АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығын атап өтуге орай өзінің сәлемдемесін жолдады.
“Біздің елдеріміздің өзара сыйластығы мен мүдделері тығыз әріптестіктің негізі және біздің елдеріміздің өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді”, – деп атап өткен өзінің жолдауында АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
Ол еліміздің Конституциясы АҚШ-тың америкалық демократияны кепілдік етуде ұстанып отырған қағидаттарына пара-пар екендігін айта отырып, Қазақстан Конституциясының негізгі қағидаттарына жоғары баға берді және Қазақстанның осы жылы ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізуінде дәл осы жетістіктер арқау болды деп атап өткен. “Сіздердің Конституцияларыңыз Қазақстан халқының алдағы уақыттағы жетістіктеріне негіз болады және біздің елдеріміз арасындағы тығыз байланыстың кепілі болады”, – делінген хатта. Сонымен қатар, Қазақстан алдағы болатын ЕҚЫҰ Саммитінде өзінің демократиялық дамуға қатаң ұстанымын тағы да паш етеріне сенімін білдірген.
Өз жолдауының соңында Мемлекеттік хатшы АҚШ-тың Қазақстанмен бірлесе отырып “бейбіт және гүлденген болашақ құрылысы жөніндегі” жұмыстарын жалғастыру міндеттерін қуаттады.
Мұхиттың арғы жағынан келген жолдау Астана мен Вашингтон арасындағы саяси үнқатысудың жоғары деңгейінің және өзара сыйластықтың шынайы белгісі болып табылады.
Нұрбек АЛМАШОВ.