Бұдан бар-жоғы екі рет кем тәртіп бұзған Серхио Рамос пен Марк ван Боммель екінші-үшінші орында тұр.
Әлем чемпионатында әр кезеңде 8 құрама жеңіске жетті. Испания осының сегізінші командасы атанды.
Серік ПІРНАЗАР.
АСТАНА.