АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд Астана қаласындағы локомотив депосында болды. Онда елші депо жұмысымен қатар, қазақстандықтардың темір жол саласын дамытудағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық жоспарымен де танысты, деп хабарлады АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметі.
2006 жылдың қыркүйегінде ҚТЖ (Қазақстан Темір Жолы) компаниясы GE-ге құны 650 миллион доллар болатын Evolutіon сериялы 310 локомотивке тапсырыс берген болатын. Пенсильванияның Эри қаласындағы GE Transporatіon зауытында құрастырылған 10 локомотив ТМД-да дизельді-электрлі локомотивтердің тұңғышы болып табылады. Ал Астанадағы JSC локомотив депосы қалған 300 локомотивті құрастыру үшін АҚШ-та шығарылған бөлшектерді пайдаланбақ. Толық қуатына көшкен қазақстандық кәсіпорын 600 адамды жұмысқа тарту арқылы жылына 100 локомотив жинайтын болады. 2009 жылы желтоқсанда GE қазақстандық кәсіпорында құрастырылған Evolutіon сериялы локомотивтердің алғашқы партиясын шығаруды қолға алды.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында ҚТЖ мен GE компаниясы депода пайдаланатын маневрлік 150 локомотивті Қазақстанда құрастыру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойған еді. Осыған орай ҚТЖ Астанадағы зауытта 2015 жылдан бастап қосымша маневрлі локомотивтерді құрастыратын болады.