• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2010

Бәрі де адам үшін

627 рет
көрсетілді

Саламаттылық салты

Менің денсаулық саласында жүр­геніме 40 жыл, оның 35 жылы бас дәрігер қызметінде. Еңбек жо­лымды елде хирург, балалар емхана­сының бас дәрігері, облыстық ден­сау­лық сақтау бөлімі бастығының орынба­сары, республикалық шипажайдың, сондай-ақ соңғы 15 жыл бойы Алматыдағы 100 жылдан аса тарихы бар жедел жәрдем клиникалық ауруханасының бас дәрігері болсам, қазір №2 қалалық емхананы басқа­рып отырмын. Сондықтан денсау­лық сақтау саласының қызметі ту­ра­лы өзіндік пікір, жеке ойларым бар. Пенде болған соң адам бос уақы­тысында бір мезгіл әртүрлі ойларға шомады. Мен де ой үстінде отыр­мын. Елімізде жасалып жатқан күр­делі де маңызды істер Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың, Үкімет басшы­лығының тәулік бойы тынымсыз еңбектері екенін жақсы білемін. Әри­не, оның барлығы да ел тыныш­тығы, ел амандығы үшін. Иә, бәрі сіз бен біз үшін, қазақ елінде, қазақ мемлекетінде өмір сүріп жатқан әр адамның өмір сүруін, әр адамның денсаулығын, тұрмысын жақсартып, тіршіліктегі жасын ұзарту үшін. Түйіндей айтқанда, елімізде жүріп жатқан экономикалық саяси өзге­ріс­тердің барлығы адамның денсаулы­ғын жөндеп, жасын ұзартуға арнал­ған. Елімізде басталып кеткен “Бі­рың­ғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі” реформасының, “Саламатты Қазақ­стан” мемлекеттік бағдарла­ма­сының 2010-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңі басталып кетті. Ұсы­нылған бағдарлама Қазақстан аза­мат­тарының денсаулығын жақсар­тып, ұлтымыздың демографиялық жағдайын көтеруге зор ықпалын тигізері сөзсіз. Бұл – өте қиын, алайда халыққа өте қажет бастама. Барлық жаңа бас­тамаларға сын айтылады, ол – өмір заңы. Алғашқы 5-6 айдағы қадамы­мыз жақсы. Маңыздысы – бірінші ке­зең­де, яғни 2010-2015 жылдары, осы­ны халыққа жете дұрыс түсіндіру әрі білікті мамандар даярлау. Осы­лар­ды іске асыру үш жағдайға байланысты. Біріншісі – мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат. Ол жағы бүгінде баршылық. 2004 жылы 93 млрд.теңге болса, 2009 жылы 273 млрд теңге қар­жы бөлінді. Алматы қаласының дағдарысқа қарамастан денсаулық сақтау саласына 2010 жылы 27,2 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бұл өткен 2009 жылдан 1,5 есе артық. Мемлекеттік “100 аурухана” бағдар­ламасы да жоспарлы түрде атқары­лып жатыр. Алматы шаһарында соңғы 25 жылдай уақытта бірде-бір емдеу мекемелері салынбаған еді. Биыл Жетісу ауданы “Көкжиек” және Алатау ауданы “Шаңырақ-2” екі дәрігерлік емхана іске қосылды. Ал Бостандық ауда­нындағы №17 емхана халыққа ең қажетті жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Елбасына алма­тылықтардың алғысы шексіз. Жыл­дың соңына дейін тағы 5 емдеу ор­ын­дары іске қосылмақ. Олардың қата­рында жедел жәрдем аурухана­сы, ересектер мен балалар­дың кли­ни­калық ауруханасы, пер­зентхана қа­лалық туберкулезге қарсы диспансер бар. Қаламыздың денсау­лық сақтау саласына мемлекет тара­пынан бұ­рын осыншама қаражат бө­лініп, халықтың дер кезінде ем қабылдап, дәрігерлерге дұрыс жұмыс атқару­ла­рына жағдай жасалған емес. Осының өзі Прези­дентіміз Н.На­зарбаевтың, Үкімет басшыларының, қала әкім­ді­гінің халыққа деген үлкен қамқорлығы. Екіншісі, жеке адамның өз ден­саулығына жауапкершілігі, оның кү­тініп, уақтылы тексеріліп, саламатты өмір сүруі. Дені сау адам – бақытты, ал, денсаулығын жоғалтқан адамның жайы өзімізге белгілі. Жалпы, Алматы қаласы бойынша соңғы бес жылда ерлердің өмір сүруі 4 жылға, әйелдердікі 1,5 жылға ұзар­ды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бала туу 5%-ға өсті, ал өлім саны 6,8%-ға азайды, халықтың табиғи өсіп, көбеюі 12%-ға артты. Соңғы жылы қала бойынша әлеуметтік аурулар­дың түрін емдеуден, жазудан біраз жақсы өзгерістер бар. Барлық емдеу мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс жарты жылдық жоспардан асып, 110,5%-ға орындалды. Осы жарты жылдық көрсеткіштер денсаулық сақ­тау саласындағы “Бірыңғай ұлт­тық денсаулық сақтау жүйесінің” іс­ке аса бастағанының дұрыс көрінісі. Әрине, 1-2 жыл өткен соң ха­лықтың өтініші бойынша кейбір өз­герістер енгізу қажет болар, ол – өмір­дің заңдылығы. Уақыт өткен сайын жақсылыққа, жаңа талаптарға ұмты­луымыз қажет. Сол үшін еліміз­дегі барлық халықтың өз денсаулығын сақтау үшін, дер кезінде мамандарға қаралып, саламатты өмір сүру – ең басты мәселе. Ол – өмір талабы. Үшіншісі денсаулық сақтау сала­сы­ның жұмысы. Мұндағы ең басты мә­селе-ұйымдастыру мәселесі, бас­шы­лардың біліктілігі, сауаттылығы. Ме­дицинадағы: “Дәрігер қателессе бір адам өледі, басшы қателессе жүз адам өле­ді” деген қағиданы ұмыт­пауымыз қажет! Мықты, білгір акушер-гине­ко­лог, хирург, т.б маманның басшы бола ал­мауы мүмкін. Олар бөлім меңге­ру­шісі, орынбасарлық сатыдан өтуі қа­жет. Денсаулық сақтау ми­нистр­лі­гінің соңғы ұйымдастырған комит­ет­тері, оның облыстағы екі бө­лімшелері өте орынды ойласты­рыл­ған. Олар ақшаның дұрыс пайда­ла­ну­ын, мекемелердегі емделудің са­па­сын ғана бақылап қоймай, маман­дар­дың да біліктілігін тексеріп отырады. Ең бастысы, осы жаңа құрылып жатқан мекемелердің басшылығына министрліктің алқасында мамандар­дың білімін тексеріп, сараптап, ұй­ымдастыру ісінің білікті, іскер, са­уаттыларын тағайындауға мүмкіндік болғаны – үлкен жақсы жаңалық. Келешекте облыстық, қалалық ден­сау­лық сақтау басқармаларының бас­шылары да осылай бекітілсе, өте орынды болар еді. Барлығы бірінші басшыға байланысты. Ол сауатты, іскер, кішіпейіл, халыққа жақын, елжанды азамат болса, барлық мәсе­лелерді шешіп, елдің көңілінен шыға­ды, рахметін алады. Алматыда толып жатқан респуб­ликалық ғылыми орталықтар мен бір саладағы саны көп, сапасы жоқ кафедралар бар. Оларды қысқартып, Астанадағы тәрізді холдинг құру қажет. Медициналық мекемелердің бәрі бір университеттің шаңырағына шоғырланып, білікті мамандардың, ғылым докторларының бір жерде, бір мекемеде болғаны өте орынды. Қазір олар бір-бірімен айтысып, қарама-қайшы жұмыс істеуде. Ол халықты шаршатады. Жұмыс алға баспайды. Денсаулық сақтау министрлігі жақында Ақтөбе қаласында Ербол Орынбаевтың қатысуымен жаңа жүйенің басталуына орай “Сала­мат­ты Қазақстан” мемлекеттік бағдар­ламасында айтылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерінің ал­ғаш­қы жарты жылдық қорытын­дысын талқылады. Қосымша жаңа пікірлер айтылды. Ең бастысы, жаңа бастаманың алғашқы жақсы қадам­дары қуантады. Ауруханада емделу­шілердің саны 2009 жылға салыс­тыр­ғанда 10%-ға төмендеп, емха­на­дағы күндізгі төсекте ем қабылдау 36,6%-ға көбейгені айтылуда. Келесі жылдарда алғашқы ме­дициналық көмек беру мекемелеріне қаражат үш есе артығымен беріле­тінін естіп, дәрігерлер қуанып қал­ды. Себебі, жаңа бастаманың басты бағыты қаражатты көп қажет ететін ауруханалардағы төсек санын азай­тып, халыққа ең қажетті алғашқы дә­рігерлік көмек беру мекемелерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білікті мамандармен толықтыру. Жас мамандар мәселесіне келер болсақ, бізде олардың саны бар, сапасы аз. Биыл республикамыздағы барлық дәрігерлер даярлайтын уни­­верситеттердің диплом алар ке­зіндегі білімін тексеру сәтінде 30-40% сту­дент­тер білімі өте төмен де­ген баға алған. Бұл не деген сұмдық! Сон­дық­тан елімізде халықаралық стан­дарт бойынша жеке маман­дық­тар бойынша 2-3 жылдық рези­денту­радан өткізу – өмір талабы. Клиникаларды басқаратын әкім­шілік менеджменттерді даярлау да өте күрделі мәселе. Ол мамандардан теориялық біліміне қоса практи­ка­лық, өмір тәжірибесі мол болуын қа­жет етеді. Қазіргі клиника дегеніміз үлкен зауыттан да күрделі құрылым, олар 500-ден астам функциясы бар, экономикалық жүйе. Біз осындай білімді, сауатты менед­жерлер мен білікті кадрлар тәр­биелеуіміз қажет. Резидентураға, ас­пи­рантураға институтты үздік бі­тіргендерді қабылдап, ал басқаларды Үкіметтің шешімімен 2-3 жылға ауылды жерге, ал қалада учаскелік дәрігерлікке жолда­мамен жіберсек, өте орынды болар еді. Иә, дәрігер мамандығының дә­режесін көтеру – өте маңызды мә­селе. Ол үшін жалақыны көбейтуіміз қажет. Бірінші кезекте, халыққа аса қажетті үш сала мамандары: ауыл дәрігерлері, қаладағы учаскелік дәрігерлер, жедел-жәрдем стансасы дәрігерлеріне жағдай жасау қажет. Олардың еңбекақысы жоғары болса, денсаулық сақтау саласын­дағы мәселелердің 80%-ы бірден ше­шілер еді. Себебі, дүние жүзінде (біз­дің рес­пуб­ликамызда да) 80% халық осы са­ладағы мамандарға көмек сұрап ба­рады. Осылар мықты болса, меди­цина күшейеді. Халық риза болады, денс­ау­лықтары жөнделеді. Аурудың алдын аламыз, халықпен араласуы­мыз, қа­рым-қатынасымыз күшейіп, саламатты өмір сүріп, сәби сүйіп, бала­лардың денсаулығын кү­тіп, қазақ ұлтының санын, сапасын көтеруге өзіміздің үлесімізді қосып, қоғам ал­дында өз борыштарымызды адал атқарар едік. Амантай БІРТАНОВ, Алматы қалалық №2 емхананың бас дәрігері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП АҚФ бюро мүшесі.