Халқымыз әлмисақтан мұқтаж жандарға көмек қолын созып, зәрулерге қамқорлық көрсетуді адами парыздың басты белгісі санаған. Тәуелсіз Қазақстанның жылдан-жылға экономикасы артып, әлеуеті нығайған сайын Мемлекет басшысы осы бір дәстүрлі қағидаға басымдық беріп, қоғамымыздың аз қамтамасыз етілген топтарына әлеуметтік қамқорлық жасауды жүйелі түрде мемлекеттік деңгейге көтеріп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында “Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақстанның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту”, деп атап көрсеткен болатын. Бұл орайда еліміздің бас қаласында да жасалып жатқан ізгі қадамдар мен игі істер баршылық. Осы жайды білу мақсатымен Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Қуандыққызы АЛТЫБАЕВАҒА жолығып, әңгімеге тартқан едік.
– Алма Қуандыққызы, кедейлерін жебеп, кемтарларына шынайы қамқорлық көрсету толыққанды мемлекеттіліктің белгісі. Астана қаласында тұрғындарды әлеуметтік қорғау және кедейлікті жою мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Аз қамтамасыз етілген топтарды қолдау жөнінде қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
– Егемен еліміз өркениет биігіне өрлеп, экономикалық әлеуетін нығайтқан сайын қоғамымыздағы аз қамтамасыз етілген топтарға жан-жақты қамқорлық жасауды мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде күн тәртібіне қойып келеді. Тұрғындардың өмірін ұзарту мәселесі тұңғыш Прези-дентіміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта қарт адамдардың, мүгедек-тердің құқығын қорғайтын тиісті мемлекеттік және қоғамдық институттар құрылған, әлеуметтік заңнамалар жетілдіріліп жатыр.
Халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі тәжірибеге енгізілген. Атап айтқанда, оларға бюджет есебінен қаржы бөлініп, қайырымдылық және демеушілік көмектер көрсетіледі. Бюджет тарапынан тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік көмек негізінен үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Үстіміздегі жылы Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бюджеті 3417,5 млн. теңгені құрап отыр. Оның 699 млн. теңгесі республикалық, ал 2718,5 млн. теңгесі жергілікті бюджеттің қаржыларынан құралған. Мемлекет тарапынан тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің бірінші бағыты халықты жұмыспен қамтуды жүзеге асыру болып табылады. Бұл мақсатқа қалалық басқарма тарапынан биылғы жылы 461,9 млн. теңге қаржы бөлінсе, қала тұрғындарына әлеуметтік төлемдер төлеу үшін 2333 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Қоғамымыздағы көмекке зәру әрбір жанға қамқорлық пен көмек көрсету біздің әлеуметтік сала мекемелерінің басты міндеті. Осы орайда елордада қазір 60 мыңнан астам адам әртүрлі әлеуметтік көмек түрлерімен қамтылған. Оның ішінде 43852 зейнеткер, 13205 мүгедек жандар (оның 1585-і балалар), сонымен бірге 2424 көп балалы отбасылар бар. Сондай-ақ 1282 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жасалса, 3500 адам 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысын алады. 2800 аз қамтамасыз етілген отбасыларына тұрғын үй жөніндегі көмек беріледі. Жалпы алғанда “Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдер” бағдарламасы бойынша барлығы 20-дан астам әлеуметтік төлем түрлері жүзеге асырылады.
Соңғы бірнеше жыл бойы азаматтардың жекелеген санаттарына тісті тегін протездеу жөнінде медициналық төлемдер беріледі. Еліміздің бас қаласында аз қамтамасыз етілген тұрғындарға қалалық жолаушылар көліктерінде тегін жүру үшін арнайы өтемақы қарастырылған. Әлеуметтік қолдаудың бұл түрімен қала бойынша 47 мыңнан астам адам қамтылған. Өткен жылдан бастап, қалалық жолаушылар көліктерінде жеңілдікпен жол жүру құқығына 3-топтағы мүгедектер де енгізілді. 2008 жылдан бері туберкулез сырқатының асқынған түрімен ауыратын адамдарға да ай сайын тегін жолақы билеттері берілетін болды. Осындай әлеуметтік көмек түрлеріне 2010 жылы жергілікті бюджеттен 1 215,4 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлінді. Атап айтқанда, оның 745 млн. теңгесі қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүруге, 27 млн. теңгесі тіс протездеуге, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға тұрғын үй және коммуналдық қызметтерді өтеу үшін 119,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсету үшін 254,4 млн. теңге қаржы қарастырылған.
– Үстіміздегі жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аталып өтілгені белгілі. Қаламызда қанша соғыс ардагері тұрады және оларды әлеуметтік қамқорлыққа алу жайы қалай?
– Мемлекет басшысы биылғы жылы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне мемлекет тарапынан жан-жақты көмек және шынайы қамқорлық жасауды міндеттеген болатын. Осыған орай елордадағы Жеңіс жауынгерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға барынша қолдау көрсету шаралары ұйымдастырылды. Жалпы айтқанда, соғыс ардагерлері біздің әлеуметтік сала қызметкерлерінің тұрақты назарында. Оларға үнемі қолдан келген қамқорлығымызды жасап келеміз. Бұл санаттағы ардагерлер тегін дәрі-дәрмекпен, шипажайлық емделу жолдамаларымен қамтамасыз етіледі. Олар коммуналдық қызмет үшін ақы төлеуден толық босатылған.
Астана қаласында қазіргі кезде 479 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Биыл соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген азаматтарға 435,4 млн. теңге әлеуметтік көмек түрлерін көрсету қарастырылған. 2008 жылдан бері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қаламыздағы “Бахус” дүкендері желілерінде азық-түлік тауарларына 6 пайыз жеңілдік жасалса, жалпы зейнеткерлерге 3 пайыз жеңілдік жасалған. Ал биылғы жылдың наурыз айынан бастап “Астықжан” сауда орталығы” ЖШС азық-түлік әмбебап дүкендері аз қамтамасыз етілген азаматтарға 5 пайыздық жеңілдік жасау тәжірибесін енгізді. Сондай-ақ “Грин” гипермаркетінде де жасы бойынша зейнеткерлікке шыққан қарттарға 5 пайыз мөлшерінде жеңілдіктер жасалатын болды.
– Қаламыздағы аз қамтамасыз етілген тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жайы қалай?
– Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы” және “Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” заңдарына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек отбасының орташа табысы жанбасына шаққанда кедейлік шегінен төмен болған жағдайда беріледі. Астана қаласы бойынша 2010 жылдың екінші тоқсанында кедейлік шегінің мөлшері 5850 теңгені, азық-түлік себетінің жалпы құны 8776 теңгені құрады. Биылғы жылы кедейлік шегінен төмен тұратын қала тұрғындарына 29,6 млн. теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Азық-түлік себетіне орташа табыстары жетпейтін аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларына 36,5 млн. теңге атаулы көмек көрсетілсе, 3 мыңға жуық отбасыға 68,4 млн. теңге сомасында тұрғын үй және коммуналдық төлемдер үшін жәрдемақылар беріледі.
– Елордада жұмыссыздар саны қалай анықталады және қазір қанша жұмыссыз адам тіркелген?
– Бұл Астана қаласының статистика департаментінің зерттеу қорытындылары және еңбекті зерттеу әдістемелері негізінде есептеледі. Статистика департаментінің мәліметтері бойынша қазір қаламыздағы жұмыссыздар саны 24,5 мың адамды құрап отыр. Жұмыссыздық деңгейі 2010 жылдың бірінші тоқсанында 2009 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 7,3 пайыздан 6,3 пайызға дейін төмендеді. 2010 жылдың басынан бері қаламыздың жұмыспен қамту қызметіне 12670 адам хабарласты. Хабарласқан адамдардың ішінде толық емес жұмыс күні бойынша жұмыс істейтін, мәжбүрлі демалыста жүрген және өндірістің тұрып қалуына байланысты уақытша жұмыссыз қалған адамдар да бар.
– “Жол картасы” бағдарламасы негізінде қалада жұмысқа орналасқандар қанша? Кәсіптік даярлау және қайта даярлау жайы қалай?
– Біздің басқармаға қарасты тиісті органдар жұмыс іздеп хабарласқан азаматтарға лайықты жұмыс орындарын іздеуге барынша көмек көрсетеді. Биылғы жылдың басынан бері қала бойынша 3911 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Басқарма еңбек нарығында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға, қолдауға және бейімдеуге тәжірибеден өткен тиімді тәсілдерді пайдаланады. Халықты жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің маңызды тетігі – кәсіптік даярлау, қайта даярлау және мамандардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру болып табылады.
2009 жылы “Жол картасы” бойынша кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына 7710 адамға жолдама берілді. Олардың ішінде 6332 адам бүгінде тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал үстіміздегі жылы қаламыздағы 31 мекемемен жұмыссыз қалған-дарды кәсіптік оқыту және қайта даярлау мақсатында арнайы шарттар жасалды. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 534 адам, “Жол картасы” бойынша 3075 адам кәсіптік даярлықтарын шыңдау мақсатында дәріс алуда. 1145 адам кәсіптік оқу орындарын тәмамдап, еңбекке араласты.
Жұмыспен қамту саласында әлеуметтік қорғаудың қосымша шаралары ойластырылған. Оның ішінде оқудан бос кезде жастарды еңбекке баулу мақсатында қосымша ақылы қоғамдық жұмыс орындары ашылды. Кәсіптік диплом алғаннан кейін жастарды мамандыққа баулу үшін 2009 жылы 1233 жас жұмысшы “Жастар тәжірибесінен” өтті. Олардың ішінде 898 жас өрен тұрақты жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы 948 адам “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына тартылды. Олардың ішінде 908 жас маман “Жол картасы” бойынша жіберіліп, олардың 241-і жұмысқа орналастырылды.
– Әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыс орындары жөнінде сөз қозғасаңыз.
– Азаматтардың әртүрлі нысаналы топтарынан жекелеген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу үшін әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылы қаламыздағы 69 кәсіпорын және мекемемен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында арнайы шарт жасалды. Осыған байланысты жыл басынан бері “Жол картасы” бойынша 310 адам, жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 212 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Атап айтқанда, олар диспетчер, тренажер залының нұсқаушысы, етікші, қызметтік мекемелерді жинаушы, лифтер және басқа мамандықтар бойынша еңбекке тартылды.
Ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру жұмыссыз жүрген адамдарды қосымша табыс көздерімен қамтамасыз ететін уақытша жұмыс орындарын құруды көздейді. Биылғы жылы Астана қаласы бойынша ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру мақсатында қала әкімінің арнайы қаулысы шықты. Жыл басынан бері осы мақсатта 103 жұмыс берушімен арнайы шарт жасалынды. Қазірге дейін 944 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.
– Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты құрылымдар хақында не айтар едіңіз?
– Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 5 ведомствоға қарасты мекемелердің үйлестірушісі болып табылады. Атап айтқанда, Астана қаласының “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі”, “Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі”, “Психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі”, “Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы”, МКҚК “Жұмыспен қамту орталығы”. Басқарма осы мекемелердің қалыпты әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап, қаламыздағы аз қамтамасыз етілген топтардың әлеуметтік көмек пен жанашырлық қамқорлықтан сырт қалмауы үшін өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқару жолында алдағы уақытта да кәсіби және жемісті жұмыстарды атқара бермек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.