• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2010

Сағынудан жазбас сабыр иесі

854 рет
көрсетілді

Шахма ағаны ес білгеннен бері біледі екенмін. Себебі, әке-шешем ол кісінің Зерендідегі қайын жұртымен сыйлас, дос-жар қатынаста болды. Арасы жақын аудан орта­лығына ат ізі жиі түседі. Сондайда Шәкеңнің нағашылатып жүрген, маған тетелес үлкен ұлы Еркінмен тай-құлындай тебісіп өткізетін күндеріміз де аз болмайтын. Кейінірек, орта мектепті орысша бітірген осы Еркінді Шахма аға ертіп әкеліп, Зерендінің аудандық газетіне тілшілік қызметке енгізгені де күні бүгінгідей көз алдымда. Алты айлығында аузына алып нағашы атасы абыз Сәбең – кәдімгі Сәбит Мұқанов түкірген Еркін журналистік жұмысқа көп ұзамай төселіп сала берген. Бірақ соған қарамастан болашақта оның пешенесіне журналист емес, заңгер болу жазылыпты. Шахма аға сол кезде Қошқарбай ауылын­дағы сегіз жылдық мектептің директоры. Аудан басына жиі келіп, редакцияға соғып тұрады. Әрқашан жинақы, сымдай тартылып, сырбаз сынын бұзбай жүреді. Қашан көрсеңіз де са­бырлы сабат қалпынан айнымайды. Сәлем­дескенде бірер ауыз тіл қатынасқанымыз болмаса, артық-ауыс, бейсауат сөзге сараң. Өзіне құйып қойғандай жарасатын, тумысынан дарыған кербездігі мен паңдығы да бар сияқты. Сөйткенмен де тартымды. Адамды сыртқа теппейтін, кеудеден итермейтін,  ізеттілікпен жылыұшырап тұратын нақ осындай байыпты байсалдылық екінің бірінде кездесе бермейтіні де рас. Келе-келе сабыр Шахма ағаның адами басты қасиеттерінің бірі екенін аңдағанмын. Сексен үшінші жылдың сары күзіне таман ғой деймін, Еркін үйленді. Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп келіп, Көкшетаудың қалалық сотында жұмысқа жастық жігерін аямай салып, қазандай сақылдап қайнап жүрген кезі. Менің ол уақта аз-мұз асабалығым бар-тын, тойына шақырып тұрып, әрі соны басқарып бересің деп салмақ салған. Сонымен, Көкшетаудан шыққан жеңіл мәшинелер керуені шерулетіп Кеңөткелді бетке алып, шаң соқтыртып келе жатқанбыз. Қош­қар­байдың тауы мен ауылы сол қанатымыздан шығып, сәлден соң соңымызда қалды. Әне-міне дегенше тойлы ауыл Кеңөткелдің де төбесі көрінген. Осы сәттерде кенет ауылдың орта тұсынан аспанға будақтап көтерілген, жалын аралас қою түтін көзге шалынды. Өрт. Бір үй өрттеніп жатыр! Жүрегіміз су ете түсті. Ойпырмай, келе жатқан үйіміз болмаса игі еді! Жастар мен құдаларды ауыл сыртында қалдырып, басқамыз ілгері озғанбыз. “Жаман айтпай жақсы жоқ” дегендей, күдігіміз расқа шықты. Өртеніп жатқан Шахма ағаның қора-қопсысы мен жаз бойы балаларымен арқа еті арша, борбай еті борша болып шапқан шөбінің маясы екен. Өрт енді бой бермей үйді шапса, сұмдық сонда болмақ. Бет қаратпай шалқи ұйытқыған қызыл жалын үйді де шарпи жаздап, әйтеуір ұйымшыл ауылдың кәрі-жасы түгел жұмылысып, суды толассыз шелектеп құйғанның арқасында өрттің ары қарай өршуіне жол бермей ауыздықталды. Қора-қопсы мен пішен албары үйден алысырақ салынған жаңашыл жинақылық та ордасын оттан сақтап қалуға көп септігін тигізді. Бірақ сол жолы дәл той алдында шыққан өрт бір мая шөп пен қора-қопсыны түк қалдырмай жалмап кетті. Той үстіндегі сапырылыста салқын сана, мұздай сабырын жоғалтпаған жалғыз жан болса, ол Шахма ағаның өзі болатын. Қызық-қуанышқа қарбалас келген қырсыққа қайыспады, басқа түскен ауыртпалық сынын мыңқ етпестен нар мінезбен көтеріп алды. Ойбой да, бойбай да болмады, тойдың шырқы бұзылмады. Ұлы үйленіп жатқанда үй орманы өртенген қиын сәтте  осыншалықты ақылман ұстамдылық таныту ердің ерінің ғана қолынан келер ерендік еді. Сол жағдай  Шәкеңнің әлі есінде болар. Содан бері қаншама жылдар өтсе де ағаның осы бір нар мінезін дәтке берік сабыр сақтаудың үлгісіндей көріп, мен де ұмытпай жүрмін. Кейін зерделесем, құйма қорғасындай бұл сабыр-төзім, ұстамдылық өнегесі оның бүкіл өмірімен өзектесе өрілген екен-ау. Көз алдымызға өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы қырғын соғыс кезеңін келтірейікші. Сонда ғаламат тауқымет көппен бірге осы Шахма сияқты он екі-он үш жастағы балалардың да басына түсті. Мұқағали айтқандай, сол бір ауыр жылдар шынында да сол балалардан бір-бір батыр жасағаны рас. Көзге елестетер болсақ, алыста қалған сонау жылдардың суреті аянышты, сұры жаман, сүргіні қатты. Әкесі Баймырза соғысқа аттанды. Шиеттей алты бала колхозда сауыншы болып істейтін, шешелері Мәдинаның қолына қарап қалды. Буыны қатып, бұғанасы бекімесе де ағасы Тәшкенмен бірге Шахма да колхоз жұмысына жегіледі. Үйдің шаруасы және мойнында. Анасы қыстың көзі қырауда ат шанамен қиырдағы Қорған қаласында әскери дайындықтан өтіп жүрген әкемен көрісіп қалуға жол жүріп кетеді. Бұл да бір уайым болды. Түн баласында  кішкентай інілері Жанайдар мен Жамбылдың шешелерін іздеп жылағаны жанға батады. Арды ойлаған, Отан үшін қан төккен ерді ойлаған сол кездегі қайран аналар!.. Азаматын ақырғы көруі сол екен. Одан соң отбасының төбесіне қайғының қара бұлты үйіріле берді. Бойже­тіп қалған әпкесі Балғанымның ауруы асқынып, ақыры қайтыс болды. Суық өтіп ауырған, тұңғышы­ның қайғысы жанын жаралап құр сүлдері қалған шеше төсек тартып жатып қалады. 13-тегі Шахма мектептен келе сала үй шаруасына кіріседі, нан илейді, тамақ пісіреді. Одан шешесінің шайын қайнатып, сусынын әзірлеп береді. Бірден жаңа асқан қарындасы Балкүмісті уатады. Кешке ұшып жығылады. Айналдырған ауру анасын да алып тынады. Ағасы Тәшкенді әскерге алып кетеді. Енді бар тауқымет Шахманың басына түседі. Шеше қайтқаннан кейін кішкентай Балкүміс те айықпас дертке шалдығады. Қасынан екі елі қалмай, түнде қойнында жатып, қатыгез өмірде ана орнына ана болған ағасының мойнын таң атқанша тас қылып құшақтап шығады. Сөйтіп ол да ана құшағын көрместен көз жұмды. Әке алыста, шеше жоқ. 1944 жылы бірінші класқа барған  інісі Жанайдарды, қазақтың болашақ белгілі жазушы-журналисін партаға өзі апарып отырғызады. Шахма бұл кезде жетінші класты бітіріп, колхозда кәдімгідей жұмыс істейді. Ол кездің жұмысы сол, көктем шыға жер жыртып, егін салады. Таңның атысы, күннің батысы соқаның