• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2015

Ынтымақтастық ырысы артпақ

230 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған саяси, экономикалық жетіс­тіктерге жетіп, оны одан әрі нығайту жолында тұрғанда халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту ерекше талап болып табылады. Өйткені, жасыра­тыны жоқ, мына есірткі тасымалы, адам саудасы, лаңкестік, діни экстремизм, арам жолмен табылған табысты заңдастыру және басқа да қылмыстар қазіргі заманда ұлтаралық сипатқа ие болды. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық ынтымақтастықты құқықтық реттеу амалы бүгінде ерекше маңызға ие дейміз. Сондықтан оның шарттары мен тәртібі тиісті келісімдермен ғана анықталмақ. Осы орайда қылмысқа қарсы әрекет ету саласындағы халықаралық-құқықтық өрісті кеңейту үшін Бас прокуратура қылмыстық іс жүргізу бойынша халықаралық келісімшарттарды жасауда шетелдік әріптестермен бірге тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағытта Бас Прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель халықаралық құқықтық ынтымақтастық жайы туралы брифингте сөйлеген сөзінде: «Қазіргі таңда Қазақстан еуропалық елдермен 16, азия елдерімен 14 екіжақты шарт жасасқан және біз мұнымен ғана шектелмейміз», деген болатын. Айтқандай-ақ көршілес орналасқан елдерден басқа сауда-эконо­микалық қарым-қатынас реттелген, туристік әлеуеті жоғары және бизнес жүргізу үшін жеңілдігі бар салық қарас­тырылған елдерге басымдылық бері­леді екен. Осы аталған халықаралық ынты­мақтастық мәселелері бойынша шетелдермен құқықтық қарым-қатынасымыз жарасып жатқандығы туралы И.Меркель кеңінен әңгімелеп берді. Ол өз сөзінде: «Біздің серіктес­тері­міздің қатарында аралық қағидасы бойын­ша қылмыстық-құқықтық салада ұзақ уақыт бойы ынтымақтастық жүргізіліп келе жатқан Америка Құрама Штаттары ерекше орын алады. 2009 жылғы 17 қарашада Бас прокуратура мен АҚШ Федералды Тергеу Бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы осындай ынтымақтастықты құқықтық реттеуде жасалған алғашқы қадам болып табылады. Біздің елдер арасында ұзақ уақыт бойы шарттар жасалмағанына қарамастан, біз тиісті өзара қарым-қатынас орната білдік, екі тарап та тек­серу кезінде көмек көрсету туралы алынған сұрауларды қысқа мерзім ішінде орындап отырды. Мәселен, өткен жылдың өзінде біз Америка тарапынан қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тура­лы 8 сұрау алсақ, біздің тараптан олар­­дың мекенжайына осындай 4 сұ­рау жіберілді. Сол сияқты осыдан бір ап­та бұрын ғана Америкада салық және банктік алаяқтықпен жасал­ған қыл­мыстық іс бойынша АҚШ құзырет­ті органдарының құқықтық көмек көрсе­ту туралы сұрауын жедел түрде орын­дағанымыз үшін біз Америка тарапынан алғыс хат алдық». Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, 20 ақпанда Вашингтонда Қазақстан Рес­публикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында қылмыстық істер бойын­ша өзара құқықтық көмек көрсету туралы Шартқа қол қойыл­ған. Әрине, біздің ел үшін бұл оқиға үлкен жетістік болып табылады, өйткені Қазақстан Орталық Азия аймағында Құрама Штаттармен осындай Шарт жасаған алғашқы ел екен. Осы аталған халықаралық акт не­гізінде, қазақстандық және америкалық құқық қорғау органдары қылмысқа қарсы әрекет етуде, заңдылық пен құқық тәр­тібін қамтамасыз етуде, сонымен қа­­тар азаматтардың заңды мүдделерін және құқықтарын қорғауда заңды және же­дел түрде өзара іс-қимыл жасай алады. Демек, осы іспеттес халықаралық шартты жасау АҚШ билігінің Қазақстан құқықтық жүйесіне қатысты сенімінің артуына, елімізде халықаралық стан­дарттарға жауап беретін демократия институттары мен тәуелсіз әділ соттың құрылуына дәлел бола алады. Соған сай И.Меркель: «Жақын келешекте біз құқықтық саладағы қазақстандық-америкалық қатынастарды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Соның ішінде, біз бүгінде 1992 жылғы 23 мамырдағы қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы, 1933 жылғы 26 жел­тоқсандағы экстрадициялау және 1993 жылғы 9 маусымдағы сотталғандарды табыстау жөніндегі америкааралық конвенцияларға Қазақстанның қосылуы туралы мәселені қарау үстіндеміз, бұл жалпы алғанда америкалық кон­ти­нент елдері және Америка Құра­ма Штаттарымен қылмыстық сот ісі ая­сындағы халықаралық ынты­мақ­тастықты реттеуге мүмкіндік бере­ді», дейді. Әрине біз халықаралық ынты­мақтастықты реттеу талапқа сай бола­тындығына үлкен үміт артамыз, өйткені аталған жұмыстың жүргізілу барысы Бас прокуратура бас­шылығының тұрақ­ты бақылауында тұрғаны сенім ұялатады. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».