• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2010

Азиада әнұранының мәтініне байқау жарияланды

714 рет
көрсетілді

Қазақ спортшысының делебесін қоздырар ұлттық рухтағы ұран туа ма? Апта басында Алматыда 7-ші Қысқы Азия ойындары кезінде асқақтайтын әнұранның мәтініне байқау жариялауға байланысты баспасөз мәслихаты болып өтті. Ақ Азиаданың бойтұмары сынды ұран келер ойындарда да достық пен бейбітшілікті паш ететіндей, бі­тімгершілік және топтастыру­шы­­лық әлеуетін ашуға бағыттал­ған. Баспасөз мәслихатында бай­қау­дың талаптары мен өткізу тәр­тібі, байқауға қатысушылардың мәр­тебесі, ұсынылған мәтіндердің әуе­німен үйлесуін бағалаудың, же­ңімпаздарды анықтау мен мара­пат­таудың жай-жапсары жария етілді. “Азиаданың әнұраны қандай болу керек?” деген сауал бұған дей­ін де БАҚ өкілдері тарапынан ара-тұра көтеріліп тұратын. Ал алда өтетін Азиаданың логотипін жа­сауға бақандай екі жыл кет­ке­нін ескерсек, 5 айда ұлттық рухта ас­қақ­тайтын, отандық спортшы­ла­ры­мыздың делебесін қоздырар, қа­зақы бояуы қанық дүние туса игі! Ал ұйымдастырушылар Азиада әнұраны міндетті түрде гимн жанр­ында жазылып, мәтіні қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде болғанын құп көреді. Ал баспасөз мәслихатында журналистер қауы­мының Азиадаға келетін 32 мем­ле­кет­тің ішінен орыс тілін білетін елдер саусақпен санарлық, сон­дық­тан әнұран қазақ және ағыл­шын тілдерінде жазылса да жарар еді деген уәжіне,  “7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру коми­тетінің атқарушы дирекция­сы” АҚ вице-президенті Евгений Никитинский: – Біз Азиада әнұранына бай­ланысты қомақты жүлде қоры бар байқау ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, байқау екі кезеңнен тұ­рады. Жұмыстарды қабылдау бүгіннен басталып, үстіміздегі жыл­дың 1 қазанына дейін жалға­сады. 6 қазанға дейін жұмыстарды іріктеу жұмыстары жүреді. Байқау талаптарына лайықты бірнеше жоба 7 қазанда Астана қаласында өтетін үлкен концертте көрермен­дердің ашық дауысына салынып, қай композитордың әні жеңімпаз болатыны анықталады. Тағы бір ескеретін жәйт, әнұран мәтінінің қай тілде жазылғаны маңызды емес. Ең бастысы – әні мен сөзі үйлесіп тұрса болғаны, – деді. Байқаудың шарттарын комис­сия мүшелігіне алынған Еркеш Шәкеев, Жеңіс Сейдолла, Ринат Әбдіхалықов, Қыдырәлі Болманов сынды өнер адамдары қуаттап отыр. Сол сияқты комиссия құра­мында Мұрат Құсайынов, Байғали Серкебаев, Мақсат Жәутіков, Ерік Тастамбеков сынды өнер майтал­мандары бар. Қабілеті мен қарымының ар­қа­сында байқаудың ең үздік шы­ғармасының иесі 1 миллион тең­гені қалтасына басып, абыройдан да кенде болмайтын түрі бар. Сол сияқты Азиада әнұранына арна­лып бейнеклип те түсірілмек. Ал орын­даушысына келер болсақ, ол қазақ әншісі немесе шетелдік бел­гілі та­нымал өнер адамы болуы да әбден мүмкін. Бұл мәселе біраз пікір­таласқа тамызық болатын сыңайлы. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ. * * *

ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАР ЖЕТКІЗБЕЙ БАРАДЫ

Сейсенбі күні Қазақстан спортшылары ат спорты, ескек есу, көркем гимнастика және каноэ есуден (каноэ-слалом) жарысқа шықты. Ат спортында ел намысын Ти­мур Патаров қорғады. Бала кезі­нен ат құлағында ойнап өскен жас­өспірім жарыстың осы түрінен ең мықты деген елдердің өкіл­дерімен бір топта бақ сынасты. Бі­рінші күні Тимур барлық кедер­гілерді қиналмай өтсе, соңғы күні екі кедергіден аса алмады. Ал бұл 8 балл айып беріледі деген сөз. Сөйтіп, ол 9-орынды қанағат тұт­ты. Дегенмен, оның жарысын біз­ден де басқа елдердің өкілдері жақ­сы бағалауда. Расымен де егер осы сынға 32 мемлекеттің өкіл­де­рі қатысса, Тимурдың Қазақ­стан­ға әкелген 9-орны жаман көр­сет­кіш емес. Бізден кейінгі орын­дар­да ат спорты жақсы дамыған Бра­зилия, АҚШ, Қытай, Бельгия, Син­гапур мен басқа да елдер қалды. Каноэ-слаломда Тимофей Емельянов 12-орынды місе тұтты. Бұл сынға кәсіпқой төрт слало­мист қана қатысты. Соның өзінде де оның жолы болмады. Көркем гимнастикада кереку­лік Юлия Кизима бақ сынады. Бапкері Оксана Бронскаяның ай­ту­ынша, егер ол 10-15 үздік гим­нас­шының қатарына қосылса, осының өзі біз үшін үлкен жетістік болмақ. Гандболдан қыздар құрамасы 3-ші орын үшін Бразилиямен бо­латын матчқа дайындалуда. Осы ойында қыздарымыз жеңсе, бұл Қазақстан құрамасының Олим­пиададағы үшінші қола жүлдесі болады. Біздің тағы бір спортшымыз Қай­рат Ағыбаев дзюдодан бірік­кен “Эссен” командасы сапында өнер көрсетті. Кеше бет қатталып жатқанда, Қай­рат командасымен бірге Ол­им­пиаданың бас жүлдесін жеңіп ал­ды. Бұл медаль еліміздің жүлде­лер қатарына кірмесе де Ағы­баев­тың Отанымыз үшін және өзі үшін жеңіп алған чемпиондық атақ болып саналады. Қазір Қазақстан құрамасы жал­пы командалық есепте үш ал­тын (екеуі есепте), екі күміс және екі қо­ла жүл­демен 205 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Ардақ ТОҒЫМОВ, журналист, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Сингапурден. * * *

АЙДЫНДАҒЫ КЕЗЕКТІ АЙҚАС

Осы күндері хоккейден ерлер арасында ел кубогы жолындағы кезекті бәсекелер өтуде. Кеше кешкісін жарыстың жар­­тылай финалдық кездесулері ойналды. Онда Өскеменнің “Каз­цинк-Торпедо” командасы мен Қарағандының “Сарыарқа” клу­бы, Атыраудың “Бейбарыс” және Рудныйдың “Горняк” команда­лары кездесті. Ал осының алдында екі топқа бөлінген сегіз команданың ой­ын­дары мәресіне жеткен болатын. “А” тобында бірінші орынды “Са­рыарқа”, одан кейінгі орын­дар­ды “Горняк”, “Арлан”, “Ба­рыс-2” клубтары алса, “В” то­бын­да “Бейбарыс”, “Казцинк-Тор­педо”, “Қазақмыс”, “Ертіс-Пав­лодар” командалары осы ор­на­ласқан жайы бойынша орын­дар­ға ие болды. 19 тамыз күні басталған жа­рыста әр команда үш кездесуден өткізді. Тек “Бейбарыс” қана еш­бір ойында жеңілмеді. Ол “Ертіс-Павлодарды” 3:0 есебінен жеңіп, қалған екеуінде тең ойнады. Ал “А” тобында бірінші орынға жай­ғасқан “Сарыарқа” болса, екі ой­ында жеңіп, біреуінде (астаналық “Барыс-2” командасынан) жеңіл­ді. Дегенмен, қарағандылық хок­кейшілер турнир кестесінде ең көп шайба салған команда болып отыр. Олар қарсыластар қақпа­сына 19 шайба соқса, өздеріне 13 шайба жіберіп алды. Әзірше биылғы жарыста 8 ұпай жинаған “Сарыарқа” коман­дасының шабуылшысы Андрей Трощинский берген пастары мен соққан шайбаларына қарай бі­рін­ші орында келеді. Ал оның әріп­тесі Антон Дубинин астаналықтар өткізген соңғы ойында екі рет нысананы дәл көздеп, салған шайбалары бойынша мергендер тізімінің көш басында тұр. Дастан КЕНЖАЛИН.