Достық дәнекері
Жақында Армения астанасындағы Ереван мемлекеттік университетінде қазақтың тілі мен тарихын, сондай-ақ мәдениетін насихаттайтын орталық ашылды. Оның ашылу рәсіміне армениялықтармен қатар, бір топ қазақстандық ғалымдар да қатысты. Салтанатты рәсімде Ереван мемлекеттік университетінің ректоры А.Симонян, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайым және Қазақстанның Армениядағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Бозжігітов сөз сөйлеп, бұл орталықтың қазақ-армян қатынастарын әрі қарай дамытуға ықпал ететінін атап өтті. – Егер тереңге үңілетін болсақ, біздің қарым-қатынасымыздың тарихы орта ғасырлардан басталады, – деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайым қазақ-армян мәдени байланыстарына тоқтала келіп. – Жаугершілік заманда біздің бабаларымыз – қыпшақтар Кавказ аумағына ат шалдырып, осы жерде армян-қыпшақ сөздіктерін, тарихи кітаптарды қалдырған. Сөйтіп, қайталанбас еуразиялық архитектураның қалыптасуына ықпал еткен. Бүгінде Қазақстанда бір қауым армян этносы да тұрып жатыр. Бақытжан Әбдірайым сөз арасында осыған да тоқталып өтті. “Қазақ жерінде армян этносының пайда болуы ХІХ ғасырдың орта тұсынан басталады, – деді ол осы туралы. – Армян халқының қазақ жерінде елеулі еңбек еткен көрнекті өкілдері аз емес. Солардың бірі қиын кезеңде ел басқарып, қарапайым халықтан көмегін аямаған Левон Мирзоян еді. Ол 1933-1937 жылы Қазақстанды басқарды, “қазақ ұлтшылы” ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақ халқы оның елге сіңірген еңбегін құрметтеп “Мырзажан” деп атаған”. Салтанатты шарадан соң, қазақстандық және армениялық ғалымдар Ереван университетіндегі қазақ орталығын аралап көрді. Оны Қазақстанның Армениядағы елшілігі жасақтаған, ал оның ғылыми тұрғыдан қамтылуын Еуразия ұлттық университеті қамтамасыз етіпті. Орталықтан Абай, Ахмет, Мағжан, Мұхтар бастаған қазақ даналарының еңбектерімен танысып, қазақ халқының өткені мен бүгіні туралы мол мағлұмат алуға болады. Сондай-ақ орталықта ғылыми, әдеби еңбектермен қатар, қазақтың бай тілін оқып-үйренуге қажетті кітаптар мен электронды оқулықтар, сөздіктер қойылған. Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайым, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Ш.Ыбыраев, ЕҰУ-дің оқытушы ғалымдары З.Қабылдинов және С.Дүйсенғазин Ереван мемлекеттік универсиетінің кезектен тыс ғылыми кеңесінің отырысына қатысты. Соңынан Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеті мен Ереван мемлекеттік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Онда екі жоғары оқу орнында профессорлар мен студенттер алмасу, бірлесіп ғылыми зерттеулер жүргізу, конференциялар өткізу қарастырылған. – Саяси-экономикалық үдерістерде аса зор табысқа жеткен, бүгінде әлемдік қоғамдастық мойындаған Қазақстанмен экономикалық қана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту Армения үшін аса маңызды, – деді ғылыми кеңестегі сөзінде Ереван мемлекеттік университетінің ректоры А.Симонян. – Бұл орталық біздің жас ғалымдарымыздың Армения мұрағатындағы қазақ халқы туралы құнды еңбектерді індете зерттеулеріне септігін тигізетін болады. Ал Бақытжан Әбдірайым армениялық ғалымдарды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан реформалар барысымен таныстырды. Оның ішінде білім мен ғылым саласын дамыту да бар. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
•
27 Тамыз, 2010
Еревандағы қазақ орталығы
592 рет
көрсетілді