• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Қыркүйек, 2010

Ынта мен ықылас артпай қазақ тілінің түйткілі шешілмейді

683 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-сес­сия­сында сөйлеген сөзінде Елбасы мем­ле­кет­тік тіл мәселесіне ерекше назар аудара келіп, ел көлемінде мемлекеттік тілдің қолда­нылу аясын барынша кеңейту жөніндегі басты ұстанымдарды айқындап берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы­мыз­дың “Алдымен экономика – сосын саясат” деген ұстанымының өміршеңдігін еліміздің бүгінгі саяси-экономикалық жағдайы айқын дәлелдеуде. Еліміздің экономикалық әлеуеті жоғарылап, соның арқасында қоғамдық-әлеу­меттік саладағы қордаланған күрделі мәселе­лер­ді біртіндеп шешу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Сол күрделі мәселелердің бірі де бірегейі қазақ тілінің қазіргі мүшкіл халі екені баршаға аян. Сондықтан еліміздің бүгінгі қол жеткізген экономикалық күш қуатын ұтымды пайдалана алсақ, ұлтымызды ерекше алаңдатып отырған осы мәселенің түйінін түбегейлі шешуге айқын жол ашылар еді. Жалпы, қазақ тілін “Мемлекеттік тіл” деп жариялап, сол атына заты сай болу қажет деп ұрандағалы 20 жылдың жүзі болса да нәтиже тым мардымсыз екенін көріп отырмыз. Олай дей­тініміз, бүгінгі күні мемлекеттік тілді мең­геруге басқа ұлт өкілдері былай тұрсын, өз ұлты­мыздың қомақты бөлігі тым құлықсыздық танытуда. Мұның себебін анықтау үшін ең алдымен мемлекеттік тіліміздің бүгінгі жай-күйіне үңілсек. Бірінші, бүгінгі күні Қазақстанда мемле­кет­тік тілдің міндеті мен қызметін шын мәнінде қазақ тілі емес, заң жүзінде ресми тіл ретінде қабылданған орыс тілі атқаруда. Екінші, республика көлемінде таратылатын барлық БАҚ-дың 80%-дан астамы орыс тілінде сөйлейді. Үшінші, білім, ғылымның барлық саласын­да орыс тілі үстемдік құрып келеді. Мысалы, елі­мізде шығатын ғылыми-техникалық жур­налдарға жарияланатын мақалалардың 80-90 пайызы орыс тілінде жарық көреді. Төртінші, мемлекеттік биліктің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білмейтін немесе шала-шарпы ғана білетін басшылар мен қызметкерлер отыр. Бесінші, мемлекеттік тілді білетін және білмейтін қызметкерлердің жалақысында немесе қоғамдық ортада алатын орнында еш­қандай да айырмашылық жоқ. Яғни, мемле­кеттік тілді білгеннен немесе білмегеннен келіп кетер ештеңе жоқ. Алтыншы, мемлекеттік тілге көштік деген мекемелердің өзінде ресми жиын, отырыстар­дың бәрі дерлік қазақша бір-екі ауыз сөзбен ашылғанымен, қаралатын мәселе, айтылар әңгіме негізінен басым орыс тілінде жалғасады. Жетінші, қазақша білім алып, қазақ тілін қанша жақсы меңгерсең де орыс тілін білмесең мемлекеттік қызметті ойдағыдай атқарып кете алмайсың. Сол сияқты ғылым, білім саласында да өрісің тар болмақ. Сегізінші, отарлану заманында қалыптасқан құлдық психология қазақтардың санасына тым терең сіңіп алғандығы соншалық, кейбір қа­зақтар өз тілін біле тұра өзара орысша сөйлесу әдетінен арылар емес. Ондайлар өз тілін құр­меттеу түгіл менсінгісі де келмейді. Елбасы­мыздың “Қазақ пен қазақ өзара қазақша сөйлессін”, “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде” деген ұлағатты сөздерінің мән-мағы­насы олардың санасына жетер емес. Жоғарыдағы себептердің барлығы да сайып келгенде, мемлекеттік тілге деген қызығушы­лықтың жоқтығынан туындап отыр деуге бола­ды. Олай дейтініміз, өткен 20 жыл бойы жүр­гізілген іс-шаралар негізінен жалаң ұран, әрі кетсе әкімшілдік-әміршілдік тәсіл­дерден құралғаны жасырын емес. Мұндай тәсілдерге сенім артудың айтарлықтай нәтиже бермесі анық. Себебі, мемлекет тарапынан жүр­гі­зіліп жатқан іс-шаралар (мысалы, қазақ тілін үйренуді әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, оқу құралдарын басып шығару, қысқа мерзімді курстар, үйірмелер ашу, әр түрлі кон­курстар, сайыс, бәсекелер ұйымдастыру, т.