Бұған дейін жазғанымыздай, 20 тамызда Ереван қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Серж Саргсян, Александр Лукашенко, Дмитрий Медведев, Роза Отунбаева, Эмомали Рахмон қатысты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы мемлекеттер басшыларының бұл кездесуі бейресми аталғанымен, талқыланған мәселелері жағынан аса өткірлігімен және ауқымдылығымен ерекшеленді. Мысалы, ұйымға мүше елдердің аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесе іс-қимыл жасау, есірткі саудасына қарсы күрес мәселелері ұйымның күн тәртібінен түспек емес. Сонымен қатар, кездесуде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Өйткені, ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің барлығы Қырғызстанды өздерінің әріптестері санайды. Оның үстіне ұйымға мүше мемлекеттердің бірқатары Қырғызстанмен көршілес жатыр. Көршіңнің жайлы, тыныш болғаны қашанда жақсы.
Сондықтан да, ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Қырғызстан проблемасына ерекше мән берді. Оларға саяси және экономикалық тұрғыдан қолдау-көмек көрсетудің тетіктері қарастырылды. Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, кездесуде Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі президенті Роза Отунбаева өз еліндегі жағдайды бүкпесіз жайып салған, саяси-экономикалық көмек көрсету қажеттігін де ашық айтқан. Сондай-ақ, ол қазан айында Қырғызстанда өтетін парламент сайлауына арнайы тоқталып өткен.
Ресей президенті Дмитрий Медведев баспасөз мәслихатында нақ осы мәселеге тоқтала келіп, ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсету жөнінде бірауыздан тоқтамға келгенін атап өтті. Осы тұста айта кетейік, бұдан екі-үш апта бұрын АҚШ Қырғызстан аумағына тағы бір әскери базасын орнатады екен деген ақпарат тараған еді. Бұл бос сөз, қауесет болып шықты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылғанына сегіз жылдан асты. Ұйым қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, көптарапты әскери-саяси ынтымақтастықты дамыту қызметін атқарады. Бүгінде ҰҚШҰ осы бағытта өзінің қабілет-күшін халықаралық қоғамдастықта дәлелдеп, беделді ұйымға айналғанын көрсетіп келеді. Еревандағы бейресми кездесуде ҰҚШҰ-ның өкілеттік ауқымын кеңейте отырып, оның іс-әрекет ету аясын нығайту жайы да сөз болды. Бұл мәселе жөнінде ұйымға қатысушы мемлекеттер тарапынан ұсыныстар да бар. Ол үстіміздегі жылдың желтоқсанында Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде талқыланатын болады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы бүгінде беделді халықаралық ұйымдармен сындарлы қатынастар орнатуға құлшыныс танытып отыр. Оның мысалын ҰҚШҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы үйлесімді және іскерлік ынтымақтастықтан көруге болады. Мысалы, соңғы жылдары аталған екі ұйым бірлесе отырып, лаңкестікке және есірткіге қарсы күрес акцияларын жүзеге асыруда. Бұл мәселеде ауғандық бағытқа баса назар аудару қажет деп санайды.
ҰҚШҰ есірткі мен прекурсорларды астыртын тасымалдауға қарсы күресте де бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі жыл сайын өткізілетін “Канал” жедел-профилактикалық операциялары болып табылады. Бұл операцияларға ұйымға қатысушы елдермен қатар, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдары да тұрақты қатысып жүр. Тек өткен жылы өткізілген операцияның нәтижесінде 115 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар заңсыз айналымнан алынды.
* * *
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының Еревандағы бейресми кездесуі қарсаңында қазақстандықтар үшін қуанарлық бір рәсім болғанын атап өтсек дейміз. Ол қуаныш – Ереван мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен тарихын және мәдениетін насихаттайтын арнайы орталықтың ашылуы. Орталықты ашудағы мақсат – қазақ пен армян халықтары арасындағы ғылым-білім және мәдени ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне ықпал ету.
Орталықтың ашылу рәсіміне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Бақытжан Әбдірайым бастаған қазақстандық ғалымдар арнайы келіпті. Қарт Кавказдың төрінде қазақ тілінің салтанат құруына мүмкіндік беретін орталықтың ашылуына бастамашы болған Қазақстан Республикасының Армениядағы елшілігі екен. (Орталық туралы газеттің келесі нөмірінде толығырақ айтылатын болады).
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.