Республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің редакциясына астаналық Ақмола облысынан қос бірдей қуанышты хабар жетті.
Еңбекшілдер аудандық мәслихатының 2010 жылғы 2 шілдедегі № С – 24/9 шешімімен “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары Самат Мұсаға және Зеренді аудандық мәслихатының 2010 жылғы 21 шілдедегі № 31 202 шешімімен редакцияның Алматы бөлімшесінің меңгерушісі Қорғанбек Аманжоловқа аталған аудандардың құрметті азаматы атағы берілді.
Әріптестеріміз бұл құрметке өздері туып-өскен аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны, мінсіз еңбегі мен шығармашылық табыстары, жоғары азаматтық жауапкершілігі үшін ие болып отыр. Қарымды қаламдастарымызды биік атақтарымен құттықтап, жаңа белестерден көріне беруіне тілек қосамыз.
Сонымен қатар, осындай атақтар газетіміздің белсенді авторлары “Балбұлақ” балалар журналының редакторы, жазушы Мағира Қожахметоваға, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы, журналист Ғосман Төлеғұлға, журналист-жазушы Жанатай Бекеновке де берілді.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.
***
Кеше сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданынан да қуанышты хабар жетті. Осы ауданда туып-өскен, аудандық “Достық” , облыстық “Дидар” газеттерінде жемісті қызмет атқарған “Егемен Қазақстанның” шолушысы, БАҚ саласындағы Президент грантының иегері Сұңғат Әліпбайға Зайсан аудандық мәслихатының шешімімен Зайсан ауданының құрметті азаматы атағы берілді.