• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2010

Даму деңгейі діттегендей болмақ

450 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда “2011-2015 жылдар­дағы еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму бол­жамының жо­басы”, “Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық қорынан 2011-2013 жыл­дары бөлінетін кепілдендірілген трансферттер туралы” заң жо­басы, “Республикалық және облыстық бюд­жеттер Астана рес­публикалық ма­ңыздағы қала­лар бюджеттері арасын­дағы жал­пы трансферттер көлемі жөнін­дегі” заң жобасы, 2011-2013 жыл­дарға арналған республикалық бюджет жобасы қаралды. Алғашқы үш мәселе бойынша Индустрия және жаңа техно­логиялар министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Ол 2011-2015 жылдардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы әлемдік экономиканың, әлемдік тауар рыно­гының ахуалдарының бол­жамдарын, со­нымен бірге елі­міз­дің экономи­ка­лық салаларының 2010 жылғы қаңтар-шілде айлары арасындағы даму үрдістерінің жағ­дайын ескере отырып жасал­ғандығын атап көрсетті. Халық­ара­лық валюта қорының болжам­дары­на сәйкес 2010-2011 жылдар аралы­ғында әлемдік экономи­каның өсімі 4-5 пайызды құ­рамақ. Осыған бай­ла­нысты еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының болжамы 2011-2015 жылдар аралығындағы мұнай баға­сының болжамын да ескере отырып жасалған. Ба­рынша консервативті болжамдар бойынша, бұл мерзімде мұнай бағасының баррелі орташа есеппен 65 АҚШ доллары көле­мінде болады деп күтілуде. Әлемдік тұтыну деңгейінің біртін­деп қалпына келуіне байланысты 2011-2015 жылдар ара­лығында металдың әлемдік бағасы орташа есеппен 10-15 пайыз артпақ. Міне, осы жағдайларды еске­ре кел­генде еліміздің ішкі жалпы өнімі­нің өсімі 2011 жылы – 3,1, 2012 жылы – 3,3, 2013 жылы 3,5 пайыз, ал 2015 жылға таман орта есеппен 4,1 пайыз болады деп болжанып отыр. Елімізде жүзеге асырылып жатқан индустрия­лан­дыру жобалары және отандық өнім­дердің экспортқа шығары­луы­ның артуына байланысты 2011 жылы өнер­кәсіп өсімі – 3,6, 2012-2013 жылдары 3,9 пайыз деңгейінде болмақ. Жалпы, жобалау кезеңінде өсім орташа есеп­пен жылына 5 пайыз болады деп кү­ті­луде. 2011-2015 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі орта есеппен жылына 4,3 пайыз деңгейінде болып, 2015 жылы 4,8 пайыз­ды құрайды. Сонымен бірге елі­міздің көлік және сауда салаларында да едәуір өсу деңгейі болжанып отыр. Ұлттық банктің болжамы бойынша 2011-2015 жылдар аралығында инфля­ция деңгейі 6-8 пайыз дәлізі аралы­ғында болмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бол­жамы бойынша еліміздегі жұмыс­сыз­дық деңгейі 2011 жылы 6,4 пайыздан 2015 жылы 5,5 пайызға төмендейді. 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы туралы Қаржы министрі Болат Жәмішев хабарлама жасады. Алдын-ала жасалған жоба бой­ынша 2011 жылы республикалық бюджет түсімі 4 055,2 млрд. теңге көлемінде белгіленіп, 2010 жылдың анықталған жоспарынан 676,9 млрд. теңге немесе 20 пайыз артық болады деп болжанып отыр. Ал 2012 жылы бюджет түсімі 4380,1 млрд. теңге, 2013 жылы 4786 млрд. теңге болады деп болжануда. Республикалық бюджеттің 2011 жылға арналған шығындары 4657,7 млрд. теңге, 2012 жылы 4961,9 млрд. теңге, 2013 жылы 5168,3 млрд. теңге көлемінде белгіленген. Үкімет отырысына ұсынылған жобаларды Үкімет мүшелері бір­ауыздан мақұлдады. Отырысты Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мов қорытындылап, қарал­ған мәселелер бойынша атқарылатын жедел шараларға байланысты тиісті органдарға нақты тапсыр­малар берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.