Жасөспірімдер арасында өткен алғашқы Олимпиаданың қазақстандық тұңғыш чемпионы, грек-рим күресінің жас шебері Жәнібек Қандыбаев өзінің жеңісін ел Конституциясының 15 жылдығына арнайтынын мәлімдеді. Бұған осынау мереке күні облыс орталығында өткен салтанатты жиында бас қосқан жамбылдықтар куә болды.
Мереке қуанышын бөлісуге келген жұртшылықты Ата Заң аясында атқарылып жатқан өңірдегі игілікті істерімен, қол жеткен табыстарымен құттықтаған облыс әкімі Қ.Бозымбаев Сингапур белдесуінде қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жеткен саңлақты ортаға шақырып, оған екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті. “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол”. Мұның алдындағы күндері балуанды ел болып қарсы алу, оның құрметіне шашу шашып, ән салып, би билеп, дастарқан жаю шаралары да ұйымшылдықпен өткен болатын.
Жас өрен белдесу өнеріндегі жан аямас жаттығуларын алдағы уақытта да үзбей жалғастыра отырып, 2012 жылы болатын Лондон Олимпиадасында да жеңіс тұғырынан көрінуге уәде берді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Суретте: Сингапур Олимпиадасының чемпионы Жәнібек әкесі Жұмасейіт Қандыбаевпен бірге.