• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Шілде, 2015

Ежелгі жұрт және Ұлы дала

4394 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылғы 2 шілдеде Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған телек­ө­пір өткізілгені мәлім. Сондағы сөйлеген сөзінде Елбасы халықпен ой бөлісу ретінде былай деді: «Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа». Иә, біз – Ұлы дала еліміз. Біздің бабаларымыз, олардың ежелгі жұрты, өсіп-өнген Отаны осы жер. Оны сонау қадым заманнан бері сақталып келген саяхатшылар мен жиһанкездердің жазып қалдырған жәдігерлері дәлелдейді. Оған ұлан-байтақ жеріміздегі археологиялық ескерткіштер анық дәлел. Жазушы Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ төмендегі мақаласында, міне, осы туралы баяндайды. Қазақ халқының біртұтас тарихын Кеңес Одағы ұлы державалық, шовинистік, отаршылдық саясат жетегінде мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді. Ақты қара етіп, ұлыны улы кейіпте көрсетіп, ұрпақтарды мәңгүрт етудің небір қитұрқы жолдарын ойлап тапты. Қазақ деген ұлтты көшерін жел, қонарын сай білген жабайы тірлік иесі, мешеу халық ретінде бағалады. Алтын Орда дәуірінен бас­талатын мемлекеттігіміздің тарихын мүлде жауып қойды. Енді, міне, Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста сол тарихымызды түгендеу жолында келеміз. Бұл ұлы іске Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі мұрындық болып отырғанына қуанамыз. Бұған дәлел Мемлекет басшысының осыдан он жыл бұрын қолға алып, өз нәтижесін еселеп берген «Мәдени мұра» бағдарламасының заңды жалғасы іспетті өткен жылғы Ұлытаудағы сұхбаты, «Мәңгілік Ел» идеясы, биылғы халыққа жолдаған Жолдауы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөніндегі бастамасы. Қазақ хандығы құрылғанға дейін «қазақ» деген атау, ұғым болмаған, олардың қолынан мал бағудан өзге ештеңе келмейтін жабайы халық деп сәуегейсігендер болған. Ал шындыққа жүгінсек, қазақ деген халықтың кемінде үш-төрт мың жылдық тарихы барын дәлелдейтін деректер аз емес. Басқасын былай қойғанда, Жаратушымыз басқа ұлттарды алдымен, соңынан ғана біздерді жаратыпты дегенге кімдер сенеді. Мүмкін, біз үшін үш мың жылды да қиғысы келмей, ал өз тарихтарын бес мың жылдан асырғысы келетіндерге Шыңғыс ханнан бұрын-ақ Моңғолиядағы Битөбе деген жерде керей мемлекеті, Қарақорымда найман тайпасы құрылғанын, бұлар қазақ деген халықтың белді рулары болғанын кім жоққа шығара алады. Ат төбеліндей моңғолдардан шыққан Шыңғыс ханның 600 мың әскерінің 400 мыңы қазіргі Қазақ елінің бір бөлігі керей, меркіт, жалайыр, қоңыраттар болғанын қайда қоямыз. Мұның бәрін Шыңғыс ханның ұрпақтары, қазіргі Моңғолия мемлекетінің ғалымдары өздері анықтап келеді. Себебі, моңғолдың тарихын, шежіресін жазуды алғаш керейдің атақты білгірі Шыңсайға Шыңғысхан өзі тапсырған. Шыңсай бұл тапсырманы керей мемлекетінің батысындағы Қазақ тауындағы елді мекенде жатып жазатынына уағда береді. Шыңғыс хан бұл сөзді құп көріп, Қытай балгері, сопы Чан Чуньді шақырады. Ол алдымен Қазақ тауына келіп, одан Шыңсайды көмекші етіп, шежірені жазуға кіріседі. Ал «қазақ» деген атауға келер болсақ, Моңғолияның Завхан аймағында Хасагт Хайрхан «Қазақ тау»(моңғолдар күні бүгін қазақты «хасаг» деп атайды) тауының атауы Шыңғыс хан дәуірінен бері белгілі. Ұлы қаған заманында арба үстіне тігілетін ханның ақ ордасын «хасаг гэр» «қазақ үйі» деп атаған. «Хасаг гэр» – моңғол тілінде қазақ үй дегенді білдірсе, «хасаг тэрэг» моңғол тілінде қазақ арба деген ұғымды береді. Қазақ киіз үйі туралы осыдан 2600 жыл бұрын әйгілі жеті ғұламаның бірі болған Ақанарыс: «Түндігінен күн нұры төгіліп түскен қасиетті киіз үйге тастан, саз балшықтан, ағаштан қаланған қапас кепелер қайдан жетсін», деп жазып кетуі көп жайдан хабардар етпей ме? Сол заманда киіз үй болмаса Ақанарыс бұл деректі қалай қалдырады? Ақанарыс 2600 жылдың алдында жазса, қазақтың киіз үйі одан қанша жыл, тіпті неше ғасыр бұрын пайда болғанын бір Алла ғана білер. Жалпы, киіз үйді көшпенді, соның ішінде моңғолдар мен қазақтар пайдаланғаны тарихтан белгілі. Айтайық дегеніміз, қазақтың қазақ болғанына кемінде 4000 жыл болғанын айғақтайтын, міне, осындай дәйектер тарихта өте көп. Тарихшыларымыз қазақ халқының арғы тарихын ата-бабадан қалған біздің қазіргі киелі байтағымыз Қазақстан территориясында б.ж.с бұрынғы VII-I ғасыр аралығында мекен етіп, өмір сүрген тайпалардың болмысымен сабақтастыра зерттеп келеді. Әсіресе, сақтар мен ғұндардың дәуіріне байланысты тарихи-архео­логиялық деректер негізге алынуда. Бұл, әрине, заңды, кей тұста шартты дүние екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені, одан арғы тарихқа нақты көзіміз жетпесе де сақ, ғұн дәуірінен бергі кезеңде қазіргі Қазақ елі аумағын мекен еткен халықтар түп қотарыла басқа жаққа көшіп кетпегені, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікті мекен еткен байырғы жұрт, дәлірек айтсақ, қазақтар мен басқа да түркі текті халықтар – осы сақтар мен ғұндардың ұрпақтары екені әлдеқашан анықталған, әлем тарихшылары мойындаған ақиқат. Ал одан арғы тарихқа ой жіберсек, адам баласы алғаш пайда болған заманнан бері Орталық Азияны, Тұран даласын мекендеген халықтардың болғанын археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр. Ендеше, біздің халқымызда сол дәуірдегі адамдардың бүгінге жалғасқан ұрпағы екенін кім жоққа шығара алады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы біздің ата-бабаларымыздың Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт тауын мекен еткендегі заманнан бері наурыз мерекесін тойлап келгенін жазып кеткен. Міне, тарихымызды сол дәуірмен Нұқ пайғамбармен байланыстыра зерттеп жүрген жекелеген тарихшылар да жоқ емес. Әрі бұған күмәнмен емес, осы бағамда да жан бар болуы мүмкін деген ізденіс сенімімен қарауымыз керек сияқты. Мәселен, осындай арғы тарихымызды Нұқ пайғамбар дәуірімен сабақтастыра зерттеп жүрген Халел Нүркеұлы Нұқ пайғамбардың ұрпағы Япастың Ғад, Тола атты ұрпақтары Алтайға келіп өсіп-өнген дегенді Алтай халықтары арасындағы аңыз бен кейбір ғалымдардың пайымына сүйене отырып дәлелдеуге тырысады. Жалпы, үндістердің «кей» тайпасының мыңдаған жылдар алдында Орталық Азиядан Аляска арқылы өткен көшпенділер екені тарихта дәлелденгенімен, олардың қазаққа қатысын саралап жатқан ешкім жоқ. Өткен жылы ғана Амазонка өзенінің бойынан табылған ежелгі дәуірдегі әйел сүйегіне жасалған сараптама қазақ әйелдеріне 99 па­йыз сәйкесетінін америкалық ғалым Жанин Дэвис Кимбалл анықтаған. Қарапайым халық мұны бұрын-соңды айтылмаған тың жаңалық, тың зерттеу ретінде қабылдағаны анық. Өйткені, өз ғалымдарымыздың бұл саладағы еңбектері әлі де сол баяғы болжам ретінде қалып келеді. Біз бүгін қазақ деген халықтың, тіпті, қазақ мемлекеттігінің тарихы өте тереңде жатқанына аз-кем тоқталсақ дейміз. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының тұжырымына жүгінсек, «Қазақ хандығы мен Қазақ мемлекеттілігі – екеуі екі басқа ұғым. Қазақ хандығы қазақ мемлекеттілігінің аясына кіреді немесе оның белгілі бір кезеңі деп түсінген жөн. Іс жүзінде қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүр тым ерте кезден бастау алады. Археологиялық деректер қазақ жерінде бұдан бір миллион жыл бұрын адамзат мекендегенін дәлелдесе, осындағы мемлекеттілік дәстүр тек 2500 жылды құрайды. Ал қазақ жеріндегі алғашқы мемлекеттер туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы VI-V ғасырлардан басталады. Мемлекеттілікке байланысты ең алғашқы дерек ретінде сақтардың үш бөлігі, ...туралы мәлімет берген Парсы патшасы Дарийдің жазбаларын атауға болады», дейді. Осындай тарихи нақты деректерге ден қойсақ, біздің баба тарихымыздың тым әріде екенін аңғарамыз. Сақтар кім еді, қайда өмір сүрді, тек-тұрпаты, тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты қандай болды? Осы сауалдардың қайсысына жауап іздесек те олар бүгінгі біздің арғы тегіміз екенін аңғару қиын емес. Нақты тарихи дәлел, дерек те аз емес. Көне деректер бойынша соғдылар мен хорезмдіктердің теріскей жағын «желдей жүйрік атты көшпелі турлар» мекендеген. Парсы деректерінде турлар сақтар деп аталады, ал грек авторларының туындыларында олар скифтер деген атпен кірген, бұл көшпелілердің екінші аты екендігін тарихшылар әлдеқашан дәлелдеген. Б.з. I ғасырда көне Рим оқымыстысы Плинийдің үлкені: «Яксарттың (Сырдарияның көне аты) арғы бетінде скиф тайпалары тұрады. Парсылар жалпы оны сақтар деп айтады... Скиф халықтарының саны қисапсыз көп... Олардың ішіндегі ел-жұртқа әйгілі болғандары сақтар, массагеттер, даи­лар, исседондар... аримасптар», деп жазады. Біздерге жеткен сипаттама деректерге қарағанда, сақтар малшылар болған, олар жылқы, мүйізді ірі қараны, ұсақ малдарды өсірген, шеттерінен ат құлағында ойнайтын шабандоздар, құралайды көзінен ататын садақшы-мергендер екен. Сақтардың ішіндегі ең көбі массагеттер болған. Геродот олар туралы былай деп жазады: «Бұл халық Аракс (тегі Сырдария секілді) өзенінің арғы бетінде, исседондарға қарама-қарсы тұрады... Киетін киімдеріне, тұрмыс-салтына қарасақ, скифтерге ұқсайды. Олар атпен де, жаяу жүріп те соғысады. Соғыстың осынау екі тәсіліне де жетік, садақпен де, сүңгімен де шайқаса біледі; әдетте, айбалтамен де қаруланады. Олардың барлық бұйымдары алтын мен мыс­тан...». Тарихта нақты деректер аз болса да айналасындағы қаптаған жаудың қай-қайсысына алдырмай, мемлекеттігін ұзақ жылдар сақтаған Тұмар ханым сынды көсемдерді білеміз. Парсы патшасы Кир б.з.б. VI ғасырдың басында сақ-массагеттер еліне шабуыл жасаған және «шошақ бөрікті» сақтардың табан тірескен қарсылығына тап болған. Дала жағдайында жауды әлсіретіп барып, өршелене тап берген сақтармен болған қиян-кескі шайқаста Кир әскері түгелдей талқандалады, оның өзі де қаза табады. Осы оқиға туралы баяндаған Геродот Ұлы далада кеңінен тараған әңгіме ретінде сақ патшайымы Томирис жайлы аңызды келтірген. Көнеден жеткен әпсана бойынша, қан майданда ержүрек ұлынан айырылып, жаны күйзелген Томирис шайқастан соң қан толтырылған торсыққа Кирдің басын салып: «Сен осы қанды аңсап келіп едің, іш енді», депті деген аңызды біз кеңестік дәуірде тарихтан оқыдық. Бірақ, бұл сақтар қазіргі түркі текті халықтардың, соның ішінде түркі атажұрты Алтайдан ешқашан табан аудармаған қазақтардың тегі дегенді ешкім айтқан жоқ. Бұдан кейін І Дарийдің де б.з.б. 518 ж. сақтарға жорық жасағаны, бірақ оларды бағындыра алмағаны белгілі. Осы жорық кезінде әдейі парсылар жағына өтіп, оларды алдап, сусыз шөл далаға ертіп апарып қырған сақ жауынгері Ширақ жайлы аңызды грек тарихшысы Полиен жазып қалдырған. Бұл ретте қазақ жерінде көне заманда өмір сүрген, бүгінгі біздің ата-тегіміз ретінде мойындалған тайпалардың бірі сақтардың ұлан-байтақ территориясы болғанын, оны айналасындағы жау елдерден өмір бойы қорғап келгені, бір басшылыққа, патшасына, көсеміне бағынғанының өзі – мемлекеттіктің айқын нышаны. Міне, қазақ жеріндегі мемлекеттіктің ең бергісі осы сақ және ғұн заманында құрылғанына, қалыптасқанына ешкім де қарсы уәж айта алмаса керек. Ал сақтармен қатар солтүстік Қытай, Моңғолияда, Байкал өңіріне, Қазақстан аумағына дейінгі аралықта қоныстанып, өмір сүрген ғұндарды да қазіргі қазақ халқының тегінен алыстата алмаймыз. Атақты ғалым Лев Гумилев саналы ғұмырын сарп ете отырып, ғұндардың – ежелгі дәуірдегі ірі тайпалар одағының бірі, түркі халықтарының арғы тегі екенін дәлелдеп шықты. Ғұндар өздерінің біртұтас мемлекетін біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың соңына қарай құрды. Тарихшылар көшпелі мемлекеттің негізгі белгілері осы ғұндар дәуірінде қалыптасты дейді. Құрылтайларында ғұндар өздерінің әдет-ғұрпына негізделген заң ережелерін жасаған. Онда жер-су мәселесіне ерекше мән берілген. Ғұндар мемлекетінде, Қытай деректеріне қарағанда, тұрақты әскердің саны 300 мың болған. Күні кешеге дейін отаршылдар көшпелі халықтарды сауатсыздар ретінде көрсетіп келсе, ғалымдар ғұндардың сол заманда ресми іс қағаздарын жүргізіп, оған мөр басу үлгісі қалыптасқанын айтады. Ғұндар мемлекеті б.з.д. III ғасырдан б. з. V ғасырының жартысына дейін өмір сүргені белгілі. Әрине, басқа көшпелі империялар сияқты олар бірде күшейіп, бірде әлсіреп отырған. Б. з. IV ғасырдан бастап ғұндардың бір бөлігі Еділден асып Еуропа жеріне қарай аяқ басқан. Содан былайғы 200 жылдың ішінде олар Еуропаның жартысын жаулап алып, өз билігін орнатқан. Жалпы, ғұн тайпаларының Шығыстан Батысқа қарай жылжуы б.з.д. І ғасырдан басталып, б.з.IV ғасырына дейін созылғаны тарихтан мәлім. Тарихта мұндай құбылысты «халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп атайды. Ұлы қоныс аудару, әсіресе қазіргі Қазақстан территориясына да үлкен әсерін тигізген. Жергілікті сақ, үйсін, қаңлы сияқты тайпалардың Шығыстан Батысқа қарай орын ауыстыруына әкелген. Жалпы, ғұндардың жоғарыда айтқанымыздай, Аттиланың басшылығында Еділден өтіп, Еуропаға енген кезі де осы тұс еді. Герман тайпалары готтар ғұндармен одақтасуға мәжбүр болды. V ғасырдың 30-шы жылдарында ғұн басшысы Румыния мен Венгрия жерінде мемлекет басына келгеннен бастап мемлекеті күшейіп, әлемге әйгілі болды. Ғұндар патшасы Аттила Еуропада Ғұн мемлекетін кұрып, елді кеңейту мақсатында Рим империясына қарсы күресті. Сонымен қатар, ғұндар түркі тілінің Еуропада таралуына ықпал жасады. Түркі тілінің жергілікті диалектісін қалыптастырды. Осылай, Азия мен Еуропаға қамшы үйірген Еділ баһадүр Аттила атымен әйгіленіп, тарихымызға өшпес із қалдырды. Енді әйгілі түрік қағанатына тоқта­лайық. Отаршылдық саясат біздің мыңдаған жылдық мемлекеттігімізді, мәдениетімізді бәрін мойындамаса да өзінің бүкіл тарихын, мәдениетін тасқа қашап жазып кеткен V-VIII ғасыр аралығында (546-744 жылдар шамасы) Орталық Азияға үстемдік құрған біздің бергі бабаларымыз, яғни Көк түріктерді жоққа шығара алған жоқ. Тіпті, қазақтар, біздер осы түркі тектес халықтардың қоламтасын сақтап, қарт Алтайдың баурайында сан ғасыр бойы табан аудармай мекен еткен ұрпағы екенімізді еріксіз мо­йындайды. Біз де ержүрек батырлар елі, Көк түріктің ұрпағы екенімізді орынды мақтан тұтамыз. Түркі қағанаты да 552 жылдары Жужан мемлекетін тас-талқан етіп жеңіп, түркі халқына бостандық алып берген Бумын қаған мен оның мұрагерлері түркі қағанатының шекарасын жыл өткен сайын кеңіте түскен. Шығысында Қытайдың Сары өзеннен, батысында Әмударияға дейінгі, солтүстігінде Саян тауынан Кавказ, Қара теңіз аралығын иелік еткен қуатты мемлекет болған. Алайда, ынтымақ-бірліктің жоқтығынан қас дұшпандарының алдау-арбауына көнгендіктен Түркі тайпасының берекесі қашып, әлсіреп, батыс, шығыс болып екіге бөлінген. Ұлы Түркі қағанатының құлауына себепші болған алауыздықты ұрпақтарға сабақ болсын деп Күлтегін бабамыз тасқа қашап жазып кеткен. «Бұйрықтары да біліксіз болды, әлсіз болды. Бектері, халқына болмағаны үшін Табғач халқының алдауына сенгендігінен, арбауына көнгендігінен, інілі-ағалының кектескендігінен, бектері мен халықтың ымырасыздығынан Түркі халқы елдік құрып отырған елін күшпен жойды. Қағандық құрып отырған қағанын жойды.Табғач халқына бек ұрпағы құл болды, сүліктей қыз ұрпағы күң болды.