Ұлттық мектептің ұлы мұраты
Ұлы ұстаз Әл-Фарабидің: “Ұстаз... жаратылысынан айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген, аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да тым әділ... Жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл да ержүрек болуы керек...” деген сөзі жас ұрпақтың тәрбиесіне жауапты барлық адамның өмірлік қағидасына айналғанда ғана, мұғалім мен ұстаз мәртебесіне байланысты туындайтын қазіргі кейбір түйінді мәселелер өздігінен тарқатылар еді. Бірақ әрине, мұндай ғанибетті тұлғаға жету жолы кім-кімге де оңай соқпайтыны белгілі. Мектепке алғаш кіріп келе жатқан жас сәбидің бойында білім ошағына деген қандай жүрек толқырлық сезім болса, шәкіртті білім бұлағымен сусындататын әр мұғалім де киелі табалдырықтан аттарда дәл солай толғанбай болмайды. Мұғалім мен шәкірт қарым-қатынасындағы үйлесімділік, тарыдай сана мен ересек ақыл-ой иесі арасындағы осы тепе-теңдік берік орныққан жағдайда ғана білім кеңістігінен ізгілікті өрнектерді кезіктіресіз. Бұл ретте ауыл мектептеріндегі жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі басқа жерлерге қарағанда әлдеқайда көп міндет артатыны түсінікті. Соңғы жылдары ауыл мектептеріне назардың көбірек тігілуі осы ойымызды барынша растай түседі. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Ел Президентінің “100 мектеп, 100 аурухана” идеясының әсіресе, біз сияқты орталықтан шалғайда орналасқан ауыл мектептерінің жағдайын түзеуге тигізер ықпалы едәуір деп үміттенеміз.
“Сұлубұлақ” елді мекенінде орналасқан “Қызыл таң” жалпы орта мектебінің тарихы 1948 жылдан бастау алады десек, әуелгіде сегізжылдық мектепке шақталып салынған екі қабатты ғимаратта 700-ден аса бала үш ауысымда білім алып келеді. Негізінен “Сұлубұлақ”, “Сырабад” елді мекенінің жеткіншектері, сондай-ақ мектептің шалғайлығына қарамастан “Күрішауыл” елді мекенінен жыл сайын 45-50 бала қатынап оқиды. Кеңес кезінде қыстың қыраулы күндері бес шақырымдай жерден жаяу-жалпылап, әзер қатынап оқыған ауыл балаларын біраз жылдардан бері арнайы көлік тасиды. Сынып кабинеттері жетіспейтіндіктен, төрт бастауыш сыныптың оқушылары мақта теруге көмекке келетіндер үшін салынған ескі жайда оқуға мәжбүр. Екі ғимараттың арасы бір шақырымдай жер. Мұндай қолайсыздық өз кезегінде білім сапасына зардабын тигізбей қоймайтыны тағы анық. “Айдалада ақ отау, ауыз-мұрны жоқ отау” демекші, ол бір жағынан бастауыш сынып мұғалімінің жұмысын қадағалап, баға беруде айтарлықтай қиындық туғызса, екінші жағынан, онда оқып жатқан сәбилердің де көңіл-күйіне әсер етпей тұрмайтынын ескеру керек. Тұжырып айтқанда, біздің ауыл балаларының да заманауи үлгіде салынған білім ошағында оқитын кезі әлдеқашан жетті деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір айта кететін жәйт, мақталы ауыл мектептерінің бастан кешер қиындығы алабөтен. Жаз бойы егістік алқабында кетпен көтеріп, отбасылық ырыстың қамын күйттеген жасөспірімнің күз айларында сабақтан табылмау фактісі жиі қайталанады. Мақта жинау – ежелден мектеп оқушыларының иығын жауыр еткен мехнат. Жермен, малмен күнелткен жұрттың бар ойы тек “ақ ұлпаны” жерге қалдырмай, мұқият жинап алуға тіреледі. Кеңес уақытында оқушылар күзгі жиын-терімде бір-екі ай сабақтан босатылатын. Нарық заманы ол үрдісті мүлде өзгертті. Қозалық алқаптар – бүгінде жеке шаруа қожалықтарында. Бала бұрынғыдай мектептен заңды түрде босатылмайды. Бірақ алқап жұмыстарын атқаратын басты тұлға әлі де жеткіншектер болып саналатыны шындық. Даладағы жұмыс – еңбегі, ал мектептегі сабақ ермегі сияқты көрінетін жәйттер көңілге кірбің ұялатар еді. Осы жәйттің бәрі түптеп келгенде мұғалім еңбегінің нәтижесі ретінде алға тартылып жатады. Ауыл мектебін бітірген бала мен қалада оқыған жасөспірімнің арасында жер мен көктей айырмашылық болатыны сондықтан. Қалалық ата-ана балаларын демалыс орындарына жіберіп, жеткіншектің жеке басының білімін ұштауға уақыты да, мүмкіндігі де жетіп жатса, ал ауыл баласы үшін үш айғы демалыс дегеніңіз демалыс емес, отбасылық қордың негізі қаланатын жауапты кезең болып саналады. Ата-анамен бірдей таң алагеуімнен алқапқа асығып бара жатуы – үйреншікті дағды. Бұл үшін сіз ата-ананы да, баланы да кінәлай алмайсыз. Мақтаны техникамен жинауға шаруа қожалығының бәрінің бірдей шамасы жете бермейтіні осындай қадамға амалсыз барғызатынын ескеру керек. Мұны кейбір бұқаралық ақпарат құралдары “жерден жеті қоян тапқандай” сынап-мінеп көрсететіні мәселенің арғы жағына терең бармаудың салдары деп ойлаймыз. Оған тек бір жақтан ғана қарау қате. Мақталы ауыл балаларының басындағы мұндай түйткілді “арба сынбастай, өгіз өлместей” тиімді шешудің амалын қарастыру керек. Бәлкім, біраз уақыт оқушыларды науқандық жұмысқа байланысты сабақтан босатқан жөн шығар, әйтеуір екі ортада бала зардап шекпеуі тиіс, жеткіншектің білімнен қол үзіп, еңбекке жегілгеніне мұғалім ғана жауапты болмаса деп ойлаймын. Осыдан келіп ҰБТ қорытындылары ойдағыдай нәтиже бермейтіні күрсінтеді. Мектептің өткен жылғы тест барысында 76,15 балдық көрсеткішке тірелуі алдағы оқу жылында кездесетін кедергілерді алдын-ала осылай топшылап алуға итермелейді. ҰБТ туралы ойымызды әрмен қарай тағы да сабақтай түсетін болсақ, 9-шы сыныптан кейін оқушылар таңдаған мамандықтары бойынша екі бағытқа бөлініп оқиды. Жаратылыстану бағытымен химия, биология, физика, математика, жағрафия пәндері тереңдетіліп оқытылса, қоғамдық бағытта оқушылар тарих, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшін тілі пәндерінен егжей-тегжейлі дәріс алады. Мәселен, 11-сыныпта жаратылыстану бағытындағы балалар Қазақстан тарихын аптасына бір сағат, ал қоғамдық бағыттағылар аптасына екі сағат, Дүние жүзі тарихына да дәл соншалық сағат бөлінеді. Ал жаратылыстану бағытында Дүние жүзі тарихы мүлде оқытылмайды десе де болғандай. Сол секілді керісінше математика пәні жаратылыстану бағытын таңдаушылар үшін аптасына төрт сағат та, ал қоғамдық пәндер бойынша оқитындарға екі-ақ сағат өтіледі. Гәп мұндай айырмашылықта емес, ҰБТ кезінде кімнің қай бағыт бойынша білім алғанына мән берілмейтінінде. Мысалы, Қазақстан тарихы үстірттеу оқылып, Дүние жүзі тарихы мүлде өтілмейтін бағыттағы балаға да, оны тереңдеп оқыған үміткерге де қойылар талаптың бірдей болуы қисынсыз. Бала өзі өтпеген пәннен сүрінеді. Осы қаншалықты әділетті? Сондықтан келешекте осы екі бағыттың ерекшеліктері ескерілсе екен дегіміз келеді. Математиканы аптасына төрт сағат оқыған бала мен екі сағат дәріс алған оқушының арасы жер мен көктей болып тұрмай ма? Екеуін теңестіре бағалаудан түптеп келгенде бала зардап шегеді.
Өзім тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, әрине, мені оқулық мәселесіндегі кейбір үстірттіктер қатты мазалайды. Мұндағы көңіл аударатын жәйт – жаратылыстану бағытындағы балалар үшін жазылған Қазақстан тарихы оқулығында тақырыптар толық қамтылмаған. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті оқып бітісімен бірден 1924 жылғы жаңа экономикалық саясатқа бір-ақ аттап шығуға тура келеді. Осы екі аралықтағы қаншама тарихи оқиғалар қамтылмай қалып қойған. Мұнымен “сусындаған” бала ертең тестіде оқымаған сұрағына қалай жауап бермек? ҰБТ сұрақтары оқулық тақырыптарымен сәйкестендіріліп құрылмасы белгілі ғой. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері өткен-кеткен тарихымызды түгендейтіндей әжептәуір уақыт өтті емес пе? Оқушы қолына толыққанды тиюге тиіс бірден-бір оқулық болса, ол Қазақстан тарихы болуы керек емес пе?
Бітіруші түлектеріміздің ішінен әлі-ақ елге белгілі, білікті мамандар шығарына еш күмәнім жоқ. Шалғайдағы ауыл мектебін оқып, бүгінде жер-жерде жемісті еңбек етіп жүрген түрлі мамандық иелері жеткілікті. Олардың арасында ғылым докторлары, белгілі композиторлар, өнер жұлдыздары, мәдениет пен әдебиет қайраткерлері, басқа да саланың танымал өкілдері бар екеніне жанымыз марқаяды. Қазіргі таңда ұжымда 71 мұғалім жұмыс істесе, оның 98 пайызы жоғары білімді мамандар. Өткен 2009-2010 оқу жылында түрлі олимпиадалар мен жарыстарда жүлде алған мұғалімдеріміздің еңбегін айта кету парызым. Физика пәнінің мұғалімі Анар Әбдікәрімова облыстық олимпиададан үшінші орынды иеленіп мерейленді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнәр Тұрсынбекованың “Ежелгі дәуір әдебиетін оқыту” авторлық бағдарламасы озық жоба ретінде аудан көлеміндегі мектептерге таратылатын болды. Бейнелеу пәнінің мұғалімі Әмина Адамбекованың оқытқан шәкірті Айдана Зәрухан облыстық жас суретшілер байқауында үшінші жүлдеге ие болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Әшімнің оқушысы Ұлбосын Әлмеш “Махамбет оқуы” аймақтық байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Гүлнәр Тұрсынбекованың оқушысы Балғаным Орынбек “Абай-Шәкәрім оқуы” аймақтық байқауында екінші жүлдені қанжығасына байлап қайтса, Ділдәкүл Есенованың оқушысы Маржан Нариман физикадан аудандық олимпиадада жүлделі орынға қол жеткізді. 2008-2009 оқу жылында бес оқушы, ал биыл төрт оқушы білім грантын иеленді.
Білім берудің шынайы мақсаты – адамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани, адамгершілік тұрғыдағы санасын дамыту, өмірден өз орнын табуға көмектесіп, бойындағы табиғи дарыны мен қабілетін ашу болып табылады. Ілімге төте жол жоқ. Ол – қашанда ұзақ та инемен құдық қазғандай бейнетпен жететін биік. Әбу Насыр Әл-Фарабидің: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі” деген қағидасын көкейге тоқығанда, осы біз, мұғалімдер шынымен де ғұлама ұстаз айтқан өсиетті мықтап ескеріп жүрміз бе деген сауалдың басы қылтияды. Осы ойға оралған сайын ұлт болып ұйысып, ел болып еңсе көтерген кезде әуелі қолға алынатын асқаралы міндет ұрпақ тәрбиесі екеніне көз жетеді.
Әбілхас ТОҚСАНБАЕВ, «Қызыл таң» жалпы орта мектебінің директоры. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы.