Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палата бюросының отырысында Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.
Қаржы және бюджет комитеті Үкіметтен ел бюджетіне қатысты заң жобалары келіп түскенін мәлім етті. “2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы”, “Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2011-2013 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы”, сондай-ақ “Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы” заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселелері қаралды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне “Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы” Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті жүктелетін болды.
“Егемен-ақпарат”.