• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Халық денсаулығы – ең қымбат қазына

939 рет
көрсетілді

Халық денсаулығына қырағы болуда санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің жұмысы ерекше рөл атқарады. Сондықтан жергілікті жерлерде эпидемияға қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Ал адам тағдыры алдында жауапкершілігі үлкен бұл жұмыс өңірлерде қалай іске асырылып отыр? Біз осы сауалға орай Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры Қалдыбек ҚАЗАНҒАПОВПЕН әңгімелескен едік. – Үстіміздегі жылдың жарты­сынан астам уақыт өтті. Тамыз айы да жылдағыдан ерекше ыстық болып тұр. Бұл құбылыс өз кезегінде түрлі жұқпалы ауруларды өршіте түсуі мүмкін. Сондықтан өңір халқы арасындағы инфекциялық ауруларға шалдығу бойынша эпидемиоло­гия­лық ахуалдың деңгейі қандай екенін білгіміз келеді? – Облыста эпидемияға қарсы ал­дын алу жұмыстарын жүргізу ар­қасында санитарлық-эпидемиоло­гиялық жағдай тұрақты болып тұр. Жалпы облыс бойынша 2010 жыл­дың 1-ші жартыжылдығындағы жұ­мыстардың қорытындылары бой­ынша өткен 2009 жылғы көр­сет­кіштермен салыстырғанда мони­торинг жасалатын 55 нозологиялық үлгідегі инфекциялық аурулардың 18-і (32,8%) бойынша көрсеткіш­тері төмендеген, оның ішінде: ішек ин­­­фекциялары 7,5%, дизентерия – 2,6 есе, вирусты гепатиттер – 6,5%, рес­пираторлық инфекциялар – 8,4%, сарып ауруы – 2,1% төмендеген. Мониторинг жасалатын 29 ауру түрлері бойынша ауруға шалдығу жағдайлары тіркелген жоқ. Оның ішінде облыс аумағында жұқтыру қаупі жоғары безгек, оба, туля­ре­мия, сүзек тектес аурулар, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ), түйнеме індеттері тіркел­меуі барлық мүдделі ведомстволар мен қызметтердің негізгі инфек­циялық ауруларға шалдығудың алдын алу мақсатындағы мемле­кет­тік және кешенді салалық бағдар­ла­маларды жүзеге асыруының нә­ти­жесі деп білеміз. – Облыс халқының санитар­лық-эпидемиологиялық саламатты­лығын қамтамасыз ету бойынша қан­дай маңызды міндеттер белгіленген? – Облыс халқының санитар­лық-эпидемиологиялық саламат­тылығын қамтамасыз ету бойынша негізгі міндеттер мынадай: тұрғын­дарды, оның ішінде негізінен ба­лаларды вакцинамен басқарылатын инфекциялардан екпе жасай оты­рып қорғау (бұлар қызылша, қыза­мық, сал, сіреспе, қырылдауық және т.б.) ішек инфекцияларының ал­дын алу; Конго-Қырым гемор­рагиялық қызбасы, оба, туляремия, түйнеме, сарып, туберкулез сияқты аса қауіпті инфекциялармен күресу. Әрбір инфекцияның эпидемия­лық процестерінің ерекшеліктерін, маусымдық мезгілдерін, жұғу жол­дарын біле отырып, біз түрлі алдын алу шараларын өткізу арқылы адамдарға жұғу, пайда болу қаупін азайтамыз. Бұл іс-шаралардың негізгі қағи­далары – ұйымдастырылатын жұ­мыстарды ерте бастау. Бұл мәселені шешуде біз облыстың әрбір елді мекен аясында жүйелі апталық, ал кейбір инфекциялар бойынша күн­делікті санитарлық-эпидемио­ло­гиялық мониторинг нәтижелеріне сүйене отырып атқарамыз. Бұндай жеделдік, қызметтің барлық аумақ­тық бөлімшелерін 90%-дан аса техникалық жабдықтап, ақпараттық мәліметтердің электрондық пошта арқылы келуі, қоршаған ортаны бақылау бойынша 18 бағдарламаны автоматты түрде пайдалану арқылы қол жеткізілді. Осы әдіс эпиде­мио­логиялық жағдайдың азғантай өз­герістерін де болжам жасауға мүм­кіндік береді, өзгеріс болған сол елді мекендерге дереу облыстың санэпидқызметінің эпидемио­ло­гия­лық бригадасы жіберіледі. Үс­ті­міздегі жылы департамент маман­да­ры Мойынқұм, Сарысу, Талас, Т. Рысқұлов атындағы, Меркі аудан­дарының халқы арасында алдын алу және эпидемияға қарсы іс-ша­ралар өткізу бойынша тәжірибелік көмек көрсетті. – Облыста “Денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы” бойынша өткізілген іс-шаралар тиімді болды ма? – Облыстың санитарлық-эпи­демиологиялық қызметі бүгінгі күні өз қызметі бойынша бірталай же­тіс­тіктерге жетті, ол жетістіктерге қо­ғамның саламатты болуы тікелей байланысты. Халықтың декреттелген контин­гентіне екпе жасау деңгейі 98,0% орындалды. Нәтижесінде дифтерия, сал, көкжөтел, қызылша, эпиде­мия­­лық паротит, сіреспе, қызамық сияқты індеттердің тіркелуіне жол берілмеді. Облыстың денсаулық сақ­тау басқармасы вирусты А гепа­титіне қарсы 45000 доза вакцина ал­ды, бұл осы инфекцияға халық­тың індетке шалдығу мүмкіндігі жоғары тобы балаларды қорғауға қол жеткізді. Бұлардан басқа жер­гі­лікті бюджет есебінен Меркі, Та­лас аудандары 1500 доза вакцина алды. 2001 жылдан бері барлығы – 179 мың балаға осы инфекцияға қарсы екпе жасалды. Екпе жасау же­ті жылдық айналыммен ерекше­ле­нетін А гепатитінің эпидемиялық процестеріне елеулі әсер етті. 2001 жылы 100 мың тұрғынға шаққан­дағы көрсеткіш – 228,5 болса, 2009 жылы – 60,9 болса, 2010 жылдың 6 айы ішінде 13,9 есеге төмендеп, вакцинаның тиімділігі жоғары екенін айғақтады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының, оба, туляремия мен түй­­неменің тұрақты пункт­тері ор­на­ласқан қолайсыз елді ме­кендерде қоныс­танған тұрғындарды қорғау бой­ынша алдын алу және эпи­демияға қарсы кешенді іс-шараларды толық орын­дау­ға байланысты адамдар­дың осы инфекцияларға шалдығу жағдайларының болмауы осының айғағы. Іс-ша­ралар ұйымдастырылған уа­қыттан бері табиғи ошақтарда, яғни 1961 жылдан бері – оба, 1968 жыл­дан бе­рі – туляремия, 2007 жыл­дан бе­рі – КҚГҚ, 2009 жыл­дан бері түй­неме тіркелген жоқ. 2005 жыл­дан бері облыстық бюд­жеттен бөлінген қаражатқа 3000-нан аса адамға туля­­ре­мияға қарсы, 9000-нан аса адамға түй­не­меге қарсы екпе жасалды. Жыл сайын облыстың мүдделі ведомстволары мен қызметтері эпи­демиялық процестердің тек қа­на маусымдық өршитініне қара­мастан (көктем-жаз) халықты қорғау іс-шаралары КҚГҚ-ның табиғи ошағында жыл бойы жүр­гізіле береді. КҚГҚ-ның табиғи ошағында орналасқан Талас, Сарысу және Мой­ынқұм аудандарының 48 елді ме­кендерінің айналасына кенеге қар­сы дәрілей отырып, жалпы кө­лемі 6065 га (100% қамтылды) 300 метрлік қорғаныс алабы жасалды. Кенелердің көбейіп және ин­фек­ция­ланған көрсеткіштері бойынша Сарысу ауданының 4 елді меке­ні­нің 546 га аумағы қосымша өңдел­ді. Үш ауданның аумағындағы елді мекендердің барлығы да тексеріліп, табиғаттан 32930 дана иксодты кене жиналды, олардың ішінде 6,2% Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының індетінің вирусы анықталды. Ауыл шаруашылығы басқарма­сының мамандары 3 ауданда кенеге қарсы 2 тур өткізіп, 7588 аулалар, 2217374 м2 мал қоралары мен 504467 мал дәріленді. Эпидемиялық маусымда КҚГҚ-ны дер кезінде және сапалы диагностикалау үшін Сарысу ауданы Саудакент ауылын­­­да жылжымалы диагностикалық зертхана жеткізіліп, Мойынқұм обаға қарсы күрес станциясының зертханасы Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылына қойылды. Сумен қамтамасыз етуде түйінді мәселелері бар қолайсыз елді мекен тұрғындарын, әсіресе, “шағын қа­лалар” тұрғындарына санэпидқыз­мет вакцина жасап және дәрі бере отырып, ерекше жолмен қорғайды. Облыста жыл сайын сальмонеллез, дизентерияға қарсы 10 мыңнан аса адамға дәрі беріледі. Үстіміздегі жылы іш сүзегінің қолайсыз 28 елді мекендерінің 5865 адамына сү­зек­ке қарсы, сальмонеллез, ди­зен­те­рияға қарсы 8449 адамға дәрі берілді. – Тәжікстан елінде тұрғындар­­дың полиомиелитке шалдығуының қолайсыз жағдайы орын алды. Індеттің сырттан әкелініп таралуын болдырмау үшін облыста қандай шаралар жүргізілуде? – Республиканың барлық ау­мақтары сияқты Жамбыл облысын­да да көптеген жылдардан бері Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның барлық әлемде полиомие­литті жою бойынша жүргізіліп жатқан бағдарламасы жүзеге асырылуда, нәтижесінде 2002 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросы Қазақстан Республикасы аумағында жабайы полиовирус айналымының жоқ екені туралы қорытынды берді, сонымен біздің еліміз полиомие­лит­тен бос аумақ ретінде серти­фи­кат­талды. Облыста жабайы штамм себеп болған полиовирус соңғы рет 1992 жылы тіркелген болатын. Облыстың мемсанэпидқадағалау және денсаулық сақтау органдары біріккен бұйрық шығарып, онда облысқа полиомиелиттің сырттан әкелініп және таралуын болдырмау бойынша іс-шаралар жоспары жасалып, жұмыстарды үйлестіру бойынша жедел штаб құрамы бекітілді. Мемлекеттік шекарадағы сани­тарлық-карантиндік пункттерде бақылау күшейтілді. Онда Тәжік­станнан келген 15 жасқа дейінгі екпе жасалмаған балаларға екпе жасау үшін аумақтық медициналық ұйымдардың мамандарынан құрыл­ған көшпелі бригада тәулік бойы жұ­мыс істеді. Жамбыл ауданы “Ай­ша бибі”, Меркі ауданы “Сыпатай батыр”, Қордай ауданы “Қордай” СКП-лары арқылы үстіміздегі жылы 200 мыңнан аса адам өтсе, Тәжікстанның 340 азаматы өтті, олардың ішіндегі 15 жасқа дейінгі 8 балаға полиомиелитке қарсы екпе жасалды. Бұлардан басқа ауруды дер кезінде анықтап және инфек­цияны оқшаулау үшін облыстың емдеу ұйымдарының медициналық қызметкерлері жыл сайын ұқсас белгілері бар 120 ауру облыстың санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының вирусоло­гия­лық зертханасында полиомие­лит­тің вирустарын анықтау үшін тек­серіледі. Үстіміздегі жылы 122 ау­рудан алынған материалдар тек­се­рілді, вирус анықталған жоқ. Облыстың полиомиелитке қар­­сы егілуге тиісті барлық балаларын, оның ішінде көшіп келгендердің балаларын екпемен қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінеді. Облыста жыл сайын полиомиелитке қарсы 25 мыңнан аса балаға, оның ішінде жиі көшетіндердің 500 баласына екпе жасалады. Қазақстан Республикасы Ден­сау­лық сақтау министрлігі 2010 жыл­ғы 6-12 қыркүйек аралығында 6 жасқа дейінгі балаларға полио­миелитке қарсы екпе жасауды жос­пар­лап отыр. Сондықтан осы сұх­бат арқылы ата-аналарға аумақтық емханаларда өткізілетін осы науқан кезінде артық 1 екпе ала отырып, өз балаларыңызды қорғаңыздар дегім келеді. – Жөн екен. Қызметтеріңіздің басты бағыттарының бірі – облыс халқы арасында сарыпқа шалдығу­дың алдын алу. 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында осы індет бойынша эпидемиологиялық жағдай қандай деңгейде болды? – Халықтың сарыпқа шалдығу және топтана шалдығу (5 және одан жоғары) көрсеткіштері төмен­дегеніне қарамастан, облыстық са­рыпқа шалдығу көрсеткіштері рес­публикалық орташа көрсеткіштен жо­ғары болып тұр. Сарыпқа шал­­дығу Тараз қаласы мен ау­дан­дар­дың барлық жерлерінде тіркелуде. 1995-2000 жылдар аралығын­да­ғы сарыпқа шалдығудың көп жыл­ғы талдауы облыста тұрақты болып, 2003 жылы жоғары көрсеткішті көрсеткен. 2005 жылдан бастап көр­сеткіш 64,0-ден 39,9-ға дейін тө­мендеп, 2010 жылдың 6 айы ішін­де 18,0- ге дейін төмендеді. Адамдардың сарыпқа шалдығу көрсеткіші мал басының көбейіп және олардың сарыпқа шалдығу деңгейіне тікелей байланысты. 2003 жылдан бері ірі қара 1,7 есе, уақ мал 1,9 есе өсті. Тұрғындардың са­рып­қа шалдығуының негізгі себебі – ауыл шаруашылығы малдары­ның, оның ішінде қой-ешкінің көбеюінен болып отыр. Тұрғындардың сарыпқа шалды­ғуын тұрақтандырып және алдын алу үшін облыста аса қауіпті және зооантропонозды инфекциялардың алдын алу бойынша іс-шаралардың 2009-2013 жылдарға арналған ке­шенді жоспары әзірленді, онда бар­лық мүдделі ведомстволар мен қыз­меттер іске тартылған. Мал төлдету науқаны алдында аудан, ауылдық округ әкімдеріне, ауыл шаруашы­лығы, денсаулық сақтау, оқу, ішкі істер басқармаларының бастықтары мен шаруа қожалықтарының бас­шыларына және басқа да мүдделі ве­домстволар мен қызметтердің бас­шыларына ақпараттар, хаттар, санитарлық ұйғарымдар жіберілді. Ауырған малды тіркеу, актілеу, жою және материалдық өтемақы беру мерзімі бірталай қысқарды, бірақ әлі де осыларды орындауға 5 күннен 15 күнге дейін уақыт кетеді. Облыс аймақтарында қасапхана, мал еті мен шикізатын өңдеу цех­тары, мал қорымдары жеткіліксіз. – Кеден одағына кіретін ау­мақтағы өнімдерге санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау жасаудың бірыңғай тәртібін реттейтін сани­тар­лық шаралар туралы келісімі әзір­леніп, бекітілді. Осы құжатта қа­растырылған іс-шараларды жү­зеге асы­ру бойынша облыстың мем­ле­кет­тік санитарлық-эпиде­мио­логиялық органдары қандай жұ­мыс­тар атқаруда? – Облыстың мемсанэпидқа­да­ғалау органдары Кедендік одақтың санитарлық шаралар жөніндегі келісімінде қарастырылған іс-ша­раларды орындауды бастады. Са­нитарлық-карантиндік пункттердің мамандары дайындықтан өтті, бар­лық өткізу пункттерінде қызметтің құзырына кіретін жүктерді бақылау қамтамасыз етілген тұрғындар, ша­руа­шылық етуші субъектілер, биз­нес бірлестіктеріне Кеден одағы­ның санитарлық шаралар жөніндегі қабылдаған нормативтік құқықтық актілері, өнімдердің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын рұқсат беру құжаттарын ресімдеу қажеттігі туралы мәселелер бойынша насихат жұмыстарының барлық әдістері мен құралдарын пайдалана оты­рып, түсініктеме жұмыстары жүр­гізілуде. Барлық іс-шараларды ше­кара, кеден қызметтері мен басқа да бақылаушы органдар жүргізіп жатыр және одан әрі жүргізеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.