АЗИАДА ЖАРШЫСЫ
“Егемен Қазақстан” газетінің VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Тудың қадір-қасиетін шетелге шыққанда, жат жұртта жүргенде айрықша сезінесің. Сары түстер араласқан ашық көк туды көргенде елең ете түсетінің рас. Қай елдің азаматы болмасын, әйтеуір кеудесінде оты бар адам басқа елде жүргенде өз отанының туы желбіреп тұрғанын көргенде тұла бойын мақтаныш сезімі кернейтіні жасырын емес. Өйткені, ту – мемлекеттің дербестігін, даралығын айғақтайтын символдың бірі әрі бірегейі.
Бір елдің байрағы екінші бір мемлекетте желбіреуіне, әрине, себеп баршылық. Мәселен, мемлекет басшылары ресми сапармен басқа елдерге барғанда міндетті түрде сол елдің байрағы салтанатты түрде көтеріледі. Бұл үрдіс, әрине, саяси тұрғыдан алып қарағанда маңызы орасан зор. Бұл – бір. Ал екіншіден, бір елдің жалауы екінші мемлекетте салтанатты түрде желбірейтін жер – ол додалы бәсекеде, дүбірге толы жарыста. Еліміздің Астана және Алматы қалаларында өтетін VІІ Қысқы Азия ойындары да күн өткен сайын жақындап келеді. Бұл санаулы күндерден кейін 40-тан астам мемлекеттің байрағы Қазақ елінің көк аспанында желбірейді деген сөз.
Сын сағаттарының жақындап келе жатқаны біздің де қан айналысымыз бен жүрек соғысымызды жылдамдата түскендей. Жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, жеке-дара мемлекет ретінде өзіміздің кім екендігімізді жаһандық кеңістікте дәлелдейтін сәт келгені анық. Бұл жолғы ойындардың абыройлы, сәтті өтуіне бәріміз де бір адамдай жұмылуымыз керек. Ромен Ролланның: “Әрбір ержүрек, әрбір шыншыл адам өз отанына абырой әкеледі”, деп айтқанындай, баршамыз елге тек абырой алып келуіміз керек деген мақсатпен дайындалғанымыз абзал.
БӘСІРЕЛІ БӘСЕКЕ
Кешегі Азиадалар шежіресі
Қысқы Азия ойындары спорт шежіресіне 1986 жылдан бастап өз тарихын жаза бастады. Ең алғаш Азиада алауы Жапонияның “Қар музейі” аталып кеткен Саппоро қаласында тұтанды. Бұл қаланың неге “Қар музейі” атанғанын жұрт жақсы білетін шығар. Жыл сайын Саппоро қаласында халықаралық деңгейде қардан мүсін жасау фестивалі өтеді. 1973 жылдан бастап қар мерекесіне орай әлемдік деңгейде өткізіліп келе жатқан осы фестивальге жыл сайын орташа есеппен 5 тонналық үлкен мәшинемен 5832 рет тасығанда 29160 текше метр қар кетеді екен. Саппорода қар әр жылы әрқалай мөлшерде түседі. Егер қар жұқа түссе, 36 км-лік қашықтықтағы қар қалың жауатын таулы аймақтардан тасылады. Қардан мүсін жасауға дүние жүзінің түкпір-түкпірінен мүсіншілер келеді. Жасалған мүсіндерден көлемі әжептәуір қалашық салынады. Ал бұл қалашыққа келетін туристердің саны да жетерлік. Оларға арналып қардан жасалған түрлі-түрлі дүкендер, ойын-сауық орындары қызмет көрсетеді. Бір жағынан қар мерекесі Саппоро қаласының қара қоржынына елеулі кірістер де салып кететін көрінеді. Мінеки, осындай қысы әсем, ауа райы жайлы Саппоро қаласында іркес-тіркес екі Азиада өткізілген болатын.
Алғашқы Азиадаға Саппоро қаласында жеті мемлекеттің сайыпқырандары спорттың жеті түрінен сынға түскен. 425 спортшы қатысқан бұл жарыста Жапония бірінші орынды иеленген болатын. Ал арада 4 жыл өткеннен кейін, яғни 1990 жылы 9 наурыз күні он мемлекеттен келген спортшылар тағы да Саппоро қаласында бас қосты. Бұл жолы да 18 алтын, 16 күміс, 13 қола медальді қанжығаларына байлаған жапондықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды ешкімге бере қоймады. Осы жылы алғашқы рет Азиадаға арналған пошта маркасы шығарылды.
Содан барып ІІІ Қысқы Азия ойындары 6 жыл өткеннен кейін, 1996 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткізілді. Бұл қаланың да әлем алдында өз беделі, ерекшелігі бар. Қытайдың көне тарихынан сыр шертетін көптеген жәдігерлерді осы қаладан кездестіруге болады. Дүние жүзіне Харбин өзінің “Шығыстың мұз қаласы”, “Шығыстағы Мәскеу” деген аттарымен әйгілі. Азиаданың байрағы желбіреген Харбин қаласында 16 елден келген 660 спортшы 7 спорт түрінен сайысқа түсті. Дәл осы жылы еліміздің туы алғаш рет қысқы Азия ойындары алаңында желбіреді. Бірінші рет қатысқанымызбен, жүлделі оралғанымыз әлі есімізде. 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль алған отандастарымыз алғашқы додада екінші орынды иеленгені баршамызды қуантқан еді.
ІV Азиаданы өткізу мүмкіндігі 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Кангвон қаласына бұйырды. Кангвон – Оңтүстік Кореяның ірі қалаларының бірі. Тарихи маңызы жоғары Кангвон тек техникалық өндірісі жағынан ғана емес, табиғатының әсемдігімен де атағы әлемге жайылған, туристер көп келетін жер. Кангвонда 21 мемлекеттің 800-ге тарта спорт қырандары бақ сынасты. Қазақстан бұл жолы 10 алтын, 8 күміс, 7 қоланы олжалап Қытай, Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.
2003 жылы V Азиада Жапонияның Аомори қаласында өткізілген болатын. Бұл қала жапон халқының тарихын тереңге бойлатады. Жапонияның ең алғашқы алма ағашы осыдан 130 жыл бұрын Аомори қаласында отырғызылған. Содан бері Аомори Жапонияның алма өндірісінде орны айқын қала болып есептелінеді. Аомориде өткен V Азиадаға 29 мемлекеттен келген мыңнан астам спорт өкілдері жиналды. Біздің еліміз осы жолы төртінші орынды иеленді. Қоржынымызға 7 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль түсті.
Ал 2007 жылы Қытайдың Чаньчунь қаласында өткізілген VІ Қысқы Азия ойындарында Қазақстан 6 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль иеленіп, тағы да төртінші тұғырға табан тіреді.
Мінеки, Азиаданың қысқаша тарихы осындай. Қарап отырсақ, Азияның көптеген елдерінің ішінде Қазақстанның нәтижесі жаман емес екендігі көрінеді. Алда өзімізде болатын VІІ Қысқы Азия ойындары қалай өтер екен деген сұрақ әркімнің де көкейінде жүргені белгілі. Ал бұл енді уақыт еншісіндегі мәселе. Спортшыларымызға тек сәттілік тілейік.
Азия Олимпиада кеңесінің шешімі
Бұл ойынды өткізуде біздің ұтатын тұстарымыз өте көп. Мәселенки, Азиаданы өткізу барысында Азия құрлығын былай қойғанда, әлем жұртшылығының назары бізге ауады. Өзіміздің беделімізді еселей көтереміз. “Бораттар” деп ойлап жүргендердің Қазақстан туралы, қазақ туралы ойлары өзгереді, санасы, көзқарастары кеңейеді. Содан кейінгісі, Азиада арқылы туризмімізді дамыта аламыз. Ел танылады, қазақ танылады, ұлттық болмысымыз айшықтала түседі. Бұл бір жағынан бір оқпен бірнеше қоянды атып алғанмен тең нәрсе.
VІІ Қысқы Азия ойындарының өту орнын таңдау мәселесіне келсек, 2006 жылы 5 қаңтар күні кезекті Азиаданың астанасы ретінде таңдау Алматы қаласына түсті. 4 наурызда Кувейтте Азия Олимпиада кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах, еліміздің Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Тимур Досымбетов және Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов үш жақты келісім құжаттарына қол қойған болатын. Одан кейін 2007 жылы қаңтардың 28-і мен ақпанның 3-і аралығында Қытайдың Чаньчунь қаласында VІІ Қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтетіні белгілі болып, жарыстың жабылуынан кейін Азиаданың жалауы салтанатпен Алматы қаласына табысталды. Одан кейін барып дәл сол жылы, дәлірек айтқанда, 29 қазанда Макаода өткен Азия Олимпиада кеңесінің 51-сессиясында осы ұйымның атқарушы комитет мүшелері Азиаданы Алматы қаласымен бірге Астанада өткізу туралы Қазақстан тарапының өтінішін мақұл көріп, VІІ Қысқы Азия ойындары Астана және Алматы қалаларында өтетін болып ұйғарылды. Жалпы, мұның барлығын айтып отырған себебіміз, Азиаданы өткізу құқығының бізге оңайшылықпен келмегендігін назарға салу. Талқы барысында қызу айтыстың да болғанын көз алдымызға елестете аламыз. Сөйтіп, 2011 жылы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана мен Алматыда өтетін VІІ Азиада Қазақстанның тарихында аса маңызды спорттық оқиға ретінде қалатынына, бұл күннің қазақ шежіресінде алтын әріптермен жазылатынына еш күмән жоқ.
Дүбірлі додаға дайындық
Азиада жақындаған сайын Туризм және спорт министрлігі журналистермен көптеген кездесулер өткізіп келеді. Діттегендері, әрине, БАҚ арқылы халыққа Азиадаға дайындық барысын таныстыру. Азиадаға байланысты мақалалар да, сұхбаттар да, телерадио хабарлар да мейлінше көбейіп келеді. Бұл – қуануға тұрарлық нәрсе. Азиадаға тікелей жауапты ведомство басшыларының мәлімдеуі бойынша, осыған дейінгі VІІ Қысқы Азия ойындарына байланысты атқарылған жұмыстар айтарлықтай көрінеді.
“Міндет дегеніміз – сынау мен таңдау” деп француз философы Жиль Делездың айтқанындай, басымызға түскен жауапкершілікті мейлінше тиянақты, жинақы, сәтті өткізуге тиіспіз. Өйткені, Азиадаға мемлекет жеткілікті қаржы бөліп отыр. Азиаданың кезекті ойындары Алматыда өтетіндігі белгілі бола бастаған сәттен бастап-ақ, Үкімет басшысы К.Мәсімов төрағалық ететін ұйымдастыру комитеті құрылды. Содан бастап Азиадаға дайындық мәселесі ел Үкіметінің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің біріне айналды. Сондай-ақ қызу дайындықты неғұрлым ерте бастаса, елімізге соғұрлым пайдалы екендігін білген Туризм және спорт министрлігі де барлық жұмыстарға белсене араласып кетті. Оның жанынан құрылған Қысқы Азия ойындары дирекциясы және оның Алматы қаласындағы филиалы жұмыс істейді. Астана және Алматы әкімдіктері де көптеген шаруаларға бас-көз болатын болып ұйғарылды.
Қысқы Азия ойындары дегенде, бірінші орында тұрған мәселе жарысқа қажетті спорттық нысандардың құрылысын әлемдік спорт кешендерінің талабына сай сапалы етіп салып, оны өз уақытында аяқтау болып отыр. Жаңғыртуды қажет ететін нысандардың жұмысын да дер кезінде тиянақтап, қолданысқа енгізу қажет. Осы мәселеге байланысты спорт нысандарының жай-күйін баяндап өткенді жөн көріп отырмыз. Азиаданы жоғары деңгейде өткізу үшін Астана қаласында 30 мың адамға арналған жабық футбол стадионы 2009 жылы елорданың туған күні мерекесіне орай ашылғандығы белгілі. Бұл нысанда Азиаданың салтанатты ашылу рәсімі жоспарланып отыр. Одан кейінгісі 10 мың адамға арналған жабық мұз айдыны стадионы. Мұны конькимен сырғанау жабық стадионы деп те атайды. Бұл стадион – VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізетін екінші жаңа нысанның бірі. Бұл жерде конькимен жарысу, шорт-трек, хоккей, тұғырдан секіру, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерінен дода өткізуге болады. Конус тәріздес аталмыш ғимаратта стадионнан басқа қонақ үй мен фитнес қызметі жұмыс істейді. “Қазақстан” спорт сарайы ешкімге де таңсық бола қоймас. Осыған дейін көптеген халықаралық спорт ойындарын өткізген бұл спорт кешенінде жаңарту, қайта жабдықтау сынды жұмыстар да аяқталуға жақын.
Ал енді Алматыдағы нысандарға кезек берсек, Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін бұл жерде әйелдер арасындағы шайбалы хоккей бойынша жарыс өткізіледі. “Медеу” биік тау спорт кешеніне тоқталсақ, мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары жан-жақты, толық жүргізілді. Мәселен, бұрынғы пайдаланылмайтын жерлерге бокс, күрес, баскетбол, мини-футбол, жаттығуға арналған залдар салынды. Басқа да қоғамдық орындар, жаппай сырғанау вестибюлі, мұражай қайта жасалынып, қалпына келтірілді. Көрермендерге арналған мінбердегі орындықтар жаңасына ауыстырылды. Кешенді жылыту, желдету, сумен қамтамасыз ету және канализация жолдары да қалпына келтірілді. Мұз айдыны да заман талабына сай құралдармен – жарық түсіру, күзет, бейнебақылау, электрондық табло, телевизиялық, фото жүйелер, сағаттандыру, дыбыс беру сынды қосымша құрылғылармен жабдықталды.
Одан кейінгі нысан – Шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені. Бұл жерде балаларға арналған жаттығу алаңдарынан бастап, стадион, медиа орталық, жас секірушілерді даярлайтын мектеп, 25 метрлік жабық жолды бассейн, аспалы жол, мінберлерге апаратын жол айрығына дейін қамтылған. Кешен Алматы қаласының оңтүстік бөлігіне қарай орналасқан. “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасына келсек, мұнда тау шаңғысы мен фристайл бойынша жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жерде тау шаңғысы трассаларында қар төмпешіктері орнатылып, аспалы жол арқандарын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Азиадаға байланысты сондай-ақ шаңғы-биатлон стадионында ойындар жүргізіледі. Мұнда биатлон, шаңғыда спорттық бейімделу сияқты жарыстар өтетін болады. Мінеки, бұл нысандардың толық аяқталуына да аз уақыт қалды. Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев Азиаданың дайындығына арнап берген бір есебінде: “2011 жылы елімізде өтетін Қысқы Азия ойындары нысандарының жоспарланған жөндеу жұмыстарының 60 пайызы орындалды. Аталған жұмыстарға 48 млрд.теңге жұмсалса, 2010 жылы 33 млрд. теңгені игеру көзделіп отыр. Біз Азиаданың негізгі нысандарын биылғы жылдың шілде айында тапсырдық. Осыған орай таяу күндері қысқы ойындар нысандарының барлығы бойынша тестілік жарыстардың тізбесі жасалады. Осы тестілік жарыстар өткізу дайындық шеңберінде спорт федерацияларымен, төрешілер бригадасымен және жарыстың халықаралық менеджерлерімен тиянақты жұмыстар жүргізілмек”, – деп нақты атап өткен болатын.
Құрылыс нысандарынан басқа, тағы да көптеген дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Азиада нысандарын электрмен жабдықтау үшін 9 кіші стансалар жаңартылып, салынып электр тарату желілері тартылуда.
