АСТАНА. 12 наурыз. Қазір бұл жайт отандық жанкүйерлермен қатар ресейлік мамандардың да қызығушылығын тудыруда. Негізі Сычевтің Қазақстанға ауысу мүмкіндігі жайында ақпар апта бұрын тарады. Дегенмен, нақты мәлімет әлі жарияланған жоқ. Ал Германияның белгілі transfermarkt.de сайты Ресей футболшысын «Оқжетпестің» сапына қосып қойыпты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Олардың айтуынша, Сычев көкшетаулық командаға қараша айына дейін жалға берілген. Ауысым құны 500 мың евроны құрайды. Дегенмен, «Оқжетпестің» бас жаттықтырушысы Владимир Муханов әзірге нақты еш нәрсе айтқан жоқ. Тек команданың ресейлік футболшыға қызығушылық білдіргенін растады.
Кеше ел чемпионатының екінші турында «Оқжетпес» Қызылордада жергілікті «Қайсарды» жеңді. Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Муханов Сычев туралы:
«Біздің команданың ауысым туралы қызметі Дмитрий Сычевке қызығушылық білдіргені рас. Алайда, әлі де болса бұл мәселе өз шешімін тапты дей алмаймын. Жасыратыны жоқ, Сычевтің бізге келу-келмеуі туралы мен де нақты еш нәрсе білмеймін. Себебі, бұл мәселенің кейбір деректері мен үшін құпия. Келіссөздер тым ұзаққа созылып кетті. Егер футболшы біздің қатарға қосылса, екі тарап үшін де тиімді болар еді», – деді.
Сондай-ақ, ресейлік маман қандай жағдай болсын, командаға шабуылшының керек екенін айтты. Бұл жөнінде ол: «Бізге екі шабуылшының өзі аздық етеді деп ойлаймын. Ішкі біріншілікте жоғары нәтиже көрсету үшін кемінде үш шабуылшы керек. Дегенмен, бұл мәселені маусымаралық үзіліске қалдыратын шығармыз», – деді.
Айта кетер жайт, кеше ел чемпионаты аясында Ақтөбеде өткен «Ақтөбе» мен «Атырау» арасындағы ойынды Сычев стадионнан тамашалады деген ақпарат тарады. Десек те, бұл хабарды команда өкілдері әзірге растаған жоқ.
Дмитрий Сычев бүгінде Мәскеудің «Локомотивіне» тиесілі ойыншы. Кезінде Францияның «Марсель» командасында да доп тепкен Ресейдегі беделді футболшылардың бірі.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: transfermarkt.de.