соңында. Өгіз жетектейді, өгіз болмаса сиыр жегеді. Тұқым сепкен кезде бидай қуырып жеп, қаужаңдап бір тойып қалады. Мұндайда үйдегі өзіне жаутаңдаған кішкентай інілерін де естен шығармайды. Өйткені, жасы 14-те болса да, олардың әкесі де, шешесі де өзі. Бригадирлерден таяқ та жей жүріп, күзге дейін талшық қылатын азық жинап алады. Шөп уақытында бар тамақтары айран мен ірімшік, құрт. Жұмыстан соң жұрт шошалада Кенжеғали деген қарт адам жатқа айтатын Біржан-Сара айтысын, ертегілерді ермек қылады. Тыңдап жатып, қиялға батып ұйықтап кетеді. Күзге салым егінді орған кезде  тағы бір қарық болып қалады. Одан қалды, қыс бойы 70-80 шақырым жердегі Көкшетауға  пар өгізбен кіре тартады. Аяғында әкесінің киіз байпақты етігі, үстінде – шешесі марқұмның тігіп беріп кеткен күпісі, басында түлкі құлақшын. Бір жеті жүріп келеді. Қақаған аяздарда құлақтарын үсік шалып, бет-ауыздары домбығып қап-қара болып кетеді. Боранда қалып суық өткеннен ес-түссіз жығылып ауырған кездері де болды. Бүтін бір әулеттің аманатын арқалаған қазақтың қаршадай баласы сол қиындықтардың бәріне шыдады. Бойынан соларды жеңетін төзім, қайрат таба білді. Бір жолы туған ауылы Қараөткел маңайындағы қалың жыныс орманның ішіне отынға барған сегіз жасар інісі Жанайдар екеуін қасқыр қамағанда алдыртпаған берік қамалы болған қайсарлық, сабыры өмір өрлерінде де алға сүйреген қанатына айналды. Иә, олай болса, жоғарыда айтқан өрт үстінде де тиянағынан таймаған өрелі мінез Шәкеңнің бойында халқымыздың басына түскен ауыр жылдармен тұспа-тұс келген балалық шағында қалыптасып еді десек, дұрысы да сол болар. Құдай беріп, әкесі Баймырза соғыстан аман-сау оралған соң арқасы кеңіп, оқуын жалғастыруға мүмкіндік алған. Қайда барса да қасынан қалдырмай, өзімен бірге жетелей жүріп қамкөңіл інісі Жанайдарды да оқытқан. Сөйтіп, Шахма Көкшетау қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны бітіріп шыққан соң Зеренді өңіріндегі Молақ, Қараөткел, Үлгілі, Қошқарбай, Кеңөткел ауылдарындағы жетіжылдық мектептерде ұстаздық етеді. Кеңөткелде болашақ жары Күлзирамен кездеседі. Арасында әскери борышын да өтеп қайтады. Темірқазық нысанадан айнымай, ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, сырттай оқып, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады. Сол алғашқы тырнақалды жылдардан бастап 1998 жылы алпыс сегіз жасында зейнеткерлікке шыққанға дейін Шахма Баймырзаұлы 50 жыл бойы табан аудармастан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді, соның ішінде үздіксіз 35 жыл мектеп директоры болды. Бұл жайдың да саламатты сабыр иесінде ғана болатын сирек тұрақтылықты паш етіп тұрғаны анық. Адамдық айнасының қалтқысыз көрсетер ақиқаты сол, бүгінде  сексеннің биігіне шалдықпай жеткен Шахма аға арттағы  бел-белестеріне көз тастай отырып, мағыналы өмір кештім деп еш күмәнсіз айта алады. Атқарған қызмет саласына келер болсақ, ең ізгілікті мұғалім мамандығы өмірінің мәніне айналды, соның қызығын да, қиындығын да бірдей кешті. Ең бастысы, Абай атасы айтқандай, ұстаздық  етуден, балаларға білгенін үйретуден жалықпады. Назар аударсақ, бұл қасиет те сабырдың бір тармағы болса керек. Жалықпаған ұстаз осынау жылдарда мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп, өмірге қанат қақтырды. Сонда оларға Шахма ұстаздың сайлап берген қанаты әрдайым қазақ тілі болып отырды. Осы орайда “Жоғары санатты ұстаз” да атанды, “Халық ағарту ісінің үздік қызметкері” атағын да еншіледі. Өзі ширек ғасыр басқарған Кеңөткел ауылындағы білім ұясы қазақ тілі мен әдебиетін оқыту  жөнінен аудан, облыс көлемінде үлгі-тірек мектебіне айналса, бұл да ересен еңбексүйгіштіктің белгісі дер едік. Шәкеңнің есімізде қалған тағы бір игі ісі, 1982 жылы Орал қаласында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні озат мұғалімдерінің республикалық семинар-кеңесіне қатысып келгесін, сол сапарда көңілге түйгендерін “Көкшетау правдасы” газетіне мақала етіп жазып, облыс  орталығында әдебиет және өнер мұражайын ашу жөнінде ұсыныс-тілегі, ойға алған мақсаты жүзеге асып, Көкшетау қала­сында сол кезде  сондай мұражай ашылғанды­ғы­ның куәсі болып едік. Осындай жаңашыл­дығының арқасында Шәкең басқаратын жаңағы Кеңөткел мектебінде алты жастан бастап оқытатын тәжірибе сыныбы ашылғанын да көзіміз көрген. Осы тәжірибені іздеп республиканың түкпір-түкпірінен мұғалімдер Кеңөткелге келді. Шәкеңнің арқасында Кеңөткел ауылы, Кеңөткел мектебінің жақсы аты бүкіл Қазақстанға жайылды. Мұндай жақсы істер жылдан-жылға жалғасын тауып, 1988 жылы Шахма Баймырзаұлы басқаратын білім ордасында тұңғыш рет қазақ тілі мен әде-биетінің республикалық олимпиадасы болып өткенін де білеміз. Мектептің мерейі осылай үстем етілді, директор беделі осылай биіктеді. Алдынан оқыған шәкірттерінің бірсыпыра­сы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Шахма ұстаз балалардың ана тіліне деген сүйіспеншілік, құштарлығын оята білу шеберлігімен танылды. Кеңестік тоқырау жыл­дарында әр уақыт қазақ мектебін қызғыштай қорғаушылардың қатарынан табылып отырды. Қазақ мектебінің жоғын жоқтады, мұңын мұңдады, оның білім беру сапасы мен беделін көтеруге айта қаларлықтай еңбек сіңірді. Одан қала берді, жұртты жеке үлгісімен де тәнті етіп, Еркіннен кейінгі алты баласын бірдей қазақ мектебінде оқытып, алдыңғы қатарлы азамат­тар етіп шығаруы да әрбір саналы қазақ ата-анасы үшін үйрене жүрерлік ғибрат. Сонымен бірге өз өнегесімен мұғалімдерді де баурап, ұстаздардың ұстазы бола білу бақыты да екінің бірінің маңдайына жазыла бермес енші десек, сондайлық сирек абыройға бөленген де біздің Шахма ағамыз болатын. Осының айғағындай, ол кісінің аудан мен облыс көлемінде қатарынан бірнеше рет “Жыл директоры” атанғаны да, жас ұрпаққа білім берудегі ұзақ жылдарғы ерен еңбегі ескеріліп, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталғаны да есімізде. Адам еңбегінің бір ғана шынайы өлшемі марапат болса, ағаның ғұмырбаянында мұрнынан маржандай тізіп мақтаныш етерлік ондай сүйінішті жәйттер жетерлік. Тәуелсіздік жылдарындағы зейнетті жасында да алғаш­қылардың қатарында Зеренді ауданының құрметті азаматы атағын алып, Зерендінің тасты жарып қасқайған нар қарағайындай еңселенгеніне қуанғанбыз. Ал ел егемендігінің он жылдығында “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” медалін ең алғашқылардың бірі болып кеудесіне қадағанына мерейленгенбіз.  Зеренді кентінің Мәлік Ғабдуллин атындағы қазақ орта мектебінде Шахма ағаның он шәкірті сабақ береді. Басқа мектептерде жүргендерін санамай-ақ қояйық. Жоғары оқу орындарында ұстаздық етушілерді, тіл-әдебиеттен ғылым жолына түскендерді айтып уақыт кетірмейік. Ал кенже ұлы әрі шәкірті Сәкен әкесі ширек ғасыр басшылық жасаған Кеңөткел мектебінің директоры қызметін біраз жылдан бері абыроймен атқарып, ардақты әкенің орнын басып, кенже ұлдың пешенесіне жазылар шаңырақ иесі ретінде әке эстафетасын алдағы жарқын болашаққа сәтімен жалғас­тырып жатса, бұл да бір сүйініш. Өмір мағынасы, адамның жан дүниесінің тосын көзге оңайлықпен шалына бермес сырлы сипаттары бір ғана жұмыс бабында танылмайтыны аян. Мінезге бай Шәкең қазірде рухани тұрғыдан да көпті көрген, тоқығаны кенен қазына қартқа  айналған. Аға жанының тұңғиығында тұнып жатқан сыр да көп. Айталық, әріден салсаң әз Тәуке заманындағы Қалақ батырдың ұрпағы, беріден салсақ, ардагер Ақан сері әнге қосып үш жүзге мәлім еткен атақты Балқадишаның туған жиені екенін кім біліпті. Балқадиша жайында да әлі де болса асылды жасықтан айырып қалам тартамын деушілерге ақиқат әңгіме, нақты дерек айтатын көне көздердің соңғы тұяғы да осы Шахма аға екенін ел қаперіне салып қойған артық болмас. Тектілікке жанасуын ары қарай ежіктеп таратар болсақ, Сәбит Мұқановтай асылға жақындығы, міне, 55 жыл жұбайлық өмірді бірге кешіп келе жатқан жан қосағы Күлзира Мағжанқызымен тікелей байланысты. “Екі жақсы сирек қосылады” десек те бұл күнде немерелі-шөберелі үлкен әулеттің асқар таудай ата-әжесі болып отырған осынау қыдырлы жұптың бүкіл болмысы, мінездері бір-біріне де қамшы өріміндей жымдасып, домбыраның қос ішегіндей жараса қатар тартылғаны да қандай ғанибет десеңізші. Қызмет істеген мектеп­терінде Шәкең қашанда қазақ тілі мен әдебиетінен ұстаздық етсе, Күлзира жеңгей өне бойы орыс тілінен сабақ беріпті. Мінеки, осы кісінің туған атасы Омар мен Сәбеңнің әкесі Мұқан бірге туған бауырлар. Күлекең қыз күнінен Сәбит Мұқановты ерекше қадірлеп, мақтаныш тұтып, шығармаларын оқып өскен. Өзінің алашқа белгілі атасын, балаларының аса жақын нағашы атасын ардақ тұтудан, мақтан еткен Шәкең де жаңылмаған. Сәбең алғаш Зерендіде тұратын өзінің немере інісі, бұл кісінің атасы Мағжанның үйіне қасына көкшетаулық Еркеш Ибраһимді ертіп 1956 жылы келгені бар. Сонда “Зим” жеңіл мәшинәсімен Қошқарбайдағы бұларды да алдыртқан. Алматыда оқып жүргенде көріп тыңдағанымен, жақын танысып біліскені осы. Енді туыс боп шықты. Сәбит ата өзі мен Күлзира қыздарының беттерінен шын ықыласпен емірене сүйіп, ақ көңілмен елжірете тербетіп тастаған. Тұңғыштары Еркін алты айлық болатын. Оны да аймалап, атасындай болсын деп аузына түкіртеді. Бүгінде атпал азамат болған белгілі заңгер сол Еркінге анасы Күлзира: “Кішкентей сәби күніңде ырым қылып Сәбит атаңа аузыңа түкірткемін. Сенің жаман болмай өскенің сондықтан”, деп осы күндерде ертедегі жан жылытар шуақ жайларды жадырай еске алып айтып отырады. Тұңғыш ұл солай болғанда, екінші қыз Гүлнәр медицина ғылымының кандидаты, Қарағандының үлкен бір емдеу мекемесінің меңгерушісі. Ал Шахма аға болса, кезінде үлкен жазушының шығармашылығын әдебиет пәнінде жарты ғасыр бойы оқытқаны өз алдына, қазір де аудандық, облыстық газеттерге мақала жазып, Сәбең мұрасын талмай насихаттаумен келеді. Жалғыз Сәбең емес, азаматтық ұраншысы Махамбет ақын, Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасов, Зейнола Қабдолов жайында тебіреніп жазған мақалалары қандай. Университет ұстаздарының ішінде Мұхтар Әуезовтен кейінгі мәңгілік есінде қалғаны Зейнолла ағай еді дей келе, өзі де елу жыл ұстаздық еткен Шәкең нағыз ұстаздың толық бейнесін З.Қабдолов бітімінен табады. “Болмасаң да ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, жарты ғасырлық ұстаздық өмірінде Мұхаң мен Зекеңнің білімдарлығы мен парасаттылығы, адамгершілік, ұстаздық қасиеттерін пір тұтып, мақтаныш етіп, сол кісілерге ұқсауға ұмтылдым”, деп жазады. Мінеки, Шахма Баймурзиннің жұрт үлгі тұтатын сабыр-салиқасының, зиялы-парасаты­ның тамыр-тегі қайда жатқанын біз енді аңғарғандаймыз. Шәкең үшін қымбатты, біз үшін де аяулы екі жан бар. Оның бірі – өзінің туған інісі, белгілі жазушы, көп жылдар бойы Көкше­таудың  облыстық газетін басқарған, қалам һәм қоғам қайраткері, асыл азамат Жанайдар Мусин. Екіншісі – әкесі Баймырзаның туған апасының ұлы, өзінің жиен інісі, елге танылған елеулі жазушы Мәди Хасенов. Жас кездерінде тәлім-тәрбиесін берген, көптен-көп  қам­қорлығын жасаған. Жазушы, журналист болуларына септігі тиген. Мейірімсіз ажал екеуін де ерте алып кетті, сөйтіп Шәкеңнің қос қанатын қайырып, күйзелтіп кетті. Ағамыз сол екі інісін сағынады. Артта қалған әдеби мұраларын жинақтай түсуге, ер-тұрманын бүтіндеуге, есімдерін ел есінде қалдыруға тырысады. Үлкен жүректі сабыр иесінің сағынышы Көкшеден шыққан көрнекті ақын Еркеш Ибриһимді де санаттан қалдырмайды. Көкшетаудан сол Көкшені өмір бақи жырлап өткен ақын атына бір көше берілмей отырған безбүйректікке налиды. Ел мен жердің, тіл мен ділдің басқа да мұң-мұқтаждарын әлі жеткенше айта жүреді. Жанайдар Мусин қалыптаған сөз тіркесіне жүгініп айтқанда, зергер зерлегендей Зерендіде Баян Жанғалов, Баймұрат Азнабаев, Шаймұқан Иманғалиев, Олжабай Нұрғалиев, Тұраш Исінбаев, Сапар Өтеулин, Тельман Мұқышев сияқты қазыналы қарттар, ата сөзін ұстаған ақсақалдар барын алыста жүрсек те медет тұтатын жайымыз да жоқ емес. Осы топтың бел ортасында көкірегіне көп сыр түйген, сағыныш арқалаған сабыр иесі Шахма Баймырзаұлы ағамыздың да ақжолтай тілекпен амандықта жүргеніне шын жүректен қуаныштымыз. Қорғанбек АМАНЖОЛ.