1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы – адамның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылықтар ретінде танылған, Қазақстан Республикасының демократиялық тәртібінің негіздерін белгілеген Ата Заңымыз қабылданды. Содан бері он бес жыл өтті. Бүгінгі Конституция – республиканың демократиялық әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының берік іргетасы. Бұл қарапайым жақсы ниеттер декларациясы ғана емес, тікелей қолданыста нақты жұмыс істейтін құжат.
Конституцияның қабылдануы мемлекетіміздің тарихында елеулі қадам болды. Оны өз еркімен халықтың өзі бекітті. Сол арқылы еркін де қарқынды дамуға, құқықтық, әлеуметтік мемлекет пен әділ құрылған қоғам пайдасы үшін саяси әрі экономикалық өзгерістерді түбегейлі өзгертуге, құқықтың жоғары беделі мен сот тәуелсіздігіне түпкілікті таңдау жасады.
1995 жылғы Конституция Қазақстан үшін демократия дамыған мемлекеттердің қатарына кіруге мүмкіндік берді, біздің мемлекетімізге сенімді, ынтымақтастықта дайын серіктес ретінде жол ашты. Сонымен бірге халықаралық қоғамдастықта тең құқылы мүше ретінде құрметтеуге және санасуға мүмкіндік берді. Бүгінгі әлем Қазақстанды қарқынды экономикалық үлгісі бар және демократиялық реформаларды өткізу үстіндегі орнықты, ойдағыдай дамып келе жатқан мемлекет ретінде қабылдайды.
Еліміз бүкіл әлемдік маңызы бар халықаралық саясат жүргізуді жалғастыруда. Биыл мемлекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі – соның айғағы.
Қазақстанның халықаралық аренадағы табыстары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың беделінің өте жоғары болуымен тығыз байланысты. Бұл еліміз бен оның Көшбасшысы үшін мақтаныш сезімін ұялатады.
Конституция тікелей республика Президентінің басшылығымен әзірленгендіктен, Елбасының келесі сөздерін келтірген орынды деп санаймын: “Біздің борышымыз – Конституцияға құрметпен қарау. Оны елімізді, тарихымызды құрметтегендей құрметтеу керек. Конституцияға құрметпен қарамасақ және оның нормаларын мүлтіксіз сақтамасақ, қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілік пен тыныштыққа, демек Отанымыздың қолайлы болашағына қол жеткізбес едік”. Осынау сөздерге Ата Заңымыздың бүкіл мән-маңызы сыйып тұр.
Бүгінде Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан бері өткен он бес жылда президенттік билік нық түрде қалыптасты, барлық билік тармақтары барынша тиімді жұмыс істеуде.
Конституцияда сот жүйесі жұмысының негізгі қағидаттары қаланған. Әрі осы қағидаттардың көпшілігінің күнделікті жұмысқа, сот жүйесінің құқық қорғау сапасына тікелей қатысы бар, бұлар: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған сот төрелігін сапалы атқару, әрбір азамат үшін сотта қорғау кепілдігі, айыпталушының кінәсіздік презумпциясы және Ата Заңнан тікелей туындайтын басқа да бірқатар қағидаттар.
Соңғы жылдары Конституцияның ережелерін, соның ішінде сот жүйесі туралы ережелерді іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда құқықтық мемлекеттің көптеген талаптарына жауап беретін және Конституция мен заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша оған жүктелген міндеттерін орындай алатын дербес әрі тәуелсіз сот жүйесі құрылды деп сеніммен айтуға болады.
Тәуелсіз Қазақстанды құру жылдарында жүргізілген реформалар сот билігін ұйымдастыру негіздерін дамытуға, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, судьялардың тәуелсіздігі кепілдіктерін күшейтуге бағытталған еді.
Қазіргі заманғы сот жүйесі – мемлекеттің негізін құраушылардың бірі, әлеуметтік, экономикалық, саяси жаңғыру жолында елді демократиялық дамыту тетіктерінің бірі. Азаматтардың қазіргі заманғы қазақстандық құқықтық саясатқа көзқарасы, қоғамның билікке сенім білдіру деңгейі оның жай-күйіне байланысты.
2007 жылғы конституциялық реформа еліміздің саяси жаңғыруындағы келесі қадам болды. Президенттік институтын жетілдіру, Парламенттің рөлін арттыру, саяси партиялардың рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту жағына қарай биліктегі өкілеттіктер мен жауапкершіліктер қайта бөлінді.
Конституцияға 2007 жылы енген түзетулердің арқасында сот төрелігі жүйесі сенімді құқықтық кепілдіктерге ие болды. Сот жүйесі мен сот төрелігін атқару жұмысын реттейтін бірқатар жаңа заңдар қабылданды. Атап айтқанда, соттарды қалыптастыру бойынша ел Президентінің конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ету, судьялардың тәуелсіздігі және оларға қол сұғылмау кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын “Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заң қабылданды.
Жалпы “Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заң сот жүйесіне білікті кадрларды іріктеу жүйесінің құқықтық негіздерін жетілдіруге, елде сот билігінің беделін арттыруға және нығайтуға, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға қол сұғылмау кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң қабылданғаннан бері Жоғары Сот Кеңесі өз жұмысын жандандыра түсті. Егер 2008 жылы Жоғары Сот Кеңесінің 4 отырысы, 2009 жылы 12 отырысы өтсе, ағымдағы жылы 7 отырыс өтті. Отырыстарда судьялардың тәуелсіздігі және оларға қол сұғылмау кепілдіктерін қамтамасыз ету, судьяларды даярлау, іріктеу және орналастыру сапасын арттыру, сот жүйесі туралы заңнаманы жетілдіре түсу мәселелеріне көңіл бөлінеді.
“Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заңда алғаш рет Кеңес түрлі санаттағы сот лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді жүргізу кезінде ескеретін жекелеген критерийлер бекітілді.
Жергілікті және басқа да соттар судьяларының бос лауазым орындарына орналасуға конкурстар өткізу кезінде Кеңес жас өлшемдеріне, сондай-ақ судьялыққа кандидаттардың іскерлік және моральдық қасиеттерін зерделеуге зер салады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Сот төрелігі институтының түлектеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдарда заңгерлік мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, құқық қорғау органдары мен адвокатурада сот жүйесінің қызметін қамтамасыз ететін адамдарға артықшылық беріледі.
Мәселен, 2009 және ағымдағы жылдары өткен конкурстардың қорытындысы бойынша іріктеуден өткен және судья лауазымына алғаш ұсынылған кандидаттардың орташа жасы 34 жас пен заңгерлік мамандығы бойынша жұмыс стажы бес жылдан асқандар болды. Кеңес 30 жасқа толған және өмір тәжірибесі бар үлкен жастағы адамдарға да бұдан әрі де артықшылық беретін болады.
Судьялыққа кандидаттардың кәсіби және моральдық қасиеттерін зерделеу мақсатында 2009 жылдың екінші жартысынан бастап кандидаттарға қатысты материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау, конкурсқа түскен кандидаттар туралы мәліметтерді облыстық соттарға жіберу, жұмыс орнынан оларды сипаттайтын деректерді талап ету, оларды қылмыстық және әкімшілікке жауапкершілікке тарту мәніне тексеру жүргізу тәжірибесі енгізілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтерді жариялау жұртшылықтың судьялыққа кандидаттарды іріктеуге қатысуын қамтамасыз етеді, ал азаматтардың сын-пікірлері судья лауазымына үміткерлердің моральдық қасиеттерін айқындауға ықпал етеді.
Қазіргі кезде Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сотпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2009 жылғы 18 қарашадағы республика судьяларының V съезінде Мемлекет басшысы берген міндеттерді іске асыру жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, біліктілік емтиханын тапсырудан бастап, тағылымдамадан өту және осы кандидатураларды Кеңес қарайтын барлық кезеңдерде судьяларды іріктеу тәртібі мен тетігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Заңнамада облыстық соттың пленарлық отырысында қарау үшін судья лауазымына кандидаттарға қатысты объективті қорытынды жасау үшін тағылымдаманың жетекшілері – судьялардың дербес жауапкершілігін белгілеуге бағытталған нормаларды енгізу көзделген. Көрсетілген шаралар конкурсқа ең лайықты кандидаттардың жіберілуіне ықпал етуге тиіс.
Бұдан басқа сот төрелігінің қол жетімділігі, ашықтығы мен айқын болу деңгейін одан әрі арттыруға, судьялардың кәсіби деңгейін көтеруге, олардың тәуелсіздігі мен қол сұғылмау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау жоспарланып отыр.
Жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру адам, оның құқықтары мен бостандықтары жоғары құндылықтар болып табылатын демократиялық, зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңі тұрғысында Конституцияның негізгі идеялары мен қағидаттарын өмірде іске асыруға мүмкіндік береді.
Оңдасын ЖҰМАБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы.