Тәуелсіз мемлекетіміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың құқықтық негізін қалады. Мемлекеттік және қоғамдық саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Республикасы дербес мемелекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды.
Конституцияның алғы сөзіндегі “Біз ортақ тарихы бар, тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...” деп жазылған сөйлемнің мағынасы терең. Өйткені, Қазақстан халқының тарихи тағдырының бірлігі ел аумағында көптеген ұлт өкілдерінің жүздеген жылдар бойы бірге тұруы нәтижесінде қалыптасты. Себебі, олардың әртүрлі кезеңде, әртүрлі жолдармен біздің елімізге қоныс аударуына тура келді. Бірақ біз тумысынан қонақжай әрі бауырмал екендігімізді танытып оларға құшағымызды айқара аштық. Ешкімді де жатсынғанымыз жоқ. Бірлік пен татулықтың арқасында қазақстандықтар бірлесе отырып, елдің тәуелсіздігін қорғады, жеңіс үшін майданда қатар жүріп ерлік көрсетті.
Еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың адамдары бірауыздан қолдап, бір кісідей мойындады және олар өткен кезеңдердегі тағдырларының тарихи бірлігін іс жүзінде дәлелдей отырып, бірауыздан жаңа мемлекетті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін көрсетті.
Ойымды түйіндеп айтар болсам, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Бұл идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін әрқашан ұмытпауымыз қажет.
Ата Заңды қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Біз осылайша Конституцияда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алып болашаққа бастайтын тура жол таптық.
Егемен еліміздің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуге тиісті. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағымыздың берік болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас. Кез келген демократиялық мемлекеттің таңдаған өркениетті бағыты бойынша дамуына ықпал ететін заңды іргетасы – Конституциясының болуы міндетті және онда айтылғандарды бұлжытпастан орындау барлық азаматтың қасиетті борышы. Дүние жүзіндегі елдердің барлығындағы мемлекеттік басқару тетігі Конституция негізінде және соның аясында жұмыс істейді. Бұл кез келген құқықтық мемлекеттің басты өмірлік нормасы болып табылады. Конституцияның тура бағытта жұмыс істеуі – мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының кепілі.
Ата Заңда бекітілген азаматтардың құқықтары іскерлік сипатқа ие. Бұл, әсіресе, еліміз үшін дағдарысты кезеңде анық көрінуде. Конституциямыз бойынша әлеуметтік мемлекет қағидаты негізделген әлеуметтік саясат – өзінің табиғаты бойынша әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтарға жанашырлық білдіретін қайырымдылық қызмет емес. Бұл – азаматтардың әлеуметтік құқықтарына кепілдік беретін және қорғайтын мемлекеттің конституциялық міндеті. Осы арқылы азаматтардың әділеттілік негіздегі құқықтары сақталып, материалдық құндылықтары қамтамасыз етіледі.
Конституциялық кеңестің бір шешімінде атап көрсетілгендей, адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандығын конституциялық тұрғыда мойындау ең жоғарғы құндылық болып табылады. Мемлекет үшін адамға деген қамқорлықтан, оның материалдық әл-ауқатын арттырудан басқа маңызды ештеңе жоқ. Сондықтан да мемлекет адамдардың лайықты өмір сүруі үшін бәрін жасауға міндетті.
Әлеуметтік мемлекет қоғамның әрбір мүшесінің жұмыссыздық, мүгедектік, қарттық және жалғызіліктілік жағдайында денсаулығын, азаматтың және отбасының игілігін қолдау үшін әлеуметтік саясатты жүргізуге тиісті екендігі Конституцияда айқын бекітілген. Ата Заң міндеттерін жүзеге асыруда еліміздің азаматтарын әлеуметтік қорғау және олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға қатысты республика Конституциясының жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің рөлі ерекше екені сөзсіз.
Ата Заңымызға сәйкес, Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, биылғы жартыжылдықта прокуратура органдары тарапынан облыс бойынша азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, оның ішінде еткен еңбегін бағалап, еңбекақысын дер кезінде төлеу бойынша еңбек құқығы да бар. Жыл басынан бері прокуратура органдары тарапынан мемлекеттік өкілетті органдардың мониторингі және өзара әрекеті бойынша қызметкерлеріне 1 345 084 168 теңге көлемінде еңбекақыға қарыз 81 кәсіпорын анықталды. Соған орай прокурорлық шаралар қолданылып, 49 кәсіпорын жұмысшылар алдындағы 240 млн. теңге көлеміндегі қарыздарын толық өтеді. Сондай-ақ 14 кәсіпорын 582 млн. теңгеден астам қарыздарын бөліп төлеуде. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 348 млн. теңге көлеміндегі еңбекақы қайтарылды. ҚР ҚК 148-бабы, 3-тармағы бойынша тоғыз қылмыстық іс қозғалып, үшеуі сотқа жіберіліп, екі қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылып, төрт қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Прокуратура қылмыстық жауапқа тартылғандардың конституциялық құқықтарының бұзылмауын қадағалауды да назардан тыс қалдырмайды. Құзырлы органдардың қылмыстық істерге тергеу жүргізуі барысында заңдылықтың сақтауы, азаматтарды тергеу изоляторларына әкелулері және онда ұстауларының заңдылығы тергеу және анықтау органдарындағы заңдылықты қадағалау жөніндегі нұсқаулықтың 24-тармағына сәйкес тұрақты түрде тексеріледі.
Биыл ішкі істер органдары тарапынан заңсыз ұсталған 38 адам прокуратураның араласуымен босатылды. Мұның барлығы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабында көрсетілген талаптардың өрескел түрде жиі бұзылатындығын көрсетеді. Мәселен, осы жылдың 2 мамырында түнгі сағат 01.20-да прокуратура қызметкерлері Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінің Каменка полиция бөліміне тексеру жүргізіп, бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдік бойынша бір ер адам мен бір жүкті әйелді және кәмелетке толмаған екі баланы жедел іздестіру тобының қызметкерлері 33 сағат бойы заңсыз ұстағанын анықтады. Оларға қатысты ешқандай құжат толтырылмағандығы, тіпті ұсталған адамның тіркеу кітабына аты-жөндері жазылмағандығы белгілі болды. Заңсыз ұсталынған азаматтар дереу босатылып, осы әрекетке жауапты бес полиция қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде облыстық ішкі істер департаментіне ұсыныс жіберілді.
Сондай-ақ, биылғы жылдың 20 наурызында Заречный кентіндегі ЛА-155/8 мекемесінің қызметкерлері Алматыдағы СИ-1 мекемесінен келген сотталушы Сағатовтың қолына кісен салып, оны резеңке шоқпармен ұру арқылы соққыға жыққан. Медициналық-сот сараптамасының қорытындысымен сотталушының ауыр дене жарақатын алғандығы анықталды. Арнайы прокуратура ЛА-155/8 мекемесі бастығының орынбасары Сыздықовтың және т.б. қызметкерлердің үстінен Қылмыстық кодекстің 308-бабы, 4-тармағы, “б” тармақшасымен қылмысты іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде 15501 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 5861 жасөспірім бар. Олар Қарасай ауданындағы “Алтын Орда” базарында, Қапшағай қаласындағы жанармай құю стансаларында, Талдықорған қаласындағы көлік жуу бекеттерінде әртүрлі жұмыстар істеп, маршруттық таксилерде бақылаушы-кассир қызметтерін атқарған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Прокуратура органдары өз қызметінде мемлекет мүддесін қорғауға ерекше көңіл бөледі. Қадағалау бойынша бюджеттік, банктік, кедендік, заңдылықтарды қолдануда, салық және тағы басқа да бюджеттік міндетті төлемдер, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының сақталуына, бюджеттен тұрақты түрде ақша қаражаты бөлінетін бағдарламалардың мақсатты орындалуына баса назар аударылып, үнемі тексеріліп отырады. Ағымдағы жылдың алты айында прокуратура органдары мемлекет пайдасына 404 248 504 теңге өндірді.
Елбасы Жарлығымен бекітілген 2006-2010 жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іс жүзіне асыру үшін прокуратура органдарының нақты әрекеттері белгіленген. Сондықтан еліміздегі жоспарлы шараларға сәйкес, прокуратура органдары тарапынан нақты жұмыстар атқарылуда. Сыбайласқан жемқорлықпен күрес мәселесіне баса назар аударылады. Өркениетке ұмтылған қоғам үшін сыбайласқан жемқорлықпен күресу өзекті мәселе болып саналатыны белгілі. Бұл еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымының бірі болып бекер танылған жоқ. Елбасының “Қазақстан Республикасында құқық қорғау әрекеттерін одан әрі жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі қосымша шаралар туралы” атты Жарлығы соның жарқын дәлелі бола алады. Бұл құжат сыбайлас жемқорлықпен күресті анықтап қана қоймай, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы мемлекеттік әрекеттің тиімді бағытын көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар басшыларына қызмет барысында сыбайлас жемқорлықпен күресу жөніндегі міндеттерді жүктейді.
Міне, осындай мол мүмкіндіктер жолын ашып, халықтың бақуатты өмір сүруіне кепіл болып отырған Ата Заңымызды, соның негізінде жасалып, күшіне енген өзге заңнамаларымызға бағыну міндет. Заңды білу, сыйлау, құрметтеу секілді құндылықтардан тұратын құқықтық мәдениетімізді дамыту азаматтық парыз.
Конституциямыздың идеяларын, қағидаттарын және нормаларын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретіні сөзсіз. Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын іске асыру, материалдық әл-ауқатты жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді бекітудің, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады.
Ерлік КЕНЕНБАЕВ, Алматы облысының прокуроры.