Құрметті отандастар! Еліміздің барлық азаматтарын айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айына байланысты мол сауапқа кенелтер іс-шаралар атқаруға шақырамын.
Мүбәрак айда Алла тағала ризалығы үшін күнделікті тұтынатын азық-түліктер мен киім-кешек, қонақ үй, шаштараз, монша сияқты басқа да қызмет көрсету орындары мен ұшақ, пойыз, автобус, басқа да көлік бағаларын 10 пайызға арзандатуға және дүкендерде, мейрамханаларда спиртті ішкіліктердің ешбір түрін сатпауға, той дастарқандарына арақ-шарап қоймауға үндеймін.
Теледидарлардан бейәдеп, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлықты насихаттайтын сериалдар мен фильмдерді көрсетпей, есесіне адамгершілік пен отан сүюшілік көзқарасты қалыптастыратын дүниелерге өріс ашып, халықтың қасиетті Рамазанның шарапатын мүмкіндігінше сезінуіне үлес қосуларыңызды сұраймын.
Білім беру орындарында студенттер мен шәкірттерге ораза ұстаудың артықшылықтарын түсіндіру де жылдағыдай жалғасын тауып, ізгілік өрістей беруін тілеймін.
Өйткені, жыл сайын Рамазан айын қуана қарсы алып, айналамызға нұр шұғыласын шашқан қасиетті кештердің, құлақ құрышын қандыратын азанның, сәресідегі тәттіліктің, ауызашардағы ләззатты, тарауих намазына деген ынтаны көрген жастар да бұл айдың ерекшелігін сезініп, жыл сайын Рамазанды асыға күтетіні хақ.
Рамазан – жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағынан кірбің арылтатын шынайы жанашырлық айы. Бұл айда жақсылық көрген жетім-жесірлердің жүзі жадырап, ғаріп-міскіндердің арқа-басы кеңейеді. Осыған орай, қамқорлыққа мұқтаж жандарға тиісінше көмек-қолдау көрсетудің мән-маңызы да айрықша. Өйткені, жомарттық – көркем мінездің ажырамас бөлігі. Құдіретті Жаратушымыз көптеген аяттарда мұсылмандарды жомарттыққа, Алла тағала жолында жақсылық жасауға шақырады. “Мұхаммед” сүресінің 38-аятында Алла тағала: “Негізі, сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда, араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны... Егер Алладан теріс айналсаңдар сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі”, – дейді.
Негізінде, Алла тағала ешкімнің бергеніне мұқтаж емес, бермеген адам өзіне сараңдық еткені.
Алла тағала дүние-мүлкін жақсылық жолында жұмсамайтын қауым орнына басқа қауым жіберетінін айтып, ескерткен. Олар иман мен тақуалыққа ие болып, Алланың уәде еткен сауаптары мен жетістігіне жетеді. Тағы бір аятта: “Алланың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерінде сараңдық еткендер, мұны өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, бұл оларға жамандық әкеледі. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күні олардың мойнына оралады. Көктер мен жердің мұрасы Алланікі. Алла тағала сендердің істегендеріңнен толық хабардар” (“Әли-Имран” сүресі, 180-аят), – делінген.
Рамазан айында жасап жүрген жақсылықтарымызды барынша арттырған жөн. Өйткені, мұның сауабы өзге айларға қарағанда әлденеше есе көбейе түсері сөзсіз.
Рамазан айы адамның өзін-өзі тәрбиелеудің үлкен мектебі екендігін ескерсек, аталған игілікті бастамалар өзге айларда да жалғасын табатын баянды қайыр-ихсанға ұласарына кәміл сеніммен барша отандастарды осынау ізгі мақсаттарға жұмыла атсалысуға шақырамын.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти.