• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Тұғыры бөлек түрік футболы

879 рет
көрсетілді

Алдағы жұма күні Астанадағы “Астана-арена” стадионында Қазақстан құрамасы 2012 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу тобындағы бірінші ойынын  өткізеді. Бұл күні біздің футболшылар өздерімен бірге “А” тобына түскен Түркия құрамасын қабылдайды. Анадолы түріктері үшін бұл күнде футбол ұғымы жәй спорттық ойын ғана емес. Нәті ермектен шы­ғатын осы ойынның олардың түсінігінде бұл шеңберден әлде­қайда жоғары жатқан әлдебір ерекше қастерлі нәрсеге айналып кеткелі қашан! Түрік ұландары үшін теңбіл доптың тепкіні шын мәнінде қазір ұлттың ұраны мен ұстыны, рухы мен намысы, дәре­жесі мен мәртебесі сияқты. Мен осыны ойлағанда, ылғи түрік нәсілінің көшбастаушы көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің ел жастары мен болашақ ұрпаққа арнаған үндеуін еріксіз еске түсі­ремін. “Ей, түрік жастары! Сенің бірінші міндетің – түрік тәуел­сіздігін, Түркия республикасын мәңгі сақтау және қорғау!”, делінген еді оның ортаңғы тұсында. Ал мәтіннің соңғы жақтары: “Ей, түрік болашағының перзенті! – деп келер еді әлгіндегі өр үнінің үзірін үзбей. – Осындай ахуал мен шарт­тар арасындағы сенің міндетің де түрік тәуелсіздігі мен республика­сын құтқару болып табылады. Саған қажет күш-қуат – тамыр­ларыңдағы асыл қаныңда!” Құдайға шүкір, осы заманда түрік оғланы­ның елдің тәуелсіздігі жолында шыр-пыры шығып, шыбын жан­дарын шүберекке түйіп алып, шыр­қырайтындай шырықтары жоқ. Сондықтан ата-бабаларынан ама­нат болып жеткен асыл қандары бой­ларында бұлқынған түрік пер­зент­тері ұлт пен отан даңқын шы­ғару­дың басқаша бейбіт бағыттары­на бағдар ұстаған сыңайы бар. Со­лар­дың алдыңғы сапында, әлбетте, спорт тұр. Спорт болғанда, осы күнгі түрік ағайындар оның ауыр атлетика, жеңіл атлетика, бокс, күрес және баскетбол сынды түр­лерінен көбірек биік белестерді ба­ғын­дырып жүр. Алайда, осылардың бәрі жабылып жүріп, бұл елде фут­болдың беделі жанында жөңкілтіп жіп те есе алмай қалады. Осы себеп­ті елдің құрамасы 2002 жылы Жапония мен Кореяда өткен әлем чемпионатынан алғаш рет және әзірге соңғы мәрте қола медаль алып қайтқанда, Кіші Азия түбе­гінде бақыттан басы айналмаған бірде-бір исі түрік түлегі қалмаған еді. Расында әлемдегі осы саланың білікті мамандары қазіргі заманғы түрік футболын неге ұқсатарын білмей жаппай әуре. Ол ең алды­мен тамақсау адамға тағам ұсын­ғандай таң-тамаша көрініс береді. Ойын десе ойранын салатын түрік футболшысы жанкүйеріне жақсы көрініп, алаң үстінде шаһит кетуге қайыл. Олар жүдә жеңістің ауылы алты қырдың арғы жағына андыз­дап кетсе де, соңғы күші сарқыл­ғанша бойындағы барын сарп етіп, қайтпай шайқасып бағуға бар. Осы тепкілескен текетірестің тәлкегінде түріктер өзгемен қоса өзінің де тірсегін аямайды. Түркиядағы футбол – елдегі еркек кіндіктілер өкілдерінің ең не­гізгі идеологиясы. Бұл жүм­хүрият­­та аяқдоптың аламаны екінші дін секілді. Түріктердің өзі сондықтан кейде “біздегілер бір Аллаһқа сенеді, бірақ ықыласын футболға төгеді” дегенді қалжыңдап айтып қояды. Содан болар, ата-аналардың дені балалары апыл-тапыл жүре бастағаннан оларды футбол клуб­тарының табалдырықтарына жете­леп алып баруға құштар. Ал бүлдір­шіндер бойына допқа деген ынтық­тық бесіктегі кезінен егіледі. Әр­түрлі клубтардың аттары жазылып, ен-таңбалары салынған бас киімдер мен жейделер, жалаушалар мен плакаттар әрбір дерлік түріктің үйі­нен кезігеді. Доп додасы дегенде осы­лайша еңбектеген баладан ең­кейген кәріге дейін ішкен ас­тарын жерге қойып, оған естері кеткенше еліретін бұл елде футболдың шаңын талай жылдардан бері қағып жүрген “Галатасарай”, “Бешик­таш”, “Фе­нер­бахче”, “Трабзон­спор” коман­да­ларының тарихы мен ойын­шылары­ның аты-жөндерін пістеше шағып айтып бере ал­майтын ер кісі жоқ есепті. Ал осы клубтардың бірінің атын айта қой­саңыз, кез келген түрік азаматымен ортақ тіл табы­сып, әңгімеңіз жара­сып жүре берер еді. Бұлардың ара­сында түрік командаларының ара­сында бірінші болып 2000 жылы УЕФА Кубогын жеңіп алып, шоқ­тығын биіктете түскен “Галата­сарай” күллі османлы қауымының ортақ мақтанышы. Бүкіл халық болып қабақтары­ның қабатына алған футбол ойы­нының жанкүйерлері де бұл елде сондықтан ерекше. Түрік фанат­тары елдің құрамасы ғана емес, клубтық командалар ойындарына да қатты мән береді. Қай қаланың қай стадионына барсаңыз да, чемпионат матчтары ине шаншар орын қалмаған абыр-сабыр күйде өтіп жатады. Басқа елдердегідей бұлардың арасында да әр кезде әртүрлі қақтығыстар болып тұрады. Қызу қанды түріктер кездесу бары­сындағы қилы қисыны кем сәтсіз сәттерде өздерін өздері ұстай алмай қалып жатады. Алайда, бұлар кілең осылай өзара жаға жыртысумен ғана жүреді екен деуге тағы бол­май­ды. Біле-білгенге олардан үйре­нетін нәрсе көп. Түрік ағайындар өз командасына қолдау көрсету жөнінен жанкүйерлер жүйесі ерте­ден қалыптасқан ағылшындардың өзін оқытып жібере алады. Олар­дың ән салғандары қандай! Мың-мыңдаған адам қатар тұрып шыр­қағанда, кіл кәсіби әншілер бір үнмен қосылып жатқандай әдемі әсер қалдырады. Осындай күнге түрік футболы да бірден және оңай жете салған жоқ. Бүгінгі Түркия стадион­дарын­да көрерменге билет сатудан бас­тап, оларды қарсы алып, шығарып салғанға дейінгі аралықтың мәде­ниетін толық меңгергенше қанша­ма жылдар өтті. Сол үздіксіз ізде­ніс­тің арқасында мұндағы футбол­дың өзіндік тұтас бір индустриясы қалыптасып, жаңа инфрақұры­лы­мының негізі қаланып шықты. Тұғырын бөлекше етіп тұндырған бұл елде футбол биік мәдениет деңгейіне жетті. Әрбір матчтың жарнамасы мен анонсынан бастап, оны көгілдір экранда көркемдеп көрсетуге дейін дәулеттің деңгейі әлдеқашан шарықтап кеткен. Оны біз тұрмақ, көрші Ресей елінің мамандары да мойындап отыр. Ал осы ұлан жолдың басы түріктер үшін 1923 жылы Осман империясы ыдырап, мемлекеттік билік басына Мұстафа Кемал бас­таған республикашыл жаңа толқын келіп жатқан тұстан бастау алады. Осы жылы бірінші халық­аралық ойынын Румыниямен өткізген түріктер құрамасы 2:2 есебімен тең түскен екен. Жанашырлары ерке­летіп “Ай-йылдыз” және “Йени шери” деп атайтын ел терме ко­ман­дасы әлем чемпионатының іріктеу турына бірінші рет 1950 жылы қатысты. Бірақ іріктеу тобындағы ілкі ойынында Сирия командасын 7:0 етіп ұтқан ай-жұлдызға табынушы жаңа шерілер, яки соны сарбаздар қаржы тапшы­лығына байланысты турнирге қатыса алмады. Оның есесіне 1954 жылы түрік командасы топтан озып шығып, біріншілікке қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бірінші матчта ол испандарға 1:4 есебімен есе жібергенімен, келесі ойында осы қарсыласынан 1:0 есебімен есе қайырды. Сосын бұл құрамалар арасында үшінші ойын өткізуге тура келді. Кескілескен сипатта өткен ол 2:2 болып тең аяқталды. Ал тиын тығып, жеребе тастағанда, түріктердің бағы жанып кетті. Сөйтіп, бұл елдің құрамасы ГФР-де өткен әлем чемпионатына барып қайтты. Мұнда Венгрия, ГФР сияқты күшті командалармен бір топқа тап келген түріктер форматы өзгешелеу чемпионаттың ережесіне орай бұлардың алдыңғысымен ойнамағанымен, келесісімен кез­десіп, 1:4 есебімен ұтылды. Содан соң Оңтүстік Корея командасын 7:0 етіп талқандап тастады. Бірақ топтан шығу үшін немістермен қайтара өткізген кездесуінде 2:7 есебімен күйрей жеңілді. Бұдан кейінгі отыз жылдан астам уақыттың ішінде қанша ұмтылыс жасағандарымен, түрік түлектері қайта жарқырап көріне алған жоқ. Айталық, 60-шы жылдар шегінде құраманы бір сәтсіздіктен соң бір сәтсіздік тұсаулап жібер­месе, 70-ші жылдар шеңберінде құрлықтағы орташа деңгейге әзер ілікті. Осы жылдарда әлем және еуро­палық чемпионаттардың ірік­теу турнирлеріне үзбей қатысқаны­мен, одан озып шығатындай еш мүмкіндіктері болған жоқ. Ал 80-ші жылдардың аясында Түркия өзінің шежіресінде Англия құрамасынан екі рет 0:8 есебімен ұтылып, беті­мен жер басып қалғандай болған. Түріктер бұлардың біріншісін 1984 жылғы 14 қараша күні өз алаңында, Ыстамбұлда жіберіп алса, екіншісіне 1987 жылғы 14 қазанда Лондонның төрінде орын беріп қойды. Ал тап осындай есеппен күйрей жеңілуді олар ең алғаш рет бұлардан әлдеқайда бұрын, 1968 жылғы 24 сәуірде Польшаның Хорцов қаласында осы елдің құрамасынан бастап еді. Дегенмен, 90-шы жылдардың басынан түріктер құрамасы күлден көтерілген күлгін құстай қайта қанатын жазып, көк жүзінде көл­беңдеп шарықтай түсті. Осы 1990 жылы ақырғы ойындағы сәтсіздігі ғана олардың әлем біріншілігіне апаратын жолдарын қиып тастады. Осы аралықтарда клубтық деңгей­дегі түрік футболы айтарлықтай биік белестерге жетіп үлгерді. Елдің командалары осы шамада Еуропа ареналарында атой салып, тәп-тәуір жетістіктерге жетіп жүрді. Жоғарыда айтылған “Галатасарай” сол тұста ағылшынның “Арсена­лын” УЕФА Кубогында теңселтіп жі­берсе, Чемпиондар лигасында ис­панның “Реалын” артта қалды­рып, тағы да абырой үстіне абырой қосты. Солардың әсері болса керек, команда 2001 жылғы қаңтарда “Әлем­нің үздік футбол клубы” атанды. Түріктің бір кездерде ептеп ба­сы­лып қалған рухы осылай көтері­ле түсті. Ол 2002 жылы құраманың әлем чемпионатында үшінші ко­манда атануымен өзінің шарықтау шыңына жетті. Осы чемпионаттың ширек финалында Сенегалды “алтын доп” ережесі бойынша 1:0 етіп ұтқан османлы оғландары жар­тылай финалда болашақ чемпион – Бразилия құрамасына осы есеп­пен жол беріп алды. Ал 3-орын үшін шайқаста алаң иелерінің бірі – Оңтүстік Корея құрамасын 3:2 есебімен ұтып, қола медальдың қожайындары атанды. Осы матчта түріктер сапынан екі гол соққан Ильхан мен атақты Хакан Шүкір нағыз ұлттық қаһармандарға айнал­ды. Түрік ағайындар 2003 жылы өткен Конфедерация кубогында да табыс биігінен көрініп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Олар бұдан кейінгі үшінші орынға 2008 жылғы Еуропа чемпионатында қол жеткізді. Сол аралықта 2004 жылы плей-офф матчында Латвия құра­масынан, 2006 жылы сондай жек­пе-жекте швейцариялықтардан аса алмай, бірінде континенттің, екін­шісінде жаһанның додаларынан тыс қалды. Түріктер енді бізге құрлық бі­рін­­шілігінің қола жүлдегері ретінде келгелі отыр. Осы аралықта олар бас бапкерін де шалт ауыстырып үлгерді. Команданы толағай табыс­тарға бастаған өз қандастары Фатих Терим алаңның сыртында қал­ды. Биылғы қыстан бері сол орынға голланд маманы Гус Хид­динк келе­тіні белгілі болды. Ол өзінің құзыр­лы тірлігіне осы тамыз айында ғана кірісті. Демек, өзінің осындағы тұсау­кесер кездесуін Гус мырза Қазақ­стан құрамасымен өткізгелі отыр. Ал бұл жаттықтырушы жөнінде айтылар дерек көп. Соны бірер сөйлеммен ғана жеткізсек, Хиддинк әлгіндегі 2002 жылғы әлем чемпионатында 3-орын үшін түріктермен таласқан корейлер ко­ман­дасының тізгінін ұстаған еді. Біріншілік бітісімен туған еліне орал­ған ол сонда ПСВ “Эйндхо­вен” командасын 2005 жылға дейін жаттықтырды. 2005-2006 жылдары Австралия, 2006-2010 жылдары Ресей құрамаларын баптады. Ол бұл елдердің бәрінде де үлкен абырой­ға жетті. Сондай бағалы маман болған соң, түріктер де соңы­нан қалмай жүріп, ақыры оны елдеріне әкеліп тынды. Келесі аптада болатын ойын біз­дің түріктермен бірінші рет бет­пе-бет келуіміз емес. Оның дебютін біздер 2005 жылғы 8 маусымда Ал­маты­да өткізіп, масқара болғанда, 0:6 есебімен ұтылып қалған едік. Оның қарымта кездесуі келесі, 2006 жылғы 9 қазанда Ыстамбұлда өтіп, 0:4 есебімен тағы да күйрей жеңілдік. Жалпы есеп жиынтығы – 0:10! Бұл аз ба, көп пе, оны әркім өзі шамалай жатар. Сондықтан осы жолы түріктерге лайықты қарсылас бола алатындай ойын көрсетудің маңызы зор. Ол, айналып келгенде, қазақ футболының көкірегі көтерілуіне әсер еткен болар еді. Алдағы болатын кездесу алдында Гус Хиддинк 23 ойын­шыны жиынға шақырды. Олардың арасынан қақпашылар Волкан мен Рюштюді, қорғаушылар Сервет Четин мен Гекхан Занды, Сабри Сарыоглу мен Эмре Гюнгерді, жар­тылай қорғаушылар Хамит Алтынтоп пен Мехмет Топалды, шабуыл­шылар Нихат пен Арда Ту­ран­ды, сондай-ақ Гекдениз Караде­низді көруге болады. Команданы алаңға, әлбетте, оның капитаны Эмре Белезоглу бастап шығады. Осы матч алдында оның бары­сы жөнінен болжам айтып жатқан­дар да көп қазір. Солардың ара­сын­да түрік футболының аңызға айналған тұлғаларының бірі Серген Ялчынға ден қойсақ, ол матчтың екі жақ үшін де оңайға түспесін бүкпесіз айтады. Лайым солай болғай! Серік ПІРНАЗАР. Астана.