...қалалық филиалда қоғамдық тыңдау өтті
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен “Жол картасы” – халық сенімі” тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Онда Елбасының тапсырмасымен қаржы дағдарысының алдын алу мақсатындағы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша өткен жылы бөлінген 3 млрд. теңгеден астам қаржыны игеру нәтижесі қорытындыланды.
Талдықорғанның көрікті келбетін сақтау және абаттандыру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы бюджеттен 1 млрд.95 млн. теңге бөлініп, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жылумен қамту, канализация желілерін, жол жөндеу, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салалары бойынша 15 жоба қолға алынып, мердігерлер осы бағыттағы жұмыстарын ұқыпты жүргізіп келеді.
Жобаны жүзеге асыруда мыңға тарта адам жұмыспен қамтылып, 103 адам қосымша мамандық алу үшін қайта оқытылуда. Қоғамдық тыңдау барысында партиялық бақылау постарының жұмысы жоғары бағаланып, кейбір мәселелерді әлі де тиянақтау қажеттігі атап көрсетілді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
...ұйым төрағасы есеп берді
Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер ұйымының пленумы болып, онда ұйым төрағасы Мақсот Батыров есеп берді.
Жиын Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеудің қорытындыларына арналды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Батыровтың айтуынша, облыста 71832 зейнеткер бар, оның 666-сы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 240-ы соғыс мүгедегі. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай 240 пәтерлік жаңа үйден 89 соғыс ардагері мен олардың жесірлеріне пәтер берілді және аудандардағы 24 соғыс ардагері жаңа үйге қоныстанды. Сондай-ақ, ауданда тұратын 48 ардагердің үйі жөнделіп, 41-інің үйіне көгілдір отын, 39-ына су кіргізілді.
Төраға сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың есімі көшелерге беріліп, ауқымды мерекелік шараға орай ардагерлерге Үкімет тарапынан бар сый-сияпат жасалғанын атап өтті.
Тағы бір жағымды жаңалық, облыс орталығы мен аудандарда алдағы жылы ардагерлер үйі ашылатын болады. Бұл мәселе облыс әкімі тарапынан толық қолдау тапқан.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.
...Жаңа жұлдыз ауылы мереке өткізді
Облыстағы Железинка аталатын ауданның ауылдары енді аттарын өзгертіп, байырғы атауларына немесе жаңа атауларға ие болуда. Новокузьминка деген атымен қоштасқан сондай ауылдардың бірі Жаңа жұлдыз деп аталады. Айтса айтқандай, ауыл үшін жаңа өмір, жақсылық басталғандай.
Осы мерекені спорттық шара барысында атап өту үшін ауданның барлық ауылдық аумақтарынан, көршілес Есқара, Екішоқы ауылдарынан келген спортшылар Жаңа жұлдыз ауылына жиналды. Осы жерде алау жағылып, аудандық XX спартакиада өтті. Алау жағу құрметіне ауданның атақты спортшысы Руслан Камал ие болды. Спортшылар ұлттық спорт ойындары – қазақша күрес, аударыспақ, тоғызқұмалақпен қатар, волейбол, футбол, шахмат, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлері бойынша сынға түсті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.