• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

Ар алдында аласармаған

634 рет
көрсетілді

Биылғы жылы қоғам және мәдениет қайраткері, әдебиет сыншысы, Алаштың ардақты азаматы Ілияс Омаровтың өмірден озғанына 40 жыл болды. Заманалар көшінде уақыт қанша зымырап өтсе де халқына еткен қызметімен жұртының жадынан өшпейтін есімдер бар. Солардың бірі Ілияс Омаров еді. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды өткен ғасырдың басында өмір сүрген Алаш асылдарын айтпағанда, бергі замандағы Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтерді көрмеген тұтастай бірнеше жаңа буын бүгінде қалыптасып үлгерді. Олар ұлтына қалтқы­сыз, бар жан-тәнімен адал қызмет еткен осы қайраткерлер тура­сында не біледі, осы кезеңнің перзенті менің өзім не білемін деген сауал төңіре­гін­де біраз ойландым. Біз­дің тануымыз олар жайында жазылған мақалалар мен есте­лік­терден, өздерінің артында қалдырған ең­бектерімен таны­су­дан тұрады екен. Ен­деше, Ілияс Омаров жайында өзім білге­нім­ді оның көзін көр­ген тұстастары барын­да айтып беруге ты­ры­сайын. Бір қарағанда, апыр-ау, көрмеген адам турасында қалай жазбақшы деген де сауал туындауын жоқ­қа шығармаймын. Бір­ақ, осы тұлғаны жазу арқылы, егер хал­қыңа қызмет ете білсең, сені келер бу­ын ұмытпайды екен-ау өмірден кетсем де, танымайтын ұрпақ өкі­лі де елеп-ескеріп, ескеріп емес-ау, құр­меттеп есіне алады екен-ау деген ой за­мандастарыма жетсе деген тілегім де бар екенін жасырғым келмейді. Сталиндік репрес­сия мәшинесі ай­нал­ғанда ГУЛАГ лагері­нің тұтқыны, кейін босаған соң Абай атын­дағы опера және балет театрының ре­жиссері болған, көр­некті режиссер Наталья Сац өзінің “Менің өмірімнің новелласы” атты кітабында: “Ілияс Омарұлымен 15 минөт сөйлескен­нен кейін мен бар қазақты бірден жақсы кө­ріп кеттім. Оның жоғары мәдениеттілігі, ізеті, сұхбаттасушысына деген құрметі, ме­нің Қазақстанға келуімнің осында шығар­машылық пайда әкелетініне деген сенімі қандай!” деп Ілияс Омар­ұлы­мен алғашқы кездесуі турасында риясыз таза пейілін, ол кісіге деген үлкен құрметін жет­кізген екен. Ал 1967 жылдың 3 мау­сы­мында жазушы Юрий Казаков: “Қымбатты Ілияс Омарұлы! Әбдіжәміл Нүрпейісовтен жаңа қызметке тағайындалғаныңызды есті­дім, сізді шын жүректен құттықтаймын. Және сонымен қатар қазақ мәдениетін де құттықтағым келеді, әйтпесе, мәдениет ми­нистр­ліктерінің барлығы бірдей мәдениетті ми­нистрлерімен мақтана алмайды. Қазақ достарым үшін керемет қуаныштымын, және өзімнің қазақ еместігіме өкініп қал­ғандаймын...” деп жазады. Ілияс Омаровты өмір бойына қадірлеп өткен жандардың бірі Ғабит Мүсірепов болыпты. Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков Іле ағаң қайтыс болғанда Ғабеңнің қатты егілгенін “Егізімнің сыңары еді, мен содан айырылып тұрмын”, – дегенде денесі қозға­лақтап, қисайып барып әрең түзелгенін жазыпты. “Мен Ғабеңнің қасында жүріп, оған бірнеше жақын адамның қазасын көрдім, бірақ мұндай еш уақытта егілген емес еді. Мінберден оны сүйесіп түсірістім де, бір көлеңкелі теректің түбіне келіп отырдық... “Бұл – қазақтағы алтаудың біреуі еді, өзгесін айтуға болмайды, ешкім сұ­ра­майды да” деп маған немесе маңайын­дағыларға емес, әлдеқандай көзге көрін­беген біреуге айтқандай, өзімен өзі сөй­легендей кейіпке түсіп еді. Кейін көп уақыт өткенде барып, Ғабеңнен сұрағанымда, ақыл емес, жай жобалап қана аңғару есебінде былай деп еді дейді. – Сен жұмыртқаның ішіндегі сары уызды білесің ғой, мына ұлттың, халықтың өзі де бір тұқым болса, соның да уызы болады. Ол тұрғанда ешбір ұлт құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды. Оны тірі пендеге білдірмейді, ол құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, жер, ауыл дегендерді қозғамайды, бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғары түріне жатады. Олардың түпкілікті есімі не тізімі болмайды, бірі өлсе, біреуі туып, алмасып жатады, – деп тұспалдап қана аңғартқан еді. Және өзінің оған қосыла алмайтынын білдірген еді...” – дейді Ғафаң. Ал Ғабит Мүсірепов өз естелігінде Ілияс Омаровтың жиырма жасынан бастап қоғамдық істерге белсене араласып, екі рет министр, екі облыстық, екі рет өлкелік пар­тия комитеттерінің хатшысы болғанын айта келіп: “Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Қайда да жауапкер, қайда да іскер, қайда да заманымыздың үлкен қайраткері, қадірлі азамат қалпынан өзгермей танылатын. Орын оны көркейт­пейтін. Орынды ол көркейтетін. Ілияс бір орыннан екінші орынға ауысқанда істес болған адамдары құшақтасып қоштасатын да, баратын жерінің адамдары құшағын жайып қарсы алатын. Еш уақытта ешбір қызметте Ілиястың артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, сықақ-келемеж ере жүрмейтін еді. Айтқанын орындамай құтылар бойтаса іздемейді, уәдесін парыз-қарызсыз орындап тынады. Ешкімнен алғыс та күтпейді, ешкім оған қарыздар да емес. Қайта алғыс айта бастасаң, қысылып қалады. Марқұм Ілияс Омаров осындай азамат еді” деп жазса, енді бірде “Тазалықтан ғана, бауыр­малдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейі­рім­діліктен ғана жаралғандай, азамат арына – адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар... Үлкен қатарында кіші емес, кіші қатарында үлкен емес бір ғажап жан еді-ау!” депті. Көзі тірісінде қазақтың марқасқала­рымен қимас дос болған Омаровтың енді бір қымбаты – Баукең – Бауыржан Мо­мыш­ұлы болыпты. Бірде Баукеңнің сөз­дерін ауырсынған бір құрдасы Іле ағаға: – Досысың ғой, мінезін жөндесеңші, – дейді. – Осы мінез жойылған күні сендерге Бауыр­жан да жоқ деген сонда Омаров. Ал Баукең болса, 1962 жылдың 19 желтоқ­санында “Артымызда Москва” атты кітабына “Аи эм глэд ту си ю! Аи лайк ю вери матч! Бұл шындық. Өмірден жасы кіші бұрын өте ме, жасы үлкен бұрын өте ме, бұл біздің құзыретіміздегі шаруа емес. Бірақ менің сенің артыңда қалғым келмейді!” деп жазған тілегінің астарында қимастық пен азаматтың қадіріне жеткен қаншама кісілік жатыр десеңізші! Ілияс Омаровтың адамгершілік кел­бетінде бүгінгі қоғам биікке көтеріп отыр­ған демократия мен биік мәдениет жатыр. Ол маңайындағы адам­дардың барлығы­на, мейлі ол қызмет­тес пе, өз туысы, от­ба­­сы­ның адамы ма, әлде ел­ге пайдасы тие­ді дейтін зиялы қауым­ның бір өкілі ме, бә­рібір ол ешкімді бөліп-жармай бар­лы­ғына біркелкі жаны­ның жылылығын се­бе­лепті. Жақындары да: оның көңіл күйі­нің өзгеріс­те­рін бай­қау мүмкін емес бо­ла­тын. Өйт­ке­ні, ол ма­ңайын­дағы адамдар­дың көңіліне бір кір­бің түсіргісі кел­мейтін, есесіне ол адам­дар­ды әркез тың­дау­ға, көмек беруге, қолұшын созуға үнемі әзір болатын. Ол қара­пайым еңбек адамы ма, биік мансап иесі ме, орден алған үлкен марапат иесі ме, атақты ғалым ба, әңгімесін, айтар ойын аяғына дейін тың­дайтын және отбасында осы қалы­бы­нан айнымаған дейді. Зайыбы Гүлшат Мұ­хамедсақиқызы “Еріммен отыз бес жыл отас­қанда қабақ шытысқан бірде-бір күні­міз болмады, ол – тұнып тұрған жақ­сы­лық­тан жаралған адам еді, несін айтасың, тек өмірден ертерек кетті”, десе, “Адам­гер­ші­лігінің ірілігі ғой, Ілияс өзінен гөрі өзге­нің қуанышы мен бақытын көбірек қастер­лейтін. Достың, жолдастың жетістігін көрсе, ба­лаша қуанатын, жаны жайнап, жайқалып ке­тетін”, деп жазады кезінде ҚазҰУ ректо­ры болған тағы бір досы ғалым Асқар Закарин. Айтқандай, Іле ағаңның өмірлік жары­мен қосылуы да оның сол жас кезінің өзін­де адамгершілік қалыбынан айнымағанын көрсетеді. Аш-жалаңаш жүріп, Ташкенттегі Ортаазиялық мемлекеттік университетті бітір­ген соң Қызылордадағы сауда техни­кумына директор болып келген Ілияс Ома­ров бірінші гильдиялы көпестің, яғни тап жауының қызы Гүлшатты ұнатады. Екі жас үйленетін болады. Бірақ та оның бұл ісі “қырағы” партия назарынан тыс қал­майды. Іле аға сол жолы партия билетімен қоштасқан, бірақ таңдап қосылған жарына адалдығынан айнымапты. Тағдыр оның адалдығын, айнымасты­ғын мұнан кейін де талай рет сынға салған екен. Сондай ауыр сын оған 1940 жылдары Қазақстан КП-ның идеологиялық хатшысы кезінде төнген еді. І. Омаров Ермұхан Бек­маханов жазған “Қазақ ССР тарихы” атты екі томдық іргелі еңбектің редакторы болып, кітап жарық көреді. 1949 жылдың 11 қазанында Мәскеуден атақты академик Анна Панкратовадан хат келеді. (Ол хат күні бүгінге дейін Орталық мемлекеттік архивте сақтаулы.) “Тарихшылар арасында кейбіреулердің қазақ тарихын кемсіткісі ке­летіні бар. Неге грузин патшасы мен өзбек ханы дәл қазақтардағыдай жағдайда озық ойлы болып есептеледі де, ал қазақтар Абылай мен Кенесарыға неге күйе жағуы тиіс? Мен қазақ тарихындағы көрнекті қай­рат­керлерге кері тарихи баға беру жолы­на түсе алмаймын. Оның үстіне ондай сын­шылар өздерінің жасаған қорытынды түйін­дерін ешқандай тарихи құжатпен, дерекпен дәйектемейді”, – дейді ол. Өзі құрмет тұта­тын ғалымның хаты Ілияс Омаровты қатты қуандырады. Оны Жұмабай Шаяхметовке көрсетеді. Алайда екі жыл өтер-өтпесте қа­зақ ұлтшылдығы жайында әңгіме қозғалып, өрескел саяси қателік жіберген Ермұхан Бек­маханов пен Бек Сүлейменов “халық жау­ларының” қамытын киіп, лагерьге айда­ла­ды. Бекмахановтың Панкратова мен Ома­ровты қаралауға бармай, қиындықты қайыспай көтеріп, тұтқын татар дәмді та­тып, әйтеуір кейін аман-есен елге оралғаны аян. Бірақ осыған қарамастан, Қазақстан КП бюросында ҚКП хатшысы І.Омаровтың жіберген қателігі турасында мәселе көтері­летін болады. Сонда Жұмабай Шаяхметов Ілияс Омарұлына Мәскеуден Сталинге өте жақын сенімді адамның қоңырау шал­ғанын, оның Омаровтың тарихшы болма­ған­дықтан Панкратовадай іргелі ғалымның жетегінде кеттім деп айтуын ал Пан­кра­товадай әлемге аты белгілі әрі Сталинмен сонау Азамат соғысы жылдарынан таныс, 1946 жылы Сталиндік сыйлық алған ға­лымға ештеңе болмайтындықтан басын арашалағаны жөн деген әңгіме айтылады. Алғашында таңданғандықтан үнсіз қалған Ілияс Омарұлы артынша өзінің ондай сатқындыққа бара алмайтындығын айтады. Бір күннен кейін болған ҚКПОК бюро­сын­да қазақ ұлтшылдығы сыналып, Абы­лай, Кенесары атына бес батпан қара күйе жағылады. Сөз кезегі Ілияс Омаровқа кел­генде ол өзінің Бекмахановты тарихи фак­тілерге адал да кәсіби тарихшы деп біле­тінін, ал оған кінә таққандардың жалған ғы­лыми ұғымдармен адасушылар деп пай­ым­дайтынын айтады. Осыдан кейін бюрода нағыз у-шу болып, аяғы Омаровтың қыз­меттен кетуі туралы шешім қабылданады. Шын достар сыналып, күні үшін жүргендердің тайып кететін кезеңі жетіп, Іле ағаң бір жыл үйде отырады. Тіпті, қатаң репрессиялық шаралар да қабылдануы мүмкін еді. Сол кезеңде қасынан табылған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Те­мір­бай Дарқанбаев, Мәжікен Бутин, Әмір Ержанов, Асқар Закарин, Бөлебай Иса­бе­ков, Николай Анов, Евгений Бруси­лов­ский, Максим Зверев, Ахмет Әділов, Дми­трий Снегин, Серке Қожамқұлов, Рахымжан Баймолдин, Қадыр Қонақов, Рахымжан Мусин Ілеғаңның көңіліне қаяу түсірмеуге тырысыпты. Омаровтың адамгершілігінің тағы бір көрінісі – кейін өзіне сырт бергендердің, оның ішінде бюрода партбилетін тап­сыру­ды айтқан адамды кешіруі. Отбасындағылар мен жанашыр достары: “Неге, өзіңе жаман­дық жасаған адамның өзін кешіре бере­сің?” дегенде: “Адамдар– заманның құлы, ол емес, бұған осындай жүйенің өзі кінәлі. Барлығын халық көріп отыр. Ал жіберген қателікті кешіру – ердің ісі”, – деп өзінің тағы да Ілияс Омаров екендігін танытқан. Өмірде Ілекеңнің алдына барып, бол­маса оған хат жазып, өздерінің басындағы мұң-мұқтаждарын айтып үлкен жүректі азаматтың шарапатын көргендер қаншама десеңізші. Жалаң сөз болмасын деген ниетпен бір-екі мысал келтірейік. Бірде Жоғарғы Кеңестің депутаты І. Омаровқа Алматы облысының Ұзынағаш ауылының тұрғыны Хасан Аушев ақсақалдан өтініш хат түседі. Онда ақсақал өзінің 1919 жылғы Азамат соғысына қатысып, деникиншілер­мен соғысқан ардагер екенін, қазіргі күні кемпірі Патимат екеуінің есігінің алдын­дағы бақшасының өнімімен ғана күнелтеті­нін, ал осы облыстың Шелек ауданында тұратын баласы Бесланға (Руслан Аушев­тың әкесі) аудан аумағынан шығуына рұқсат етілмеуіне байланысты қиындық көріп отырғандарын жазады. Осыдан кейін Хасан қарт зейнетақысын алып, баласы Беслан қасына көшіп келеді. Ал Ғафу Қайырбековтің естелігінде кел­тірілген мына бір мысал да артықтық ете қоймас деймін. 1962 жылы “Қазақ әде­биеті” газетіндегі қызметінен кетіп, үйде оты­рың­қырап қалған Ғафаңа қадірлесі Бөле­бай Исабеков телефон соғып: “Сен мына жағдайыңды айтып Ілекеңе барсай­шы, саған қарап отырған қыруар адам бар, жұмыссыз қиын ғой”, – дейді. Оған Ғафаң қазір ол кісінің өзі де жұмыстан шеттең­кіреп жүр ғой және аралас-құраластығым жоқ дейді. Сонда: “Біріншіден, – деді Бө­лекең, – Ілекең сені біледі екен. Мен ол кісімен жолдас, дос адаммын, бір әңгі­ме­де байқағанмын, екіншіден, – деді енді ны­­ғарлай сөйлеп, – есіңде болсын, шыра­ғым, Ілияс Омаров деген кісі қай жерде, қай қызметте отырса да – бәрібір Ілияс. Оны бүкіл қазақ интеллигенциясы сый­лай­ды, құр­меттейді. Жәй қызмет аты бол­ма­са, ол кісі отырған жердің бәрі биік, ұмыт­пағайсың, деген соң Ілекеңе барға­нын, ол кісінің Нұрымбек Жанділдинге кіргіздіріп, шаруасының оң шешілгенін айтады. 1953 жылы Ілияс Омаров Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқиды. Сондағы ұстаздар тыңдаушының білімділігіне, ойы­ның тереңдігіне, еңбекқорлығы мен әде­биетпен жұмыс жасау қабілетіне таң-та­маша қалады. Жоғарғы партия мектебіндегі екі жылдың ішінде Мәскеудегі зиялы ортаны аузына қаратқан І.Омаров оқуды “өте жақсы” деген бағамен аяқтайды. Енді оны Солтүстік Қазақстан обкомына бірінші хатшы етіп жібереді. Мұнда Іле ағаңның арқасында ұмыт бола бастаған айтыс өнері қолға алынады. Ол облыс басшысының күнделікті қым-қуыт тірлігінің арасында “Кітап – мәдениеттің қуатты құралы”, “Ескі мұра жаңа мазмұнда” деген сынды халықтың рухани өміріне қажет мәселелер турасында ой толғап, мақалалар жазады. Солтүстік Қазақстанды басқарған 5 жылдан кейін Алматыға оралып, 1 жыл Ми­нистрлер Кеңесінде жұмыс жасап, онан мемлекеттік Басжоспарлау басшы­сы­ның орынбасары, кейін бірінші орынбаса­ры болады. Сол жылдары Ілеға жазған бір хатқа үңілейікші. “Құрметті Қайнекей! Қаптаған цифрлардың арасынан кейде мойнымыз көтерілсе, еріксіз көзіміз әде­биетке түседі... Сүреңсіз, сүзектен тұр­ған­дай жүдеу, аш мысықтай арық өлеңдерді көргенде жүрегің айниды. Ұйқас жүйесімен құрастырылған, ілінген бірдемелер. Асыл тастай жарқырап тұратын өлеңдер де кездесіп қалады. Ондай кезде өзің жаз­ған­нан кем қуанбайсың. Өзім Алтайды жақсы көретін болған соң “Алтай аясы” деген өле­ңіңді зейін қойып оқып едім. Әр жерінен астын сызып, “бюрократтығымызға” салып бұрыштама жазып қойып едім... Менде жай жата бергенде не қажет бар деп, осы үзін­діні өзіңе жіберіп отырмын. Менің барлық бағам – бұрыштамада айтқаным. “Жол түсіп араласаң Алтай маңын, /Көресің тар­лан таудың қартайғанын,/ Тентек жел, долы нөсер әжім салған,/ Жартастың ты­нығуға жантайғанын./ Мінеки, тарихи шындық, көркем теңеулер осылай жым­дасуы керек. Сонда ғана өлең поэзияға айналмақ, поэзия қоры байымақ. Тек поэзияның қарышы мол болғанда ғана бір ауыз өлең мен шағын романдық өмірді беруге болады. Артық кетсе де айтайын: осы төрт ауыз өлең – әдебиет табысына лайықты сый. Автордың өзі қиып алып қойғанынан, оқушының қиып алып авторға жіберген үзіндісі қымбатырақ бола ма деп отырмын”, – деп ақын Қайнекей Жар­мағамбетовке хат жазып жіберіпті. Өзі айтқандай, қаптаған цифрламен жұ­мыс жасаған жылдары ол кісіге бірде Қазақстан комсомолы ОК бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еліміздегі клубтар мәселесімен алдына барады. Сонда Ілеға: “Бірлесіп қимылдасақ, клуб салына жатар. Дегенмен, менің саған айтар басқа бір тіле­гім бар. Қазір әдебиетке Олжас Сүлей­менов, Тұманбай Мол­да­ғалиев, Сәкен Жү­ні­сов секілді жастар ке­ліпті. Егер мен бір­деңе түсінетін болсам, бо­ла­шақта әде­биеттің құ­ла­ғын ұстайтын осылар болады. Менің жағ­дай­ым­да әдебиет мәсе­ле­леріне араласа берге­нім­ді біреу түсінсе, бір­еу түсіне бермейді. Сен осыларға қамқоршы болсаң болар еді”, де­генді айтады. “Абзал ағаның тапсырмасын алып, біз жас әдебиет­шілермен тікелей ай­налыса бастадық”, деп жазыпты өз естелігінде Өзаға. Осы жылдардағы Іле­кеңнің атқарған жұмысы жайлы белгілі экономист Жарысбек Әбуталыпов ол кісі елі­міз­дегі экономикалық реформаның бас­тау­ында тұрып еді. Ома­ров­тың бастамасымен экономикалық зерттеу институты ашылып, ал орталық аппаратта жаңа жобалау әдісте­ме­лері бөлімі ашылды. Сол жылдары Іле аға “Енді бір 20 жылдан кейін КСРО-ны ауыр экономикалық соқ­қы­лар күтіп тұр. Ұзаққа созылатын осы эконо­ми­калық дағдарыс алып державаның бо­ла­шағына қауіп төн­дір­мек. Адамзаттың да­муы ортақ диалекти­ка­лық спиральға негіз­делген, ал Сталин осы спиральды зорлықпен түзеді. Бұл 20-30 жыл­дың ішіндегі қысқа мерзімге ғана жүрмек, ал әрі қарай заңдылық өзін күштеп өзгертуге жол бермейді”, деген екен. 1967 жылы І. Омаров Мәдениет ми­­нистрі болып бекітілгенде одақтық Бас­жос­пар­лаудың бастығының орынбасары, ака­демик Николай Некрасов: “Қалайша, осын­шалықты кәсіби экономист маманды мәдениет саласына жіберген”, деп кәдім­гідей ренжіп, Д.Қонаевқа телефон шалмақ болыпты. Сонда оны Іле ағаңның өзі тоқ­татып, “Бұған тек өзім кінәлімін, Қонаевқа мәдениет саласының жұмысын жақсарту мен реформалау жайында жиі ұсыныс жа­саған едім” деп академикке басу айтыпты. Ал Ілияс Омаровтың Мәдениет ми­нистрі болған кезеңі қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін айтулы жылдар болды. Ғазиза Жұбанова өз естелігінде: “Мен Іле аға қатыспаған бірде-бір опера мен балеттің, симфония немесе ораториидің, драмалық спектакльдің, болмаса эстрада­лық концерттің премьерасын білмеймін. Ол жазушылардың, композиторлар мен суретшілердің барлық жаңа туындыларын біліп отыратын. Шығармашылық адамдар­мен жиі араласып, олардың алдында үлкен беделге ие еді”, деп жазады. Министрліктегі жұмыс кабинетіне әлі ақталмаған Темірбек Жүргеновтің суретін іліп қойып, Қанабек Байсейітовке: “Е, Қа­не­ке, менің министр, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы”, дейтіні де осы тұс. 1970 жылы осы ізгі жүректі, шын мәніндегі зиялы, биік мәдениет пен парасат иесі небары 58 жасында көз жұмды. Дүние­ден өтердегі жазған қоштасу хатындағы орындай алмай кеткен мұраты да халық өнері жайында болды. “...Туған халқымның мәдени өрісі, өскелең жолы және оның ғасырлар сақтаған аса бай мұрасын байланыстыра зерттеу еді. Мен бұл салада көп уақыт әрекет, қызмет еткенімді еске алғаныммен, ол істердің атқарылуға тиістісінен әлдеқайда аз болғанына өкінемін...” деп арманын да халқының мұрасымен байланыстырыпты. “Біз өкінішке орай, ол кісінің алдын көргеніміз жоқ... Соған қарамастан осы бір асыл ағаның рухы биік рухани тәрбиесін соңында қалдырған мұнтаздай таза мұрасы – жазғандары арқылы күні бүгінге дейін көріп келеміз, сондай азаматтық, адам­гершілік өміршең де өнегелі істеріне көз жеткізіп келеміз. Қолымызға еріксіз қалам алдырып отырған жәй да, сол жақсы ағадан көрген рухани тәрбие – жақсылықтың жанымызға жай таптырмағаны деуіңізге болады”, деп марқұм Сағат Әшімбаев жазға­нындай, ол кісінің алдын көрмеген, дауысын естімеген, тек жазғандарын оқып, тұстастары жазып кеткен естеліктерден пайымдап түйген ойымыздағы Ілияс Омаров бейнесі көлеңкесі мол, саялы, бұтағына келіп қонған мың сан құс ұя салар алып бәйтеректі елестетті. Ата-анасынан тым ерте қалса да тегінде бар текті ұл халқының қажетіне мықтап жараған асыл перзентіне айналыпты. Көңілдердің төрінен мықтап орын алған осы бейненің талайға үлгі болары хақ. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.