б.) көпшілік қауымның мемлекеттік тілге деген қызығушылығын тудыра алмай отыр. Ал бәз біреулер мықты заң қажет деседі. Әрине, заң­ның мықты болғаны жақсы. Алайда, мәселені тек заңмен ғана шешуге болады дегенге қосылғымыз келмейді. Себебі, адамның қандай бір нәрсеге деген қызығушылығынан туын­дайтын өз ынта жігері мен ұмтылыс, талпы­ны­сы жоқ жерде заң тек қана “ақы беру” құ­ралы міндетін атқарып қала бермек. Сондықтан бұл мәселені шешудің ең негізгі жолы Қазақстанда өмір сүретін жалпы халықтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырумен қатар, қазақ тілін меңгеруге тиісті жағдайлар жасау, мемлекет тарапынан нақтылы іс-шараларды жүзеге асыру. Жер басып жүрген әрбір пенденің ең әуелгі қам-қарекеті – тіршілік қаре­кеті, яғни күнделікті нан тауып жеу, өмір сүру күресі екені белгілі. Ендеше, мемлекеттік тілді жаппай үйренудің тетігін осы күнкөріс қажеттілігімен мықтап тұрып байланыстырып көрсе қайтер еді? Бұл жерде адамдарды мате­риал­дық тұрғыда ынталандыру мәселесі де керек. Мұны толықтай жолға қоюға бүгінде біз­дің елдің мүмкіндігі де бар. Ендеше, сол күш-қуаты­мыз­ды ұлтымыздың жаны болып табылатын ана тілімізді көтеруге, көркейтуге неге жұм­самасқа? Қазірдің өзінде Мемлекеттік тілді да­мыту президенттік қоры, т.б. қорлар, жыл сайын бюджеттен бөлінетін арнайы қаражат­тарды (мысалы, тек 2008 жылдың өзінде бөлінген 5 миллиардтан астам теңге бір жыл бойы жүз мыңға жуық адамды ай сайын 4-5 мың теңгеден ынталандыруға жетеді екен) негізінен осы ынталандыру шараларына бағыттаса. Сонымен қатар, бюджет саласында істейтін қызметкердің жалақысына 25% қосу дегенді теңгермешілікпен емес, жұмыс нә­ти­жесін байланыстырған жөн. Сондай-ақ, студент­тер­дің шәкіртақысына да мемлекеттік тілді мең­геруіне қарай үстеме берілетін болса, олардың мемлекеттік тілге деген қызығу­шылығы мен ынтасы артатыны күмән тудырмайды. Азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау қызметін Тіл комитеті өз мойнына алып, жер-жерде тіл мамандарынан құралған сертификаттау комиссиялары құрыл­са. Сертификаттау 3 сатылы жүргізілсе, мемле­кеттік тілді меңгеру деңгейі жоғары, орташа және төмен деген үш сатыға бөліп, ынталан­дыру сол деңгейлерге сәйкес жүргізсе, соған қарай адамдардың мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі де біртіндеп көтерілер еді. Ал ғылым, білім саласындағы қазақ тілінің жай-күйіне келетін болсақ, оған да осы ынта­ландыру тәсілін қолданудың маңыздылығы зор. Мысалы, қазіргі таңда ғылым мен техника са­ла­сының басылымдарына жарияланатын ең­бектердің көпшілігі (80-90 пайыз) орыс тілінде жарық көреді. Бұл да болса қазақ тілінің ғы­лым, білім саласында қадамын аштырмай тұр­ған тар құрсаудың бірі болып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін де авторларды ынта­ландырудың жолдарын қарастыру қажет. Мы­салы, қазір біздің елдегі барлық дерлік басы­лымдар мақала авторынан төлемақы талап етеді. Егер қазақ тілінде жазылған мақалаларға жеңілдік жасайтын болса, ол да бір оң нәтиже беретін шара болмақ. Осы орайда, С.Сейфул­лин атындағы Қа­зақ агротехникалық универ­ситетінде жүзеге асы­ра бастаған, үлгі боларлық іс-шаралар ту­ра­лы айта кеткен жөн сияқты. Заң талабына сай университет көлемінде жыл сайын нақты іс-шаралар жоспары бекітіліп, әкімшілік тара­пынан шығарылатын бұйрықтар мен өкімдерді тек қазақ тілінде ресімдеу, мемлекеттік тілді үйре­ну­дің ақысыз курстарын ұйымдас­тыру, орыс тілді өзге этнос өкіл­дері арасында тұрақты сайыстар өткізіп, жеңімпаздарды моральдық және материалдық тұрғыда мара­паттау, оқы­ту­шылар құрамының бос орындарына үміткер­лерді іріктеу кезінде мемлекеттік тілді мең­гер­ген оқытушыларға артық­шылық беру, студент­тер арасында мемлекеттік тілді иге­рудің маңыз­дылығын кең көлемде, тұрақты түрде наси­хат­тау сияқты игі шараларды іске асы­рудың нәтижесі – оқытушы­лар мен студенттердің мемлекеттік тілге деген қызығушы­лығы артып, қазақ тілінде білім алатын топтар саны 40%-ға, оқу-әдістемелік әдебиеттер­ді даярлау көрсеткіші 50%-ға өсті. Сонымен қатар, 2008 жылы қалалық тілдер басқарма­сы­нан “Мемлекеттік тілді ен­гізуші үз­дік мекеме” атты қала ме­кеме­лері арасында ұйымдастыр­ылған конкурста біздің университет бас жүлдені жеңіп алды. Университеттің ғылыми кеңе­сінің шешімімен 2010 жыл білім ордасында Мемлекеттік тіл жылы деп жария­ланып, осы бағытта ауқымды іс-шараларды атқару жоспарланып отыр. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген игі табыстарымыздың бірі елімізде жыл сайын қазақ мектептері мен бала бақшаларының көп­теп ашылуымен қатар, республика бойынша қазақ тілінде білім алушы балалар санының өсе түсуі дер едік. Әйтсе де анадан туа естігені, көрген білгені тек орыс тілі ғана болған жас ұрпақтың жарыса өсіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Келешекте қазақ халқы қазақ тілді және орыс тілді қазақ болып екіге бөлініп, кетпей ме? Егер жағдай дәл қазіргідей жалғаса берсе, бұл айырмашылық жыл өткен сайын ұлғая түсуі мүмкін. Бара-бара бұл қоғамдағы тұрақсыздық пен қайшылықтарға ұласпауына кім кепілдік бере алады?! Сондықтан мемлекеттік тілді балаларға сәби жасынан бастап үйрету кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Өкінішке қарай, дәл осы шараны нақтылай іске асыру жай-күйі қазірде тым жеткіліксіз болып тұр. Бұған бір мысал, елімізде бүлдіршіндер мен мектеп жа­сындағы балаларға арналған бір де бір теле­арнаның жоқтығы. Сол себепті де балалары­мыздың ала таңнан кеш батқанша көретіні тек қана орыс тілінде шығатын jetx сияқты арна­лар. Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 сес­сиясында сөйлеген сөзінде Елбасы: “Біз қазақ тілінде сөйлеу қалауы әрбір қазақстандыққа табиғи нәрсе болуы үшін бәрін істеуге тиіс­тіміз” дей келе, “Бүгінде біз қазақстан­дық­тардың өскелең ұрпағының бойында мемле­кеттік тілді білуге деген қандай қызығушы­лықтың оянып жатқанын көріп жүрміз. Мұны барынша ынталандыру қажет” деп атап көр­сетті. Ендеше, жас ұрпақтың мемлекеттік тіл­мен сусындауы үшін арнайы теледидар арна­сын ашудан бастап, барлық жағдайды жасау мемлекеттің қолынан келмейді деп кім айта алады?! Қорыта айтқанда, қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтере отырып, қолда­н­ыс аясын республика көлемінде ұлғайту үшін заң да, қомақты қаржы да қажет. Әсіресе, жыл сайын бөлінетін мол қаржыны тіл мәсе­лесінің ең жанды жеріне, яғни жалпы халық­тың қызығушылығын арттырып, азаматтарды мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қарай ынталандыру шараларына тиімді жұмсай ала­тын болсақ ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізген болар едік. Сайт ЗАХАН, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті.