Көгілдір Байрағымыз бен Әнұранымыз көк күмбезінде еркін қалықтаған қазіргі кезде халқымыз елі мен жерінің болашағын Елбасының сарабдал саясатымен байланыстырып, әлемнің барша мемлекеттерін тітіренткен қаржы дағдарысының салдарына қайыспас қайсарлықтарын қарсы қойып, биік белестерді бағындырумен келеді. Осындай сәттерде өмір болған соң кездейсоқ апаттар орын алып, қиындық алдан шығатыны бар. Ақсу ауданының Қызылағаш ауылындағы биылғы су тасқыны елді мекен халқына күтпеген жерден қасірет әкелді. Адамдар опат болып, жұрт баспаналарынан айырылды. Міне, бұл жағдайға барша қазақстандықтардың қабырғасы қайысып, ежелгі жомарт пейілінен айнымай, қолдағы барын беріп, ыстық ықыластарын білдірді. Қызылағаштықтар қиындықта жалғыз қалмайтынын танытып, еліміздің барша адамдары қайырымдылық көрсетуден шет қалмай, жұдырықтай жұмылды.
Көптің ісі қашанда берекелі болған ғой. Жермен-жексен болған бүтін бір ауыл қысқа мерзімде ертегідей жаңарып шыға келді. Осының өзі-ақ еліміздегі көп этносты халықтың ынтымағы мен бірлігін, достық ниетін дәлелдеді. Қандай қиын жағдайда болсын бірліктің жеңбейтіні жоқ екенін көрсетті. Осылайша берекелі елдің бетін ешкім қақпайтын жақсы қасиет орнығуымен ерекшеленді.
Қызылағаштықтар бүгінгі күні көрген қиындықтарын ұмытып, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтуда. Сәулетті елді мекендегі атқарылған жұмыс “Кеңесіп іс басқару – келелі елдің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі” деген халқымыздың жақсы сөзінің шындығы жаңа қырынан жарқырай танылды.
Ауыл тұрғындары Елбасымен кездесуі кезінде де елдің береке, бірлігі, ынтымағы жайлы айтып, алдағы күндерге деген ұмтылыс айқын көрініс берді.
Биыл бүкіл республиканы әбігерге салған су тасқынынан кейінгі лай көшкініне көмілген Қызылағаш бар-жоғы төрт айда жаңарып, жасарды. Елді мекен тұрғындары бастарына қиындық туған сәттегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандықтардың қамқорлық қолдауын ешқашан ұмытпайды. Облыс басшысы Серік Үмбетов қиын-қыстау кезде қуанышты күндердің көп күттірмейтінін, оны жақындатуға бүкіл халық болып атсалысатынын айтқан еді. Сөз бен істің арасында алшақтық болмады. Шілденің соңында соңғы қоныстойлары өтсе, күрделі жөндеу жүргізіліп, мүлде жаңарған орта мектеп пен емхана, полицияның тірек қосыны, Мәдениет үйі, үш қабатты ескі мектеп-интернат сәбилерге лайықталып, қайта жасалып, балабақша болып ашылуын ата-аналар қуанышпен қабылдады.
Қамыс пен саман кірпіштен салынған ескі үйлердің орнына сымбаты мен салтанаты келіскен, соңғы құрылыс материалдары пайдаланылып салынған сәулетті үйлер кімді болса да ризашылыққа бөлейді. Көшелер реттеліп, бақ отырғызылып, жолдар асфальтталды. Көшелердегі арықтарда су сылдырап ағып жатыр. Әр үйге ауыз су жеткізілді. Ауылға кіргеннен-ақ шатырлары күнмен шағылысқан, жасыл желек көмкерген Қызылағаш көзге оттай басылады. Кешегі жабырқаған көңіл, мұңайған жүздерге қуаныш үйірілді.
Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепке келген Нұрсұлтан Әбішұлын білім шаңырағындағы ұстаздар үлкен қошеметпен қарсы алды. Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов және Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко тасқыннан кейінгі Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыстары және жалпы түскен қаржы мен гуманитарлық көмек, ауылдың бас жоспары туралы мағлұмат берді. Елбасы білім шаңырағындағы орыс тілі мен бастауыш сынып, мультимедия, математика кабинеттерінің жабдықталуын көрді. Білім шаңырағындағы оқу корпустарына қосымша бір қабатты оқу орны мен қазандық жөнделіп, жаңаланыпты. Сондай-ақ физика, биология, химия, информатика, саз кабинеттері осы заманғы оқыту құралдарымен толық қамтылыпты. Бұрын технология сабағына арналған кабинет болмаса, қазір жас шеберлерге арналған арнайы сынып ашылған. Жаңаланған спорт залы мен жиынжай оқушылар мен ұстаздардың көңілінен шыққаны олардың жүздерінен байқалды.
Мектепті тасқыннан кейін қалпына келтіру жұмыстарының жобасын “Арлан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаса, қалпына келтіруді “АСК Ауылқұрылыс” ұжымы қолға алып, ғимараттың іргетасын қайта нығайту, қабырғаларының іші мен сыртының сылағын қырып, сырлау, әрлеу жұмыстары қомақты қаржы мен көп күш жұмсау нәтижесінде сәулетті ғимаратқа айналған. Осылайша күрделі жөндеуге бөлінген 226 млн. теңге белгіленген мерзімде тиімді игеріліп, шілденің соңына шаруаны тиянақтаған құрылысшылар мектепті пайдалануға берді. Мектеп аумағы толықтай абаттандырылып, гүлзарлармен көмкерілді. Мектеп жанындағы ашық алаңда баскетбол, волейбол, футбол алаңдары жасалды. Бүгін атқарылған жұмыстарға көңіл толады.
Кеңестер Одағы кезінде мұнда сәбилер мекені болмапты. Мектепке дейінгі балалар мекемесі жекешелендіру кезінде қолдан-қолға ауысып, жұмысын тоқтатқан екен. Тасқыннан кейінгі ауылды қалпына келтіру жұмыстары басталғанда осы мәселеге көңіл бөлген облыс басшылығы жергілікті тұрғындардың балабақша жайлы ұсыныстарын қолдаған еді. Нәтижесінде қараусыз қалған үш қабатты мектеп-интернат үйінің екі қабаты балабақшаға, үшінші қабаты жас мамандарға баспана ретінде қайта жасалды. Осы мақсатқа бюджеттен 180 млн. теңге бөлінген. Ғимараттың төменгі екі қабатындағы “Нұршуақта” алты топқа лайықталып жасалған балабақшада саз сабағына арналған бөлме, медициналық кабинеттер, асхана, кір жуатын орын, тұрмыстық қызмет көрсету және әкімшілік бөлмелері орналасқан. Аулада балалардың ойын алаңы бар.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев орта мектеп пен “Нұршуақ” балалар бақшасына жаңа “Газель” автокөліктерін сыйға тартты. Жас ұрпақтың ұлттық дәстүрге сай тәрбие алуы осындай мекемелерден бастау алатынына тоқталды.
Қызылағаш – көп этнос тұратын ауыл. Осындағы қасірет кезінде халық бірлігі, бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық қағидаттарына адал барлық этностар зардап шеккендерге көмек көрсетуге кірісті, әлеуметтік нысандарды салуға өз үлестерін қосты. Әсіресе республикалық ұйғырлар мәдениет орталығын, түріктердің “Түркия” қоғамын, әзірбайжан мәдени-қоғамдық бірлестіктері конгресін айрықша атап өткен жөн. Олардың өкілдері мол ақша қаражатын қосумен қатар құрылыс жұмыстарына тікелей қатысты. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдағы көп ұлтты, әрі көп балалы отбасыларында болды. Қызылағаш ауылындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын Зайцев Владимир Николаевич көп жылдан бері “Квитко” шаруа қожалығында механизатор болып істейді. Азаматтың отбасы көп ұлттың өкілінен құралса, бүгін бәрі үлкен шаңыраққа жиналыпты. Өзі поляк, әйелі Людмила украин ұлтының өкілі, қызы Александра қазақ жігіті Жандоспен тағдырын қосса, Олесясы кәріс жігіті Вадимге тұрмысқа шығыпты. Тағы бір айта кететін жай Владимирдің атасы Дмитрий, шешесі Галина осы Қызылағашта өмірге келген жандар екен. Екі қызынан немере сүйген олар бүгінгі күні төрт ұрпақтың басын қосқан. Отбасындағы жарастыққа адам қызығатындай. Владимирдің әкесі Николай және өзі, балалары Қызылғаштағы мектепте білім алыпты.
Елбасының арнайы отбасына келгеніне қуанышын жасырмаған Владимир мен Людмила өздеріне жасалған қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді.
– Су тасқыны болған сәтті ұмытпаймыз. Апатқа шамамен жарты сағат қалғанда құжаттарымызды ғана алып, ауылдан кетіп қалдық. Біз ғана емес, барша ауыл тұрғындары жапа шекті. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тікелей тапсырмаңызбен төрт айда ауыл қайтадан қалпына келтірілді. Өзім тұрған үйдің орнына тамаша баспана салынды. Осыған қоса тұрмысқа қажеттіліктердің барлығымен қамтамасыз етті. Бүгін-ертең мал әкеліп бермек. Бұдан артық қандай жақсылық болады, – деді отағасы.
Мемлекет басшысы Жастар көшесінде тұратын көп балалы Айдар Байзулиннің шаңырағындағы шаттыққа ортақтасты. Бір айта кетерлігі, олар жақында ғана ұлы Айдынды үйлендіріпті. Бұл – Қызылағаштағы алғашқы қуаныш. Жаңа отаудағы екі жас “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы аясында осындағы орта мектепте қызметке кірісіпті. Нұрсұлтан Әбішұлы олардың жаңа қоныстарына құтты болсын айтса, шаңырақ иелері алғыстарын білдіріп, ыстық ықыластарын арнады.
Облыс әкімі Серік Үмбетов Елбасын күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінің жұмысымен таныстырды. Нұрсұлтан Әбішұлы әсем ғимаратты аралап көріп, оның қызметкерлеріне сәттілік тіледі, ауыл өнерпаздарына пианино сыйға тартты.
Мемлекет басшысы бұдан соң ауылдың шығысындағы тасқыннан бақилық болған жандарға қойылған ескерткіш-монумент жанындағы қызылағаштық ардагерлер мен жалпы жұртшылықпен кездесті. Ескерткіш-монументке гүл шоғын қойып, тағзым еткен Елбасын халық асқан риза пейілмен қарсы алды.
– Құрметті халайық, қадірлі жерлестер! Бүгінгі сапардың мән-жайын білесіздер. Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде түрлі табиғи апаттар орын алып, қаншама халық зардап шегіп жатқаны белгілі. Қызылағаштағы жағдайдан кейін Үкіметке жедел тапсырма беріп, арнайы комиссия құрылып, үлкен жұмыстардың тиянағы келтірілді. 8 млрд. теңгеден астам қаржыға атқарылған жұмыс нәтижесінде ауыл қайта түледі. Бұл, біріншіден, мемлекет тәуелсіздігінің арқасы, екіншіден, оның күш-қуатын білдірсе, үшіншіден, елдің бірлігі мен ынтымағының нәтижесі деп бағалаған жөн. Барша халық бір жеңнен қол шығарып, жұмылуының арқасында қандай жұмыс жасалғанын көрдіңіздер. Сонымен қатар “Нұр Отан” партиясының бастамасымен әр адам бір күндік жалақыларын аударса, мемлекеттік компаниялар қорға қомақты қаржы құйды. Үкіметтің, облыс әкімінің, аудан басшыларының менің тапсырмамды орындауының және Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктері жауапкершілікті түсініп, жедел іс-әрекет етіп, техникаларды топтастыруының арқасында бүгін бір ауыл қалпына келтіріліп, жаңарды. Бар болғаны төрт айдың ішінде барлығы жаңадан 467 үй қайта салынды.
Жалпы, қазіргі әлемдік қаржы жүйесінде дағдарыс бар. Бос жатқан қаржы жоқ. Бірақ, мемлекет соған қарамастан, баршаңызға көмектесті, жағдай жасады. Осыны балаларыңызға, немерелеріңізге айтып, олардың елі үшін еңбек етулеріне атсалысуларыңыз керек. Ауылдағы халықтың жартысына жуығы ежелгі атамекенін аңсап, оралған қандастарымыз. Қазақстан әлемге шашырап кеткен қандастарын атамекеніне шақырып, басын қосып, бауырына тартып жатқан бірден бір мемлекет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Әрине, шеттен оралған ағайындардың Қазақстанның бүгінгідей гүлденіп, өсіп-өркендеуіне еңбектері сіңе қойған жоқ. “Жаман айтпай, жақсы жоқ” деген қазақтың сөзі бар. Мұндай үйлерде тұрамын деп ойлаған жоқ шығарсыздар. Жер жаннаты Жетісудың жаннат жерінде тұрып жатырсыздар. Ендігі жерде ел ішіне сіңісіп, үйреніп, бала-шаға өсіріп, жақсы өмір сүруге, осы елдің жарқын болашағына үлес қосуға ұмтылады, деп сенеміз.
Қызылағаш қазір ауыл емес, қаланың деңгейіндегі елді мекенге айналды. Ендігі айтарым, ауылды көркейтуді, абаттандыруды одан әрі жалғастырыңыздар. Мемлекетке қол жайып, қарап отыратын уақыт кетті. Сондықтан маңайларыңыздағы жерге егін егіп, тіршілік жасаңыздар. Жақын күндерде әр отбасына жылқы, ірі қара, 10 қойдан беріледі.
Мемлекетімізді сүю, Қазақстанның патриоты болу, тәуелсіздігімізді қолдау, жастарымызды оны қасық қаны қалғанша қорғауға тәрбиелеу – біздің міндетіміз.
Біз сіздермен қасиетті Рамазан айында кездесіп отырмыз. Алланың бізге деген шапағаты ешқашан таусылмасын. Бейбітшілік пен ел ішіндегі тыныштықтың арқасында, Қазақстанның байлығын халықтың алдына салудың арқасында біздің болашағымыз өте зор болады. Бәріміз соған атсалысып, қолдан келгенше тер төгіп, көмектесуіміз керек. Жастарды білімді болуға, жақсы оқуға тәрбиелеу керек. Себебі, бүгін білім бәсекесінен озған ғана табысқа жетеді. Білімді, білікті жастары көп мемлекет қана озық болады. Әйтпесе біз тағы да артта қаламыз. Алдымызда жұмысымыз көп. Мінеки, индустриялық бағдарлама жасап, Қазақстанды тек қана жер қойнауының байлығына қаратып қоймай, өңдеу саласы өркендеген елге айналдырайық деп талпынып, жаңаға бетбұрыс жасап жатырмыз.
Алматы облысының өзінде 16 жоба іске асырылуда. “Жол картасы” бағдарламасымен жолдар салынып, елді мекендерге ауыз су әкелініп жатыр. Осылайша халық жұмыспен қамтылуда. Жыл сайын жалақы мен зейнетақы көтерілуде. Бірде бір мемлекет мұндай ауқымды жұмысты жасап жатқан жоқ. Елімізді түрлі этностар мекендеп, қанша көп дін болғанымен, бірлігімізден айныған жоқпыз. Соның арқасында дүние жүзіне белгілі болдық. Алдағы кезде де осы құндылығымызды сақтайық. Қазіргі кезде Қазақстан өзге мемлекеттермен терезесі тең ел болды, ешкімнен кем емеспіз.
Алдағы уақытта әлем мемлекеттері басшыларының басы қосылып, ЕҚЫҰ-ның үлкен Саммиті өтпекші. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы. Қазақты ешкім танымаса, бүгінде әлем мойындады. Қазақстанның дәрежесі, қазақтың дәрежесі өсті. Сондықтан ата-бабамыздың төгілген қаны ақталып, ойдағы арманы орындалды.
Қоныстарыңыз құтты болсын деп айтқым келеді. Өткенге салауат айтып, алдағы жақсы істерге ұмтылайық. Тәуелсіз Қазақстан жасасын! Қазақтың көкбайрағы биікте желбіресін! Қазақтың маңдайындағы жұлдызы ешуақытта сөнбесін, деп тебірене сөйледі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұртшылықпен кездесуінде.
Көпшілік алдында Ақсу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Қасымбеков сөз алып, биылғы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен қызылағаштықтарға көрсетілген қамқорлыққа алғысын білдіріп, Елбасының келген қадамына сәттілік тілеп, жиналғандар атынан алғысын жеткізді. Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенті, ауыл тұрғыны Лескен Әлбатырұлы жырдан шашу шашты.
Қызылағаш қасіретін еңсеру, аз ғана уақытта жаңа ауыл салып шығу барлық этностардың қазақстандық патриотизмінің және азаматтық топтасқандығының жоғары деңгейін көрсетті. Жаңа ауыл бой түзеп, мұнда жаңаша қарым-қатынас қалыптасуы Мемлекет басшысы бүкіл тәуелсіздік жылдары жүргізіп келе жатқан ұлттық саясат елдің көп этносты тұрғындарын біртұтас халыққа біріктіргенін іс жүзінде дәлелдеп берді. Бүгінде Қазақстанның біртұтас халқы ортақ мақсаттармен және міндеттермен тыныстап, ортақ құндылықтарды негізге алып, өмір сүруде.
Қызылағаштықтар да барша қазақстандықтар секілді ертең Спорт күнін атап өтеді. Сондықтан да Елбасы кешегі жұмыс күнін Талдықорғанның көрікті ғимараттарының қатарынан саналатын жаңа әмбебап Спорт сарайын көруден бастады. Оның алдына жыр дүлділі Жамбылдың ұстазы, ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы деген құрметке ие Сүйінбай Аронұлының ескерткіші орнатылған. Елбасы облыс әкімі Серік Үмбетов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин бастаған өзге де ресми адамдармен спорттың көптеген түрінен жаттығулар мен жарыстар, салтанатты жиындар мен концерттер өткізуге лайықталған және жабдықталған сарайды аралады. Сарайдың екінші қабатындағы дзюдо залындағы спортшылардың кезекті жаттығуын өткізу сәтін көрді. Оқу-жаттығу ойындарын өткізген “Жетісу” кәсіпқой волейболдан қыздар командасының ойынын тамашалап, осында ауыр атлетикадан Қазақстанның құрама командасы мүшелерімен пікірлесті. Олардың арасынан алтыннан алқа тағып, көгілдір туды әлемдік олимпиадалар төрінде желбіреткен әлем чемпиондары Владимир Седов, Мая Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин бар. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов түсінік беріп жүрді. Архитектуралық жағынан көз қызықтырған сарайдың ішкі, сыртқы келбетіне ризашылығын білдірген Президентке спортшылар әлі де талай додаларда ел мерейін өсіретіндіктерін айтып, сендірді.
Күмісжан БАЙЖАН.
----------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.