СЕРПІНДІ ЖОБАЛАРДЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ
Құрылыс экономиканың локомотиві десек, елімізді индустрияландыру картасында аса маңызды нысандар қатары аталған. Олардың ішінде өңірдегі жүзеге асатын Мойнақ су электр, Балқаш жылу-энергетикалық стансалары, “Жетіген – Қорғас” темір жол желісі және болашағынан көп үміт күттіретін жобаларды айтқан жөн. Жалпы, елімізде орындалған негізгі бағдарламалар құрылыспен тікелей байланысты. Мәселен, мемлекеттік тұрғын үй, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Балапан” бағдарламалары осылардың қатарында. Халық үшін аса қажетті әрі маңызды 2008-2010 жылдарғы тұрғын үй құрылысын дамыту мемлекеттік бағдарламасы күні бүгінге дейін жалғасып, қаншама адам баспаналы болды. Ал Талдықорған шаһарының бас жоспарына сәйкес “Қаратал” шағын ауданында достық үйі, тіл сарайы сияқты айрықша құрылыстар бой көтеріп, жаңа көшелер пайда болғаны осының айғағы. Аталған шағын ауданда теннис кортын салуға қатысты жобаға конкурс жарияланғаны да жақсылықтың жалғасы. Тұңғыш Президенттің 900 орынды зияткерлік мектебі, 240 орынды балабақша, 1500 орынды спорт сарайы жақында есігін айқара ашқанын ескерсек, шаһарда 320 орынды тағы бір балабақша құрылысы басталды. Тұрғын үй салу жалғасып, қаланың орталық бөлігіндегі 422 гектар аймақтағы құрылыс жүргізу және оңтүстік-батыста тұрғынжай ауданын салу жоспарының жобалары жасалған. Өңірде 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы табысты тәмамдалып, бағдарлама аясында бір миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріліпті. Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламамен 1592,1 мың шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға беру жоспарланса, екі жыл ішінде оның 70 пайызға жуығы орындалды. Нәтижесінде 1087,7 мың шаршы метр баспана мұқтаж жандарға беріліп, қоныс тойлары өтті. Биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 610 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып, саладағы жұмыс жанданған. Жетісулықтар ғана емес, қазақстандықтар асыға күткен Алматыға серіктес “G4 Cіty” төрт қала салу жобасының жүзеге асар сәтін күткендер қатары қаншама. Оңтүстік аймақта қала құрылысын дамытудың кешенді жүйесі жасалып, онда басқалармен бірге тұрғын саны 304 мың адам болатын “G4 Cіty” – серіктес төрт қала ескерілген. Серпінді жоба 2030 жылға дейін жүзеге асырылады деп күтілуде. Осылайша шетелдік және жеке меншік инвестиция тарту арқылы 9 миллион шаршы метр тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау, сауда және тағы басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылмақшы. Жоспарланған тұрғын үйлердің бағасы халықтың барлық санаты үшін қолжетімділігі ескерілген. Алматы қаласына серіктес қалаларды дамыту жөніндегі аталған жұмыстарға 13,5 млрд. теңге қарастырылса, үстіміздегі жылы оның 7,8 млрд. теңгесін игеру міндеттеліпті. Бүгін еліміздің Үкіметі мен облыстық мәслихат серіктес төрт қаланың бас жоспарын бекіткенін қуанышпен айта аламыз. “G4 Cіty” қаласының жоспары толық жасалған. Ал “Growіng” және “Green Cіty” серіктес қалаларының толық және құрылыс салу жобалары бойынша мемлекеттік емес сараптаулардың құптағандығы жайлы қорытынды шығарылыпты. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі “Gate Cіty” – бірінші серіктес қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі техникалық-экономикалық негіздемесін бекітсе, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жобалық-сметалық құжаттар жасалған. Бірінші серіктес қаланың “Қоянқұс” тұрғынжай ауданы үшін алғашқы кезекте газбен қамтамасыз ету мен уақытша автожолдар құрылысы жалғаспақшы. “Golden Cіty” – екінші серіктес қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік емес сараптаудан өтіп, жоғарыда аталған агенттікке берілген. Үшінші және төртінші серіктес қалалар – “Growіng” және “Green Cіty” қаласының техникалық-экономикалық негіздемесі соңғы сараптамалардан өткізілуде. Өңірде Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасымен он мектептің құрылысы толық аяқталып, білім ошақтары шәкірттер игілігіне берілген. Осылайша 7050 оқушы жан-жақты жабдықталған жаңа мектептерде бәсекеге қабілетті білім алуда. Оқушылардың саламатты өмір салтын қалыптастыруы үшін спорт залдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал бағдарлама бойынша алты аурухананың жалпы құны 14 млрд. теңгелік төртеуінің құрылысы жалғасуда. Мердігер ұйымдар белгіленген құрылыс-құрастыру жұмыстарын толық көлемде орындаса, биыл республикалық бюджеттен 6,9 млрд. теңге бөлініпті. Қазіргі кезде Іле ауданы Өтеген батыр кентінде 200 төсектік Алматы өңірлік балалар ауруханасы мен 450 адамды қабылдауға арналған емхана, Талғар қаласында 150 төсектік аудандық орталық аурухана, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында 250 төсектік аудандық орталық аурухана және Алакөл ауданы Достық кентінде 50 төсектік ауылдық аурухана құрылыстары белгіленген жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Серпінді жобалар қатарындағы Жетіген – Қорғас темір жол желісі экономикалық тұрғыда ғана емес, саяси мәнділігімен ерекшеленеді. Қытаймен екі арадағы шекарада екінші темір жол өткелін ашу жобасы еліміз арқылы өтетін жүк тасымалының көлемін арттырумен қатар уақытты қысқартады. Осылайша Қазақстанның Ақтау аймағы мен көрші мемлекет арасын мейлінше жақындатуға мүмкіндік туады. Жоба құны 147,4 млрд. теңге болса, 2010 жылға 63 млрд. теңгесі бөлінген. Облыс аумағы арқылы өтетін желі бойында шойын жолдың табанын төсеу жұмыстары қолға алынып, құрылыс жұмыстарына 800 техника, 5000 адам тартылған. Күмісжан БАЙЖАН ”. Алматы облысы. * * *Екібастұз нан-тоқашқа да бай
Аяқ басқан жері көмірге, пайдалы қазбаларға толы өндірісті өңір өркендеп өсіп келеді. Қалада 137 мыңнан аса халық тұрады. Бұған қаланың әкімшілік-аумақтық құрылымына енетін 30-ға жуық ауылдармен онда тұратын 9 мыңдай халықты қосыңыз. Сондықтан да, көмірлі өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, қала мен ауылдардың бірлесіп атқаратын жауапты міндетіне айналды. Алып өндіріс орындары шоғырланған өңірде қысы-жазы азық-түлік белдеуінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі Үкімет басшысының Екібастұзға жасаған сапары кезінде де айтылған болатын. Қала басшылығы бұл міндетті Екібастұзда жаңадан нан-тоқаш комбинатын салу арқылы шешуге болатынын түсінді. Жоба еліміздің үдемені индустриялық-инновациялық бағдарламасына жатқызылып, өңірлік индустрияландыру картасына енгізілді. Сөйтіп, жобаға 1 млрд. 842 мың теңге тұратын инвестиция тартылды. Бұл жобаның 600 миллион теңгесін “Қазагроқаржы” акционерлік қоғамы несие түрінде бөлді. Бұрынғы ескі нан комбинаты немістердің және австриялық жаңа құрал-жабдықтармен жаңартылып жаңа заман үлгісінде қайта жаңғыртылды. Жұмыс қызу жүргізілді. Осындай жоба жүйесін жылдам қолға алға “Энергия-Капитал” жақында екібастұздықтарға жақсы сыйлық жасады. Жаңа кешен пайдалануға берілді. Енді қала мен ауыл халқы нан-тоқаштардың түр-түрін өздерінің сұраныстарына орай тұтына алатын болды. Комбинат тәулігіне 30 тонна нан өнімдерін пісіріп шығады. Жаңа кешеннің өндірістік технологиясы түгелдей компьютер жүйесіне қосылған, барлық жұмыстар операторлардың бақылауымен іске асуда. Кешенге қабылданатын ұнның құрамы, нан мен тоқаштар жасалатын қамырдың сапасы түгелдей зерттеліп, арнайы тексеру зертханаларынан өткізіледі. Жаңа жобаның өмірге келуі осы жерде ашылған 40 жұмыс орны деген сөз. Алдағы уақытта өндіріс орны толық қуатымен жұмысқа көшкен кезде жұмыс орындарының саны да арта түседі. – Біздің шығарған өнімдеріміздің сапасын арттырып, өз орнымызды алу үшін Астана, Қарағанды жақтарға өнімдерімізді жеткізу ойымызда бар, – дейді комбинат директоры Асхат Дүржібаев. Айтса айтқандай, бұл күндері “Екібастұз” деп аталатын нанды сауда орындарынан көруге болады. Екібастұздық нан-тоқаш өнімдерінің басқа атаулары “Жұлдыз”, “Сарыарқа” деп аталады. Қала басшылығының шешімі бойынша зейнеткерлерге нан өнімдері арзан бағамен беріледі. Жаңа жобаның өңір экономикасының өркендеуіне қосар үлесі мол. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * *Қарқын қаражатқа сай болса
Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда өнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштерге көз жіберсек, облыстың өнеркәсібі 51,9 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға артық. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі, әсіресе, кен өндіру мен кен орнын пайдалануда (37,6%), содан кейін өңдеу өнеркәсібінде (22,4%) көбейе түскен. Электр қуатымен қамтамасыз етуде, сондай-ақ газ бен буды өндіруде едәуір ілгерілеушілік бар. Еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде облыста бүгінгі күнге дейін жалпы құны 1,6 млрд. теңгегеге бағаланған 2 жобаны – “АльБасар” ЖШС мен “Жасұлан және К” ЖШС іске асырған, ол серіктестіктерде қазір қосымша 335 жұмыс орны ашылып отыр. Сондай-ақ, жарты жылдың белесінде бензин өндіру 44,4%-ға, былғары 21,3 есеге, аяқ-киім 12,5 есеге, құрылыстық құрама металл қондырғылары 2,3 есеге, бетоннан жасалған құрылыстық құрама қондырғылар 4,8%-ға, арақ бұйымдары 1,8 есеге артқан. Бұл жақсы, ал жақсыны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, өкінішке қарай, Менделеев кестесіндегі байлықтың бәрі болмаса да, біразы баршылық деп есептелетін облыста натрий триполифосфатын, ортофосфор қышқылын, табиғи газды, газ конденсатын, құрамында алтыны бар концентраттар, алтын мен күміс, ферросиликомарганец, гипс, электр қуатын және табиғи суды өндіру төмендей түскен. Қаратау қаласындағы “Сарытас” зауыты іске қосылады, сөйтіп жергілікті тұрғындарды жұмыспен, ал облыс экономикасын қыруар табыспен қарық қылады екен деген Ресейдің фосфор өндіретін аса ірі компаниясы да түрлі тұсаулардан әлі іске кірісе алмай отыр. Бүгінде кез келген өңірдің экономикалық тұрғыдан дамуы оның инвестиция тарта білуімен ерекшеленеді. Бұл ретте облыстың инвестициялық ахуалын төмен деп айта алмаймыз. Негізгі капиталға салынған жалпы инвестициялардың көлемі үстіміздегі жылдың қаңтар-маусымында 37363,6 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29%-ға артық. Инвестициялық қызметтің өсу қарқыны аудандар арасында, әсіресе, Сарысу (2,5 есе), Талас (113,2%) аудандарында, ал қалалардан Таразда (2,3 есе) байқалады. Өкінішке қарай, бұл шоқтықты шоғырдың ішінен Жаңатас, Шу қалалары көрінбейді. Сондай-ақ, облыс аумағында Қытайға транзитті магистралдық газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстардың кысқаруы салдарынан капиталдық салымдар Байзақ (13,1%), Жамбыл (15,9%), Жуалы (12,3%), Кордай (13,8%), Меркі (15%), Т.Рысқұлов (19,3%) және Шу (17%) аудандарында азая түскен. Сондықтан “алма піс, аузыма түс” дегендей, құдай айдап келіп қалған транзиттік жобаларға сенім арта бермей, әр аудан, әр қала әкімдері сол аумақ халқының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін тұрақты инвестициялық жобалар көлемін ұлғайту мақсатында ізденіп, жұмыс істегені абзал сияқты. Жарты жыл ішінде білім беру нысандары құрылысында 972,9 млн. теңге немесе бөлінген қаражаттың 88,7%-ы игеріліпті. Денсаулық сақтау нысандары құрылысында, оның ішінде “100 аурухана” жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан 4 нысанда да қаражат игерілуі көңіл көншіткендей. Елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін дамытуға, “Жол картасының” нысандарын есепке алмағанда, 1016,5 млн. теңге (83%), оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 979,3 млн. теңге игеріліпті. Дегенмен жаңа оқу жылы басталар кезеңде құрылыс жұмыстары қолға алынған нысандар мен оларды мерзімінде сапалы бітіруді мойындарына алған мердігер компаниялардың салдыр-салақтығы төңірегінде пыш-пыш әңгіменің шығуы жақсылық емес. Неге десеңіз, қаржы бар, ал қырқын мардымсыз. Соңғы жылдары облыста тұрғын үй құрылысының қарқын ала бастауы қуантады. Жарты жыл ішінде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 74,1 мың шаршы метрді құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 22,1%-ға көп. Мұның ішінде жеке құрылысшылар өз қаражаты есебінен 72,6 мың шаршы метр тұрғын үй салған. “Бәйтерек” шағын ауданында өткен жылы құрылысы аяқталмай қалған 70 пәтерлі тұрғын үй де пайдалануға беру алдында тұр. Жалпы, тұрғын үй құрылысының көлемі 8 ауданда және Тараз қаласында өскені байқалады, ал Байзақ пен Талас аудандарында 19,3% және 5,4%-ға аз салынған. Шалғайда жатқан Талас ауданының экономикалық және демографиялық жағдайының мақтанарлықтай емес екені белгілі, ал облыс орталығының іргесіндегі, ішкі және сыртқы миграцияның нысанасына айналған Байзақ ауданында, басқа-басқа, тұрғын үй құрылысының өркен жая түспеуі түсініксіз. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде коммуналдық (жалға берілетін) және ипотекалық тұрғын үй құрылысына жылдың басынан республикалық бюджеттен жалпы сомасы 502,8 млн. теңге мақсатты трансферттер мен пайызсыз несие бөлінген, оның нақты игерілгені 24,7 млн. теңге (4,9%). Бөлінген қаражат негізінен жобалау-іздеу жұмыстарына жұмсалған. Ал “Бәйтерек” шағын ауданында 70 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысына үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін конкурстық рәсімдер өткізілмеген, осыған сәйкес мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаражаттың игерілуі басталмаған. Осы ретте, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуі 34,9%-ды (282,1 млн. теңге), оның ішінде Байзақ – 34,1%, Жамбыл – 4,9%, Жуалы – 0,3%, Кордай – 54,5%, Меркі – 98,8%, Шу аудандарында – 0,7% және Тараз қаласында 36,5% құрағанын да айта кету керек. Бүгінде облыста жем-шөп дайындау және масақты дәнді дақылдарды жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мал шаруашылығында өнім өндіру көлемі мен мал басы өсімі сақталып отыр. Сонымен бірге, ет өнімін өндірудің төмендегені Шу (5%), қой мен ешкі басының қысқаруы Байзақ (1,2%), түйенің – Жамбыл (22,9%), құстың – Мойынқұм (10,2%), Байзақ (3,2%) және шошқаның – Байзақ (27,3%), Т.Рысқұлов (19%), Мерке (5,8%) аудандарының шаруашылықтарында байқалған. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен 1673,6 млн. теңге субсидия бөлінді, 1 шілдеге оның 440,4 млн. теңгесі игеріліпті. Бұдан басқа, облыстық бюджеттен асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға 16 млн. теңге субсидия бөлініп, оның 7,5 млн. теңгесі игерілген. Жеміс-жидек пен жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызу және өсіруді қамтамасыз етуге 0,5 млн. теңге бөлініп, ол 100 % игерілген. Көріп отырғанымыздай, елде, оның ішінде өңірде қаражат жоқ емес бар, гәп соны оң мен солға шашпай, ел игілігіне, яғни облыс экономикасын көтеруге жұмсай білуде ме дейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. * * * Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz Қорғаныс министрлігі www.mod.kz Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz Әділет министрлігі www.mіnjust.kz Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz Экономикалық даму және www.mіnplan.kz сауда министрлігі - Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі www.mіt.kz Статистика агенттігі www.stat.kz