• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2010

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат САУДАБАЕВ: Астана саммиті Қазақстанның жұлдызын жарқырата жандырады

1395 рет
көрсетілді

Жиырма жылға да тола қой­ма­ған тәуелсіздік тарихында Қазақ­стан талай-талай тамаша табыс­тар­ға қол жеткізді. Солар­дың ара­сындағы ең шоқтықтысы – ТМД мемлекеттері арасынан, Азия ел­дерінің арасынан, мұсыл­ман әлемі арасынан, түркі тілдес мемлекеттер арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төраға­лығына сайланғандығы. Президент Н.Ә.Назарбаевтың мәлімде­месінде айтылғанындай, биылғы 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылдың 1-2 желтоқ­санында Астанада осы аса ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Биік беделді халықаралық ұйым Саммитінің 11 жылғы үзілістен соң біздің елордамызда өткізілуі Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы көптеген жылдардан бергі күш-жігерінің нақышты нәтижесі болмақшы. Осы орасан мәнді шешімге орай біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВПЕН сұхбаттастық. Енді сол  әңгімеге назар салыңыз, қадірменді оқырман. – Құрметті Қанат Бекмыр­заұлы! Ең алдымен Елбасымыз мәлімде­месінде жария етілген жан сүйсінтер жақсы жаңалыққа байланысты құттықтауды қабыл алыңыз. Бұл қадірін білген адамға әрбір қазақ­стан­дық бір-бірінен сүйінші сұрай­тындай оқиға. Орайы келіп тұрғанда өзіңізбен түрік жерінде әдейі жүздесіп, түркі тілдес елдер сыртқы істер министрлерінің Бодрумдағы бейресми кездесуіне қатысқаны­ңызды сұхбат алу үшін пайдаланып қалып жатқанымыз да сондықтан. Әңгімемізді осы ше­шім­нің мән-маңызы жөнінде айтудан бастасақ. – Бұл шешімнің біздің еліміз үшін қандайлық тарихи маңызы бар екенін Президент Назарбаев өз мәлімдемесінде әділдікпен әрі әдемі айтты. Елбасымыз былай деді: “Бұл тарихи шешім – қазақ­стандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қау­іп­сіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбіт­шіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мем­ле­кеттері арасында тұңғыш рет бе­делді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұн­дай биікке жеткен емес”. Бұл сөздер әрбіріміздің жады­мыз­да жаңғырып жүрсе дейміз. Бар­ша отандастарымыз өз мемле­кеті Елбасысының, жаңа Қазақ­стан­ның сәулетшісі мен мемлекет­құру­шы­сының көшбасшылығымен қол жет­кізген, бұрын-соңды болып көр­меген халықаралық табысын мақтаныш етуге құқылы. Сондық­тан да осы хабарға байланысты біз ең алдымен Елбасымызды ұлт көшбасшысы ретіндегі жарқын же­ңі­сімен құттықтасақ әбден орынды болады. – Енді Сізге интернеттен алынған бір материалдан үзінді оқып беріп, әңгімені соған байланысты сұрақтан өрбітпекпін. Жақында АҚШ-тың беделді “Джеймстаун” қо­рының сай­­тында жарияланған мақа­ланың орысшаға аудармасында бы­лай делінген: “То, как Казахстану удалось убедить страны-участницы ОБСЕ сначала поддержать его заявку на пост предсе­да­теля, а затем и в его стрем­лении про­вести саммит ОБСЕ, предс­тавляет собой хрестоматийный пример эффек­тивной публичной дипломатии. Политические лидеры и дипломаты Казахстана гра­мотно реа­гируют на внешнюю критику и спо­собны убеж­дать своих коллег в том, что положи­тельные перемены дейс­твительно имеют место. Экономика Ка­зах­стана и его стремление занять ве­дущее место на региональной поли­ти­ческой арене воодушевляют поли­ти­чес­ких лидеров страны идти к по­ко­рению новых рубежей”. Бұған не айтасыз? – Ол мақаланы мен де оқыдым. Расында да, “хрестоматиялық үлгі” дегені сирек қолданылатын баға. Бү­гінде халықаралық сарапшылар сон­дай-ақ біздің төрағалығымыз Қазақ­стан­дағы ғана емес, бүкіл осы өңірдегі демократиялық жаңғыру­ларға жаңаша серпін қосатындығын, Қазақстан ық­пал­дастығының еуро­палық бағытын ед­әуір күшейте түсетіндігін айтып отыр. Қазақстан төрағалығына бай­ланысты мұндай жағымды пікірлер баспасөз бетінде де, теле­дидарда да, интернет сайттарында да айтылып, жа­зылып жатыр. Мұның өзі біздің Пре­зидентіміздің экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды құрудағы аса көрнекті көшбасшы­лығының, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі ауқымды жеке үлесінің халықаралық қоғамдастық тарапынан нақты мойындалуының кезекті келісті көрінісі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Ақбұ­лақта өткен бейресми кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы терең мағыналы сөз сөйледі. Ол сөз ЕҚЫҰ-ға төра­ғалық етуші мемлекетті басқаратын адамның сөзі ғана болып шыққан жоқ. Ол сөз қауіпсіздік мәселесі, жасампаздық пен ынтымақтастық мәселесі өз елінде де, жаһандық ауқымда да бүкіл қызметінің өзегіне, былайша айтқанда квинтэс­сенция­сына, өмірінің мәніне айналған адамның сөзі болып шықты. Кез­десуге қатысушылардың Нұрсұлтан Назар­баевтың ЕҚЫҰ Саммитін биыл өткізу, оны Астанада өткізу жөніндегі ұсы­нысын бірауыздан қолдауына әсер еткен маңызды жай­дың бірі Елба­сымыздың осы сөзі еді. Осы орайда Саммитті өткізу шешіміне қолдау көрсеткен барлық қатысушы мемлекеттерге шынайы алғысымызды айтамыз. Астанада өткізілетін Саммит халықаралық қауымдастық тарапы­нан әлемдегі қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастықты нығайту, Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшы­лықтарды еңсеру, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде бөлін­бейтін қауіпсіздік қоғамдастығын құру жолындағы Қазақстан мен оның жалпыұлттық көшбасшысы­ның ерекше рөлін мойындаудың жарқын үлгісі болмақ. Бүгін біздің Астана Саммиті – Елбасының тәуелсіздік жылдарын­дағы табысты жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының салтанатына айналады деп мәлім­деуге толық негізіміз бар. – Осы орайда өзіңізбен шетелдік сапар кезіндегі бір әңгімеңіз еске түседі. Елбасымыз 2006 жылдың қыркүйегінде АҚШ-қа барғанында сол кездегі Президент Дж. Бушпен жүргізген келіссөзін айтқан едіңіз. – Ақ үй қожайынымен кездесу­­­дің алдында, Мемлекеттік департа­мент­тің өтінішін ескеріп, біз Ел­басынан АҚШ Президентімен әң­гімеде ЕҚЫҰ тақырыбын қозғамау­ды сұраған едік. Алайда, Президент күрмеуі қиын түйінді тез шеше ала­тын сирек қасиетін тағы да танытып, Буштың алдына осы мәселені бұлталақсыз, тікелей қойды. Джордж Буш та бірден-ақ төте­сінен тартып: “Сіздерге ол ұйымның қажеті қанша? Төраға елге талап көп қойылады, ана мәселеде де, мына мәселеде де үлкейткіш шынымен қарағандай тексере береді, сынай береді. Сол сіздерге керек пе?” деп сұрап қалды. Дипломатия тілінде бұл, расында да, біздің кандидатурамызға қарсы шығудың нақ өзі болатын. Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мықты уәждерімен, темірдей берік ой-қисы­нымен, таң қаларлықтай адамдық тартымдылығымен АҚШ-тай ұлы елдің басшысын райынан қайтара алды. Сол жерде, Сопақша кабинет­те-ақ Джордж Буш ол кездегі Мем­лекеттік хатшы Кондолиза Райсқа ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөнінде Қазақстанның кандидатурасын қол­дауға тапсырма беріп тастады, мұ­ның өзі 2007 жылдың 30 қараша­сын­да ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің шеші­міне нақты әсер еткен жай болды. Қазақстан кандидатурасын басқа елдер де бірден қолдай кеткен жоқ. Елбасымыз жылдар бойындағы ресми сапарлары кезінде көптеген мемлекет басшыларымен кездесе жүріп, Қазақстанның осындай Ұй­ымға төрағалық етуге қай жағынан да пісіп-жетіліп тұрғанын көз жет­кізе дәлелдеді, ақыры Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдауына қол жеткізе алды. Бұл арада Назарбаевтың халық­аралық аренадағы аса биік беделімен қатар, айтқан сөзіне елді ұйытып, ұсынысын өткізбей қоймайтын қасиетінің, жоғары дипломатиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ төра­ғалығына қол жеткізумен де тоқтап қалған жоқ. Мұнан соң Елбасымыз жұрттың көбі сәтімен шешілеріне сене қоймаған мақсатқа – Ұйым Саммитін Астанада, біздің төраға­лығымыз жылында өткізу мақсатына ұмтылды. Ақыр аяғында, міне, ол мақсатқа да қолымызды жеткізді. Мемлекетіміз басшысының бұл бастамасының ЕҚЫҰ жауапты ауқымды кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін, Ұйымының өзінің дамуы үшін көкейкестілігі мен стратегиялық маңызын асыра бағалау қиын. Біздің бүгінгі мақ­са­тымыз – Ванкувер мен Влади­восток арасындағы қауіпсіздік кеңістігі тұжырымдамасын тарихта қалдырып, жаңадан еуразиялық және еуратлантикалық қауіпсіздік қоғам­дастығын құру ісіне көшу. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу­дің нәти­жесінде жаңа геосаяси жағдайда Хель­синки Қорытынды актісі тұжы­рымдама­сынан табиғи және көкейге қонымды түрде туындайтын “Астана рухы” секілді жаңа саяси ұғым пайда бо­латы­нына мен кәміл сенемін. Бұл біздің Ұйымның 35 жылдық мерей­тойын лайықты атап өтуге және оны XXІ ғасырда жаңа жетістіктерге жетелеуге жол ашуы тиіс. Қазақстан осы ұйымға төраға бол­ды дегенге екпін түсіре айта­тындығымыз біздің осы мәртебеге ТМД-да, Азияда, мұсылман әлемін­де, түркі жұртында бірінші қол жет­кізгенімізге, осы топтардан алдымен суырылып шыққанымызға байла­ныс­ты екенін есте ұстауға тиіспіз. Астананың осы абыройлы ұйымдағы төрағалығын Мемлекетіміз басшы­сының сыртқы саясаттағы қызметі­нің тамаша нәтижесі, оның биік ха­лықаралық беделі мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылығын нақты мойындау деп қарау әділдік болмақ. Қазақстанға дейін төрағалық міндет ЕҚЫҰ-ға мүше 19 мемле­кетке жүктелген, алайда олардың арасында өз елінде ұйым Саммитін өткізе алғандары көп емес. Қазақстан Президентінің төра­ға­лығымен 55 мемлекет басшысы және ЕҚЫҰ-ның әріптес 12 елі арадағы 11 жылдық кідірістен кейін бас қосқанда Ұйымның жаңғы­руы­на, қазіргі ахуалға бейімделуіне және сайып келгенде еуратлантикалық және еуразиялық кеңістікте жаңа се­рік­тестік дәуірінің басталуына екпін­ді серпін беретініне мен кәміл сенемін. – Оқырмандарға осыған дейінгі саммиттерді атап берсеңіз. – Жақында халықаралық қоғам­дастық Хельсинки Қорытынды акті­сінің 35 жылдығын атап өтті. Ұйым­ның Іс басындағы төрағасы ретінде мен осыған орай мәлімдеме жаса­дым. Хельсинки Қорытынды актісі осы 35 жыл ішінде өзінің өзектілігі­нен айырылған жоқ. 35 мем­лекеттің басшылары Хельсинки қаласында бас қосып, мақұлдаған бұл жаңа­шыл және жан-жақты қауіпсіздік тұжы­рымдамасы бү­гінгі күні де ЕҚЫҰ жауапкер­шілігінің айма­ғын­да қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықтың маңызды факторы болып табылады. Сол кезде бекітілген қауіп­сіз­діктің әскери-саяси, экономи­калық-эколо­гия­лық және гума­ни­тарлық деген үш өлшемі осы күнге дейін ұйым қызметінің негізі. Ал бұл саясаттың негізі Ұйымның 1975 жылғы Хель­синки Саммитінде қаланған. Одан кейінгі саммиттер 1990 жылы Парижде, 1992 жылы қайта­дан Хельсинкиде, 1994 жылы Буда­пешт­те, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілді. Ен­ді 11 жылдан кейін Астана Сам­миті өткізілгелі отыр. Елбасымыз: “2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығында әлем қауымдастығына Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейін” дамуын көрсетуге ерекше мүмкіндік береді”, деп атап көрсетті. – Осы саммиттердің арасындағы біз үшін ең маңыздысы Будапешт саммиті болар. – Ұйым саммиттерінің қай-қай­сысы да маңызды. Әрине, ядро­лық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстанға ядролық қаруға ие үш елдің – АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлы­британияның тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілген Будапешт самми­тінің біз үшін орны ерекше. Сол Саммиттен соң көп ұзамай мұндай кепілдікті Қытай мен Франция да берген. 1992 жылы Финляндия аста­на­сында өткен саммитте Елбасымыз Хельсинки Қорытынды актісіне қол қою арқылы Қазақстанның осы атақ­ты құжатта көрсетілген құнды­лық­тарды қуаттайтынын білдірді. Әй­гілі Париж Хартиясын (“Жаңа Еу­ропа декларациясы”) қабылдаған сам­миттің де маңызы бөлекше. Біз би­ылғы төрағалық тұсында бұл Хар­тияның 20 жылдығына да тиісінше көңіл бөліп отырмыз. 1996 жылғы Лиссабон саммитінің алғашқы мәжі­лісі біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев­тың төрағалығымен өтке­ні­мен де есте қалды. Ал ендігі жерде біз үшін ең маңызды саммит Қа­зақстан елордасындағы осы Астана Сам­миті болатыны өзінен өзі түсінікті. Елбасымыз Қазақстан Республи­касының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай қаңтарда жолдаған Үндеуінде: “Нақ бүгін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшы­лары саяси ерік-жігер танытып, өз халықтарының алдында тұрған күрделі де түйінді мәселелерге жауап беретін уақыт келді. Саммит ЕҚЫҰ-ның осы заманғы қауіп-қатерлердің алдын алуға бейімделуіне қуатты қарқын беріп қана қоймай, сонымен қатар біздің халықтарымыздың осы Ұйымға деген сенімі мен құрметін де арттыра түседі”, деп мәлімдеген. Сондықтан да төрағалықтың алғаш­қы күндерінен бастап біздің басшы­лыққа алған басымдығымыз Прези­дент­тің осы стратегиялық халық­ара­лық бастамасын жүзеге асыру болды, ол бастама бүгінде еуратлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі шын мәнінде тектоникалық өзгерістер туындатқан объективті қажеттілік. – Мұндай Ұйым төрағалығына дайындық жұмыстары жылдар бойы жүргізілетінін жақсы білеміз. Жұрт­шылыққа Астананың төрағалыққа жетер жолдағы белестерін, бұл мақ­сатқа біздің не үшін ұмтылғанымыз­ды әңгімелеп беруіңізді сұраймыз. – Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы­на ұмтылатынын сонау 2003 жылғы 18 ақпанда жария еткен. Сонда, Ұйым Тұрақты кеңесінің Венадағы мәжілісінде еліміздің осы жөніндегі өтінімі алғаш рет хабарланған. Содан бергі уақытта бүкіл еліміздің, оның ішінде ең алдымен дипло­ма­тиялық қызметтің күш-жігері осы мақсатқа қол жеткізуге жұмсалды. Ал енді біздің бұл төрағалыққа өз кандидатурамызды не үшін ұсын­ға­нымызға келейік. Алдымен біз ұлт­тық мүдделеріміз тұрғысынан Орта­лық Азиядағы, соның ішінде Ауған­стандағы нағыз әрі ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септесуді мақсат еттік, мұның өзі Қазақстанның үдемелі дамуының аса маңызды факторы бо­лып табылады. Сонымен қатар біз Қа­зақстанның Батыс пен Шығыс ара­сын­дағы үнқа­тысуда өзіндік бір өрке­ниеттік көпір ретіндегі орнын күшейте түсуді көз­дедік. Мұның бәрі еліміздің табысты әлеуметтік-эконо­микалық және де­мократиялық дамуы­мен, азаматта­рымыздың арқаулық құқық­тары мен бостандықтарын қам­тамасыз етумен, олардың әл-ауқа­ты­ның артуымен тиянақталып отырылды. Біз төрағалыққа кіріскен кезге қарай ЕҚЫҰ-ның өзін күшейтудің, Венаның шығысы мен батысындағы елдер арасында сенім деңгейін көте­рудің зәру қажеттілігі пісіп-жетілді. ЕҚЫҰ-ны реформалау, оның тиім­ділігін арттыру жөнінде сын пікірлер талай рет айтылған. Ұйымның тоқы­рауы немесе жойылып кетуі еурат­лантикалық кеңістіктегі өте қауіпті вакуумның пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін екенін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жасаған Үндеуінде де ескерткен еді. Қазақстан төрағалық тұғырында осы Ұйымның беделі мен әлеуетін арттыруға, оны халықаралық қауіп­сіз­дік пен ынтымақтастықтың пәр­мен­ді тетігі ретінде сақтап, нығай­туға барынша септесуге ұмтылады. Ал тіпті бір сөзбен түйіп айтар болсам, Астана Саммиті Хельсинки рухын жаңа тарихи жағдайда қайта өрлетуді мақсат тұтады дер едім. – Қазақстан төрағалығы эква­тор­дан өтіп, сегізінші айға да аяқ бас­ты. Осы кезеңнің тәжірибесі нені көрсетті? – ЕҚЫҰ төрағалығын Мемле­кет басшысы стратегиялық ұлттық жоба деп атағанын білесіз. Бұл жобаның біздің еліміз үшін, оның болашағы үшін дәуірлік маңызы бар. Біз қазірдің өзінде ЕҚЫҰ тө­рағалығы елдің демократиялық дамуына қуатты қарқын қосқанын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға қозғау салғанын көріп отырмыз. Ұйымға төрағалық ету Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, пат­­рио­тизмін арттыра түседі. Төраға­лыққа дайындық барысында қолға алынған “Еуропаға жол” мемле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы сапалық жаңа белес болатындығы талас тудырмайды. Қазақстан төрағалығының түй­інді қағидаттарының бірі Ұйымның үш “қоржынының” бірдей етіп толтырылуы. Ол үш “қоржынның” біріншісі – әскери-саяси өлшем. Біз қауіпсіздіктің кеңістігін емес, қоғам­дастығын қалыптастыруға әуел бас­тан күш салып келеміз. ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі ретінде ұзақ мерзімді бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақ­тылыққа қол жеткізу, болуы мүмкін экономикалық және экологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде және баламалы жауап беру Қазақстан төрағалығының ерекше назарында тұр. Ал үшінші – гуманитарлық өлшем бойынша біз адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге атсалысудамыз. ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың жеті айы өткен шақта біз мүше елдердің Қазақстанның осы қадірлі халықаралық ұйымдағы саяси көшбасшылығына оңды бағалар беріліп жатқанын разылықпен айта аламыз. Әріптестеріміз біздің ха­лықаралық ұйымдардың күш-жігерін кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақ­тығыстық жағдаяттарды реттеуге сәтімен жұмылдырып отырғаны­мызды айрықша атап көрсетуде. – Кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақтығыстық жағдаяттарды реттеу дегенде көршілес Қырғызстанда қалыптасқан ахуал айтылып тұр ма? – Ол ғана емес. Біз төраға ел ретінде бұрынғы КСРО аумағындағы ұзақ уақыт шешімін таппаған қақ­ты­ғыстарды реттеуге де көп күш-жігер жұмсадық. Приднестровье, Таулы Қарабақ, Грузия-Осетия, Грузия-Абхазия қақтығыстары оңайлықпен, төрағалықтың бір жылында шешіле салатын түйіндер емес. Бірақ, үнқатысуға, текетіресіп тұрған жақтардың арасында мәмілеге келу жолдарын іздеуге барша қажыр-қайратты жұмсау, қақтығыстарды тарқатуға оңды алғышарттар жасауға болады және солай ету қажет. Біз осыған ұмтылудамыз. Көршілерімізге келсек, бәрінен бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ және Ресей президенттері Барак Обама мен Дмитрий Медве­дев­тің бірлесе отырып, Қырғыз­стан­дағы дағдарыстық жағдайды жақ­сар­туға жұмсаған күш-жігері осы елдің азамат соғысының от-жалынына орануына жол бермеді. Дүрбелеңге толы сол күндер мен түндерде біздің Елбасымыздың осы өңірдегі де, одан сырт жерлердегі де биік беделі, асқан абыройы айшықты көрінді. Күндер мен түндер дегенді әдейі айтып отырмын. Қырғызстандағы жағдай оқыс шиеленіскен тұста Пре­зидентіміз Вашингтондағы ядролық саммитте жүрген еді. Сонда күндіз сам­митте талқылауға қатысып, сөз сөй­леп, сұхбат беріп, өзге елдер бас­шы­ларымен кездесіп жүріп, түнде (бұл кезде бізде күндіз ғой) осы Қырғызстан мәселесі бойынша қайта-қайта Астанамен, Бішкекпен сөйлесіп, тапсырмалар беріп жатты. Дағдарысты сәтте АҚШ пен Ресей басшылары шиеленіскен түйінді тарқату, елдегі азамат соғысының алдын алу жөніндегі аса ауыр жұмысты атқаруды дәл Нұрсұлтан Назарбаевтан өтінді. Бауырлас ел ретінде де, ЕҚЫҰ тө­рағасы ретінде де біздің Қырғыз­станға көмек беруде атқарар ісіміз әлі де көп. Референдумның өткізілуі заң өктемдігін қалпына келтіру жолының алғашқы белесі ғана. Енді қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу, қиратылған нәрсенің бәрін қалпына келтіру керек. Міне сон­дықтан да Мемлекетіміз басшысы Қырғызстанның экономикалық тұр­ғы­дан қайта өрлеуінің бағдар­лама­сын ұсынды, оны екі ағайындас ел­дің үкіметтері қазірдің өзінде жүзеге асыра бастады. Президент Назар­баев­тың қамқорлық етуімен биылғы қыр­күйек айында Алматыда шақы­ры­латын халықаралық донор­лық кон­ференция осы мәселеге арналады. – Қазақстан төрағалығына сы­нақ болатын жайдың бірі – Ауған­стандағы жағдай. Өткен жылдың аяғында өзіңізбен сол елге шұғыл барып қайтқанда оған көзім жете түсті. Елбасымыз ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекеттер сыртқы істер министр­лерінің Ақбұлақтағы кездесуінде “Бүгінгі күнде Ауғанстанға қатысты ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиялық бағыты қажет екендігіне ешқандай күмән жоқ”, деген еді. Бұл бағыттың мәні неде? – Әлемде соңғы жылдары болып жатқан күрделі өзгерістер ЕҚЫҰ-ға мүше мем­ле­кет­терден, әсіресе, олар­дың басшыларынан, Ұйым жауап­керші­лігіндегі аймақта туындайтын жаңа қау­іп-қатерлерге лайықты шара қолдануды талап етеді. Нақты Ауған­станға бай­ланыс­ты айтар болсам, ЕҚЫҰ-ның ол елдегі басты мақсаты қарулы қарама-қарсылықты жасам­паздық жолға түсіруге жәрдемдесу дер едім. Ауғанстанды бүкіл ұзына тарих бойында ешкім де басып алып көрген емес. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы оқиғалар “ауған проблемасының” әскери шешімі жоқ екеніне тағы сендіре түседі. Сондықтан қазірдің өзінде, халықаралық коалиция күштерінің елден кеткенін күтіп отырмай, ауған халқын бейбіт өмірге дайындау маңызды іс. Осы мақсатпен Қазақ­стан еліміздегі орта маманданды­рыл­ған және жоғары оқу орындарында оқыту үшін биылдан бастап жылына 200 адамды шақырғалы отыр. Бұл үшін 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінгенін білесіз. Ауғанстанмен сауда-экономика­лық ынтымақтастықты дамыту, елге гуманитарлық көмек көрсету жө­нінде алда да көп іс атқарылады. Қа­зақстан жақында өзінің Сауда-өнеркәсіптік палатасының Кабул­дағы өкілдігін ашты. Ең бастысы – биылғы Астана Саммитінде Ауғанс­тандағы жағдай тақырыбы күн тәртібінің ең өзекті­лерінің бірі болмақшы. – Саммит тақырыбына қайтып оралайық. Оның осынша жыл өткізілмей келгенін Сіз қалай түсіндірер едіңіз? Астана форумында қандай мәселелер талқыланбақшы? – Расында да, ЕҚЫҰ-ның соң­ғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыс­тамбұлда өткізілген. Біздің алды­мыз­да төраға болған елдердің талайы өздерінің төрағалығы тұсында Ұйым саммитін өткізуді ұсынғаны белгілі. Бірақ олардың ұсыныстары қоғам­дастық тарапынан толық қолдау таппай келді. Неге? Себебі көп. Негізгі себебі ЕҚЫҰ-ға мүше елдер көшбас­шыларының деңгейінде талқылауға тұрарлықтай тақырыптардың жеткі­ліксіздігі сияқты. Осы уақыт ара­лы­ғында әлемде іргелі өзгерістер орын алды, өкінішке орай, олардың ара­сында бәрі бірдей жақсы өзгерістер емес. Қазір біршама беті қайта бас­таған жаһандық экономикалық дағ­да­рыс жаңа геосаяси және гео­эко­номикалық жағдаяттар туындату­да. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшылары осы қыр көрсетулер мен қатерлерге баламалы жауап­тарды бірлесе іздеп табатындай, біздің ұйы­мымыз қызметінің жаңа көкжиектерін анықтайтындай кез келді. “Қырғи-қа­бақ соғыс” уақы­тында дүниеге келген бұл ұйым өз тиімділігін арттыруға, дамудың жаңа деңгейіне шығуға тиіс. Біз қазір Саммиттің оңтайлы күн тәртібін қалыптастыру үшін Ұйым­дағы әріптестерімізбен күнбе күн жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірше оның негізгі тақырыптары Ұйым аясында қабылданған міндеттеме­лердің барлығын қуаттау; еуратлан­ти­калық және еуразиялық қауіпсіз­дік­тің болашағы, соның ішінде Кор­фу үде­рісі мен Еуропалық қауіпсіздік шар­тының жобасы; қару-жараққа бақылау жасау мен әскери саладағы сенім; жаңа сынақтар мен қатерлер­мен күрес; Ауғанстан мен Қырғыз­стандағы жағдай; адам құқы мен бостандығы, басқа да әмбебап құн­ды­л­ықтар сияқты мәселелер болатын шығар дегенді ғана шамалап айта аламын. Қазақстан Ұйым төрағасы ре­тінде қазірдің өзінде мүше елдерге Саммиттің сипаты, оның мақсат­тары мен күтілетін нәтижелері туралы өз пайымдамасын жеткізді. Алда тұрған жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ арқауына алынған қағидаттар мен міндеттемелерге біздің бәріміздің адалдығымызды, шын мәнінде біртұтас әрі бөлінбес қауіпсіздік қоғамдастығын құруға деген шынайы ұмтылысымызды танытады, осынау беделді халықа­ра­лық ұйымның қызметіне соны серпін береді деп сенемін. – Қазақстан дәл осындай кө­лемдегі әлемдік жиынды ешқашан ұйымдастырып көрмегені анық. Ұй­ымға мүше 55 елдің делегациясының сыртында Азиядағы, Жерорта теңі­зін­дегі әріптес елдеріміздің өзі бірқыдыру, байқаушы ретінде келетін елдердің делегациялары қаншама. Саммитке дайындықтың ұйымдас­тырушылық қырлары жөнінде не айта аласыз? – Астана Саммитіне дайындық, оны ойдағыдай өткізу ендігі жерде біздің Ұйымға төрағалығымыздың түйінді міндетіне ғана емес, сонымен бірге шын мәнінде жалпыұлттық басымдыққа айналғаны анық. Пре­зидент Назарбаевтың әділ айтқанын­дай, ЕҚЫҰ Саммитін – бүкіл кеңестен кейінгі кеңістікте мұндай ауқымдағы тұңғыш халықаралық фо­румды өткізу абыройлы міндет қана емес, ерекше жауапкершілік те. Ен­дігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгей­де өткізуді қамтамасыз етудің ма­ңы­зы зор. Біз үшін біздің қоғамымыз­дың толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі тұр. Қазақстанның бұл міндетті де тамаша атқарарына біздің ешқандай күмәніміз жоқ. – Бүгінде Қазақстан халықара­лық саясаттың бұрынғыдай жай қатысушысы емес. Қазір Қазақстан сол саясатқа белсенді ықпал жасай­тын елдердің қатарына қосылды. Алдағы Саммит бері қойғанда Еу­разия кеңістігіндегі, әрірек айтқанда бүкіл әлемдегі елеулі оқиғалардың біріне айналарына, мемлекетіміздің мерейін тасытарына, осындай мәр­тебеге қол жеткізген Елбасымыздың абыройын асырарына күмәнданбай­мыз. Ал енді нақты бір сұрақ. Сырт­қы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Астана Саммитінің өтер уақыты “жыл соңына дейін” деп белгіленген еді. Елбасымыз күні кеше ғана Астана Саммитін биылғы 1-2 желтоқсан күндері өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткенін мәлім­­­деді. Бұған байланысты не айтар едіңіз? –   Иә, 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министр­лерінің кеңесі Ұйым Саммитін Астанада өткізу жөнінде ресми шешім қабылдады. Қазақстан үшін жұлдызы биіктен жарқыраған сәулелі сәтте, алдағы оқиғаның тарихи маңызын ескере келгенде, Саммит шақыру жөніндегі шешімді дәл Нұрсұлтан Назарбаев­тың – ЕҚЫҰ-ны басқарушы ел басшысының, Қазақстанның осынау халықаралық аса жарқын жетістігін жасаған жанның жария еткені нағыз әділеттіліктің өзі болып шықты. – Саммит дайындығының қарбалас кезеңінде уақыт бөліп, сұрақтарыма тыңғылықты жауап қайтарғаныңызға алғыс айтамын. Алдағы ұлы жиынға табыс тілеймін. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ТҮРКИЯ, Бодрум.