Жуырда “Бірлігіміз жарасқан” акциясы аясында Кентау қаласындағы “Қамқор” балабақшасында жетім балалар мен жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған мейірімділік акциясы болып өтті. Бұл игі іске өндіріс орындарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Қала әкімінің орынбасары М.Қонысовтың атап өтуінше, Конституцияда көрсетілгендей, балалар – еліміздің тірегі, болашағы. Еліміздегі халықтың 30 пайызын балалар құрайды. Оларды дені сау, мейірімді, білімді, өз елінің нағыз азаматы етіп тәрбиелеуіміз керек. Қала әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев өз атынан қайырымдылық акциясына 30 мың теңге қосты. Өзге де қатысушылар мүмкіндігінше балабақшаға қаржылай және заттай демеушілік жасады. Нәтижесінде, 105 мың теңге жиналды, сондай-ақ 52 мың теңгенің ойыншықтары мен заттары сыйға тартылды. Түскен қаржыға жетім және жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға киім-кешек пен ойыншықтар алынатын болады. Акция соңы балабақшаның жас жеткіншектері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Қайрат ҚУАНЫШБЕКҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы.