• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2010

Білімнің қиын жолында

635 рет
көрсетілді

Қазақстан жетістіктері бағалана бастады ХV ғасырда өмір сүрген фран­цуз­дың философы Франсуа де Ларош­фу­ке “біздің денемізге қа­рағанда ойы­мыз әлдеқайда жал­қау” деген екен. Расында да осыдан V ғасыр уа­қыт бұрын адамдардың көпшілігі, тіпті түгелге жуығы дене еңбегімен шұғылданғаны белгілі. Ол кезде ойға салмақ саларлықтай шынайы қажет­тіліктер дұрыс жетіле қойған жоқ еді. Ал енді қазір, яғни ХХІ ға­сырда адам үшін бір нәрсені біл­мей, ой­лан­бай жұмыс істеу мүмкін еместей жағдай қалыптасып келеді. Дене еңбегіне қарағанда ой еңбегі әлде­қайда басым түсуде және бұл үдеріс өте жылдам жүзеге асуда. Мәселен, ХХ ғасырдың соңына дейін дұрыс білім алмай-ақ өмір сүре беруге болатын. Ал ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңі ендігі дәуірдің тек біліммен, ғылыммен ғана алға жылжи­тын­ды­ғын көрсетіп берді. Адамзат қоға­мын­да қалыптасқан бәсекенің ең күрделі түрі білім саласына ауысты. Дүние дидарында жүріп жатқан осындай өзгерістерді тамыршыдай тап басқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім саласын жетілдіру ісіне барынша ден қоюда. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан на­рық­тық қатынастарға көшіп, бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, елдің басына қиыншылық бұлты үйілген 90-жылдардың басында еліміздегі әрбір баланың мектепке баруын қамтамасыз етуді әкімдерге мықтап тапсырып, олардың жұмысы осымен бағаланатындығын қатты ескерткен болатын. Сөйтіп қиын сәттің өзінен сүрінбей өттік. Қазір Қазақстанда сауатты адамдар барлық халықтың 99,6 пайызын құрайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының өлшемі бойынша республикамыз әлемдегі ең сауатты елдердің қатарына жатады. Жалпы білім саласында табысқа жету өте күрделі де қиын міндет­тер­дің бірі. Мұны алысқа бармай-ақ өз еліміздегі білім са­ласын реформалау ісінен аңғаруға бо­лады. Қазірге дей­ін еліміздегі бар­лық салалар негізгі реформалау кезе­ңі­нен өтті деп айта аламыз. Ал білім саласына келгенде осы міндет ең қиын шаруа, ша­ғыл­майтын жаң­ғақ­тардың бірі болып шықты. Дегенмен соған қарамастан Қазақ­стан­да соңғы 2-3 жылдың бедерінде көптеген шаралар жүзеге асты. Қан­ша­ма жаңа мектеп­тер салынды. Қа­зақ­стан ТМД-да ал­ғашқылардың бірі болып Болон және Лиссабон конвен­ция­ларына қосыла алды. Болон үдерісі дегеніміз еліміздің білім стандартын еуропалық талап дең­гейіне көшіру деген сөз. Ал бұл оңай міндет емес. Орталық Азияда осы міндет үдері­сі­нен көрінуге ұмтылып отырған бірден бір ел біздің Қазақстан екендігі көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстанның білім жүйесінде бұрынғы Кеңес Одағымен салыстыр­ған­да қазір көптеген өзгерістер бар. Ең алдымен білімді бағалау мен тек­серу жүйесінің өзгергендігінің өзі көп­теген жайдан сыр аңғартады. Қан­шама күрделі де қиын міндет­тердің бірі болып табылғанымен ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жүзеге асып, жақсы нәтижелер бере бастады. Бұл жүйе туралы бастап­қы­да әртүрлі пікірлер көп айтылған бо­латын. “Көш жүре түзеледі” де­ген­дей, кемшіліктер де болмай қал­ған жоқ. Бірақ жылдар өте келе оқу­шының білім деңгейін кең көлемде бағалауда бұл жүйенің неғұрлым қолайлы екендігі дәлелдене түсуде. Осы арқылы орта білім жүйесі мен жоғары оқу орындарына түсу мәсе­лесінің бұрынғы былық-шылық­тардан, сыбайластық жемқорлық, пара алушылықтан жедел арылып келе жатқандығын айтпасқа болмай­ды. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйе­сінің қалыпқа түсуіне Жансейіт Түй­мебаев бастаған Білім және ғылым министрлігі көп еңбек сіңіруде. Бәл­кім бұл мәселе министрдің біраз шашын ағартқан болар. Бірақ оның жемісті нәтижелерін халық, соның ішінде сабақты жақсы оқыған, өмір­ге деген талабы бар жан-жақты бі­лім жинаған озат оқушылар көретін болады. Олардың алдынан мемле­кет­тің адал да сапалы білім жүйесін құруға деген қамқорлығының нәти­же­сінде жарқын жол ашылады. Мұн­дай оқушының қазірдің өзінде ота­нымыздың алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірінде немесе “Бо­лашақ” бағдарламасының негізінде шетелдік оқу орындарының бірінде оқуға толық мүмкіндігі бар. Баланың қабілеті мен мүмкіндігін, еңбегін адал бағалай білген қоғам ғана ең әділетті қоғам деп айтуға лайық. Ел­ба­сының қамқорлығы мен қатал та­лабының нәтижесінде Қазақстанның білім беру жүйесі жоғары сатыға көтеріліп келеді. Ұлттық бірыңғай тес­тілеу жүйесі осындай қоғамды қа­лыптастыруға өлшеусіз қызмет етуде. Демек, Білім және ғылым министр­лігі жауапты қызметкерлерінің еткен еңбек, төккен терлері осымен ақталады. Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 107 543 түлек қатысты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 737 түлекке артық. ҰБТ бойынша орташа балл 84, 84 бірлікті құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10 бірлік шамасында артық. Ең көп орташа балл Астана қаласында (97, 43) болды. Павлодар облысында – 94, 36, Шығыс Қазақстан облысында – 93, 29 балды құрады. Демек, осы облыстағы оқушылардың да білім деңгейі басқаларға қарағанда жоғары екендігі белгілі болды. Ал неғұрлым төмен көрсеткіштерді Жамбыл облысы (76, 16), Ақмола облысы (79, 27), Қостанай облысы (80, 16) оқу­шы­лар көрсетті. Ең жоғарғы 125 балл­ды 43 түлек жинады. “Алтын бел­гіге” үміткер 3632 түлектің 3573-і тестілеуге қатысып, 2529-ы өз білім деңгейін дәлелдей алды. Жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті 50 баллды тестілеуге қатысқан 11 597 түлек жинай алмады. Тестілеу қорытындысы бойынша республикалық апелляциялық ком­ми­сияның қарауына 538 өтініш түсіп (өткен жылы 1 138 болатын), оның 117-сі қанағаттандырылды. Биылғы ұлт­тық бірыңғай тестілеу қорытын­дысының жетістігі ретінде оның дұрыс ұйымдастырылып, көп ың-шыңсыз өткендігін айтуға болады. Жоғарыда Қазақстанның білім саласында соңғы 2-3 жылдың айна­ла­сында көптеген өзгерістердің бай­қал­ғандығын айттық. Соның ішінде білім саласына бөлінетін қаржы кө­лемінің едәуір дәрежеде арта түс­кендігін тілге тиек етуге болады. Екіншіден, оқушыларға сапалы білім беруге негізделген президенттік интел­лектуалдық мектептер еліміздің әр өңірлерінде құрыла бастады. Биылғы жылы Астанада білім беру стандарты әлемнің ең озық жоғары оқу орындарымен сәйкес келетін Нұр­сұлтан Назарбаев атындағы Аста­на университеті ашылды. Олар қо­сыла келіп еліміздегі білім сапа­сын арттыруға тың серпін беруге тиіс. Елбасының тапсырмасына сәй­кес мектепке дейінгі білім мекеме­лерінің, балалар бақшаларының са­нын арттыруға бағытталған “Бала­пан” бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Осы бойынша еліміздің қалаларында балалар бақшаларының саны арту үстінде. Оның үстіне жуықта респуб­ли­ка­дағы білім сапасын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мем­ле­кеттік бағдарламасының тұжы­рым­дамасы әзірленіп, Үкіметте оның тұсаукесері өткізілді. Отырыс барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тұжырымдаманы айтылған ұсыныстармен жетілдіре түсу жөнін­де Білім және ғылым министрі Жан­сейіт Түймебаевқа тапсырма берді. Ол тапсырмалар білім саласындағы мемлекет-жеке меншік әріптестігін нақтыландыру, білім сапасын бақы­лау ісіне азаматтық қоғамды неғұр­лым кеңірек тарту, тілдерді дамыту, ақпараттандыру жүйесін дамыту мәселелерін қамтыды. Бағдарламаны жүзеге асыру екі кезеңге бөліп қарас­тырылады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды қамтиды. Осы үшін мемлекеттік бюджеттен 527, 04 мил­лиард теңге қосымша қаржы қарас­тыру көзделеді. Қазақстанның білім саласының алға басып келе жатқандығын бірқа­тар маңызды жаратылыстану пәндері бойынша еліміздің оқушыларының халықаралық жарыстарда алдыдан көрініп жүргендігінен де байқауға болады. Мәселен осындай жарыста халықаралық талдау бойынша біздің оқушылардың математика пәнінен 5-орынды, ал жаратылыстану пәні бойынша 11-орынды иеленуі үлкен жетістік дер едік. Білімнің ең түпкі нәтижесі бәсекелестік қабілеті мол, қоғамды алға сүйрей алатын білікті және тәрбиелі кадр әзірлеуінен білі­неді десек, бұл жайындағы мысалдар да баршылық. Мәселен, Ресейдің ақ­параттық технологиялар саласын­да­ғы үздік жобаларының бірі болып та­былатын атақты Яндекс бағдар­ламасы мен компаниясының негізін қалаушылар Илья Сегалович пен Аркадий Волождың Алматының даңқты физика-математика мекте­бін­де бір сыныпта бірге оқыған­дықтарын екінің бірі біле бермейді. Иә, өзінің білім-білігімен би­ік­ке көтеріліп, ел есінде қаларлық жаңалық әкелер ұл-қыздарды озық білім ұялары ғана тәрбиелеп шы­ғарады. Осындай білім ошақтарын, қоғам қажетіне толық жауап бере алатын әділетті білім жүйесін құрып, дамыту Қазақстанның алға қойған ұлы мақсаттарының бірі болып отыр. Қазір осы мақсат үдесіндегі жұ­мыстар барған сайын өріс алып келеді деп сеніммен айта аламыз. Осы мақала жазылып болғаннан кейін интернеттен тағы бір жағымды жаңалық оқыдық. Американың “Newsweek” қоғамдық-саяси журна­лы әлемнің 100 елінің білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасы, экономикалық даму бойынша рей­тингтік көрсеткіштерін жария­лаған. Жалпы көрсеткіш бой­ын­ша Қазақстан 61-ші орын­ға ие болса, білім сала­сы­ның дамуы жөнінен 14-ші орынға көтеріліп, ба­тыс­тың және басқа да өңірлердің көптеген дамыған елдерін артқа тастаған. Алға, Қа­зақ­станның білім са­ла­сы! Сұңғат ӘЛІПБАЙ.