Түркі бектері түркі атын жойды», деген Күлтегін бабамыздың өсиетін Елбасымыз бүгінгі ұрпақтарға ұлағат етіп, ұлт мұратына қатысты сөйлеген сөздерінде халқымыздың есіне салумен келеді. Еуразия университетінің ішіне тұрғызған Күлтегін ескерткішінің көшірмесі де біздің рух жігерімізге қуат беріп тұрғандай. Қашан да елдің ел болуы оны басқарған көсемдерінің білім-білігіне байланысты. Түркі халқының бағына туған Құтлық (Елтеріс) қаған қытайлармен жүргізген қиян-кескі соғыс нәтижесінде 682 жылы моңғол жерінде өз мемлекетін қайтадан қалпына келтірді. Елтерістен кейінгі Қапаған қаған мен оның мұрагерлері Білге қаған мен Күлтегін, даңқты қолбасшы Тоныкөктер тұсында шығыс Түркі қағанаты қайта дәуірледі. Қорыта айтқанда, бұл да біздің ұлтымыздың қуатты мемлекет құра білуіміздің жарқын дәлелі. Жоғарыда тарихына қысқаша тоқталған сақ, ғұн тайпалары, Түркі қағанаты тарихы – қазақ халқы, біздің де, бүгінгі жер бетінде жасап жатқан күллі түркітектес халықтардың мемлекеттігінің тарихы. Жай ғана мемлекеттік емес, дұшпанының басын идірген, тізесін бүктірген, жарты әлемді бағындырған айбынды да асқақ мемлекеттігіміздің тарихы. Біз бүгінгі таңда қазақтың мемлекеттігінің кемел шағы Алтын Орда дәуірі екенімен мақтануға тиіспіз. Еуропаны тітіркенткен, Ресейді қолына қаратқан Алтын Орданың территориясы қайда, халқы кім еді, ханы кім еді, тілі қай тіл еді? Алтын Орданың территориясы қазақтың ата-бабасынан қалған байтағы Дешті Қыпшақ даласы, халқы бүгінгі біздер, ханы қазақ текті меркіт, тілі күллі түркітектес халықтардың тіліне негіз болған қазақ тілі екенін тарихтан хабары бар әр адам біледі. Жошының меркіт екенін «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғыстың ұлы Шағатай әкесінің алдында Жошының бетіне басып тұрып айтқанын Шыңғыс хан туралы сериал түсіргенде қытайлар да жасырған жоқ. Шыңғыс хан қартайған шағында төрт ұлын шақырып алып: «Мен де ата-бабалардың артынан кетпейтіндей, ажал мені айналып өтетіндей ойланбай келіппін», дей келе, «Мен өлген соң хан тағының мұрагері қайсыларың боласың?» деген сауал қойып әуелгі кезекте ұлдың үлкені Жошының жауап беруін сұрайды. Сонда Шағатай атып тұрып: «Жошы айтсын деп, Жошыны неге тағайындағалы отырсыз? Біз мына меркіттің қалдығына бағынамыз ба?», дегенде Жошы ұшып түрегеліп Шағатайдың жағасынан алып тұрып былай дейді: «Мені хан әкем шетқақпайламағанда сен неге сыртқа тебесің? Сен менен қандай білім қабілетіңмен артықсың?» (Моңғолдың құпия шежіресі, 225-бет. Ұлан-батыр, 1990 жыл) деген. Міне, мұнда шындық ашық айтылған. Автор Жошыны не себепті меркіттің қалдығы деп отырғанын да ашық жазған. Жошы да оны жасырып тұрған жоқ. Ендеше, Алтын Орда мемлекеті – қазақтың мемлекеті емей қай халықтың мемлекеті болмақ? Біз бүгін осындай тарихта жазылып қалған нақты деректер арқылы еліміздің елдігін, мемлекеттігін, тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын, «мың өліп, мың тірілсек те ешқашан жойылып кетпеген Мәңгілік ел екенімізді әлем халықтарына, ғалымдарға мойындатуымыз керек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойындағы алға қоятын негізгі мақсаттарымыз осындай маңызды іс шараларға бағытталуы тиіс. Қазақ хандығы тарихы түркі-тектес халықтардан енші алып, отау көтерген шақтан басталатын біздің бергі төл тарихымыз. Мемлекеттігіміздің арғы тарихы біз білетін, айтқысы келмесе де басқалар да білетін сақ, ғұн бабаларымыз құрған көшпенділер империясы болса, қазақ хандығы ең бергі, ең жас болып есептелінетін Қазақ мемлекетінің айқын куәсі. Жас дейтініміз сақтан, ғұннан, одан да әріден басталатын мемлекеттілік дәстүріміздің біз білетін 2500 жылды құрайтын тарлан тарихпен салыстырғанда, Қазақ хандығы құрылғаннан бергі 550 жыл – қоғам тарихында қас-қағым уақыт. Біз мұны салыстырмалы түрде айтып отырмыз. Иә, осы қысқа мерзім ішінде сонау Шыңғыс заманынан қазақ сипатымен аты аталған қазақ халқы басынан не өткермеді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған небір мамыра-жай заманды да, ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен су кешкен, небір ақтабан шұбырынды шақтарды да басынан өткергені тарлан тарихтан белгілі. Жалпы, қашан да дүние кезек. Қазақ деген халық бәз біреулердің айтып жүргеніндей, санамызға құйғанындай өмір бойы өзгенің текпісінде қорлық көріп, құл болып өтпеген. Дәуірлеген тұстары да болған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» дегеніміз қандай заман еді? «Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салуалы менің ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер, Жатып қалған бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер», деп қарға бойлы Қазтуған жырау бабамыз айтқандай, қазақтың басына бақыт қонып, байлығы тасыған заман осы ғой. Сол қилы заманның, қилы тарихтың басында бүгін халқымыздың мақтанышы ретінде мерейтойын өткізгелі отырған Қазақ хандығының көшбасшылары, ұлы бабаларымыз Көк Орда билеушісі Орыс ханның ұрпақтары, халқы хан көтерген Керей мен Жәнібек сұлтандар тұр. Керей, Жәнібек бабаларымыз да қазақ хандығын оп-оңай, бір-ақ күнде құра салған жоқ. Қиын-қыстау кезеңдерден өтті. Жауларымен айқасып, жаға жыртыс­ты. Өздерінің қолтығына тығылған қазақ ұлысын құраушы тайпалардың жоғын жоқтады, жерін даулады. Олар халыққа қысым көрсетіп, ала қойды бөле қырқып, Өзбек хан әулетімен тең көрмей, шетқақпай еткен Әбілқайыр ханға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің бойындағы Қозыбасы атты қоныста дербес хандықтың туын көтерді. Қалың қазақ тайпаларын бастап Батыс Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек Моғолстан ханы Есенбұғадан қоныс сұрады. Есенбұға жауынгер қазақтарды Әбілқайырға пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Керей мен Жәнібек осы жерде Қазақ хандығын құрды. Еркіндік аңсаған елін азаттық ұранымен жігерлендірген батыр бабаларымыз Керей мен Жәнібек жаңа ұлыстың дербестігін жариялап, жаңғырған қазақ этносының атауын алған тарихта тұңғыш Қазақ хандығын құрды. Бірақ қазақтардың жеке шаңырақ көтеруін Әбілқайырдың қоштамағаны да түсінікті. Өз билігіне бағындырмақ болған Әбілқайыр ханға қазақтар Керей мен Жәнібектің бастауымен тәуелсіздік жолындағы қасиетті майданға шықты. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай делінеді: «Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шетіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарын берді…». Тәуелсіздік туын көтеріп, дербестігін жариялаған Қазақ хандығының құрамы күн сайын толықты. Дешті Қыпшақ жұрты жаңа хандыққа қарай ағылды. Әбілқайыр хан өзіне қарсы шығып, дербес хандық құрған қазақтарға қылышын қайрап, жойып жіберуді көздеді. 1468 жылы қыс айында Әбілқайыр хан Қазақ хандығына қарсы шабуылға шықты. Бірақ оның қалың әскері Қазақ хандығына қарсы соғысқа құлықсыз еді. Олар іштей азаттық аңсаған халықтың қасиетті күресіне жақтас болатын. Өйткені, олар да Керей мен Жәнібектің туы астындағы жұрттың қандастары – бір халық өкілдері, бәрі де Алаштың ұлдары еді. Сөйтіп, Әбілқайыр ханның бұл жорығы діттеген жеріне жете алмады. Әбілқайыр ханға кенеттен кесел жабысып, қайтыс болады. Әбілқайыр өлген соң әскері тарап кетеді. Оның елінде қиян-кескі тақ таласы басталып, хандық ыдырай бастайды. Әбілқайыр хан бастаған өзбек ұлысының үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті» (Мұхаммед Хайдар Дулати, «Тарих-и-Рашиди»). Ендігі жерде қазақтар атқа қонып, өздері осыдан біраз жыл бұрын еріксіз тастап кеткен атамекені – Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Керей мен Жәнібек бастаған қазақ қолы Әбілқайыр ханның мұрагерлеріне қарсы бітіспес соғыс бастады. Көреген Керей хан мен Жәнібек атамекенді азат ету жолындағы бұл қанкешті соғыстарда Әбілқайырмен ұзақ жылдардан бері билікке таласып келе жатқан Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд сұлтандардың, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ ханның да күшін шебер пайдалана білді. Сондай-ақ, өздеріне іш тартатын Ноғай одағының билеушілерімен де сенімді одақтас болды. Қазақтардың жойқын күшіне төтеп бере алмаған Әбілқайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ойсырай жеңілді. Дешті Қыпшақта үстемдік қылмақ болған Өзбек ұлысының сан мыңдаған әскері ыдырай қашты. Әбілқайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд сұлтан Астраханға барып паналады. Әбілқайыр ханның мұрагерлерімен болған азаттық күресінде толық жеңіске жеткен Керей мен Жәнібек Дешті Қыпшақ даласын түгелдей Қазақ хандығының игілігіне қаратты. Әбілқайыр ханның 40 жылға созылған езгісінен құтылған көптеген қазақ тайпалары атамекендерінде дербестігін алған Қазақ хандығының туы астында топтасты. Әртүрлі ұлыстарда бытырап жүрген қазақ рулары енді қазақ деген ұлттық атауға ие болып, жеке халық, дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Қазақ хандығының халқы бір миллионға жетті. Ол заманда мұндай халқы бар мемлекет саусақпен санарлықтай ғана еді. Міне, қазақ деген қайсар халықтың осылай өз алдына дербес шаңырақ көтергелі биыл 550 жыл толды. Осы бес жарым ғасыр ішінде қазақ халқы небір қиыншылықтарды басынан кешіріп, жоңғарлармен жан алысып, жан берісіп,қанды қырғынға ұшыраса да, орыстардың бодандық бұғауына түссе де қазақтың кең-байтақ сахарасынан, тілінен, дінінен, рухынан айырылмай бүгінгі ұрпақтың қолына тапсырды. Қазақ хандығының 550 жылдық тарихындағы ондаған хандардың ішінде біліксіз, әлсіз, алауыздары да болғаны тарихи шындық. Олардың кейбірінің тұсында халық азды, тозды, жаудың талауына түсті, табасына қалды. Азуын айға білеген небір білікті хандар да болды. Олардың естен кетпес атқарған істері тәмсіл болып, тіпті, аңыз болып бүгінгі ұрпаққа жетті. «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы», «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба» сияқты бүгінгі ұрпақтың аузында жүрген қанатты тәмсіл сөздер осының айғағы. Олардың кейбіріне қысқаша тоқталсақ, Керей мен Жәнібек хандардың ұлт, мемлекет мүддесі жолындағы ұлы мақсаттарын ұрпақтарының ішінде Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Абылай хан сияқты білікті хандар әр ғасырда лайықты жалғастыра алды, хандықты жауларынан қорғап, іргесін кеңейтіп, халқын бақытқа, байлыққа кенелте білді. Әсіресе, Қасым хан заманы қазақ хандығының алтын дәуірі ретінде тарихта қалды. Өйткені, Жәнібекұлы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол хандық құрған XVI –XVII ғасыр аралығында хандық шекарасы едәуір ұлғая түсті. Басқаша айтсақ, қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы Қасым хан билік құрған жылдары қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері қарады. Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс нығайды. Ресеймен, Иранмен дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Батыс Еуропа да Қазақ хандығын осы кезде танып білді. «Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды. Өз тұсында «жерді біріктіру» үдерісін жедел жүзеге асырып, нағыз кемелді мемлекеттік үрдісті жүзеге асырды. Қасым хан туралы сол дәуірде өмір сүрген ұлы ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулатидің өзі «Қасым хан Дешті Қыпшақты түгелдей өз билігіне алғаны соншалық, Жошы ханнан соң ешкім де ол сияқты (мұнда) жоғары билікке қол жеткізе алған жоқ», деп жазады. Жалпы, тарихшылар Қасым ханның дәрежесін «Алтын Орда» дәуіріндегі хандардан да жоғары қояды. Ол туралы деректер қазір Ираннан да табылып жатыр. Қасым ханнан кейін ұлы Хақназар билікке келді. Тағы да Мұхаммед Хайдар Дулатиге жүгінсек: «Хақназар хандық мәртебеге көтерілген соң күшейгені соншалық, тек ноғайларды ғана емес, Башқұрт елін, Қазан, Сібір және Астрахан патшалықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкентті және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратты және олардан алым-салық жинатты», деп жазады. Өз дәуірінде берілген осы бағадан артық баға жоқ болар.Түркістан, Сауран деген қалаларға да көз салған Хақназар хан болатын. Одан кейін Тәуекел хан билікке келді. Оның билігі де күшейіп, қанатын кеңге жайды. Жәдік ханның немересі Жәнібек ханның шөбересі Тәуекелдің (1582-1598 жж.) тұсында ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханның қол астында болды. Тіпті орыс патшасына жолдаған хатында өзін «Қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атап, орыстарға сес көрсетті. Сөйтіп, Ресей мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жолға қойды. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Оның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру. Және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммед пен қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайырларды тұтқыннан босату болды. Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Қазақ хандығының мемлекеттігін күшейткен мықты хандар ішінде Есім ханның да лайықты орны бар екенін айта кеткен жөн. Есім хан Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұл шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегін түгелдей қазақтардың иелігіне алды. Есім ханның билігі тұсында (1598-1645 ж.ж.) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырды. Бұл қазақтың хандарының мемлекет құра білгенін дәлелдейтін конституциялық құжат болғаны белгілі. Тіпті, кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төл тумалығын бекемдеуге ықпал етті. Есім ханның тұсында қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері де сараланды. Жалпы, көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да – тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атап кетуінің өзі құрметтің белгісі еді. Ал Қазақ хандығы дәуіріндегі ең бір қиын-қыстау, қайғы-қасіретті заман жоңғар шапқыншылығы күшейген кез екенін ескерсек, Абылай ханның ерлігін, бітімгерлік дипломаттығын, ұйымдастыру қабілетін өзіміз ғана емес, өзгелер де мойындағанын, аса көрнекті мемлекет қайраткері екенін айта кеткеніміз жөн. Абылай хан тұсында біз жоңғарларды күйрете жеңіп, қазақ даласын түгелдей азат еттік. Абылаймен Ресей патшасы да санасты. Тіпті, Қытайдың өзіне сес көрсеттік. 1757 жылы Мамырсуда қытайлармен келісімшарт жасалды. Қалмақтарды өз жерімізден қуып қана қоймай, Абылай 10 мың сарбазбен Қашқария жерінде қалған торғауыттарды талқандады. Бұған қазақтың қол бастаған әйгілі батырларының күшін жұмылдыра білді (арғын – Атығай – Күлеке батыр – 2000 керей – Мерген батыр – 2000, найман – Көкжал Барақ батыр – 2000, Қаракерей Қабанбай батыр - 2000 сарбазбен қатысқан. Қазақтың хандық мемлекеті жойылып, бодандық қамытын мойнымызға ілген дәуірде халқымыздың басынан небір зобалаң нәубеттер өтіп, қырғынға ұшырасақ та ұлттық рух жігеріміздің, қайсарлығымыздың арқасында тағдырымыз құрдымға кеткен жоқ. Қарумен, білектің күшімен жеңіске жететін заман озғанда Алаш арыстары өздерінің зиялылығын білім мен білігі арқылы көрсетті. Сол рух, сол білім-білік ұрпақтарға жалғасты. Қап түбінде жатпайтын асыл кездіктей ұл-қыздардың санасына сіңді. Кеңес Одағы құрамындағы 15 республика, жүздеген ұлт-ұлыстардың ортасынан қазақтардың рухы бірінші болып оянғанына 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі дәлел. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар ішінде жеткен жетістік – Ұлт перзенті Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев бастаған азамат­тарымыздың сындарлы саясатының, кемел ойла­рының дұрыстығының куәсі, көз алдымыздағы ширек ғасыр­да дамыған 50 елдің қатарына қосылуымыз соның дәлелі деп білемін. Біз ешқашан өшпеген, жойылып кетпеген, болашақта да жойылмайтын Мәңгілік Елміз. Әманда, жеріміз әлсіремесін, халқымыз қағансырамасын! Үзбен ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі.