Жамбыл Фазылов – Алматы қаласының “2010 жылдың үздік дәрігері” атанды
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы жыл бойына атқарылған істеріне есеп беріп, жетістікке жеткен әріптестеріне құрмет көрсетуді, кәсіби байқау өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы байқау да табысты өтіп, нәтижесі бойынша “2010 жылдың үздік дәрігері” жүлдесін қаладағы 76 мемлекеттік аурухана мен емханалар арасында №5 қалалық клиникалық аурухана дәрігері Жамбыл Фазылов жеңіп алды.
Бір айта кетерлігі, бұл байқаудың жыл сайынғы талабы күшейе түсуде. Мәселен, биылғы байқау негізінен төрт кезеңнен тұрды. Біріншісі, қатысушы өзі жұмыс жасайтын емдеу мекемесі ұжымының жалпы жиналысында байқауға қатысуға лайықты деп танылуы керек болса, екінші кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау және фармацевтикалық қадағалау комитеті базасында теориялық деңгейін анықтау үшін тестік емтихан тапсырды. Онда байқауға қатысқан 40 үміткердің 6-уы ғана қалдырылды. Үшіншісі – дәрігердің мануальді деңгейін анықтау мақсатында Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің симуляциялық орталық базасында 6 кезеңнен сүрінбей өтті. Соңғы асу Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов бастаған комиссия мүшелерінің алдында “Мен көшбасшымын” деген жоба аясында өзін таныстыру, тәжірибелік деңгейі, қандай жаңа инновациялық тәсілдерді қолданғаны туралы 10-15 минуттық есебін ұсын десек, сол комиссия мүшелерінің шешімімен Жамбыл Фазылов бірінші орынға лайықты дәрігер деп танылды.
– Адам баласы бас иетін кәсіп иелерінің бірі – дәрігерлер. Денсаулығының, өмірінің қадірін білетіндер өздеріңізді қашанда құрмет тұтады. Арларыңыз ақ халаттай кіршіксіз таза, жүректеріңіз мейірімді болсын, – дей келе салтанатты жиында жүлдегерлерді марапаттаған қала әкімі Ахметжан Есімов Алматыда жеті денсаулық сақтау кешенін салу жоспарланғанын, дағдарысқа қарамастан 2010 жылы денсаулық сақтау саласына 27,2 млрд. теңге қаражат бөлініп отырғанын, бұл өткен жылға қарағанда 1,5 есе артық екендігін атап өтті. Бір айта кетерлігі, бөлінген қаржының нақты нәтижесі арқасында қалада өлім саны азайып, бала туу көрсеткіші өскен, сонымен қатар еркектердің орташа өмір сүру жасы 4 жылға, әйелдердікі 1,5-ке артқан.
Ал жеңімпазымыз жайлы айтар болсақ, Жамбыл аталмыш аурухананың балалар жақ-бет хирургиясы бөлімінің дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты. Жалпы, бұл бөлімше балалардың туа біткен бет аймағындағы ауытқулары, ерін және таңдай жырықтары, туа біткен есту жолының болмауы, жақ сүйектерінің жүре пайда болған ауытқулары, дамымай қалуы, әр түрлі қатерсіз ісіктер, сонымен қатар тістен пайда болған, жұмсақ және сүйек тіндерінің жарақаты ауруларын емдейді. Бөлімшенің жаңа инновациялық тәсіліне келсек, ол кезінде Қазақстан мен Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінде тұңғыш рет құлақ жолын ашу операциясын ұсынып, бүгінде практикада кеңінен қолдануда. Міне, бұл отандық дәрігерлердің қолда бар технологияларды қолдана отырып, қол жеткізген жетістіктерін қай жағынан болса да мақтануға тұрарлық үлкен еңбек деп бағалауымыз керек.
Жаңалыққа, ізденуге жаны құмар жас маман өз саласында инновациялық тәсілдерді белсенді өндіруге атсалысуда. 1994 жылы Ұлттық медицина университетін, одан екі жылдық клиникалық ординатураны бітірген соң аталмыш оқу орнының балалар жасындағы стоматология кафедрасының ассистенті әрі бөлімше дәрігері болып қызмет атқарып келеді. 2002 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған жас ғалымның келешегінен әлі күтеріміз көп.
Бір айта кетерлігі, білікті ұйымдастырушы, кәсіби маман, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжанова басқаратын №5 клиникалық аурухананың дәрігерлері соңғы жылдары бәйгенің алдын бермеуде. Жоғары санатты дәрігер Ұлбала Әділханова 2007 жылы Алматы қаласы мен республиканың үздік дәрігері атанса, 2009 жылы А.Аманғалиев пен М.Әуелбаев өз саласында республика бойынша 3-орынды иеленді, ал “Үздік мейірбике” жүлдесін 2008 жылдан бері қолдан бермей келеді. “2010 жылдың үздік медбикесі” марапаты аталмыш аурухананың медбикесі Мәдина Баеваға бұйырған еді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.