Сонау артта қалған жетпісінші жылдардың аяқ кезінен бастап ақтөбелік көрермендер телевизия хабарларынан жаңа леп, өзгеше құбылыстарды сезіне бастады. Осы тұста мұнда қызметке кіріскен бір топ жас мамандардың ала келген соны серпіні көпшілікті еріксіз өзіне тартты. Сол жаңа толқынның қатарында Аманкелді Мектепбаев та бар болатын.
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп келген ол қатарластары аяғын сақтықпен аттап басатын бұл салаға именбей-ақ еніп кетті. Шынын айту керек, оның оқуды бірге бітірген жолдастарының көбісі негізінен газет төңірегін оңтайлы көріп, бірқатары Алматыдағы баспа маңайынан қоныс тепкен.
Оны телевизияға жақындататын бір себептер де бар сияқты. Соның бастысы – мектеп бітірген соң киномеханик болып азды-кемді уақыт еңбек етуі.
Ол орта білім алған соң Ақтөбе қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті. Осында ересегі бар, бозбаласы бар, әр қиырдан жиылған жастар арасында киномеханиктік куәлік алып шықты.
Алпысыншы-жетпісінші жылдары клубтарда көрсетілетін киноның әсері керемет болғаны белгілі. Жастар сол жерде табысады, көңіл көкжиегіңді кеңейткің келсе де киноға барасың. Ал кино қоюшы – ауылдағы ең бір қадірлі адам. Ырғыз өңірінің бүгінде қарттыққа қол созған ақсақалдары жас Аманкелдінің кино қоюдағы ерекше тәртібін әлі күнге дейін ұмытпаған да шығар.
Кейін сол киномеханиктігі телевизияда жүргенде көп пайдасын тигізді. Оқу бітіре салып, бірден осы салаға келген кейбір тәжірибесі шамалы әріптестері секілді телестудиядағы аппараттарға оқшырая қарап тұрған жоқ, бірден ішіне еніп жүре берді. Операторлар да, режиссерлер де мұны бірден өз адамындай қабылдады.
Бастапқы қызметі кіші редактор болғанмен, оған әп дегеннен-ақ үлкен тапсырмалар беріле бастады. Күн тәртібіндегі тақырып ауқымы да оңай емес-ті. Басты мәселе бесжылдық тынысын танытудан өрбитін. Еңбек екпінділерін насихаттау, өзгелерге үлгі ету, коммунистердің көркем бейнесін кестелеу, міне, осындай сол заманның нағыз көкейкесті жайлары алға тартылатын.
Телевизия ол үшін ең алдымен адам тану мектебі болды. Қаншама кейіпкерлермен жүздесіп, олардың ішкі сырларына ортақ болды десеңізші. Кейін солардың бірқатарымен кәнігі жолдас болып кетті.
Солардың бірі – Өтесін Өтепбергенов. Ол Алға ауданындағы “Тоқпансай” деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы. Кешегі күндері шаруашылығы бірқалыпты дамып тұрған совхоздың ізін жоғалтпай, билік орындарымен жағаласып жүріп, өз көздегенін жүзеге асырған азамат. Бұдан ең алдымен ауыл тұрғындары ұтты. Олардың арасында жұмыссыз қалған бірі де болған жоқ. Жиырма бес мыңдай қойы, бірнеше мың сиыр-жылқысы бар серіктестіктің жұмысы кейде адам күшін қажетсініп, сырттан көшіп келушілер де аз болған жоқ. Оның сыртында шаруашылықтың егісі және басқа қосалқы тірліктері және бар.
Өтесін мұндай биіктерге оңай жеткен жоқ. Сонау бір қысталаң шақтарында да, кейін еңбегі еленіп, мемлекеттік марапаттауларға ие болып жатқан тұстарында да жанында Аманкелді секілді адал жолдастары жүрді. Ол журналист ретінде іскер басшы, жігерлі де жақсы азаматтың тұлғасын көпшілікке үлгі етіп ұсынды, озық тәжірибесін оңтайына келген тұстарда таратып та отырды.
Қарғалы ауданындағы “Степное” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Аманқос Төлеуов те Әбекеңді ерекше қадір тұтады. Журналистік жауапкершілікті жоғары сезінетіндігі, кәсібіне адалдығы үшін.
Телевизияға қызметке келген соң кіші редакторлықта Әбекең көп тұрақтап қала қойған жоқ. Негізгі тақырыптарды игеруі, басты шаруаларды сеніммен қолға алуы оның беделін көтере берді. Сөйтіп, лауазымдық қызметі де өсті. Облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының бірінші орынбасары болып ол еңбек еткен жылдарда елдікке, егемендікке қатысы бар көптеген жұмыстар тындырылғанын бүгінде біреу біліп, біреу білмеуі де мүмкін.
Мәселен, КСРО деп аталатын алып елдің ауқымында жүргенімізде Ақтөбе телекомпаниясы Ресейдің Орынбор телевизиясымен берік қарым-қатынас орнатты. Соның нәтижесінде ақтөбелік журналистер дайындаған қазақ әндері мен хабарлары Орынбор телевизиясы арқылы тұрақты түрде беріліп тұрды. Сөйтіп, екі өңір арасындағы тәжірибе алмасу, сырттағы қандастарымызға рухани нәр беру секілді көзге көріне бермес шаруалар Әбекеңнің тікелей араласуымен жүріп жатты.
Тағы бірде қазақтар Жаманқала деп атап кеткен Орскіде Абай тойы болып жатқан тұста көпшілік думандатып жүргенде Аманкелдінің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рысжан Ілиясова апаймен бірге сол аймақта жерлеген Дербісәлі Беркімбаевтың басына барып, дұға етіп, болашақ бір хабарының бастауын игеріп қайтқаны да бір олжасы болды. Кезінде жарты патша атанған, ел билеген Дербісәлі секілді ерен тұлғаның көп тойы, шынын айтсақ, кейінірек өтті. Ал журналистің жанкешті болып жасаған жарты сағаттық сол бір хабары сондай үлкен шараның өтуіне аз да болса септігін тигізбеді ме екен?!
Әбекең қазір телевизияда қызмет істеген жылдарын ерекше бір ыстық сезіммен еске алады. Сол уақыттарда көрермендерге ұсынылған “Дидар сәт”, “Жұма күнгі жүздесу”, “Парасат”, “Темірқазық”, “Сана”, “Дидарғайып”, “Көңілашар”, “Сыртартар” секілді хабарлардың идеясы мен мазмұны ойға оралғанда, сол уақытының босқа жұмсалмағанына іштей тәубе ететіні бар.
Тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздік туының жоғары көтерілгенін сезінген халқымыз батырларымыз бен билерімізді ұлықтап, тарихымыздың тереңіне молынан үңілді. Сол тұста Әбекең жанына жас әріптестері мен операторларын ертіп алып, айтылғандар мен анықталған жайларды қамтып қалуға тырысты. Сөйтіп тарихтың бір түгенделуіне өзіндік үлес қосқаны бар.
Телевизияның күллі шаруасына қолын батыра салып, мезгілмен санаспай, жан алысып, жан берісіп еңбек етіп жүргенімен, бір күндері газетке қарай қызмет ауыстырудың реті де келіп қалғаны бар. Бұл 1996 жылы болатын. Ол кездері қолма-қол ақша дегеніңіз ұмытылып, айырбас деген әлемет жер-көкті сілкіндіріп тұрған. Облыстық “Ақтөбе” газеті бас редакторының орынбасары қызметіне келген ол бірден шаруашылық қызметі тізгінін қолға алды. Журналистердің айлығы бірде қолға тиіп, бірде берілуі созылыңқырап тұрған шақ еді. Әбекең шаруашылық басшыларымен тікелей келісім-шартқа отырып, газетке жазылу құнын малдай-заттай алып, қаламдастарының қарнын “тойғызуға” септігін тигізгені бар.
Осында еңбек еткен жылдар оның көп қабілетін танытты. Қолына қалам ұстап, сөз сәйгүлігін баптауы тиіс адам әріптестерінің өнімді еңбек етуіне жағдай жасады. Сөйтіп, қаламдастарының қамын ойлауымен қадірі және бір мәрте арта түсті.
Әбекеңнің қазіргі қызметі де халықпен тығыз байланысты. Ол “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі ретінде уақытпен санаспай еңбек ететінін көпшілік көзбен көріп жүр.
Мұнда түскен өтініштердің, арыздар мен шағымдардың жетпіс пайызы оң тұрғыда шешіледі. Оның себебі, әр хаттың қараусыз қалмайтындығында. Кез келген өтініш шара алу үшін немесе тиісті жауабын беру мақсатында соған қатысты мекеме-ұйымдарға жіберіледі және тиянағын тапқанша бақылауда тұрады. Әбекеңнің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қандай да қолға алған іске жауапкершілікпен қарау, мұқият атқару дағдысы бұл істе көп көмегін тигізіп тұр.
Қазір “Нұр Отанның” жергілікті филиалына қабылдауға адамдар үлкен сеніммен келеді. Олар осы жерден бір тиянақ табатынына ешқандай да күмәнданбайды. Мұнда мекеме басшыларының, депутаттардың қабылдау ұйымдастыруы жүйелі тірлікке айналды және өзін ақтайтын шара екендігін көрсетіп отыр.
Азаматтың айбыны асып жүруі шаңырақ шуағының мол болуына да қатысты. Әбекеңнің өмірлік серігі Дания қай кезде де отбасында береке орнатып, балаларына тәлімді тәрбие негізін қалап отырған аяулы ана, өнегелі жар. Отбасындағы екі апасының соңынан ерген Олжас қазір үлкен азамат, облыстағы үлкен мекемеде бас директордың бірінші орынбасары. Ол әулетке Айзере, Аида секілді сүйкімді немерелер сыйлады.
Аманкелді Мектепбаев қай салада еңбек етсе де, бәрібір өзі өмірлік таңдаған мамандығы журналистикадан алыс кете алмайды. Қолы қалт ете қалған сәтте қаламдас-әріптестерінің хал-жағдайын біліп, шығармашылық ахуалдарын сырттай саралап отырады. Жақсылыққа қуанады, әттеген-айларды бірге көтеріседі.
Кейде кеңсенің қағазбасты жұмысынан шаршаған сәтінде сонау балаң шағында “Жанаргүл” деп аталатын новелла, “Ақ сағым сағыныш”, “Ақмоншақ” тәрізді очерктер жазғаны есіне түсіп, іштей жылы жымиятыны бар.
Адам баласын алаламайтын, айналасына мейірім шуағын төгіп жүретін абзал да азаматтық тұлғасы Әбекеңді – Аманкелді Мектепбаевты осылайша көпшілік құрметіне бөлеп келеді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.