Кеше Астананың “Редиссон САС” қонақүйінде Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, МАГАТЭ сияқты беделді халықаралық ұйымдар басшыларының, Қазақстандағы дипкорпустың өкілдері, тиісті министрліктер мен ведомстволар басшылары, БАҚ және т.б. қатысты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамызды БҰҰ былтырғы жылдың желтоқсан айында “Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні” деп жариялаған еді. Кешегі конференция соны алғаш рет атап өтуге арналды. Онда бірінші болып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөйледі. Ол алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға арнаған жолдауын оқып берді. Онда: “1991 жылдың 29 тамызында менің Жарлығыммен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл – адамзат тарихындағы халықтың қалауымен жабылған ең алғашқы полигон. Ядролық сынақтардың зардаптарын өзінің басынан өткерген Қазақстан халқы бүкіл әлемдегі полигондардың жабылғанын қалайды. Біздің елімізде қырық жылда 490 ядролық жарылыс жасалды, соның кесірінен бір жарым млн. адам зардап шекті және еліміздің алып атырабына қасірет келді. Халқымыздың басынан кешкен осы зардаптары – біздің әлемдік антиядролық қозғалысқа көшбасшы болуымызға тарихи да, моральдық та құқық береді”, делінген. Одан әрі Президент ядролық қарусыз әлем туралы идеяны іске асыруда Вашингтонда болған ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің маңыздылығын атап өте келіп, онда өзінің ядролық қаруды жаппай, вертикальді және горизонтальді бағытта таратпау туралы әмбебап шарт әзірлеуді, ядролық отынның халықаралық банкін құруды, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік бойынша оқу орталығын ұйымдастыруды ұсынғанын еске салады. Жолдауының соңында Елбасы тұңғыш рет аталып отырған Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күнінде біз әлемді ядролық қауіптен құтқаруға бағытталған халықаралық ынтымақтастықтардың тереңдей түсуіне үміттіміз. Оған бізді болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз міндеттейді дейді.
Президенттің қатысушыларға арнаған жолдауын жариялағаннан кейін Қанат Саудабаев өзінің құттықтау сөзін оқыды. Онда министр конференцияға қатысушыларға ыстық сәлем жолдай отырып, бұл күннің әлемдік қауіпсіздік үшін аса маңызды екенін атап өтті. Алдымен полигонды жауып, артынан, 1991 жылы әлемде төртінші орын алатын ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту арқылы Қазақстан өзінің бейбітшілік сүйгіш даму бағдарын танытты. Осы кезден бастап Қазақстан, Елбасының айтуынша, “бейбітшіліктің эпицентріне” айналды, дей келіп, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп тану туралы шартқа Семейде қол қойылғандығының маңызын ауызға алды. Сондай-ақ ол Қазақстанның 29 тамыз күніне ерекше мәртебе беру туралы бастамасын қолдаған елдерге ризашылығын білдірді. Бүгінгі күні ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы (ЯСЖТШ) келісімге әлемнің 182 елі қосылып, оның 153-і келісімнің күшіне енуіне байланысты мемлекет ішіндегі процедураларын жасап үлгерді, деді ол. Бірақ кейбір ықпалды елдердің ЯСЖТШ қол қоймай немесе оған ратификация жасауға асықпай отырғандығы кейбір ресми ядролық мемлекеттердің осындай қаруларды сынақтан өткізуіне, ал “табалдырықта” тұрған елдердің зымырандық-ядролық бағдарламаларын одан әрі жалғастыра беруіне мүмкіндік беріп отыр. Енді 29 тамыз Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні болып жарияланды. Сондықтан, мен конференцияға қатысушыларды және таратпау үдерісіне қатысушы барлық белсенділерді осы күнді нақты әрекеттермен қарсы алуға шақырамын, деді Қ.Саудабаев.
Одан әрі Қ.Саудабаев бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағының тұрғындарын оңалту, сол жер мен оның экологиясын залалсыздандыру бағытында БҰҰ-ның атқарып отырған рөлін атап өтіп, Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның сәуір айында сол жерде болып, қасіретті өз көзімен көргеніне алғысын жеткізді. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ-ның Семей аймағын оңалту бағдарламаларына Жапония, Нидерланды, Швейцария, Канада сияқты елдер мен Еурокомиссия, ЮСАИД, МАГАТЭ, БҰҰДБ сияқты халықаралық ұйымдардың белсене қатысқандығын атап өтіп, оларға ризашылығын білдірді. Соның ішінде Орталық Азия елдері үшін Халықаралық оқу орталығын ұйымдастыруға көрсеткен жәрдемі үшін Норвегияға айрықша алғысын айтты.
Одан әрі конференция өзінің жұмысын БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның жолдауын тыңдаумен жалғыстырды. Оны Бас хатшының арнаулы өкілі М.Енча оқып берді. Жолдауда Пан Ги Мун әлемдегі барлық ядролық полигондарды жабудың мезгілі жеткенін, қазір тек олар туғызған проблемаларды шешумен айналысу қажеттігін айтыпты. “Мен әлемдік қоғамдастыққа Семей полигонының зардабын жақсылап зерттеуге шақырамын, сонда ядролық қарудың қаншалықты қасірет әкелетіні түсінікті болады. Біз бұл проблеманы шешуді келесі ұрпаққа қалдыруға тиіс емеспіз”, делінген Бас хатшы жолдауында.
ЮНЕСКО-ның Бас директоры И.Бокованың жолдауын ұйымның Орталық Азиядағы аймақтық өкілі С.Лазарев жеткізді. Онда Қазақстанның ядролық қарусыздану үдерісіндегі рөліне жоғары баға берілген.
Қазақстанның осы ұйымдағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов те сөйлеп, БҰҰ-ны ядролық қарудан зардап шеккендерге көмек беретін халықаралық қор құруға шақырды. Оның айтуынша, бұл қордың негізін ядролық сынақтардың 20 жыл бойы тоқтатылуынан үнемделген қаражат құраса құба-құп болар еді.
Сонымен қатар, конференцияда ЯСЖТШ ұйымы Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Т.Тот, МАГАТЭ Бас директорының орынбасары В.Букарта және т.б. сөйледі. Жұмыс қорытындысы бойынша конференция әлемдік қоғамдастыққа үндеу қабылдады.
Осыдан кейін “Семей өңірі: қалпына келтіруден дамуға” атты екінші пленарлық отырыс болды. Онда БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ ДБ аймақтық директоры К.Удовички, Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі Ж.Айтжанова, “Қазатомөнеркәсіп” ҰК президенті В.Школьник, Жапония, АҚШ, Ресей елдерінің Қазақстандағы елшілері және т.б. сөйлеп, аталған мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы және оны жетілдіру бағытындағы ойларымен бөлісті.
Жақсыбай САМРАТ.