• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
18 Тамыз, 2010

Жамбылдың жампозы – Олимпиада чемпионы!

527 рет
көрсетілді

Ер қуанышы – ел қуанышы! Жасөспірімдер арасындағы тұңғыш жазғы Олимпия ойындарында Тараз қаласының тумасы, жас балуан Жә­нібек Қандыбаев 69 кг. салмақта төрт рет кілемге шығып, ел спортшы­ла­рының атынан алғашқы алтын ме­даль­ға ие болды деген қуа­нышты ха­барды ести салысымен күрес түрле­рінен ол­им­пиада жеткіншектерін да­ярлайтын мамандандырылған облыс­тық №7 балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт мектебіне қарай құстай ұштық. Мектеп директоры әрі Жәнібек­тің бабына жауапты бапкерлердің бірі, спорт шебері Кенже Науатов шәкір­тімен бірге Сингапурде жүр екен. Бізді директордың орынбасары Қоныс Тұраров пен Жәнібектің әкесі Жұмасейіт Қандыбаев қарсы алды. Бір-бірімізді құттықтап, қауқылдаса амандасып жатырмыз. Жәнібек 1993 жылы 28 желтоқ­сан­да дүниеге келіпті. Грек-рим күресінен спорт шебері. Мәскеу Олимпиадасы­ның жеңімпазы, балуан Жақсылық Үшке­мпіров жүлдесіне арналған ха­лық­аралық жарыстың жеңімпазы. Ре­сейдегі ағай­ынды Самургашевтар жүл­десіне арналған халықаралық жарыс­тың күміс жүлдегері. Әкесі Жұмасейіт пен мектеп директоры Кенже Науатов және Рысбек Нұрғазин жеке бапкер­лері болып шықты. Ал жас балуанды Сингапур сынына бас бапкер Серік Жұмашев дайындаған. Жасөспірімдер арасындағы Олим­пиа­даның тұңғыш чемпионы спорт­тағы алғашқы жолын 2004 жылы Тараз қала­сындағы “Дәулет” кәсіптік спорт клубы­нан бастапты. Бұл мектепке оны алғаш рет спорт шебері, балуан ағасы Нұрбек жетелеп апарған екен. Ал жалпы білімді облыс орталығындағы №45 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияда алып, күрес өнеріндегі бабын арттыра түсу үшін жоғары сыныптарды Аста­надағы Қажымұқан Мұңайтпасов атын­дағы спорттағы дарынды балаларға ар­нал­ған республикалық мектеп-интернатта бітіреді. Сөйтіп туған қаласы Таразға келіп, жоғары оқу орнына түсті. Қазақтың “Бап шаба ма, бақ шаба ма?” деген сөзі, тегінде, рас. Әйтпесе, бұл дүбірлі додаға Әбунасыр Нышанов деген талантты балуан баруға тиіс екен. Олим­­пиада жолдамасын сарапқа салатын Таш­кент турнирінде жеңіске жеткен ол, өкі­нішке қарай, Түр­киядағы халықаралық жарыста қолын жара­қаттап алыпты да, жол Жәнібекке бұйырыпты. Жәнібек те “дайын асқа тік қасық” емес, ел жасөс­пі­рім ба­луан­дары арасында “екінші нө­мірлі балуан” деген аты бар. Дегенмен, ол өзінің басты бәсекеге лайықты екенін Азия чемпионын жеңе отырып дәлелдейді. Сонымен қазақстандық жас жампоз Сингапур Олимпиадасының боз кілемін­де ә дегенде колумбиялық Карлос Валор­ды, одан кейін беларусь Александр Не­даш­ковскийді 3:1 есебімен ұтты, никара­гуалық қарсы­ласы Жозе Гонсалесті 4:0 есебімен айқын жеңді. Ал ақтық белдесуде түрік балуаны Муса Гедиктен 3:1 есебімен айла­сын асырды. Сөйтіп, әлемдік спорт тари­хына алғаш рет алтын әріптермен жазылып отырған жасөспі­рім­дер Олимпиадасында чемпион атанып, осынау беделді атаққа тұңғыштардың бірі болып қол жеткізді. “Алып анадан туады”. Жәнібектің анасы Розаның мамандығы – есепші. Бүгінде ол өзінің кішкентай дүкенін “ермек” етіп жүр. Ал әкесі Жұмасейіт – Алматы дене тәрбиесі институтының түлегі. Кезінде ол да күрестен ел чемпионы атанған спортшы. Уыздай ұйыған тату-тәтті отбасы екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. “Әкеге қарап ұл өсер” деген. Екі ұл да Жұмасейітке тартты. – Чемпион ұлыңмен сөйлестің бе? – дедік біз Жұмасейітке. – Жоқ, – деді ол, – жеңіске жеткен күні Кенже телефон шалып, “Балаң чемпион болды!” деп құттықтады. Мен “Рахмет!” дегенше, телефон үзіліп кетті... Жұмасейіттің жүзінен қуаныш та­­бы әлі басылмаған. Толқып жүр. Қуа­­нып жүр. “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деген осы да. Ал Зульфия Чиншанло (58 кг. дейін) 225 кг. көтеріп, күміс жүлдеге ие болды. Кеше бет қатталып жат­қан­да ауыр атлетикадан 242 кг. зілтемірді басынан асырған Жазира Жапаргүл (63 кг.) Олимпиада чемпионы атанды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Тараз. Суретте: Жас балуан Жәнібек Қан­ды­баев.