Сәрсенбі күні Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі жетілдіре түсу жайы айтылды.
Өз кезегінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Татарстанға мал азығындық астық жеткізу мәселесіне қатысты екіжақты келісімнің орындалатынын айта келе, бұл ретте аталған келісім бойынша қолға алынған шараларды жүзеге асыратын бірыңғай оператор белгіленетінін атап көрсетті. Ол “ҚазАгро” компаниясы болмақ. “Осы аптада мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Онда астықты сатып алу мен экспорттау мәселелері толық нақтыланбақ. Сондықтан да біз келіскен мәселелердің барлығы жүзеге асады деген ойдамын”, – деді Премьер-Министр.
– Кеден одағы аясындағы қазіргі мүмкіндіктер екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға оң ықпал етеді. Өйткені бізде кедендік немесе өзге де кедергілер жоқ, – дей келіп, Кәрім Қажымқанұлы Татарстанмен арадағы байланыстардың болашақта да өз жалғасын таба беретінін жеткізді.
Татарстан Президенті Рустам Минниханов өз кезегінде өздерінің Қазақстанға қос елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі жетілдіре түсу мақсатында келгендігін айта келе, Қазақстан Президенті мен Премьер-Министріне астық мәселесін шешу бойынша тиісті шаралар қолданып отырғандығы үшін шексіз алғыс білдіретіндігін жеткізді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.