Дайындық жұмыстары Алматының медицина қызметкерлерінің арасында да қызу жүріп жатыр. Азиадаға орай ағылшын тілін үйрене бастады. Түсіністік орнығу үшін тіл білудің орны аса маңызды. Сол себепті медицина қызметкерлері 3 айлық оқыту курстарына баратын болады. Алматы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігі ұйымдастырған бұл жобаны Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығы академиясы жүзеге асырады.
Азиада – әлем алдында өзінің беделі бар Олимпиялық ойын болғандықтан, Азия Олимпия кеңесінің де дайындық жұмыстарындағы біраз ұсыныстарына құлақ түрген абзал. Мәселен, аталмыш кеңес Астана дирекциясына қысқы Азиада оның тарихында бұрын-соңды болмаған эстафета алауын өткізуді тапсырып отыр. Жоспар бойынша 2010 жылғы 31 желтоқсаннан 2011 жылдың 1 қаңтарына қараған түні Азия Олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейтте олимпиялық эстафетаның алауы жағылады. Бұл салтанатты шара барлық республикалық телеарналардан тікелей трансляцияланады. Алау 2 қаңтар күні VІ Қысқы Азия ойындары өткен Чаньчунь қаласына жеткізіліп, келесі күні, яғни 3 қаңтарда Алматыға әкелінеді. Эстафета алауын салтанатты қарсы алу шарасы еліміздің басқа да аймақтарына кезекпен жіберіледі. 27 күн бойы алау Қазақстанды аралап, 30 қаңтар күні Астанаға жеткізіледі. Елорда көшелерінен өтіп, “Астана-Арена” стадионында Азиаданың ашылу салтанатында бұл эстафета өз мәресіне жетеді. Азиада алауы эстафетасына 2030 адам қатысады деген әңгіме бар.
Азиадаға келген қонақтарға қызмет көрсету, оларға арналған мәдени іс-шаралар қандай болмақ деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Азиада кезінде Астананың өзіне алыс-жақын шетелдерден 2,5 мыңнан астам қонақ келеді екен. Оның 500-ге жуығы ресми қонақтар, 800-і спортшылар, жаттықтырушылар, спорт төрешілері болуы мүмкін. Сондай-ақ мыңға жуық арнайы тіркеуден өткен шетелдік журналистер мен 300 республикалық және қалалық БАҚ өкілдері болады. Азиаданың баспасөз орталығын “Думан” қонақ үйінде орналастыру жоспарланып отыр. Шетелдік журналистер осы қонақ үйде жайғасатын болады.
Мәдени шаралардың барлығы “Мәдени Азиада” бағдарламасының аясында өткізіледі. Шетелден келген қонақтарға арнап концерттер, көрмелер, ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Мұз қалашықтар ұлттық болмысымыздан сыр шертетін ою-өрнектермен, ұлттық нақыштағы бейнелермен безендіріледі. Бұл да болса қазақтың мәдени мұралары мен ұлттық құндылықтарын насихаттаудағы өте ұтымды жоба болмақ. Елорданың басты әрі көлемі жағынан ірі болып саналатын мұз қалашығы “Қазақ елі” монументінің алаңында жасалады деп күтілуде. Бұл мұз қалашығы “Мұзды алау жалыны” деп аталатын болады. Азиада қарсаңында еліміздің әрбір өңірінде спорт, Азиада тақырыбы аясында көптеген фестивальдер, жарыстар ұйымдастыру көзделуде. Байрақты бәсеке мен мәдени іс-шаралардың тоғысуы келген қонақтарға ғана емес, Қазақстан халқына да қайталанбас үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз.
Ойын қарсаңында қатысушыларды тіркеу шараларын жүргізу, орналастыру және тасымалдау жұмыстары үшін логистикалық орталық ұйымдастырылады. Бұл жерде қосымша қызмет көрсету түрлері, визалық қолдау, жүктердің жеткізілімі, техникалық камтамасыз ету мәселелері өз шешімін табады. Осындай және тағы басқа да қызмет көрсету үшін 2,5 мың еріктілер жұмылдырылады. Келген қонақтарға, Азиаданың сәтті өтуіне еріктілердің тигізер көмегі орасан зор. Еріктілердің көмегі қайтарымсыз, өз еркімен жүзеге асырылады. Оларды ақпараттармен қамтамасыз ету үшін, қызмет көрсету түрлерін анықтап білу үшін арнайы оқыту курстары өткізіледі. Мұндай шара 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпия ойындарында қолға алынған болатын. Нәтижесі жаман болған жоқ.
Ендігі кезек спорт ойындары туралы болмақ. Қысқы Азия ойындарын өткізу бойынша ұйымдастыру комитеті К.Мәсімовтің төрағалық етуімен Азиаданың жалпы жарыстар бағдарламасын мақұлдаған. Бұл бағдарлама бойынша 65 медаль жиынтығы ойналатын спорттың 11 түрінен жарыстар өткізіледі. Оған шайбалы хоккей, допты хоккей, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру тау шаңғысы, фристайл, шорттрек сияқты спорт түрлері кіреді.
Азиада жақындаған сайын, көше бойында көптеген жарнама тақтайшаларын көзіміз жиі шалатын болды. VІІ Қысқы Азия ойындарының логотипі де көзге бірден түседі. Назар аударған жұртшылықтың көбісі логотипті көшпелі арба доңғалағының суретіне ұқсатады. Иә, жалпы сыртқы пішіні геральдикалық өнердің туындысы ретінде доңғалаққа ұқсаған пішін күн белгісін білдіреді және өзіне өмір мен қуат сыйлайтын күн көзінің сәулесін елестетуге болады. Осы логотиптің түстік үйлесімділігі туралы сөз қозғасақ, суық көк түс пен жылы қызыл түстің астасқаны бекер емес. “Бұл екі түс те динамика мен көтеріңкі көңіл-күйді күшейтетін түстерге жатады”, дейді жобаны үйлестірушілер. Ал логотиптің жоғары тұсында жарқыраған қызыл күн барлық Азияның Олимпиялық ойындар эмблемасында кездеседі және оның ажырамас бөлігі болып табылады.
“Мақсаты бірдің – рухы бір!”
Осындай ұранмен шыққан Азиада плакаттарын елорда көшелерінің кез келген жарнама тақтайшасынан көре аласыздар. Ал плакаттың үстіндегі қар барысын аңғару тіптен де қиын емес. Дәл осы қар барысы VІІ Қысқы Азия ойындарының бойтұмары болып есептелінді. Оны дұрыс талдаудың өзіне үлкен қырағылық пен талғам керек. Өйткені, кез келген ойынның талисманынан ойынды өткізген елдің бірегей рухын аңғаруға болады. Сақтардың мифологиясында барыс әділдіктің қорғаны ретінде көрсетіледі. Азиаданың қар барысына халықаралық атау ретінде “Ирбис” сөзі алынды. Одан кейін еркелеткен мақсатта “Ирби” болып өзгертілді. Ирби барысы – көңілділіктің, батылдықтың, жарқындылықтың, әділдіктің, күштіліктің, бауырмалшылықтың символы.
Жалпы, кез келген Олимпия ойындарында бақылаушы ұйымдардың допингке қарсы ұйымдасқан іс-әрекеттері мейлінше жиілей түседі. Бұл жолғы елімізде өтетін Қысқы Азия ойындарында да мұндай қатаң бақылау жүзеге асатыны даусыз. Бүгінде Азия Олимпиялық кеңесі AWAGOC-тің 5 офицеріне сертификаттар тапсырды. Ойынға дейін тағы да 17 офицерді дайындау жоспарлануда. Еліміз антидопингтік зертхана WADA аккредитациясын алуға техникалық жағынан толық дайын. Осыған дейінгі WADA-ның дайындық жұмыстарына да оң баға берілген болатын. Ойынды әділ өткізуге Қазақстан тарапы да, қазылар мен офицерлер де атсалысатын болады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.